3. Қалдықтар – потенциалды шикізат көзі.
Қазіргі кезеңдегі ғылым мен техниканың даму деңгейіне сәйкес әбден жетілдірілген технологияның жоқтығына байланысты оларды өңдеп құнды өнімдер шығару әзірге жолға қойылмаған. Сондықтан, қалдықтарды сақтауға, жинауға, тасуға, көмуге, зиянсыз түрге айналдыруға көптеген қаражат, энергия, уақыт жұмсалуы керек.
Кен үйінділерін, өнеркәсіп шығарындыларын, қала қоқыстарын тек қоршаған ортаны бұзатын ластағыштар деп санауға болмайды, олардың құнды шикізат болуы әбден мүмкін. Қалдықтарды қосымша шикізат ретінде тиімді пайдалану көптеген проблемаларды шешуге мүмкіндік береді. Қалдықтарды қайтадан пайдалану қоршаған ортаны қорғау, негізгі шикізаттарды тиімді пайдалану, энергияны үнемдеу сияқты мәселелерді шешумен тығыз байланысты.
Көбінесе ойланбастан көптеген заттектер мен материалдар қалдықтар түрінде тасталынады. Д.И.Менделеев «Химияда қалдықтар болмайды, тек пайдаланылмаған шикізат болады» деп айтқан. Алғашында пайдасыз зат көрінген кез келген қалдық басқа бір өндіріске шикізат болуы ғажап емес. Бұл өз кезегінде пайдасыздан пайдалы өнім алуға бағытталған тезхнология болу қажеттігін ескертеді. Сондықтан кез келген қалдық басқа бір өндіріс үшін екінші ретті шикізат көзі қызметін атқарады.
Елімізде халық шаруашылығынан жыл сайын шығатын қалдықтарды көлемі 1 миллиард тоннадай. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек біздің елде жиналған қатты өндіріс қалдықтарының көлемі 20 млрд. т шамасында. Сонымен қатар әр түрлі қоймалар мен кен байыту фабрикаларының тұндырғыштарында көп мөлшерде сұйық қалдықтар жинақталған. Қалдықтардың 70-75 -ы тау-кен өндірістерінен, 20 -ы байыту және қалғандары металлургия кәсіпорындарынан пайда болады.
Қалдықтардың негізгі көлемі тау-кен қазбаларынан, металлургия, химия, мұнай және газ, ағаш, қағаз, құрылыс материалдарын өндіретін өнеркәсіптерден және ауыл шаруашылығы мен үй-жай шаруашылықтарынан шығып отырады.
Өнеркәсіп қалдықтарын құндылығына қарай пайдалану мүмкіндігі де жоғары. Өндіріс қалдықтарын пайдаға асыру біраз жерлерді ауыл шаруашылығына босатуға мүмкіндік береді.
Егер қалдықтар шаруашылық айналымына түссе, олар қоршаған ортаны жақсартумен қатар, жер қойнауындағы шикізат қорларын үнемдеуге де мүмкіндік береді. Шикізат қорларының да шексіз таусылмайтын қор емес екендігін бүгінде кез келген адамзат түсінеді. Өнеркәсіп өндірістері дүниежүзілік шикізат қорының күрт елеулі азаюына әкелді. Ғалымдардың болжауы бойынша, шикізаттарды қазіргі пайдалану деңгейі сақталған жағдайда, мұнай мен газдың қоры 80-170 жылға, мырыш, никель, мыс қоры 100 жылға, көмір кенін 1700 жылдай уақыт бойы ғана шығаруға жетеді. Табиғи ресурстардың қоры шексіз еместігіне байланысты оларды кешенді түрде пайдалануға ерекше көңіл аударып, аз қалдықты немесе қалдықсыз технологияларды жасау және халық шаруашылығынң әр түрлі салаларында шикізат базасын қалдықтарды кеңінен пайдалану арқылы көбейту қажет. Түсті металлургияда негізінен пайдалы элементтердің 2-3 -ы ғана алынып, қалған 97-98 -ы пайдасыз нәрсе ретінде тасталынады.
Маңызды шикізат қорларының бірі ретінде күл мен қоқысты айтуға болады. Күл мен қоқысты құрылыс материалдарын алуда пайдалануға болады. Күл цементке толтырғыш ретінде қолданылады. Түтін газдарынан алынған 1,3 т қоңыр көмірдің күлі 1 т цементтің орнын толтырады. Қоңыр көмір күлінің құрамында 5-30 темір тотығы, 30 әк және коксталған көмірдің қалдығы болатындықтан металлургияда оны темір концентратын алу үшін пайдалануға болады.
Қазақстанның түсті металлургиясының шикізат көзі ретінде тек күлді ғана емес, өндірілетін руданың құрамында бірқатар металдардың мөлшері көптеген жылдар бойы мол жинақталған жүздеген миллион тонна шлактарды да пайдалану кеңінен қарастырылуда. Геологиялық барлау жасауға, тасымалдауға, рудниктер және байыту фабрикаларын салуға қаражат жұмсалатынына байланысты шлактардан алынған металдардың өзіндік құны рудадан алынғаннан бірнеше есе төмен болады.
Кені бар шикізатты кешенді түрде пайдалануды мақсатқа ала отырып, Орталық және Солтүстік Қазақстанда металлургиялық өндірістердің қалдықтарын қолдану арқылы азот, фосфор және басқа минералдық тыңайтқыштарды өндіруге бағытталған химия өнеркәсібі дамуда.
Металл сынықтары өнеркәсіп қалдықтарының ішінде ерекше назар аударуға тұратын қалдыққа жатады. Өндіріс процестерінен шығатын металл сынықтарының жалпы көлемінің 67 -і кесінділерден, металл ұнтақтарынан, жоңқадан, табақша үгінділерден, 31 -ы амортизацияық сынықтардан, қалған 2 -ы қоқыстан алынған металл қалдықтарынан тұрады. Айта кететін тағы бір мәселе тұтыну қалдықтарының ішінде де бүгінгі күні металл сынықтары көптеп кездеседі. Бұл халықтың пайдаланатын заттары түрлерінің әралуандығымен түсіндіріледі.
Амортизациялық сынықтарға шығынға жіберілген, істен шыққан жабдықтар, саймандар, бұйымдар және т.б. инвентарлар жатады. Мысалы, вагондар мен рельстердің 30 жыл, кемелердің 25 жыл, көпірлердің 100 жыл, автомобильдердің 10 жыл, электр қуатын жүргізу жолының қолдану мерзімі 50 жыл ғана.
Машина жасайтын өнеркәсіптерде амортизациялық сынықтардың 55 технологиялық жабдықтар мен саймандарды ауыстырған кезде шығады. Өндірістегі металл қалдықтарының өңдеуге жататын көлемі металдар мен ерітпе қоспаларының мөлшеріне байланысты келеді. Қалдықтардың шығатын негізгі көздеріне металдарды механикалық өңдеу, түрлі пішіндерге келтіру, құю процестері жатады.
Металлургиялық өнеркәсіптер тек металл сынықтары мен қалдықтар шығаратын көз ғана емес, сонымен қатар олар негізгі пайдаланушының қатарына жатады. 1 тонна электрлік болат өндіруге 940 кг, 1 т мартен болатына 500 кг, 1 т шойын алуға 20 кг-нан 700 кг-ға дейін металл сынықтары пайдаланылады. Металл сынықтарынан алынған болаттың құны рудадан алынғаннан 60-70 -ға арзанға түседі.
Шетелдерде ерекше назар алюминий және қаңылтыр банкілерін жинау мен өңдеуге аударылады. АҚШ-та қайтадан өңделіп шығарылған алғашқы өнімдер алюминий ыдыстары болған. 1990 жылы жасалған 88 млрд. банкілердің 55 миллиарды, яғни 62,5 қайтадан өңдеу арқылы қалдықтардан алынған. Қалдықтарды өңдеу арқылы алынатын өнімдердің анағұрлым арзан болатыны анықталған.
Қиындық туғызатын проблемаларға пластмасса және әр түрлі полимерлі материалдарды өңдеу жатады. Пластмасса және полимерлі материалдарды өңдеуден өткізу үшін оларды мұқият сұрыптау қажет. Әр текті пластмассалар төменгі сортты материалдар алуға жұмсалады. Полиуретан мен жасанды талшықтардан жасалған кейбір бұйымдарды қайтадан өңдеу біршама қиындықтар туғызады. Мұндар материалдар ыдырауға түспейді және көмуге де жатпайды. Пластмассалар ішінде дәл осындай қайта өңдеуге көнбейтін түрлердің көптігі оларды өңдеу, көму сияқты жұмыстарды күрделендіреді.
Соңғы 15-20 жылда пластмассалардың жаңадан жетілдірілген түрлерін жасау мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Мұнайдан өндірілетін арзан пластмассалардың орнына табиғи жағдайда биологиялық жолмен микроағзалардың қатысуымен қоршаған ортаға залал келтірмейтін қосылыстарға ыдырайтын түрлерді алу негізгі мақсат болып отыр. Осындай полимерлі материалдар ауылшаруашылық дақылдарынан (жүгеріден, картофельден, қатты тағам қалдықтарынан) алынған крахмал немесе целлюлоза мен полиэтилен қоспаларынан алынады. Биологиялық жолмен ыдырайтын полимерлерге химиялық синтез арқылы алынған жасанды полиэфирлер және микроағзалардың қатысуымен түзілген биополимерлер, биосахаридтер жатады. Осындай материалдар ылғал болған жағдайда биохимиялық жолмен ыдырайды және әр түрлі жағдайда орналастыруға көнеді. Биополимерлерден негізінде бірсыпыра өнімдер шығарыла бастады. Мысалы, бұрынғы полистиролдан жасалған жоқалардың орнына амортизациялық буып-түюге арналған жоңқалар, орауыш қаптар, бір рет пайдаланылатын әртүрлі ыдыс-аяқтар, контейнерлер және т.б. жасалуда.
Мәскеуде полимерлер негізінде жаңа материалдар жасайтын «Норпласт» атты ғылыми-өндіріс бірлестігі ұйымдастырылған. Бастапқы шикізат – мұнайды үнемдеу үшін, полимерлердің белгілі бөлігі әртүрлі түрге боялатын және металмен оңай араласатын табиғи толтырғыштармен, анорганикалық қосылыстар немесе өнеркәсіп қалдықтарымен, мысалы, мақтаның жаман-жұманымен, жүзімнен алынған өнімдермен, лигнинмен айырбасталады. Бұл материалдар құбырлар, тұрмыстық химия баллондарын, электрохимиялық өнеркәсіптерге қажетті бөлшектер, әртүрлі көпшілік пайдаланатын тауарлар жасауға қолданылады.
Ағаш өңдейтін және қағаз шығаратын өнеркәсіптердің қалдықтарын өте құнды шикізатқа жатқызуға болады. Ағаш қалдықтары (қабықтар, жоңқалар, үгінділер және т.с.с.) энергия немесе жылу алу үшін пайдаланылады. Егер оларды сұйық отынмен араластырып жақса, өте жақсы ағаш тәрізді жанады. Сонымен қатар үгінділер технологиялық мұқтаждықты өтеу үшін де қолданылады. Тез кебетін қасиет беру үшін оларды шикі кірпішке де қосуға болады.
Пластикалық қалдықтарды пайдаға асыру автоматтандырылған технологиялық желiлерде сынақтан өткен. Осы желi ескiрген пластмассалардың барлық түрлерiн ғана қайта өңдеудi (ұсақтау) ғана емес, сонымен қатар ұсатылған өнiмдi бағалы құрылыс материалдарын екiншi рет пайдалануға мүмкiндiк бередi. Осы технология бойынша, ұсатылған пластмассалық қалдықтар байланыстыратын материалдар ретiнде қолданылады, онда толықтырғыш ретiнде табиғи материалдар (құм) немесе өндiрiс қалдықтары - картон, күл қоқыстары (сынақтан өту қажет), темiр үгiндiсi және т.б. Дайын болған желiге негiзгi құралдың 16 бiрлiгi кiредi, ол қолданыста болған полимерлi заттарды төмен температуралық режiмде қоршаған ортаға зиянын келтiрмей қайта өңделедi, бұл оны экологиялық таза өндiрiс қылады. Алынған полимерқұмды заттар қазiргi қолданылып жүрген асфальтбетонды немесе цемент құмдылардан жоғары берiктiк сапасымен, экологиялық тазалығымен, ұзақ уақытқа жететiндiгiмен, эстетикалық қасиеттерiмен өзгешеленедi.
Көптеген елдерде макулатураны өңдеу арқылы жазатын қағаз, типографиялық қағаз, жанбайтын қағаз және т.б. қағаз түрлерін алу жолға қойылған. Мысалы, Германияда бүкіл қолданылатын қағаздың 44 -ы (жылына 2,8 млн. т шамасында жиналады) макулатурадан алынады, бұл жағдай жыл сайын 40 млн. ағашты кесуден сақтайды. Сондай-ақ, ағаштың орнына қағаз макулатурадан алынғанда 60 -дай энергия үнемделеді, атмосфераның ластануы 15 және судың ластануы 60 -ке дейін төмендейді.
Дүние жүзінің көптеген елдерінде шыны бұйымдар қалдықтарын тиімді пайдалану жүзеге асырылуда. Батыс Еуропаның 17 елінде шыны ыдыстарын пайдаға асыруды Еуропалық шыны ыдыстар жөніндегі федерация қадағалап және үйлестіріп отырған. Барлық елдерде түсті шынылар толығымен қайта өңдеуге түседі. Шыны ыдыстарды халықтан жинап отыру ұйымдастырылған.
Қалдықтар проблемасы қолымызда бар заттарды тиімді пайдаланумен тікелей байланысты. Мысалы, күйіп кеткен электр шамдарынан вольфрам алу түкке тұрмайтын іс сияқты. Жанып кеткен бір шамда 10 мг-дай вольфрам болады, ал оның миллионында – 10 кг. Өнеркәсіпте осы қымбат, тапшы металдың 10 кг алу үшін құрамында вольфрамы бар минералдар – вольфрамит, шеелиттің 1 тоннадан кем емес көлемі өңделеді, сонымен қатар, біраз энергия мөлшері жұмсалады. Вольфрам тотығының геологиялық қоры бар болғаны 1 млн тоннадай. Жер шары масштабымен есептегенде ашылған қор 50 жылға ғана жетуі мүмкін. Бұрынғы Одаққа кіретін мемлекеттерді есепке алмағанда, жылына дүниежүзі бойынша вольфрам рудасының 25 мың тоннасы өндіріледі. Бұл мәлімет вольфрам қосылыстарын тастауды азайту тиімді екеніне ерекше көңіл аудару қажеттілігін меңзейді.
Ерекше назар аударуға және кідіртпей өңдеуге жататын қалдықтарға тұрмыстық қалдықтар жатады. Себебі, осы қалдықтардың мөлшері мен әр түрлі аурулар эпидемиясының арасында тікелей байланыс бар. АҚШ-та тұрмыстық қатты қалдықтардың 41 -ы «айрықша қауіпті» топқа жатқызылады, ал Венгрияда – 33,5 -ы, Францияда – 6 -ы, Реседе – 10 -ы, Ұлыбританияда – 3 -ы, Италия мен Жапонияда – 0,3 -ы. Жылына Мәскеуден шығатын тұрмыстық қалдықтардың мөлшері 16 млн. м3 үстінде, Алматыда – 3 млн. м3 үстінде.
Жылына үлкен қалаларда бір адамға шаққанда жалпы 300 кг тұрмыстық қалдық келеді, оның ішінде азық-түлік қалдықтарының жылдық мөлшері – 80-90 кг. 1 т азық-түлік қалдықтарының құнарлылығы орта есеппен 250 кг дәнде жем-шөпке пара-пар келеді екен. Ресей ғалымдарының мәліметтеріне сүйенсек, осы мөлшерді жем ретінде мал өсіру саласында пайдаланғанда 45 кг-ға дейінгі шошқа етін алуға болады. Тұрмыстық қалдықтарды пайдаланбай тастайтын болсақ, онда әр түрлі ауруларды қоздыратын ошақтың көзін ашумен қатар, біраз жерді пайдасыз аймаққа айналдырамыз /5-8/.
Қала қалдықтарының құрамы әр түрлі компоненттерге «бай», атап айтқанда қағаз – (30-40), азық-түлік қалдықтары – (30-40), металдар – (2-4), ағаш – (1,5-3), кездемелер (2-4), шыны -(3-6), тастар – (1-2), тері, резеңке – (1-2), пластмасса – (1-1,5). Қала сыпырындысын жинайтын негізгі жер қоқыстар үйіндісінің аз-маз мөлшері қайта өңделеді немесе арнайы ұйымдастырылған зауыттарда жағылады.
Тұрмыстық қалдықтарды бірнеше бағытта өңдеуге болады. Мысалы, тыңайтқыш, жанатын газ және жасанды мұнай, құрылыс плиталарын, қағаз, және т.б. көптеген заттарды алуға болады. Ең алғашқы қоқысты жағуға арналған зауыт 1975 жылы Мәскеуде ашылған, оның жылдық өнімділігі – 150 мың тонна. Жану процесі нәтижесінде бөлінетін жылу бу қазандарын жылытуға пайдаланылады, шлактан іріктеп алынған металл қалдықтары металлургия өнеркәсібінде, ал қалған шлак құрылыс материалдарын жасауда пайдаланылады.
Тұрмыстық қалдықтарды жоюға арналған зауыт басқа өндірістерге шикізат ретінде қажетті өнімдерді – жылу, металл, шлактар шығарады. Мысалы, Мәскеудің №1 қоқыс жағатын зауытынан шыққан шлакты зерттеу мәліметтеріне сүйенсек (Г.И.Сидоренко, 1990 ж.) сүйенсек, жылына тұрмыстық қалдық жинайтын жерге тек Мәскеудің өзінен келесі көлемде металдар тасталады екен: Mo – 8,3 т, Co – 11,4 т, V – 12,4 т, Ag – 27,6 т, Ni – 75 т, Sb – 115 т, Sn – 244 т, F – 353 т, Cr – 689 т, Pb – 1573 т, Cu – 2180 т, Zn – 6762 т. Бұл мөлшер жылына кен орнынан алынатын мөлшерге эквивалент екенін анықталған /1/.
Халық шаруашылығының барлық салаларында пайда болған қалдықтарды бақылауда ұстап, тиісті жолдармен пайдалануды, сақтауды және басқару үшін қажетті жұмыстар жиынтығы суреттерден көруге болады.
Санк-Петербург маңындағы Горелова поселкесінде 1972 жылдан бастап тұрмыстық қоқысты өңдейтін зауыт қызмет етуде, оның ең негізгі шығаратын өнімі компаст (тыңайтқыш), бірақ та қоқыстың 30 -ы, яғни пластмасса, резеңке, тері, ағаш, металдан тұратын бөлігі өңделмейді.
Жылдық өнімділігі 110 мың тонна төңірегіндегі зауыт 1975 жылдан бастап Ташкентте іске қосылған. Жыл сайын тұрмыстық қоқыстан 400 т қара және 5 т түсті металдар, 20 мың т компост алынады.
Компост деп микроағзалармен ыдырау нәтижесінде өсімдіктер мен жануарлар қалдықтарынан шыққан органикалық тыңайтқыштарды айтады. Оны алуға көң, көң бөкпесі және құстар саңғырығы, шымтезек, қала сыпырындысы, ағаштардың түскен жапырақтары, сабан және т.б. тұрмыстық қалдықтар қолданылады. Қордаландыру процесінің нәтижесінде органикалық массадағы өсімдіктер сіңіруге қолайлы қоректік заттектер (азот, фосфор) түрлерінің мөлшері жоғарылайды, патогенді микрофлора залалсызданады, целлюлоза мен пектин заттектері азаяды, сонымен қатар тыңайтқыш топыраққа енгізуге қолайлы сусымалы түрде алынады. Өте тапшы органикалық тыңайтқыштардың (көң, шымтезек) орнына компостты кеңінен пайдалануға болады.
Тұрмыстық қалдықтардың барлық түрі компост алуға жатпайды. Егерде қоқыстағы азық-түлік қалдықтарының мөлшері 20 -дан төмен болса, олардан тұрмыстық тыңайтқыш алынбайды. Себебі қалдықтарды қордаландыру аэробты микробтардың қатысуымен жүретін биохимиялық процесс. Бұл микробтардан өте көп мөлшерде жылу бөлініп шыққандықтан қоқыс 70 0С-ге дейін қызады. Бұл жағдайда ауру қоздыратын микробтар жойылып, шикізат қызып, тұрмыстық тыңайтқышқа айналады. Табиғи жағдайда бұл процесс айлап жүрсе, зауыт жағдайында аэрация арқылы 2-3 күнде аяқталады. Ал, қалдықтарда азық-түлікке жататын компоненттер аз болса процестің жүру жылдамдығы күрт төмендейді.
Токио ғалымдары қоқыс балқытатын пеш жасаған. Алдын ала сұрыпталған құрамында полимерлі материалдар, консерві қалбырлары және әйнек сынықтары бар қоспа пеште балқытылады, нәтижесінде қоспа көлемі 40 есеге дейін ықшамдалынады. Балқытылған массаны тас жолдарын салуға, қиыршық тастың орнына пайдалануға болады.
Соңғы жылдары халықтың шаруашылық және тұрмыстық қажеттерін қанағаттандыру үшін энергия көздерінің (көмір, мұнай, газ) жетіспеуіне байланысты оларға теңдес алмастырғыштар іздестірілуде. Осы энергетикалық дағдарыс соңғы кезде органикалық қалдықтардан отын есебінде қолдануға болатын биогаз (құрамы: метан, көмір қышқыл газы азот, сутегі, оттегі, күкіртті сутек қосындылары) алуға үлкен үміт артылып отыр.
Бүгінде қалдықтарды зиянсыздандырудың төрт әдісі кеңінен қолданылады: жағу, химиялық не биологиялық жолмен бейтараптандыру және көму. Дегенмен, қазіргі таңда қалдықтарды жағу мен көмуден гөрі, залалсыздандыру мен өңдеу, кәдеге жарату маңызды.
4.Қоқыс-қалдықтар табыс көзі.
Қоқыстарды жинақтайтын полигондар – ластанған жерлер ғана емес. Олар табыс көзі болып табылады. Қоқыстардан бизнес жасайтын компаниялар үш бағытта табыс табады: қоқысты тасу, көму және сұрыптау.
Алматы қаласындағы «Тәртіп» АҚ 1 м3 қалдық үшін ай сайын 784 тг төлемақы алады. Кіші және орта бизнес өкілдері үшін осы бағаның өзі ауыр болып тиетін көрінеді. Мысалы, Алматыдағы «Здоровье» деп аталатын стоматологиялық клиника 1 м3 қоқыс жинақталмаса да, осы ақшаны айма-ай төлейді екен. Өйткені, пайдаланылған шприцтер мен бір рет қолдануға арналған медициналық құралдар бөлек мекемеге өткізіледі. Ал, «Ruaz-dent» стоматологиялық клиникасы ай сайын 1,5 м3 коммуналдық қоқыс үшін ақша төлейді, яғни 1176 тг. Себебі қоқыстың осы көлемі клиниканың «Тәртіп» АҚ-мен жасаған келісім-шартында көрсетілген. Келісім-шартта ай сайын шығарылатын қоқыстың көлемі белгіленген.
Қалдықтарды өткізу қымбатқа түседі. Қалдықтардың құны қымбат тұрады, тоннасы 200 тг-ден 500 тг-ге дейін. Алматы қаласында қоқысты ең төменгі бағамен қабылдайтын Қарасай ауданында орналасқан қоқыс қабылдайтын пункт болса керек. Қала орталығындағы полигонда 1 т қалдық 344 тг тұрады.
«Тәртіп» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Р.Мирзаевтің айтуы бойынша жаңа қоқыс өңдейтін зауытқа коммуналдық қалдықтарды қабылдау құны 1 м3 үші 457,45 тг немесе 1 т үшін 2287,2 тг. Бұл баға орталық қалалық полигондағы бағадан 7 есе қымбат. Зауыт жұмысшыларының айтуы бойынша бұл полигонда тасымалдаушы машиналар арзан жанар маймен жүреді. Қоқысты орталық қалалық полигонға тасымалдау 1200-1600 тг тұрады. Дегенмен, 3 т қоқыс тасымалдағанда – 2600 тг, ал дәл осы қоқысты өңдеуші зауытқа қабылдау – 6800 тг, айырмасы – 4200 тг. Сол себепті кейбір қоқыс таситын компаниялар ҚТҚ-ды пайдаланудың шығыны аз болатын жағын, яғни қоқыс-қалдықтарды көметін полигондарға жөнелткенді тәуір көреді. Десе де, Алматы қалалық орталық полигон бастығының орынбасарының айтуы бойынша қоқыс өңдейтін зауыттың салынуы полигонға қарай машинаның ағылуын азайтса керек.
Достарыңызбен бөлісу: |