Педагогикалық іс-әрекет – педагогикалық үрдісте жас ұрпақты оқытып, тәрбиелеп, дамытуға, өздерін өздері іске асыруға және еркін шығармашылық тұрғыдан өздерін таныта алуларына қолайлы жағдай жасауға бағытталған кәсіби іс-әрекет. Педагогикалық іс-әрекеттің субъектісі – мұғалім. Ал мұғалім іс-әрекетінің объектісі – тұтас педагогикалық үрдіс болып табылады. Тұтас педагогикалық үрдіс теориясы бойынша оның өзара тығыз байланысқан негізгі компоненттері ретінде педагог, оқушы, мақсат, міндет, мазмұн, құрал, форма, әдіс-тәсілдер, тапсырма, нәтиже болып табылады.
Мұғалімнің кәсіби маңызды қасиеттері. Педагогикалық іс-әрекет нәтижесінің табысты болуы мұғалімнің тұлғалық қасиеттерімен де тығыз байланысты болып келеді. Мұғалімдердің кәсіби маңызды қасиеттерін зерттеумен айналысқан педагогтар: А.К.Маркова, Л.М.Митина, Н.В.Кузьмина, В.П.Симонов, К.С.Успанов, А.А.Молдажанова т.б.
Мұғалім - өскелең ұрпақтың интеллектуалдық негізін және рухани әлемін қалыптастырушы, сонымен қатар ол халқымыздың болашағы болып саналатын балалар тәрбиесіне жауапты қоғамның сенімді өкілі. Осындай аса ізгі де аса қиын кәсіп мұғалімдерден тұрақты шығармашылықты, ойдың тынымсыз жұмысын, орасан зор жан жомарттығын, балаларға деген сүйіспеншілікті, іске шексіз адалдыкты талап етеді.
Мұғалім тұлғасын сипаттайтын негізгі кәсіби маңызды қасиеттері оның педагогикалық әдебінің көрсеткіші де болып табылады. Тәжірибелі педагог И.Е.Синицаның пікірінше педагогикалық әдеп әр мұғалімнің жас мөлшеріне, темпераментіне, мінез-құлқына байланысты келеді. Педагогикалық әдеп – мұғалімнің ізденісінің нәтижесі.
Мұғалім - өз пәнін оқытудың әдістерін жете игерген, шығармашылық еңбек ететін, педагогикалық шеберлігін үнемі жетілдіріп отыратын адам. Мұғалім еңбегінің нәтижелілігі оның табиғи дарындылығында дейтін пікірлер де бар. Сөз жоқ, дарындылық, аса қабілеттілік қай мамандықта болмасын кездеседі. Бірақ адам мамандық ерекшелігімен дүниеге келмейтіні ақиқат. Педагогикалық шеберлік - кейбіреулерге ғана берілген табиғат сыйы емес, ол үздіксіз ізденудің, өзін-өзі үнемі кәсіби жетілдірудің және өзінің қалаған мамандығына деген құштарлығынан туындайтын іс-әрекеттер жиынтығы.
Достарыңызбен бөлісу: |