Білімді ауызша тексеру. Білімді ауызша тексеру оқушылар білімін жан-жақты тексеруге мүмкіндік береді. Оқушылардың оралымды баяндауы осы методтың бір түрі болып табылады. Ботаникадан білім тексеру үшін оралымды баяндауды қолдану мұғалімге оқушылардың білімін әділ де дәл анықтауға, ойы мен ауызша сөйлеуін дамытуға мүмкіндік береді. Алйда ауызша тексерудің бұл түрі көп уақытты қажет етіп, осы сабақта жауап беретін оқушыларды ғана жұмылдыра алады.
Сондықтан оны білімді ауызша тексерудің басқа түрлері және тәсілдерімен үйлестіру қажет.Мысалы, тақтаға шақырылған оқушының біріне мүктің өсіп-жетілу кезеңдерін жүйелі түрде қысқаша жазу ұсынылады. Екінші бір оқушы осы тақтаға әрбір жазбаны схемалы суреттермен сипаттап береді. Қалған оқушылар өз жолдастарының істеген жұмысын қадағалап, олардың кейбіреулеріне орындалған тапсырманы түсіндіру және мүктің өсіп-жетілуі мен табиғатта бұл процестің жүзеге асуына қажетті жағдайлар туралы толық баяндап беру тапсырылады. Сондай-ақ білім тексеруге байланысты бір оқу таблицасының мазмұнына ауызша талдау жасау; мазмұндары жағынан байланысты екі-үш таблицаға ауызша салыстырмалы талдау жасау; әр түрлі тұқымдас өсімдіктер өкілдерінің морфологиялық белгілерін қорытындылай отырып сипаттау; бұрын зерттелген табиғи объектінің оқушылар үшін ұқсастығы жағынан жаңалығынауызша сипаттау; бұрын зерттелген өсімдікті (немесе оның органын) немесе бұрын өткізілген бақылауды, немесе қойылған тәжірибені т.б. схемалы суреттермен қабаттастыра баяндаулы қолдануға болады.
Ботаникадан оқушылар білімін тексерудің екінші түрі оқушылар білімін жаппай тексеруге және мұғалім мен оқушылар арасында тығыз байланыс қалыптастыруға көмекші болатын тексеру әңгімесі болып табылады. Тексеру әңгімесі сыныптағы барлық оқуыларды оқуға жұмылдырумен бірге, олардың зейінділігіне, есте сақтауына, ойлауына септігін тигізеді. Сонымен қатар білімді ауызша тексерудің бұл түрі оқушылардың білімін бірқатар сұақтар бойынша біршама қысқа мерзімде тексеріп, ботаника сабақтарында әдетте тексеру әңгімесінің соңында меңгеретін жаңа оқу материалын түсінуге жалпы сыныпты дайындауға мүмкіндік береді.