1.2. Ақпарат ұғымын анықтау мәселелері
Тақырыпты оқыту бойынша әдістемелік нұсқаулар
Қарастырылатын сұрақтар:
-ақпарат адам үшін не болып табылады;
-білімді саралау мәселесі, декларативті және процедуралық білім (ақпарат);
-ақпаратқа кибернетикалық тұрғыдан қарау;
-ақпаратты қабылдау кезінде адамның сезім мүшелерінің рөлі.
1. Ақпарат ұғымын субъективті тұрғыдан анықтау
Ақпарат – ғылымның іргелі ұғымы, сондықтан оны қандайда бір қарапайым ұғымдар арқылы жеткілікті анықтау мүмкін емес. Базалық курста ақпарат ұғымын– субьективті және кибернетикалық тұрғыдан анықтау әдісі қарастырылады.
Субъективті тұрғыдан қарау – ақпарат ұғымын адамның өмірінде және іс әрекетінде атқаратын рөліне байланысты анықтау. Әдетте «ақпарат» сөзін бір хабардың мағынасы, маңыздылығымен байланыстырамыз. Осы жағынан алғанда, телеграмма берушінің келетін күні бізге белгілі болса, онда оны хабарлайтын телеграмма ешқандай да ақпарат бермейді. Алайда, мағына мен маңыздылық адамға байланысты, субьективті ұғымдар.
Субъективті тұрғыдан ақпарат ұғымын ашқанда, балалардың ақпарат жөніндегі интуитивті ішкі ойларына сүйену қажет. Әңгімені негізінен балалар жауап бере алатын сұрақ қоя отырып, диалог түрінде жүргізген дұрыс.
Ақпарат – информатикадағы алғашқы, анықтамасы берілмейтін ұғым. Сондықтан оқушылардан бірден ақпараттың анықтамасын талап ету дұрыс емес. Бұл ұғымға оқушыларды сұрақ қою арқылы жеткізу керек. Мұғалім оқушылармен бірге ақпараттың мына анықтамасын алады: адам үшін ақпарат – әртүрлі ақпарат тара-туші көздерінен алатын білім. Бұдан кейін балаларға түсінікті мысалдар келтіріп, бұл анықтаманы бекіту қажет.
Ақпарат анықтамасын адамдардың білімі деп қабылдаған соң, өзінен-өзі – біздің жадымызда сақталған білімнің мағынасы деген қорытынды туындайды. Себебі адамның жады – ақпаратты сақтайтын құрал. Яғни, адамның жадында сақталған ақпаратты, ішкі, жедел ақпарат деп атауға болады. Әйтсе де, адамдар ақпаратты өз жадында сақтап қана қоймай, жазба түрінде қағазда, магниттік тасымалдауы-штарда, т.б. сақтайды. Мұндай ақпаратты сыртқы (адам тұрғысынан қарағанда) деп атауға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |