ІІ-тарау
Сыртқы ортаның факторларына қойылатын талаптар
Мақта — жылу сүйгіш өсімдік. Оның тұқымы топырақ 10-12°С-қа жылынғанда өне бастайды. Бірақ бұл температура оның көктеп шығуы үшін жеткіліксіз. Өскіндердің біркелкі бітік болып шығуы үшін тұқым сіңірілген тереңдіктегі температура 14-16 °С шамасында болуы керек. Мақтаның өсу бойы кезеңінде дамуына қолайлы температура 25-30 С. Ауаның температурасы 25 °С-тан кем немесе 36-37 °С-тан артық болса, өсімдіктің дамуы баяулайды, ал температура 0 °С-тан төмен түссе ол мақта үшін өте қауіпті. Өсу жағдайына, түріне, сортына байланысты мақтаның толық пісіп-жетілуі үшін 2800-3600°С белсенді температура қажет. Мақтаның транспирациялық коэффициенті 500-600-ге тең. Мақта тек суармалы жерлерде ғана жоғары өнім береді. Суды ең көп қажет ететін мезгілі — гүлдену-жеміс құру кезеңі. Мақта қара, қызыл-қоңыр және сұр топырақтарда жақсы өніп-өседі. Оған қышқыл және батпақты топырақтар қолайсыз.
Алғы дақыл. Мақтаның ең жақсы алғы дақылы — жоңышқа қыртысы мен оның аударылған құйқасы. Жоңышқа топырақты органикалық заттармен, азотпен байытады. Осының нәтижесінде топырақ құрылымы жақсарып, оның құнарлылығы жоғарылайды. Сонымен қатар жоңышқа топырақты екінші рет тұзданудан сақтайды және мақтаның негізгі ауруы — солдырманы азайтады. Мақта өте жылу сүйгіш дақыл болғандықтан, Қазақстанда өсірілетін ауданы шектелген, яғни оны ауыспалы егісте бір орынға бірнеше жыл қатарынан қайталап отырғызуға тура келеді. Ғылыми мекемелер мен озық шаруашылықтардың тәжірибесі органикалық және толық минералды тыңайтқыштарды қолданса, ауыспалы егісте мақтаның меншікті салмағын 70-75%-ға жеткізіп, бір танапта қатарынан 5-6 жыл сепкенде, оның өнімділігі төмендейтіндігін дәлелдейді.
5
Достарыңызбен бөлісу: |