5 Тақырып . Қазақ мемлекеттіліктің эволюциялық дамуы
Жоспар. 1. Қазақ мемлекеттіліктің қалыптасу тарихының байқауы.
2. Түздік өркениет және оның сабақтары.
3. Қазақстан мемлекеттің білімге деген қазіргі назары.
Мақсаты : Қазақстан мемлекеттіліктің білімінің үдерісіне көз жеткізу
Талқыланатын сұрақ. Қазақ хандығын кім құрды.
Хандық қашан құрылды
XY ғасырдың ортасында Қазақ хандығының құрылуы -Қазақстан аумағында ежелден бері жалғасып келе жатқан этникалық процестің мәдени,рухани дамулардың мемлекеттіліктің дамуының және 14-15 ғасырлардағы саяси просестердің заңды қорытындысы болып табылады. Сондай-ақ қазақ халқының құрылуының Евразия тарихында алатын тарихи маңызы ерекше.Сондықтанда қазақ құрылуының қазіргі күн талаптар тұрғысынан таптық емес жаңаша көзқарастармен зерттеу кезек күттірмейтін маңызды мәселеге жатады. Күн сайын еліміздің мемлекеттілік тұғырының нығаюы бүкіл әлем алдында саяси және экономикалық беделінің өсуі Республикамыздың халықаралық аренадағы ролін айқындап отыр. Бүкіл дүниежүзі алдында қазақ мемлекеті өзінің дербестігімен және әртүрлі халықаралық саясаттағы ролімен көзге түсуде. Міне сол себепті де қазіргі мемлекетіміздің 15 ғасырдағы бір көрінісі,бір белесі болып табылатын қазақ хандығының тарихы оның ішінде оның құрылуы кімді болса да қызықтырары анық.
Дей тұрсақ та қазақ хандығының құрылу мәселесі әлі күнге дейін Отандық тарих ғылымында толық шешілген мәселелер қатарына жатпайды. Тіпті бұл ауқымда мәселенің жекелеген мәселелері мен сұрақтары жөнінде қарама-қайшылықты, дау-дамайлы әр түрлі пікірлер болса, ал кейбір мәселелері әлі күнге дейін тарихшылардың назарына ілінбей күн тәртібіне қойылмай отыр. Міне, осыған орай біз осы жұмысымызда қазақ хандығының құрылуының жалпы мәселелеріне көңіл аударып зерттеушілердің назарын аудармақпыз.
Біз қарастырып отырған мәселе 19 ғасырдың 60 жылдарынан бері В.В.Вельяминов-Зерновтың атты жарыққа шыққан еңбегі тарихшылардың назарында келе жатыр. Мәселенің әр түрлі аспектілерін зерттеп қарастыруда әр жылдары Ш.Құдайбердіұлы, А.П. Чулошников, М.Тынышпаев, В.Вяткин, К.А.Пищулина, Т.И.Султанов және тағы басқалар үлес қосты. Осы тарихшылардың зерттеулері негізінде қазақ хандығы құрылуының мынадай мәселелері көпшілік назарына ұсынылды.
1.Қазақ хандығы құрылуына Керей мен Жәнібек сұлтандардың Дешті Қыпшақтағы Әбілхайыр ханнан бөлініп Моғолстанның батысындағы Шу бойына қоныстануы негіз болған.
2. Қазақ хандығы құрылуы хижраның 870 ж жүзеге асқан.
3. Қазақ хандығы құрылуы Алтын Орданың саяси ыдырау нәтижесінде болған.
4. Керей мен Жәнібектің көшуіне Дешті Қыпшақтағы ру-тайпалық қайшылықтар мен шиеленістер себеп болған.
5. Керей мен Жәнібектің көшуі Дешті Қыпшақтағы таптық күрестің нәтижесінде болған.
6. Қазақ хандығы құрылуы бір тарихи оқиғамен құрылмаған, бірнеше жылдарға созылған тарихи дамудың заңды қорытындысы ретінде дүниеге келген.
Жалпы алғанда бұл атап көрсетілген тұжырымдар қазақ хандығы құрылуын ашуға жәрдемдеседі, бірақ мәселені толық қамти алмайды деп ойлаймыз. Өйткені біздің пікірімізше қазақ хандығының құрылуы жоғарыда айтып өткеніміздей ұзаққа созылған этно-мәдени, рухани және саяси дамулардың нәтижесінде жүзеге асқандықтан көрсетілген.
Факторлар қазақ хандығы құрылуына қатыстырылмай отыр. Міне сол себепті де біз төменде осы жағдайларды ескере отырып қазақ хандығы құрылуын ғылыми тұрғыда толық ашып көрсететін мәселелерді көрсетуге тырысамыз.
Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алуына байланысты Отандық тарих ғылымы да идеологиялық шырмаудан құтылып, үстем идеологияға емес сол тарихқа жасаған халықтың өзіне қызмет етуге бет бұрады. Тәуелсіздік алған жылдары тарих ғылымы барлық салалар бойынша даму жолына түседі. Сондай саланың бірі-деректану ғылымы. 20 ғасырдың 90 жылдары мен 21 ғасырдың алғашқы жылдары орта ғасырлық Қазақстан тарихының мәселелерін жан-жақты көрсететін көптеген деректер қазақ тіліне аударылды және араб, парсы тілдерінен орыс тіліне аударылды. Олардың қатарына Әбілғазының "Түрік шежіресі",Бабырдың "Бабырнамасы",Қ.Жалайырдың "Жылнамалар жинағы",Өтеміс қажының "Шынғыснамасы",М.Х.Дулатидің "Тариха Рашидиін" жатқызамыз.Әсіресе М.Х.Дулатидің "Тарихи Рашиди"еңбегі орыс тілінде екі рет жәңне түпнұсқадан қазақ тіліне алғаш аударып жарыққа шығуы деректану ғылымының жетістігін көрсетті.Сондай-ақ бұл еңбек біздің қарастырып отырған мәселеміздің шеңберлерін кеңейтті.Осындай деректердің негізінде Қазақ хандығының құрылуының кейбір мәселелері алғаш рет тарихшылардың назарына іліне бастайды.Ал кейбір мәселелер туралы нақты ой пікірлер айтылады.Міне,енді біз 1990 ж. және қазіргі күндер аралығында осы мәселелер бойынша тарих ғылымына жеткен.Жетістіктерді талдай,саралай келе біз өзімізден өзіндік тұжырымымызды білдіреміз.Алдымен ескерте кетейік біз қазақ хандығының құрылуының деректері мен тарихнамасының мәселелерін бұл жұмысымызда қарастырмаймыз.Бұл мәселелер өте ауқымды болғандықтан ол арнайы түрде кесе қарастыруды талап етеді.Біздің қарастыратынымыз тарихи процестердіің өз мәселелері ғана.
Қазақ хандығының құрылуы белгілі бір дәрежеде тарихи процестердің заңды қорытындысы болғандықтан оның тарихи алғы шарттары болады.Тарихи алғышарттардың өзін іштей жіктейтін болсақ,ол мынадай факторлардан тұрады:
1.Қазақ хандығының құрылуының этникалық алғы шарттары
2.Қазақ хандығының құрылуының діни-рухани алғы шарттары.
3.Қазақ хандығының құрылуындағы моңғолдық фактор немесе мемлекеттіліктің дамуының әсері.
4.Қазақ хандығының құрылуына тікелей әсер еткен саяси оқиғалар.
Бұл көрсетілген факторларды ғылыми тұрғыдан терең зерттеу бізге қазақ хандығы құрылуының алғышарттарын түсінуге мүмкіндіктер береді. Енді қысқаша түрде осы факторларға назар аударсақ. Алдымен қазақ хандығы құрылуының этникалық алғышарттары туралы. Кез-келген мемлекет белгілі бір этностың әлеуметтік территориялық ұйымы және қоғамның ішкі және сыртқы қатынастарын реттейтін басқару жүйесі болғандықтан этнос-мемлекет бір-біріне етене тығыз ұғым болып саналады. Қарапайым тілмен айтсақ мемлекетті этностар туғызады. Ал мемлекеттер этностың дамуына өркендеуіне жағдайлар жасайды. Осы қағиданы қазақ халқы мен қазақ хандығына қолданып көрсек онда қазақ хандығын дүниеге әкелген қазақ этносы болып шығады. Ал тарихи деректерде қазақ этносы қазақ хандығы құрылғаннан кейін жүзеге асқан деп баяндалады. Әрине деректің авторлары орта ғасырдың адамдары болғандықтан олар тарихи процестің алғышарттарына терең бойламай тек тарихи болмысты немесе обьектіні баяндайды. Этнос-мемлекет принципіне сүйеніп біз қазақ хандығын дүниеге келтірген этникалық процестің дамуы деп түсіндіреміз. Яғни бұл жерде Дешті Қыпшақтағы тайпалар өз дамуының белгілі бір сатысында жаңа мемлекеттік жүйені қажет еткен. Ол қазақ хандығы болған. Міне, қазақ хандығы құрылуының этникалық алғышарты деп аталатын бұл мәселе тағы да қайталап айтамыз терең зерттеуді қажет етеді. Біз тек бұл жерде проблеманың өзін ғана атап көрсетіп отырмыз.
Қазақ хандығы құрылуының келесі бір алғышартына діни-рухани алғышарттар жатады. Кез-келген этнос немесе этносты құраған ру-тайпалар жиынтығы өздерін нақты бір этностың мүшесіміз және басқа этностардан ерекшелендіріп көрсететін нәрсеге олардың ру-тайпалық санадан жоғары тұрған халықтың санасы жатады. Ал халықтық сананың пайда болуына діни фактор мен рухани факторлар жетекші роль атқарады.
13-15 ғасырлардағы Қазақстан аумағында болған діни-рухани дамуларда ислам дінінің Алтын Орда мен Ақ Орда мемлекетінде ресми дінге айналуы шешуші роль атқарды. Бүкіл Дешті Қыпшақтағы тайпалардың толығымен және түпкілікті түрде мұсылманданып, ортақ бір дінге сенуі Аллахты ортақ құдай деп тануы , Мұхаммедті ортақ Пайғамбар деуі құранда исламның отақ қасиетті кітабы деп білуі ,сондай-ақ шариғат жолының бикіл тайпаға айтыладыбірдей болуы ру тайпаларды ортақ діни кеңестікпен қатар ортақ рухани кеңестіке енгізеді. Осылардың нәтежесінде ру-тайпаларда ру-тайпалық санадан жоғары тұрған сана қалыптасады.
Міне,осы сала этникалық процесті жаңа деңгейге көтеріп,соған сай мемлекетті қалыптастырады. Яғни ,бұл мәселеде қазақ хандығының құрылуының алғы шартын болашақта терең зерттеуді қажет етеді.Бұл факторды толық зерттемей қазақ хандығының құылуын нақты меңгердік деп айта алмаймыз.
Қазақ хандығының құрылуындағы келесі алғышарттарға монғолдық фактор немесе моғолдар енгізген мемоекеттік жүйенің тікелей әсері жатады.
ХІІІ ғасырдың басында монғол жаулаушылығы нәтижесінде Дешті Қыпшақта саяси және әкімшілік жағдайлармен қатар мемлекеттік жүйесі де өзгереді. Бұрынғы монғалдарға дейінгі Дешті Қыпшақтағы қыпшақ мемлекеттігі ерте ортағасырлық феодалдық қатынастарға негіделмегендіктен, ондағы билік түрлері, олардың бір-біріне қарым-қатынасы бір-біріне тәуелді болды. Ал Шыңғыс хан енгізген мемлекеттік жүйеде бұл жағдайлар басқаша көрініс тапты. Мұндағы билік түрлері ішінде хандық билік биліктің басқа түрлерінен жоғары тұрды. Биліктің басқа түрлерін өзіне тәуелді етті немесе атқарушы билік биліктің басқа түрлерін функционаларын өз қолына алды. Сөйтіп нәтижесінде 13-15 ғасырларда мемлекеттіліктің нығайтылған түрі өмір сүрді. Мұндай мемлекеттік жүйе халықтық санаға жете бастаған ру-тайпаларды басқаруда тиімділік көрсетті. Яғни халықтық деңгейге көтеріле бастаған этникалық процеске сай болуы үшін осындай нығайтылған мемлекеттік жүйе қажет болатын. Мұндай жүйенің қалыптасуын монғолдық мемлекеттік жүйе қамтамасыз етті. Сондықтан мұндай жүйені монғодық фактордың тікелей әсері деп есептейміз. Мұндай мәселе қазақ хандығының құрылу тарихында алғаш рет автордың жұмысымен көтеріліп отыр. Бұл мәселені де ғылыми тұрғыдан терең зерттеу қазақ хандығы құрылуының алғышарттарын толық білуге мүмкідіктер береді.
Жоғарыда біз қарастырған үш мәселе қазақ хандығы құрылуының алғышарттары мәселесіне жатады. Жалпы осы алғышарттарды зерттемей, оларды толық меңгермей қазақ хандығының құрылуы туралы ой-пікірлерді айту мәселені шешуде толық нәтиже бермейді. Сондықтан да қазақ хандығының құрылу процесі мәселесі қандай маңызды болса, оның алғышарттары да сондай маңызды деп есептейміз.
Қазақ хандығы құрылуындағы келесі бір маңызды мәселелердің қатарына хандықтың құрылуына қатысты құрылу процесіне байланысты оқиғалар барысы жатады. Алдыңғы бетте атап өткеніміздей бұл мәселелер бір шама түрде зерттеушілер тарапынан қарастырылған. Керей мен Жәнібектің көшіуі олардың моғолстанда орналасуы, сондай-ақ хандықтың құрылуының қай жылы құрылғандығы жөнінде біршама айтылады. Бұл проблемаларды тереңірек қарастыра келе біз мынадай тұжырымдар жасаймыз.
Керей мен Жәнібектің көшуі М.Х. Дулатидің “Тарихи Рашиди” атты еңбегінде баяндалады да, барлық зерттеушілер осы тарихи оқиғаны хандықтың құрылуымен байланыстырады.
Хандықтың құрылған жылы ретінде 1456,1465-1466,1470-1471 жылдар деп көрсетіледі. Бұл жөнінде осы мәселемен айналыссқан әрбір тарихшы өз дәлелдеулеріне сүйеніп, немесе еш дәлелдеусіз осы жоғарыдағы даталардың біреуін көрсетеді. Біздің ойымызша бұл мәселелер әлі болса толық зерттеуді қажет етеді.
Біз төменде осы мәселе бойынша бірнеше жылдан бері айналысып келе жатқандықтан өзіміздің жеке ой-пікірімізді білдіреміз. Тұжырымдарымызды қысқаша тезистер түрде білдіріп көрелік.
Қазақ хандығының құрылуы бір саяси оқиғамен жүзеге асқан процесс емес, Керей мен Жәнібектің Әбілхайырдан бөлініп моғолстанға көшуі тарихи процестегі маңызды оқиғаның бірі және маңыздысы. Қазақ хандығының құрылуы осы тарихи оқидан бастау алатындықтан кейбір зерттеушілер хандықтың құрылу процесіндегі басқа оқиғаларды аңғармайды. Хандықтың құрылуында осы оқиға яғни Керей мен Жәнібектің көшіуі басты рөл атқарса, одан кейінгі ірілі-ұсақты тарихи оқиғалар, сондай-ақ Әбілхайыр хандығы күйрегеннен кейін Дешті Қыпшақтың басым бөлігінде қазақ хандығы билігінің үстемдікке жетуі осы тарихи процесті аяқтаған оқиға деп есептейміз. Бұл хандықтың құрылу барысы шамамен 13-14 жылға созылған тарихи процестерден тұрады.
Осы мәселедегі маңызды және ең дау-дамайлы сұраққа хандықтың нақты қай жылы құрылғандығы туралы таластар жатады. Бұл жөнінде осы мақаланың авторы ғылыми көпшілік басылымдарда бірнеше рет өз тұжырымдарын білдірген болатын. Біз қысқаша түрде қазіргі кездегі бірнеше пікірлерді талдап, оны түсіндіріп көреді.
а) қазақ хандығы 1456 жылы құрылды деген пікір туралы. Бұл пікірді ХХ ғасырдың басында Ш. Құдайбердиев, А.П. Чулошников өз еңбектерінде қолданған болатын. Осы екі автордан кейін бұл датаны қазіргі күнде қолдаушылар бар.бұл датаны 1864 жылы В.В. Вельяминов-Зернов “Тарихи Рашидидегі” Керей мен Жәнібектің көшуі туралы сөйлемдерді орыс тіліне аудара келе оқырмандарға түсінікті болуы үшін бұл датаны жақша ішінде берген болатын. “Тарихи Рашидидің” мәтінінде бұл дата кездеспейді. Сол себепті де 1456 жылы қазақ хандығы құрылған жылы деген пікірді ғылыми негізсіз пікір деп жариялаймыз.
ә) қазақ хандығы құрылған жылы деп көрсетілген дата 1465-1466 жыл туралы. Бұл пікірдің қате екендінін алғаш рет өз еңбегінде Т.И. Сұлтанов дәлелдеген болатын. Қысқаша түрде айтсақ сол кездегі Моғолстан ханы Есен Бұғаның нақты 1461-1462 жылы қайтыс болғандығын М.Х.Дулати тайға таңба басқандай етіп көрсетеді. 1465-1466 жылы Есен Бұғаның Керей мен Жәнібекті Моғолстанға қабылдауы қисынға келмейді.
Қазақ хандығының құрылуының бастауы 1457-1458 жылы құрылды деген пікір. Осы мақала авторы бұл даталардың дұрыстығын дәлелдеп бірнешерет мақала жазған болатын. Сондықтан оны қайталамай, Керей мен Жәнібектің Моғолстанға көшіп келуі 1457 жылдың күзінде болған оқиға деп, ал Керейдің хан сайлануы 1458 жылдың күзінде жүзеге асқан деп есептейміз.
Хан – барлық билікті бір қолға шоғырландырған мемлекеттің жоғарғы билік органы болып саналғандықтан осы жылды қазақ хандығының құрылған жылы деп есептейміз.
Жаңа хандық пен Моғолстан арасындағы қарым-қатынас мәселесі әлі күнге дейін тарихшылар назарына ілінген емес. Біздің ойымызша қазақ хандығы Моғолстан құрамында автономиялы статуста болған секілді.
1461-1462 жж. Есен Бұғаның қайтыс болуы оның ұлы Досмұхаметтің билікке келіп, орталық билікті әлсіретуі Әбілхайырға наразы болғандықтан, қазақ хандығына келіп қосылуы жаңа хандық статусын жоғарылата бастайды.
1469 ж. Әбілхайырдың қайтыс болуы, Досмұхамет ханның қайтыс болуы, Мауеренахр билеушісі Әбу Сайт мырзаның қайтыс болуы және осы жағдайдан кейінгі пайда болған оқиғалар қазақ хандығының Моғолстан “шекпенінен” шығып, дербестенуіне мүмкіндіктер береді. 1470-1471 жж. Дешті Қыпшақтағы көшпелі өзбектер мемлекеті толығымен күйреп. Оның орнына жаңа әулеттің қазақ хандары әулетінің келуі қазақ хандығының толығымен және түпкілікті түрде аяқталуын тарихи процесс деп санаймыз.
Жалпы қорыта келе тағы да қайталап айтарымыз Қазақ хандығының құрылу мәселесі әлі де болса арнайы түрде зерттеуді қажет етеін мәселелер қатарына жатады. Біз тек бұл мақалада осы күрделі мәселелер төңірегіндегі сұрақтар туралы ой қозғап. Оны шешуге тікелей жәрдем тигізетін жеке мәселелерді атап көрсеттік. Ал оларды зерттеу алдымыздағы тұрған маңызды мәселердің қатарына жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |