«Білім мазмұны» ұғымы. Қазақстан Республикасы 2015 жылға дейінгі білім беруді дамытудың тұжырымдамасында «білім берудің негізгі міндеті – білімдік шоғырландыруда нәтижеге бағытталған құзыреттілік тұрғыға көшу»,- деп атап көрсетілген. Қазіргі заманғы білім парадигмасына сәйкес білім беру жүйесін өзгерту, білім мазмұнын жаңарту маңызды мәселеге айналып отыр.
Қазақстан Республикасы Білім Заңында: «Білім беру мазмұны – жеке адамның біліктілігі мен жан-жақты дамуын қалыптастыру үшін негіз болып табылатын білім берудің әрбір деңгейі бойынша білімдер жүйесі. Білім беру мазмұны білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары негізінде әзірленетін білім беретін оқу бағдарламаларымен айқындалады».
XX ғасырдың70-жылдарының екінші жартысынан бастап, жалпы орта білім беру мазмұны теориясын жасау саласында жаңа зерттеулер басталды. Білім беру мазмұны мәселесін терең зерттеу «білім беру мазмұны» түсінігін нақтылауды талап етті. Бұл мәселені шешуде И.Я. Лернер маңызды үлес қосты. Оның жасаған тұжырымдамасы бойынша, білім мазмұны әлеуметтік тәжірибеге сәйкес және білімдер, дағдылардан басқа шығармашылық әрекет тәжірибесін және сезімдік өмір тәжірибесін қамтиды. Білім мазмұнының аталмыш бөліктерінің арақатынасы тарихи сипатта және қоғам дамуының талаптарына орай өзгеріп отырады.
Білім мазмұнының теориялары. Білім мазмұны - педагогикалық бейімделген әлеуметтік тәжірибе Көрнекті педагог, академик В. В. Краевский жалпы орта білім беру мазмұнын қоғамның білім беруге қоятын талаптарының моделі деп қарастырды; оның теориясын жасау мен мәселелерінің әдіснамалық негіздерін ашып көрсетті; білім мазмұнын қалыптастыру деңгейлерін анықтады: жалпы теориялық түсінік; оқу пәні; оқу материалы; оқыту үдерісі және тұлғаның құрылымы.