Пәні бойынша дәріс тезистері тақырып 1 Ойлау мәдениетінің пайда болуы. Философияның пәні мен әдісі



бет11/41
Дата26.10.2023
өлшемі167,79 Kb.
#188456
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   41
Байланысты:
Философия лекции 2023

Абай дүниетанымдағы Құдай және адам мәселесі.
Абай "Қара сөздерінің" 38-сөзінде: Алла "...Адам баласын құрт, құс, өзге хайуанаттар сипатында жаратпай, бұл сипатты беріп, екі аяққа бастырып, басын жоғары тұрғызып, дүниені көздерлік қылып өзге хайуандар секілді тамақты оз басымен алғызбай, ыңғайлы екі қолды басқа кызмет еттіріп, аузына қолы ас бергенде, не ішіп не жегенін білмей қалмасын деп, иісін алып ләззаттанғандай қылып ауыз үстіне мұрынды қойып, оның үстіне тазалығын байқарлық екі көз беріп, ол көздерге нәзіктен, зарардан қорғап тұрарлық қабақ беріп, ол қабақтарды ашып жауып тұрғанда қажалмасын деп кірпік жасап, маңдай тері тура көзге ақпасын деп, қаға беруге қас беріп, оның жүзіне көрік қылып, бірінің қолынан келмес гей істі көптесіп бітірмекке, біреуі ойы, біреуі ұлтаралық тіліне сөз беріп" жаратты дейді . Бірақ (Фейербах адам табиғи құбылыс болғандықтан, оның адамгершілік, әдептілік сипаты оның табиғи мінімен анықталады деп есептегендіктен оның антропологиялық философиясы адамнан Құдайға өтеді. Ал хакім Абай үшін адамды жаратқан Құдай болғандықтан, адамның бойындағы адамдық табиғатпен емес, Аллаға деген сеніммен, махаббатпен анықталады. Сондықтан Абайдың философиялық антропологиясы Құдайдан адамға өтеді.
Абайдың философиялық антропологиясының келесі өзіндік ерекшелігі дүниежүзілік философияда, әсіресе Шығыс философиясында кең тараған "әмбебап адам", "жан-жақты жетілген адам" ілімінің көптеген нұсқаларының ішінде араб тілдік мұсылман Шығыс философиясындағы әл - инсан әл - кәмил және орта азиялық жуан мәртті ілімдер) өзіндік орны бар. Абай адам мен кісі мәселесін жан-жақты, ауқымды қарастыру арқылы, өзінің кісілік философиясы арқылы жан-жақты жетілген "толық адам" тұжырымын негіздеді. "Толық адам" ілімі тұрғысынан Абайдың өзінің қаншама "толық", жан-жақты жетілген адам екендігіне тағы да көзіміз жетеді. Абайдың "толық адам" тұжырымында басқа философиялық жүйелермен сабақтастық, байланыстылық бар екендігін байқауға болады. Мұның өзі оның қаншама жан-жақты білімді, парасатты философ екендігіне көз жеткізеді.
Мысалы, ортағасырлық Шығыс мұсылман философиясының ірі өкілдерінің бірі әл -Ғазалидің пікірі бойынша, Құранда айтылғандай, адам Алланың көшірмесі, оның көмескі бейнесі. Адам да Алла сияқты көреді, естиді... Абайдың "Қара сөздерінің" 38-сөзінде де осы жайлы айтылады: "... Алла Тағалаға ұқсай алам ба деп, надандық бір ол сөзден жиіркенбе, ұқсамақ - дәл бірдейлік дағуасы бір емес, соның соңында болмақ. Оның үшін Алла Тағаланың сипаттары: "Хаят (тіршілік), Ғылым, Құдірет (күш), Басар (көру), Сәміт (есту), Ирада (тілеу, қалау), Коләм (сөздер), Тәкин (болу).
Дәстүрлі қалыптасқан көзқарас бойынша Абайдың дүниетанымдық және философиялық көзқарастарының қалыптасуына халқымыздың бай - мәдени мұрасы, Шығыс мәдениеті, соның ішінде араб, парсы, түрік халықтарының мәдениеті, Батыс және орыс мәдениеттері үлкен эсер етті. Бірақ, сонымен қатар Абай дүниетанымына Қытай философиясының, ең алдымен Конфуций философиясының әсері болды деп айтуға болады. Бұл ең алдымен Абайдың "толық адам" ілімі мен Конфуцийдің әлеуметтік идеал болып табылатын цзюнь -цзы ілімінің өзара байланыстылығымен, сабақтастығынан байқауға болады. Конфуций кезінде Шығыс философиясында кең тараған "жан-жақты жетілген адам" ілімі шеңберінде – цзюнь - цзы "парасатты ер" ілімін негіздеді. Оның пікірі бойынша парасатты ер деп білімді, парасатты, адамгершілігі мол, өзінің жеке басының мүддесін қоғамдық мүддеге бағындыра білген, өзі үшін емес ел, халық үшін өмір сүретін, өзінің бар болмысын соған арнаған адамды айтады. Парасатты ерге қойылатын талаптардың жоғарылығы соншама, тіпті оған жету, оған сәйкес келу өте қиын. Конфуцийдің пікірі бойынша жоғарғы мораль цзюнь-цзы екі негізгі талапқа сәйкес келуі керек: 1) адамгершілік - жэнь; 2) парыз сезімі -"и". Конфуций адамгершілікті өте кең түсінеді, ол адамдарға деген сүйіспеншілік, қайырымдылық, ұстамдылық, әділеттілік және т.б. Бірақ, нағыз цзюнь - цзы болу үшін тек қана адамгершілік қасиеттің болуы жеткіліксіз. Ол үшін тағы да бір маңызды қасиет -парыз сезімі болу керек. Парыз сезімі есепке емес, білімге және жоғарғы адамгершілік принциптеріне негізделуі керек. Конфуцийдің айтуы бойынша парыз сезімі білімге талпыну, оқу деген мағынаны да білдіреді. Сонымен, шын цзюнь - цзы - байлыққа, материалдық пайдаға селқос қарап, өз өмірін жоғарғы идеалға, адамдарға қызмет етіп, ақиқатты, шындықты іздеуге арнайды. Конфуцийдің пікірі бойынша, адам жас кезінде құмарлықтан, ер жеткенде ұрыс - керістен, жанжалдан, қартайғанда сараңдықтан аулақ болу керек деп есептейді.
Біреуі сонда ұят, шариғатқа теріс, я ақылға, я ұрлы бойға теріс, я адамшылыққа кесел қылық, қатеден, яки нәпсіге еріп қалдықтан өз бойыңнан шыққандығынан болады. Мұндай ұят қылық қылғандығы бөтен кісі білмесе де, өз ақылың, өз нысабың өзіңді сөккен соң, іштен ұят келіп, өзіңе жаза тарттырады. Кірерге жер таба алмай, кісі бетіне қарай алмай, бір түрлі қысымға түсесің. Мұндай ұяты күшті адамдар ұйқыдан, тамақтан қалатыны да бар, хатта өзін-өзі өлтіретін кісілер де болады. Ұят деген адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп қылған қысымның аты. Ол уақытта тілге сөз де түспейді, көңілге ой да түспейді. Көзіңнің жасын, мұрныңның суын сүртіп алуға да қолың тимейді, бір ит боласың. Көзің кісі бетіне қарамақ түгілі, еш нәрсені көрмейді. Мұндай қылыққа жетіп ұялған адамға өкпесі бар кісі кешпесе, яки оның үстіне тағы аямай өртеніп сөз айтқан кісінің өзінің де адамшылығы жоқ десе болар". Ұяттың бұл түрі, ар, намысы бар адамдарға тән, ол адам бойында адамшылық қасиетті тәрбиелеуде орны ерекше. Абай 14-сөзінде: "Ар мен ұятқа терістіктен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі, үнемі жаманшылыққа, мақтанға салынып, өз бойын өзі бір тексермей кеткен кісі, тәуір түгіл, әуелі адам ба өзі?" деп осы мәселе бойынша өзінің ой-толғанысын білдіреді.
Ал, пенде мәселесіне келетін болсақ, ол, Абайдың айтуынша, өз басында еркі жоқ, барлығына тәуелді – бай құс. Пенденің бүкіл өмір болмысы жан сақтауға бағытталған, оның алдына қойған тілек, мақсаты - мал табу, тамақ пен киім, мансап пен атақ. Пенде жеке басының қамы үшін, жан сақтау үшін арын сатуға дейін барады. Түптеп келгенде пенденің өмірлік мақсаты - мал табу, тамақ пен жан сақтау үшін арын сатуға дейін барады. Пенденің өмірлік мақсаты - өзінің қара басының қамы ғана. 38-сөзінде Абай айтқандай, пенденің "толық адам" болуына Алла ерік берген. Бірақ, адам ор уақытта да Алланың берген еркін дұрыс пайдалана алмаған, көп жағдайда пендешілік жасап, шайтанның торына түсіп отырған. Абай "мұңлы шайтан құдайдың қуған жаны" деп шайтан дүниетанымына зер салған. Профессор Ғарифолла Есімнің пікірі бойынша, ақынды қызықтырған шайтанның бейнесі емес, оның мұңға батуы, ал оған кінәлі адам: "Дүниеге мұң әкелген Адам, оған дейін әлемде мұң болмапты. Сонда да адамның болмысында тек адам шындық сияқты ірі қасиеттерден ғана емес, өзгеге мұң әкелген, қайғы әкелген "шайтандықтың да болғаны. Шайтан деген ұғым адамға дейін болмаған. Демек, дүниеге ізгілікті де, зұлымдықты да әкелген - адам". Сонымен, Абай үшін адам болмысы - ішкі қайшылықтарға толы күрделі құбылыс.
Абайдың данышпандығын, ұлылығын, көрегендігін, оның сол кездегі көтерген мәселелердің бүгінгі күн үшін де өзекті, өзінің маңыздылығын жоймаған да көруге болады. Абайдың философиялық ой-толғаныстары тек оған дейін өмір сүрген Батыс және Шығыс философтарының ойымен сабақтасып қана жатқан жоқ. Сонымен катар, бүгінгі заманның ірі ойшылдарының философиялық ізденістерімен де байланыстылық, сабақтасты бар екенін байқауға болады. Мысалы, Абайдың адам заттарды өзіне құл етсе, пенде заттың құлы деген ойы, жалпы пенде туралы ой-толғаныстары Франкфурт мектебінің өкілі Герберт Маркузенің "бір өлшемді адам" идеясымен сабақтасып жатыр. Г.Маркузе өзінің "Бір өлшемді адам" атты еңбегінде индустриалдық қоғамның орнауы сол қоғамның әлеуметтік таптық құрылымының өзгеруіне алып келеді, жаңа, өзгерген жағдайда пролетариат - маңызды әлеуметтік тап болудан қалады, себебі индустриалдық өркениеттің құлы пролетариат емес, тұтынушы болып табылады деген идеяны ұсынады. "Индустриалдық коғам" дегеніміз Г.Маркузенің пікірі бойынша "тұтынушылар қоғамы", ол қоғамның адамы өзінің революциялық - сыншыл қасиеттерін жоғалтып бір өлшемді адамға айналады. Бір өлшемді адамда тек қана экономикалық, әлеуметтік, саяси жүріс-тұрыстың белгілі бір типі қалыптасып қоймайды, оның бүкіл психологиясы да өзгереді. Бір өлшемді адамның бүкіл өмір - болмысы бір нәрсеге - тұтынуға ғана бағытталған.
Абай өзінің көптеген өлеңдері мен "қара сөздерінде" пендеге тән әдепсіздік, әділетсіздік, надандық, арсыздық, пара және пәлеқорлық, мақтаншақтық, менмендік, арамдық және т.б. теріс қасиеттері туралы жиіркенішпен, ренішпен айтса, жан-жақты жетілген толық адамға тән адамгершілік, ізгілік, шыншылдық, білімділік, әдептілік пен әділеттілік, қайраттылық пен төзімділік, имандылық сияқты көптеген қасиеттеріне жан-жақты талдау жасап, адамның өз бойында осы қасиеттерді бар мүмкіндігінше жетілдіру қажеттігін айтады. Неғұрлым тұжырымдалған түрінде Абай осы ойын 38-сөзінде жалғастырады: "... Құдай тағаланың жолы деген жол (өлшеусіз) болады. Оның ниһаятына ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып, кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді. Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаңа болса, өзің ниһаятылысың, ол жол құдайдың жолы емес. Ғаламнан жиылсын, маған құйылсын, отырған орныма ағып келе берсін деген ол не ынсап? Не - түрлі болса да, я дүниеңнен, я малыңнан, шапағат секілді біреулерге жақсылық тигізбек мақсатың болса, ол жол - құдайдың жолы. Ол - ниһаятсыз жол, сол жолға аяғыңды берік бастың ниһаятсыз құдайға тақырып хасил (жақындық табу) болып хас (нағыз) езгу құлдарынан болмақ үміті бар, өзге жолда не үміт бар?...
Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек: әуелі - надандық, екінші - еріншектік, үшінші - зұлымдық деп білесің.
Надандық – білім - ғылымның жоқтығы, дүниеден еш нәрсені оларсыз біліп болмайды.
Білімсіздік хайуандық болады.
Еріншектік - күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік - бәрі осыдан шығады.
Залымдық - адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінді, бір жыртқыш хайуан қосылады.
Бұлардың емі халқына махаббат, халық ғаламға шапқат, қайратты тұрлаулы, әділет ісінің алды-артын байқарлық білімі, ғылымы болсын".
Абай философиясының негізгі мақсат-мүддесі - әр пендені адам ету, оны пенделік жолдан құтқару. Абайдың пікірі бойынша адамның кісі ретінде қалыптасуында орта және тәрбие өте үлкен рөл атқарады.
Адамдар табиғаты жағынан тең, бәрі де туады, өледі, барлығына да киім, тамақ керек, бәрі де қуанады, қайғырады. Олар туғаннан жаман не жақсы болып тумайды. 19-сөзінде: "Адам ата - анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды - дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөзін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп білген жақсы нәрселерін ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, соны адам десе болады" дейді. Абай адамда кісілік қасиетінің қалыптасуында ортаның, ең алдымен қоғам, уақыт пен дәуірдің ерекше рөл ойнайтындығы ерекше назар аударады. Егер де адамдар әдепсіз болса, оған сол өздері өмір сүріп отырған дәуір кінәлі деп есептеді; себебі адам баласын замана өсіреді. Кімде-кім жаман болса замандасының бәрі кінәлі.
Абай тәрбие мәселесіне де көп көңіл бөлді, себебі ол адам бойында кісіліктің қалыптасуына эсер ететін өте маңызды факторлардың бірі болып табылады. Осы мәселеге байланысты 15-сөзінде Абай былай деп жазады: "Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан кейін бергі өміріңді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды күніңде өзің өкінбестей қылықпен өткізіпсің?
Жоқ болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыпсың?". Адамның кісілік кейпінің қалыптасуында оның сырт пішіні емес, ішкі дүниесінің жетілуі, тәрбиелілігі неғұрлым маңызды болып табылады. Осыған байланысты Абай былай деп жазады: "Кейбіреулердің бар өнері, мақсаты киімін түземек, жүріс-тұрысын түзетпек болады да, мұнысын өзінше бір дәулет деп біледі". Ал толық адам ең алдымен өзінің рухани жетілуін ойлау керек. Оның жолдары басқаша: "әуелгісі - әрбір жаманшылықтың жағасында тұрып адамның адамдығын бұзатын жаманшылықтан бойын жинақтық, бұл адамға нұр болады. Екінші - өзін-өзі өзгешелік пен артық көрсетпек адамдықтың нұрын, гүлін бұзады. Үшіншісі - қастық қылмақ, қор тұтпақ, кемітпек. Олар дұшпандық шақырады. һәм өзі өзгеше боламын демектің түбі - мақтан. Әрбір мақтан біреуден асамын деген күңшілікті бітіреді де, күншілік күншілдікті қозғайды. Бұл үш түрлі істің жоқтығы, адамның көңіліне тыныштық береді. Әрбір көңіл тыныштығы көңілге талап салады" . Осы ойды Абайдың 18-сөзінде де кездестіреміз: "Адам баласы жыртықсыз, кірсіз, сыпайы киініп, һәм ол киімін былғап, былжыратып кимей, таза кимек - дұрыс іс. Яки өз дәулетінен артық киінбек, не киімі артық болмаса да көңіліне қуат тұтып, тым айналдырмақ - кербездің ісі. ... Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық" деп ойын түйіндеді. Абай адамның жақсы не жаман болуы құдайдан емес, тәрбиеден деп есептейді.
Осы мәселелердің жоғарғы бір көрінісі ретінде Абай "мен" мен "менікі" деген күрделі философиялық мәселені шешуге тырысады. Абай осы ойын өте терең де әдемі өлең шумағы арқылы жеткізеді:
Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,
Ол бірақ қайтіп келіп, ойнап-күлмес.
Мені мен менікінің айырылғанын
Өлді деп ат қойыпты өңкей білмес...
Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтін артында сөз қалдырған.
"Мен" мен "менікінің" ара қатынасы ертеден әр түрлі діндер мен философиялық жүйелерде қарастырылып жүрген өте көне және ауқымды философиялық мәселелердің бірі. Абай философиясының өзекті мәселесі - адам, адамилық, адамгершілік мәселелері болғандықтан, Абай да "мен" мен "менікінің" күрделі қарым - қатынасына философиялық талдау жасап, оған өзіндік түсініктеме береді.
Абай осы мәселеге байланысты былай деп жазады:
Ақыл мен жан - "мен" өзім, тән - "менікі",
"Мен" мен "менікінің" мағынасы екі:
"Мен" өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
"Менікі"өлсе өлсін, оған бекі!
"Мен" - жан, рух болып табылса, "менікі" - тән, адам денесі. "Менікі", яғни, адамның тәні, денесі өлгеннен кейін, Абайдың пікірінше "мен", яғни, рух, жан еш уақытта өлмек емес.
"Мен" әр адамның рухы, оның адамгершілік қасиеті, ал "менікі" - еңбекпен жасалған, артта қалған дүние - мүлкі. Материалдық дүние өткінші, ал руханилық - мәңгі. Руханилық адам бойындағы адамилыққа байланысты болса, материалдық дүние - пендешілікке тән. Сондықтан Абай: "менікі" өлсе өлсін, оған қайғырма, өзіңнің өзіңнен кейінгі ұрпаққа қандай рухани мұра қалдыра алатындығыңды ойлан, бір сөзбен айтқанда пенде емес, азамат, адам бол деп үйретеді. Осы жерде ескерте кету керек, Абай мәңгілік мәселесін діни тұрғыдан емес, әл - Фараби сияқты жақсы істер мен ойдың жалпы философиялық, әлеуметтік мағынасын да қарастырады. Адамның адам болып, жан-жақты жетілуі тұрғысынан қарастырады. Әрине, бұдан Абай Құдайды, Алланы мойындамады деген қате көзқарас тумауы керек. Абай адам мәселесі бойынша өзінің жалпы философиялық ой-толғаныстарын діни эстетикалық жақтарымен де толықтырады, мұның бәрі Абайдың толық адам ілімінің қанша ауқымды, жан-жақты екендігін көрсетеді.
Абай:
Алла ішімді айтқызбай біледі ойла,
Пендесіне қастық пен кінә қойма.
Распен таласпа мүмин болсаң
Ойла, айттым, адамдық атын жойма! –дейді.
Абай шығармашылығында "рас" - болмыс деген мағынаны білдіреді. "Рас" не деген сұраққа Абай: ол Алланың өзі және сөзі деп жауап береді. Алла - шындық, шындықты мойындау, Алланы мойындау деген сөз. Абайдың "распен таласпа..." деуі, Алла сөзіне күмәнданба деген мағынаны береді және де Алла жолына түскен адам ғана адамдықты жоймайды, себебі адамилық Алла мен адамның арақатынасынан туатын қасиет.
Алла шексіз, оны танып-білуге ұмтылған адам өзін-өзі шексіз жетілдіріп отыруы керек, Алланы тануы - адамның өзін-өзі тануы. Абай үшін нағыз мұсылман болу - адамның адамдық атын жоймауы мен тең.
Абай жан-жақты жетілген адам идеясын "махаббат философиясымен" байланыстырады . Абай Алланы сүюге шақырғанда адамның өзін-өзі танып, тазару мақсаты тұрғысынан айтады. Себебі, өзін-өзі танитын адам өзгеге бөгде көзқараспен қарауы, басқаға жаманшылық ойлауы мүмкін емес. Абай махаббатты адамды жарамсыз қылықтарынан арылтатын, тазартатын күш деп қарайды.
Абай кейбір мәселелерді шешуге байланысты суфизм позициясында тұрғанымен, суфизмнің кейбір идеяларын мойындағанымен, оның философиясы емес, прагматизмге құрылып, өмірмен байланысқан философия болып табылады. Ал кейбір мәселелерді қарастырғанда суфизмді мойындамағанымен қоймай, оған қарсы шығады. Бұл ең алдымен Абайдың жан-жақты жетілген толық адам ілімінде айқын байқалады. Абай осы ілімге арналған 38-сөзде былай деп жазады: "яғни, пенделіктің әулиелік бір болатын болса, күллі адам тәркі дүние болып һу деп тариқатқа (дін жолы) кірсе, дүние ойран болса керек. Бұлай болғанда малды кім бағады, дұшпанды кім тоқтатады, киімді кім тоқиды, астықты кім егеді, дүниедегі Алланы пенделері үшін жаратқан қазыналарын кім іздейді?
Абай өзінің 17-сөзінде "толық адам" ілімін толықтыра түсіп, адам қасиетті қатарына қосылу үшін оған үш нәрсе тән болу керек деп есептейді, олар: қайрат, ақыл, жүрек. Себебі адамға күш - қуат беретін оның өзінің қайраты. Қайрат-жігерсіз адам жамандық жолына түсуі мүмкін.
Абай:
Жүректе қайрат болмаса,
Ұйықтаған ойды кім түртпек?
Ақылға сәуле қонбаса,
Айуанша жүріп күнелткен"-дейді.
Ақыл - адам болмысын, оның іс-әрекетін басқарады, адамның жануарлардан айырмашылығы оның ақылының болуында:
Малда да бар жан мен тән,
Ақыл, сезім болмаса.
Тіршіліктің иесі сән,
Тереңге бет қоймаса?!
Ақылдың ерекшелігі - амал да, айла да, жақсы да, жаман да ақылға негізделеді. Ал жүректің орны ерекше, ол ақылдың "Жаманшылық айтқанына ермейді. Ермек түгілі жиреніп, үйден қуып шығады." Қайраттың да еркіне көнбейді: "орынды іске күшіңді айтпайды. Орынсыз жерге қолыңды босатпайды". Абай жүрек туралы өз ойын былай деп білдірді:
Жүректе қазына бар, бәрі жақсы
Теңіздің түбіндей - ақ қарап, бақшы
Сол жүректен жылулық, достықпенен
Бұлақ ағып, ғаламға тарамақшы
Үшеуі қосылып, бәрін жүрекке билеткен кезде ғана адам жан - жақты жетілген толық адам, ең қасиетті адам бола алады деп есептейді ұлы ақын: "Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табаныңның топырағы көз сүртерлік қасиетті адам сол".
Абайдың "толық адам" ілімі - адам, адамилық, адамгершілік принциптеріне негізделген. Абайдың осы мәселені өзінің терең мағыналы философиялық жүйесінің негізгі өзекті мәселе ретінде алуы оның оз халқының бойында адамилықты дамыту, тәрбиелеу, адамның өмірінің соңына дейін өзінің адамдық қалпын сақтай алуы, бір сөзбен айтқанда "адам болуын" тілеген ой-толғанысының, жүрек қобалжуының нәтижесі деп қарау керек.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   41




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет