Ғылыми дүниетаным қалыптастыру
Ғылым әрдайым дүние жайлы біртұтас ғылыми көзқарас жасауға талпынады, өйткені дүниеде барлық нәрсе өзара байланысты және бір-біріне өзара тәуелді.
Дүниенің біртұтас ғылыми бейнесін қалыптастыру таным процесінің ежелден бергі түпкі мақсаты, мұраты болып келеді. Кейде мақсатқа жеткендей сәттер болады. Бірақ, үңіле қарағанда, танымның әр кезде қол жеткен дәрежесі бүкіл әлемнің бейненің тек тарихи бір сатысы болып шығып отырды. Дегенмен, бұл таным процесінің әлсіздігі немесе оның белгілі бір шегі бар екендігі емес, қайта керісінше, дүниетанымдық құбылыс үздіксіз екенін, бір мәннен одан әлдеқайда терең мәнге көшіп отыратынын көрсетеді.
Ертедегі Шығыс, Греция, Рим тәрізді дамыған елдердің ғалымдары да жалпы заңдарды, нақты заттардың бірыңғай түпкі құрылымдық негізін ашуға, дүниеге біртұтас көзқарас жасауға талпынған.
Алуан түрлі денелердің бәрі әрі қарай бөлінбейтін түп негізгі бөлшектер – атомдардың түрліше қосындысынан тұрады. Атомдар мәңгі қозғалыста болады. Түрлі заттардың алуан түрлі сапада болуы атомдардың санына, түр-нобайына және көлеміне байланысты. Атомдардың қозғалысы заңды, себепті, қажетті нәрсе болып есептеледі. Дүниеде ешқандай кездейсоқ нәрсе жоқ.
Сөйтіп, ерте дүниенің ғұлама ғалымдарының дүниетаным туралы ілімі, яғни атом ілімі, ғылымның алдағы бүкіл даму барысына зор әсерін тигізді, өйткені ондағы даналық болжамдарының сырын ғылым біздің бүгінгі заманымызға дейін зерттеп келеді. Алайда мұндай диалектикалық-материалистік көзқарастармен қатар, ертедегі ғұламалардың ой-пікірлерінде қарама-қарсы көзқарастар да орын алған еді. Кейінгі дәуірлердегі ғылымның дамуына Аристотельдің философиясы, әсіресе оның логикалық ілімі, физикасы, категориялар жайлы ілімі аса зор әсерін тигізген-ді. Бірақ оның идеализмі және космологиясы «әлемнің ортасы-жер, сол жердегінің бәрін құдай қозғалысқа келтірген, дүние уақыт пен кеңістікте шектелген» деген сияқты т.б. көзқарасы дүниенің Птолемей жасаған геоцентрлік жүйесінің негізін құрды, ал бұл түсініктер кейіненен бірталай діни ілімінің қағидасына айналды.
Дүниенің бұл ғылыми бейнесін жаратылыстанулық ғылыми көзқарас деп атауға болады. Оның игі маңызын атомистикалық негізгі идеяларына, яғни материаның құрылымдық түсінігін дүниенің бірлігі және ол жайлы білімнің тұтастығы қағидасынан білуге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |