Пікірталас нүктесі қойылды ма?



Дата15.09.2017
өлшемі139,49 Kb.
#32541
Пікірталас нүктесі қойылды ма?

(Тағы да латын әліпбиі һақында...)


Түркі халықтарының әліпбиі отарлаушы елдердің жойқын күшімен сан түрлі өзгеріске ұшырап, тағдыр тәлкегін бастан кешірді. Латын әліпбиіне көшу мәселесі қазақ тарихында екінші рет көтеріліп, қызу пікірталас тудырып отыр. Араб жазуы елімізге ислам дінімен бірге еніп, он ғасырдан астам уақыт бойы, 1930 жылға дейін қолданыс тапты. Ресей патшалығы қазақ жерін отарлап алған соң, қазақ елінің рухани мұрасына қол сұға бастады. Қазақ елін орыстандыру мақсатында, түркі халықтарын рухани біріктіріп отырған араб жазуының орнына орыс жазуының әріп таңбасын ендіру мәселесі алға қойылды. Миссионер ғалымдар қазақ тілінің дыбыстық жүйесін нақпа-нақ белгілеуде араб әліпбиінің олқы тұстарын көлденең тартып, кириллицаға көшіруге тырысты.

Латын әліпбиі, әлемде кеңінен қолданылады. Б.з.б. 7 ғасырдада Римде грек және этрус әліпбиінің тармағы ретінде пайда болып, б.з. 1 ғасырында қалыптасты. Жазу оңнан солға немесе солдан оңға қарай (брустрофедон бойынша) жазылып, бағыты әрдайым алмасып отырған. Б.з.б. 4 ғасырдан бастап жазу тек солдан оңға қарай жазылды, алғаш 20 әріп болды. Әліпбиге б.з.б. 230-жылдары G, Y және Z әріптері енген, соңғы екеуі грек тілінен кірген сөздер үшін алынған, ал J, U, W әріптерінің қолданылуы қайта өркендеу дәуіріне жатады. Орта ғасырда Латын әліпбиі Еуропаға тарады, Африка, Америка және Азия халықтары пайдаланды. Латын сөздерін оқуға негізделген әріп таңбалары қалыптасты. Қазіргі латын әліпбиінде 25 әріп бар. Дауысты дыбыстар созылыңқы және қысқа айтылады, осыған байланысты сөздердің мағынасы өзгереді: līber — тәуелсіз, liber — кітап. Латын әліпбиінде алты монофтонг (бір дауысты) — а, е, і, о, и, у, сондай-ақ төрт дифтонг (екі дауысты) — аи, еи, ае, ое бар. Дауысты дыбыстардың санына, орналасу тәртібіне байланысты сөзге екпін түседі, буындар да осы негізде жабық (дауыссызға бітсе) және ашық (дауыстыға немесе дифтонгқа аяқталса) болып бөлінеді.

XІX ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ оқығандары қазақтың ұлттық жазба әдеби тілін қалыптастыру үшін, оның дыбыстық жүйесін дұрыс бере алатын жаңа алфавит қабылдауды не қолданылып жүрген араб графикасын біраз жетілдіруді күн тәртібіне қоя бастады. Сол тұстағы мерзімді баспасөз беттерінен қазақтың орысша оқығандарының арасында араб жазуының кемшіл тұстарын сынай отырып, қазақ жазуына орыс графикасын енгізу жайында мақала жазушыларды да кездестіреміз. Міне, осы пікір ағымын өз мақсаттарына шеберлікпен пайдаланып қалғысы келген орыс миссионерлері араб жазуының түркі тілдерінің дыбыстық жүйесін дәл бере алмайтындығын айтып, оның орнына орыс графикасын уағыздай бастады. Олар араб жазуын тастап, орыс жазуына көшуді насихаттауды орысша оқыған қазақ жастары арқылы жүргізуді көздеді. Бұл жайында өз кезінде Н.И. Ильминский былай деп жазды: “Орыс мектептерінде тәрбие алған қазақ жастары арасында сөз жоқ мұсылман дініне салқын қарайтын, өз ана тілдерін жанын сала сүйетіндер бар. Соларға орыс алфавитін қазақ тілінің өзіндік ерекшелігін сақтаудың негізгі амалы деп ұғындыра алсақ, олар қырғыз тіліне орыс алфавитін енгізуде көп нәрсеге көмектесе алар еді”.

1912 жылы Ахмет Байтұрсынов «Қазақ» газетінде жариялаған «Бастауыш мектеп» атты мақаласында әліпби мәселесі төңірегінде «Қазақты орысқа аударамыз деген пікір бәрін бүлдіріп отырған. Тұтынып отырған араб қарпін тастатып, орыс қарпін алдырамыз дейді. Сол үшін балалар ана тілімен оқымай, орыс тілімен оқысын, ана тілімен оқыса да орыс қарпімен оқысын дейді. Өкіметке керегі мемлекеттегі жұрттың бәрі бір тілде, бір дінде, бір жазуда болуы, ал халыққа керегі- өз діні,тілі, жазуының сақталуы» деп, миссионерлік жолмен енгізгелі отырған орыс жазуларынан бас тарту қажеттігін ашық жазды.

1920 жылдары араб қарпін тастап латынға көшу қажет деген мәселе күн тәртібіне қойылды. Қазақ зиялыларының бірсыпырасы осы пікірді қолдады. Қызу пікірталастар, айтыстар, дөңгелек үстелдер басындағы ойлар баспасөз беттерінде жарияланды. Белгілі қоғам қайраткері, журналист Әбдірахман Байділдин “Біздің жобамыз” атты мақаласыңда Мәскеуде қызметте және оқуда жүрген қазақ жастарының латыншылдар ұйымын ашқанын айтады. Күн тәртібінде бұл мәселенің неге қатты қойылып отырғанын айта келіп, “Елді сауаттандыру керек. Бұл игі істі тездетуге араб әрпі жарамсыз, тез хат танытып, тез жаздыруға қолайсыз. Оның баспа ісіне де кедергілері көп. Саны 24-28, ал басуға, жазуға келгеңде 100-ден асады. Шым-шытырық нүктелер көп, жазу оңнан солға қарай, ал цифрлар солдан оңға қарай оқылады, пән белгілеріне жарарлық таңбалар жоқ” деген уәж айтады. Ә. Байділдин осы ескі әріптерді жамап-жасқап кәдеге асырайық дегендерді алға қарай дамуда жауыр ат пен шиқылдаған сынық арбаны тастағысы келмегендер, арабшылдар “ескішілдер”, ал, латын әрпін өзі жүйрік, өзі берік отарбаға теңеп, мұны жақтаушылар “жаңашылдар” деп баға береді.

Мәскеуде, Тәшкентте латыншылдар ұйымдары құрылды. 1924 жылы маусым айында Орынборда әліпби ауыстыру мәселесін талқылау мақсатында Қазақ-қырғаз білімпаздарының тұңғыш сиезі ұйымдастырылды. Аталған жиында қоғам қайраткері Нәзір Төреқұлов:«Біз қазаққа латын әрпін күшпен алдырғалы отырғанымыз жоқ. Латын әрпі үйрену, жазуға тым пайдалы, жеңіл. Түрік (араб) әрпінің біреуі төрт түрлі, латындікі бір ғана түрлі» деп, латын әліпбиі Қырғыз, Өзбек, Түрік сынды шығыс елдерінде қолдау тауып отырғандығын да айтты.

Алаш арыстарының әліпби мәселесі жайлы пікірталасын сол тұстағы «Еңбекші қазақ», «Ақ жол», «Жаңа мектеп» сынды басылымдарда кеңінен жариялады. «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты хатшысы Ерғали Алдоңғаров «Өнердің басы - әліпби» тақырыпты мақаласында «заман талабы, өркениетке жету жолы – латын таңбаларына көшу болып отыр. Партия жолынан таймай, бірте – бірте осы әріпке көшкеніміз жөн. Керітартпалыққа салынбалық» деп жазды. Алаш арыстарының көпшілігі араб таңбаларын тастап, латынға көшуге қарсы болды. Қошке Кемеңгеров: «мұндай өзгеріс жасауға қазақтың қалтасы тайыз, күші келмейді»деген пікірде болса, Елдес Омаров «қазаққа жаңа әріптің крегі жоқ, біздің маңдайымызға біткен ұлт әрпіміз бар. Өгей әріп қазаққа жанаспайды» деген ұстанымда болды.

1926 жылы наурыз айында Баку қаласында тағы да Түрік білімпаздарының жиыны өтті. Қазақстаннан аталған сиезге ахмет байтұрсынұлы, Біләл Сүлейұлы, Елдес Омарұлы,Әзиз Байсейітұлы барды. Сиезге Бартольд, олденбург, Крымский, Менсель сынды ғалымдар да қатысты.

Латын графикасына көшуге байланысты айтыс-тартыс 7-8 жылға созылды. Әбдірахман Байділдин “Латын әрпін аламыз деу бұрынғы миссионерлердің жолы” деген арабшылдардың пікіріне қарсы дау айтады. Бұл сөзді 1923 жылы Ахмет Байтұрсынұлы айтса, 1927 жылдың қысында Қызылорда өткен айтыста Ілияс Ахметұлы дәлел ретінде тілге тиек еткенін еске салады. Ілияс Ахметұлы “Латын әрпін алу мәселесі Октябрь төңкерісінен кейін туып отырған жоқ. Октябрь төңкерісінен бұрын патша отаршылдық саясатты күшейткен заманда туғандығы анықталады. Орыс патшасы татарды жеңіп, Азияны өзіне қаратып, Азиядағы елдерді үйрете бастаған заманнан бері қарай латын әрпінің бір тарауына орыс әрпін алдыруға күш салды. Орыстың миссионерлері азғырып, дінін, нілін бұзу үшін, орыс қылу үшін, оларға ылайықтап дербес әріп шығарды. Латын әрпі түсін бояп келген бұрынғы Күншығыс елдеріне шығарған орыс әрпінің дәл өзі” – деген екен. Қаламгер Әбдірахман Байділдин: “… бұл сөздің дұрысы да бар, бұрысы да бар. Дұрысы орыс патшасының ұсақ ұлттарға, шығыс елдеріне отаршылдық саясат жүргізіп, ділін жоюға кіріскені бар дейді де, әрі қарай үңілмейді, тереңдемейді. Ілияс бұның бәрін неге айтып отыр, болмаса көздеген мақсаты бар ма? Біздіңше, суға кеткен тал қармайдының кері. Латыншылдар – миссионерлер, латын әрпін алу – отаршылдық дегенге қәзіргі заманда кім сенеді” – дей келіп автор: “бұл пікір дүмшелік, осындай да дәлел бола ма?” – деп танданады. Алайда, “тарих – сабақ” демекші, сол тұстағы латыншылдар Ильяс Ахметұлы сынды қаламгерлердің ақиқат пікірлеріне құлақ аспай, отарлаушы биліктің айтқанына көніп, айтағына жүріп, латын таңбаларын насихаттап даурығуы, баспасөз арқылы бүкіл жұртты адастырғаны шындық. Бүгінде "өркениетшіл" латыншылдарымызды ұрандатпай, науқаншылдыққа салынбай, сабырға келуді үндейтін жарияланымдар да, авторлар да баршылық. Жоғарыдағы І. Ахметұлының пікіріне астарлас “Біздің кәсіби тілтанушы мамандарымыз, ғалымдарымыз, жалпы зиялы қауымның өкілдері XІX ғасырдан бері дүркін-дүркін пікірталас, айтыс туғызып келген латын мен кирил, кіші грек алфавитінің Финикий алфавитінен шыққандығын білетін мезгіл жетті. Түпкі жаратылысы кіндіктес, өзіне тән шамалы ерекшелігі ғана бар латын мен кирилл үлгісіндегі қазақ жазуының қолданыстағы мүмкіндігі тепе-тең. Демек бұл екі алфавиттің бір-бірінен елеулі графикалық артықшылығы жоқ” деген белгілі ғалым Аманқос Мектеп пікірі бүгінгі мерзімді басылымдарда жиі көрініп жүргенін айтқымыз келеді.

Алаш арыстарынан латын әліпбиіне қатысты Смағұл Сәдуақасов: “Жұрт түсінбейді. Молдалар қарсы болады. Латын әрпін алудың саяси жағынан қорқынышы бар. Алғандардың да жұмысы жүрмей жатыр”деген пікірі арқылы мәселеге сақтықпен, сергек қарау қажеттігін ескертсе, Қошке Кемеңгеров: “Ленин ақсақал он жылдың ішінде сауатсыздар сауатты болсын деген еді. Мұндай жаңалықтарға желігіп кетсек, мәдениет істерімізге бөгет болады” деген көзқарасын айтыстарда білдірді. Міржақып Дулатов та “латын әріптері мейлі өзгерсін, мейлі өзгермесін, біздің қазақша хат танитындарымызға шетінен жат” деген көзқараста болды.



Жүсіпбек Аймауытов “Жазу мәселесі туралы соңғы сөз” деген мақаласында “Жүзден төрт-ақ хат танитын қазақтың көзін ашамыз деп жүргенде, бір жола жаңа қаріпке түсіп кетсек, сол төртеуін соқыр қылып алу қаупі бар” деген ұстанымда болды. Міржақып Дулатовтың “Қазақ жұрты өнерлі, мәдениетті болғанына біз қарсы емеспіз. Бірақ, өзгерістің де өзгерісі бар. Күндердің күнінде латын әрпін қолданатын да болармыз. Латын түгіл, жұрт біткеннің бәрі шапшаң жазуға (стенограмга) түсуіне де сенеміз. Бірақ біздің айтатынымыз – латынды шабылып, шығынданып ала қоярлықтай пайдасы көрініп тұрған жоқ, қайта зияны бар дейміз”, – деген пікірін мерзімді басылымдарда білдірді.

Әбдірахман Байділдин бұған “… арабшылдардың мектеп, кооператив, кітап керек дегендері дұрыс. Ырасында, бізге соның бәрі керек қазіргі қалпынан гөрі, сапасының жөнделгені жөн. Бұған біз де қосыламыз", – дей келіп, – “Ақаң да, Сейіт Баттал да шын көңілдерімен айтпайтын сықылды, немесе латын әрпін керексіз қылып көрсету ғана” деп болжам жасайды. Бұның себебін автор “… керектердің қай-қайсысын болсын әріпсіз жүзеге асыруға бола ма? Кітап шығару, білім беру жұмысын алға бастыру үшін, көңілдегідей көркейту үшін, жарамды, жақсы әріп керек” деп түсіндіреді.

ХХ ғасыр басындағы «арабшылдар» мен «латыншылдар» пікірталасы 7-8 жылға созылды. 1927 жылы 19-қарашада Халық Комиссарлар кеңесінің шешімімен Жаңа қазақ әліпбиінің орталық комитеті құрылды. Аталған шешім негізінде комитеттің төрағасы - Нұрмақов Нығмет болса, мүшелікке Тоқтабаев Кәрім, Жандосов Ораз, Байділдин Әбдірахман, Ермеков Әлімхан, Тоғжанов Ғаббас, Шонанов Телжан сынды қайраткерлер тағайындалды .

1929 жылы 24-қаңтарда Қазақстан Орталық Кеңес Комитеті ІV-cессиясында “Латын әрпі негізінде құрылған жаңа қазақ әліпбиі Қазақстанда мемлекет әліпбиі деп саналсын” деген қаулы қабылдады. Осы қаулыдан кейін 1931 жылдың 1-қазанынан әрі қарай барлық мекемелер, кооперативтер, түрлі кәсіпорындар мен ұйымдар істерін жаңа әліпбиге көшіруге тиіс деп табылды. Жаңа әліпбиге көшуге әзірлік жүргізілді. 1930 жылдың қаңтарынан бастап газет, журнал, кітаптар тек жаңа әліпбимен басылуы тиіс болды. Қазақстан оқу комиссариатына 1931-32 жылғы оқу жылдары барлық мектептер тек жаңа әліпбимен оқытылатын болсын деп нұсқау берді. Сессия Халық комиссарлар кеңесіне, оқу комиссариатына, орталық шаруашылық кеңесіне, баспа орындарына тапсырма берді.

Қазақстандағы аз ұлттардың (өзбек, дүнген, татар т.б.) жаңа әліпбиге көшуіне тиісті қолқабыс көрсету Орталық жаңа әліпби комитеті мен Оқу комиссариатына тапсырылды. Осы екі мекемеге Қарақалпақ автономиялы облысының жаңа әліпбиге көшуіне назар салып, оқу құралдарын бастыру шарасын жіті қадағалауды ескертті. Жаңа әліпбиді жүзеге асыру барысында жаңа әліпби орталық комитетіне мемлекеттік басқару орыңдарындай толық құқық берілді. Үлкен жауапкершілік жүктелді. Жаңа әліпбиді алу жөнінде үгіт-насихатты күшейту, әліпбишілердің ерікті қоғамдарын, ұйымдарын, үйірмелерін көбейту, олардың істерін жандандыру шараларын жүзеге асыру жүктелді. Осылай латын таңбалары қазақ елінде 10 жылдан астам уақыт қолданыста болып, 1940 жылдарға қарай ешқандай талқыға салынбастан, үкімет қаулысымен кириллицаға ауыстырылды. Бір ғасырға жуық куақытты артқа тастап, латын таңбалары тәуелсіз мемлекетіміздің есігін тағы қақты. 1991 жылы Түркия мемлекеті сыртқы істер министрлігінің бастамасымен Анкара қаласында Егемендік алып, Тәуелсіз ел болған ТМД елдерінен Әзербайжан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан және Қазақстаннан арнайы шақырылған бір топ ғалымдардың (Ә. Қайдар, Е. Қажыбек, С. Батыршаұлы) жиналысы өткізіліп, онда латын жазуына өту мәселесі және осыған орай түркі халықтарының тілдік ерекшеліктеріне сәйкес, латын таңбаларына көшу мәселесі қарастырылды. Қазақстаннан барған ғалымдар қазақ тілі үшін латынның отыз төрт таңбасы жарамды деп тауыпты. Осыдан кейін 1994 жылы Анталия қаласында дүниежүзілік түркітану құрылтайын өтті. Қазақстан делегациясын бастап барған академик Әбдуәли Қайдар латын мәселесі жайлы „ Егемен Қазақстан” газетіндегі мақаласында былай дейді: „Түркі халықтарының жер жүзілік құрылтайында латын жазуына көшу арнайы сөз болып „латынға өтеміз” деп Түркияның көне әдеті бойынша „іс бірлігі, тіл бірлігі, дін бірлігі” деген девизбен, темір төстің үстіне қойылған, қыздырылған ат тағасын әр делегация атынан бір-бір адам балғамен үш рет соғып „берген сертке берік болу” салтын орындап тарасқан едік. Міне, осы берген сертке берік болудың жолы деп, мен Алматыға келгеннен соң Елбасына ашық хат жазып, осы идеяны қолдап, оны газетке жарияладым” . Ғалымның елбасына жазған ашық хатынан кейін Егемендігін алған қазақ елінде әліпби мәселесі тағы көтерілді.

2006 жылдың 24 қазанында өткен Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек», – деген болатын. Латын әліпбиіне көшірілген көршілес мемлекеттердің тәжірибесін назардан тыс қалдырмауды да осы жиында тапсырған еді.



Бүгінгі күні де қазақ мерзімді және электронды басылымдары латын әліпбиіне көшу мәселесін көпшілік талқысына салуда. Қазіргі кезде латынға көшуді қолдайтындар және қолдамайтындар болып қызу пікірталас жүріп жатыр.
    Елбасының "Қазақстан-2050" стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты жолдауында латын әліпбиіне көшу 2025 жылы жүзеге асатындығы айтылды. Қазақтың бір топ белгілі қоғам қайраткерлері Елбасы Н.Назарбаевқа, Премьер-Министр С.Ахметовке, Парламент депутаттары мен қазақ халқына ашық хат жолдады. Ақын Мұхтар Шаханов бастаған ұлт зиялылары ашық хатта: «Латын әліпбиіне көшкен жас бүлдіршіндеріміз кириллицада басылған баба тарихымыздан, рухани парасатымыздан қол үзіп қалатыны айдан анық. Латыншаға ауысқан Өзбекстан мен Әзірбайжан республикаларының қаншама ғылым, әдебиет, өнер қайраткерлері бізге осы мәселе төңірегінде өз өкініштерін білдіргені жадымызда. Мәселен, Өзбекстанда, кириллица дәуірінде жарты миллион данамен, немесе 300, 200, 100 мыңмен шығып тұрған газеттер 5 мың, 3 мың,  тіпті мың данаға дейін құлдыраған. Бұл ғасыр компьютер ғасыры болғанымен, күні бүгінге дейін жарық көрген кітаптардың 20, тіпті 10 пайызын латын әліпбиіне аударуға миллиардтаған қаржы қажет. Басқа шараларды жиып қойғанның өзінде, үкімет соңғы жылдары мектеп оқулықтарын жеткілікті түрде басуға қаржы таппай жатқанда, қарын мүддесі ғана алға шығып, онсыз да қауқарсызданған рухани парасатымызды мүлде тұқыртып алатынымыз ешкімге құпия сыр емес» деген ойларын ортаға салды. Алайда, зиялы қауымның басым көпшілігі латын әліпбиініе көшуі жөн санап, қолдап отыр. Мәселен, мәдениеттанушы ғалым Мұрат ӘУЕЗОВ: «Өз басым қазақ қоғамының латын гра­­фи­касына көшу керектігін жақтаушы­лар­дың бі­­рімін. Осы мәселеге қатысты ой-пікір­ле­рімді бұ­рыннан бері айтып та, жазып та келемін. Жал­пы, бұл идеядан біз басы­мыз­ды алып қаш­пауымыз керек. Кезіндегі Кеңес үкі­меті тұ­сын­да бізбен бауырлас кейбір ха­лық­тар ла­тынға көшкенде, ара­мыз­дағы рухани бай­­ла­ныстар үзіліп, бір-бі­ріміздің жа­зуы­мызды тү­сіне алмайтын дең­гейге түсіп кеттік. Біз бұған дейін отар­шылдық саясаттың құр­ба­ны болып келдік. Ал латын графикасын қа­былдау ар­қы­лы біз рухани, саяси дер­бес­ті­гімізді де ны­ғайта тү­сер едік. Олай болса, ла­тын графикасы жал­пы түркі халық­та­рының ортақ түсінісетін жа­зуы болары сөзсіз. Қа­зіргі уақытта латын әр­пін қолдану, ең бі­рін­шіден, заман талабы бо­лып отыр. Сон­дықтан да заманауи тех­но­ло­­гия­ларға тәуелді еке­німізді мойындап, кез келген жаңа дү­ниелермен санасуымыз керек» десе, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек КӘКІШҰЛЫ: «Латынға көшу керек. Біз қатарымыздан кешігудеміз. Әзірбайжандар бірден көшіп, техника тіліне үйреніп қалды. Ал қасымыздағы Өзбекстан осыдан он жыл бұрын мек­теп­терін латыншаға көшір­ген. Балалардың оқуын латыншаға көшіру арқылы олардың ата-аналарының да сауатын ашып алды. Оларға енді онша қиындық келмейді. Ал қырғыз бауырларымыз орыс тілін мемлекеттік тіл деп жариялап, көріп жатқан күндері мынау. Ал біздің Қазақстан орыс тілін ресми тілге айналдырып алды да, ана тілін дау-дамайдың объек­­тісіне айналдырып жі­берді. Қазақ қазақпен қазақ­ша сөйлесе алмай әлектену­деміз, тіпті түсіну жағында да қиындық көп. Осындай шын­­дықа көңіл аударған Пре­зидент Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Қазақстан халықтары Ассам­блеясының ХІІ сессия­сында қазақ тілінде іс жүрг­ізуді мемлекеттік қызметкер­лерге мықтап ескертіп, латын әліппесіне көшу міндетін алға қойған болатын. Ағайындар, бүкіл адамзат­тың 60-70 пайыздайы латын әліппесін қолданады. Дүниежүзіндегі техникалық құрал-аспаптар латын әріпіне негіз­делген. Өркендеу заңы жа­салғанды сақтап, бауырыңа басып жата бер демейді. Ша­маң барда басқалардың пай­да­лы да ұтымды іс-әрекетін қолдануға талаптан дейді. Славяндармен өкпе-бауыры­мыз жабыса тумаған болар. Біз латынға көшсек, олар он­ша қинала да қоймас. Сон­дықтан латыншаға көшкен жөн. Енді тартыншақтай берсек, көш соңында қалып қою оңайдың оңайы. Елу елдің қатарына кіреміз десек, латын әрпінің пайдасы тимесе, зияны тимейді»дейді.

Әрине, пікірталас болған соң, сан түрлі пікірлер айтылады. Бір ғалымдарымыз 2025 жылды күтпей, әрі кетсе 2015 жылы латынға өтуіміз керек десе, бірі 2017 жылы болатын ЭКСПО көрмесіне дейін латынға көшіп үлгеру керектігін айтады. Қазірдің өзінде латын әліпбиіне қатысты 100-ге тарта жобаның үлгісі бар екен.    Қазір «Латын әліп­биіне өтеміз бе, өтпейміз бе?» деген мәселе емес, «Қалай өтеміз?» деген сауалға жауап іздестіре бастағандаймыз. Ғалымдарымыз латынға сатылай көшгу керек, алдымен қолданыстағы жазуымызға реформа жасап алуымыз керектігін тілге тиек етеді. Бүгінгі жазудың емле-ережесі – орыс-қазақ әліпбиіне келеді. Қазақтың сөзінің әрбір үндес әуезін сақтайтын және морфем құрамын, буын тұрқын, тасымал ережесін бұзбайтын әліпби жасау қажеттігіне баса назар аудартады.



Ал, «латынға көшсек ел екіге бөлінеді» деген зиялыларымыздың пікірі, латын таңбаларына тек қазақтар мен қазақ тілділер ғана көшеді дегенге саяды.Алайда қоғам қайраткерлері мен ғалымдар дөңгелек үстелде Бұл мәселенің басын ашып айтты. Мәселен, Ә.Бәкірұлы: « Мемлекет онсыз да тілдік, діндік тұрғыдан бөлінеді. Бұл бөліну емес. Сіз ағылшынды кириллицамен жазбайсыз ғой. Сол сияқты емес пе? Орыс тілі қазақтар үшін шет тілі болып қалады» десе, Ә.Жүнісбек: «Қазақстандағы орыс тілінің оқулығы кириллицамен жазылады. Кириллицаны өзгертуге біздің құқымыз жоқ. Оны тек Ресей өзгертеді. Ал орыс мектептеріндегі балалар өзінің туған тілін орысша, қазақ тілін латынмен оқиды. Оған дау жоқ» сынды пікірін ашық айтса, ғалым Ғ.Әнес: « Кириллица азғантай уақыт жүреді. Әрқайсымыздың ішімізде бір орыс бар. Біз солардың қамын ойлаймыз. Біз неге өз мемлекеттік тілімізді дамытпаймыз? Бұл – мемлекеттің мәселесі. Мұны саясаттандырмау керек. Өйткені, латын әліпбиі – өмір талабы. Ең алдымен, арнайы комиссия құрып, латын қарпіндегі қазақ әліпбиін компьютерге бейімдеу керек» деп мәселені түйіндегендей болды.

Ең бастысы қандай әліпбиге көшсек те қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне негізделіп, жаңа әліпби қазақ жазба тілінің жүйеленуіне, оның мәдениетінің дамуына үлес қосарына сеніміміз мол.


Жаңа жазу таңбаларын қабылдау үшін ғылыми зерттеулер жүргізу қажет және қазақ тіл білімі фонетика, фонология, граммотология салалары бойынша жүйеленіп, лингвист мамандардың пікірі негізге алынғаны абзал.


Мәрия Майлықұтова

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет