Физиканы мектепте оқыту әдістемесі – педагогика ғылымдары жүйесінің бір тармағы болып саналады. Себебі, педагогика ғылымдары сияқты оның да зерттейтін ең негізгі мәселесі – орта мектептегі ғылым негіздерінің бірі физиканы оқытудың іс-тәжірибесі мен теориясын қарастыру. Ендеше, оның негізгі міндеті: а) мектеп физика пәнінің оқу бағдарламасы мен оқулықтың мазмұнын анықтау; ә) оқушыларға физикалық білімдер мен дағдыларың жүйесін ұғындырудың тиімді тәсілдерін, оқыту әдістемесін көрсету. Демек, физиканы оқыту әдістемесі студенттерге кәсіптік-әдістемелік дайындық беруді мақсат етеді. Мектепте физиканы сапалы оқытудың ең бірінші және басты шарт – физика ғылымын мұғалімнің берік меңгеруі, оның зерттеу әдістері мен дамуын тарихын терең түсінуі. Физиканы оқыту әдістемесі, ең алдымен, физика ғылымының зерттеу әдістеріне және оның әдіснамасына сүйенсе, екіншіден, философия, педагогика және психология ғылымдары негізінде дамып келеді. Ол өзінің мақсаттары, зерттейтін мәселелері, пайдаланылатын әдістері бойынша физика ғылымына қарағанда, педагогика ғылымдарына бейімділігі мен жақындығы анағұрлым көп. Сондықтан да, физиканы оқыту әдістемесі педагогика ғылымдарының құрамдас бір саласына жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |