Пилоттық білім беру ұйымдарында «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру Бағдарламасын жүзеге асырудың өзекті мәселелері



Дата31.12.2019
өлшемі29,02 Kb.
#54588

Пилоттық білім беру ұйымдарында «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру Бағдарламасын жүзеге асырудың өзекті мәселелері



А.Қ. Рысбаева,

«Бөбек» ҰҒПББСО

Адамның үйлесімді дамуы институтының

бас ғылыми қызметкері,

п.ғ.д., профессор
Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне жиырма бес жыл. Еліміздің тарихи беттерінде өсіп келе жатқан ұрпағымыздың тәрбиесі ерекше орын алады. Жастардың бойында қандай қасиеттер басым? Қазақстан бейбітшіл, рухы биік, адамгершілігі мол азаматтардың елі ретінде одан әрі дамуы үшін не істеу керек? Бұл – жай қойылған сауалдар емес. Бұл сұрақтардың жауабын табу үшін жан-жақты ізденіс қажет.

Өзекті мәселелердің шешімі қоғамның рухани-адамгершілік жаңаруына белсенді араласып жүрген адамдардың арқасында табылады. Олай болса, адамға қызмет етудің жоғары үлгісі ретінде Сара Алпысқызы Назарбаеваның өмірі мен қызметін алуға болады. Сара Алпысқызы өз өмірін балаларды қамқорлыққа алуға, мейірімділік пен сүйіспеншілік негізінде тәрбиелеуге, рухани-адамгершілік білім беру арқылы дамытуға арнап отыр.

«Өмірдің мәні неде? Қалай бақытты өмір сүруге болады?» деген сұрақтар әрбір адам үшін маңызды. Өмір мәнін таппай, жаһандану мәселелерімен тығырыққа тірелген, орындалмаған арман–мақсат жетегінде жүрген жастардың пайда болуы әлемді таңдандырып отыр. Аутоагрессиялық әрекет (суицид), ерте жүктілік, өз өміріне шексіз қанағаттанбаушылық сандық және сапалық тұрғыдан өріс алып келе жатыр. Адамдар ашкөздігінің кең қанат жаюының қайтарымы ретінде зілзала, су тасқыны сияқты және емдеуге келмейтін аурулар белең алуда. Экологиялық зардаптар, экономикалық дағдарыс... Бұдан шығудың жолдары қандай? Не істеу керек?

Сара Алпысқызы өзінің «Өмір әдебі» кітабында былай дейді: «Біз әртүрліміз, сондықтан өмір тағлымын әркім өзінше таниды» десе, ежелгі ғұламалар былай деген екен: «Өзіңді тани білсең, әлемді тани білесің!». Біздің биологиялық және рухани тұрғыдағы ауыртпашылықтарымыздың бәрі – ішкі жан дүниеміздегі жаман ниет-пиғылдан, менмендіктен, қызғаныш, жалқаулық пен өзін басқа адамдардан жоғары қоюдан деп айтудан шаршамаймын. Сондықтан, бірінші – рухани жағынан, екінші – шынайы жаңарусыз адамзаттық қоғамды өзгерту мүмкін емес. Біз адамдардың күнделікті өмірінде ізгілік, мейірімділік, риясыз сүйіспеншілік, қайырымдылық, кешірімділік, шыдамдылық сияқты қасиеттердің болуына ықпал етуіміз керек, одан басқа жол жоқ».



Сара Алпысқызы Назарбаеваның авторлық «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру Бағдарламасы отандық және әлемдік білім берудегі инновация болып табылады. Бағдарламаның тұжырымдамасына сәйкес білім берудің мақсаты – баланы жан-жақты тұтас дамыту болып табылады. Бұл мақсат өскелең ұрпақтың интеллектуалдық және рухани-адамгершілік әлеуетінің үйлесімді дамыту міндеттерін жүктейді. Күнделікті бақылау көрсеткендей, біз өз балаларымыздың танымдық мүмкіндіктерін дамытудың қамына белсене кірісіп кеткен сияқтымыз, олардың ақпараттық технологияларды жақсы меңгеруіне, көп тілдерді игеруіне және сыни ойлай алуына жіті көңіл бөліп отырмыз. Дегенмен, тұлға дамуының рухани-адамгершілік жағына баса назар аудару қажеттілігі туындап отыр. Аталған Бағдарлама жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделіп, білім беру ұйымдарында бірыңғай рухани-адамгершілік кеңістігін құруға бағытталған педагогикалық үдерістің ерекше түрін ұйымдастыруды қарастырады.

«Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру Бағдарламасын білім жүйесіне тиімді енгізу үшін ҚР Білім және ғылым министрінің 2014 жылғы 20 тамыздағы №356 бұйрығымен еліміздің 4 өңірінде (Астана, Алматы қалалары, Ақтөбе, Қарағанды облыстары) 24 білім мекемесі пилоттық білім беру ұйымдары ретінде бекітілген болса, 2017 жылы Қазақстанның қалған 12 өңірінде де пилоттық білім беру ұйымдары ашылды. Пилоттық жобаның мақсаты білім беру ұйымдарында жеке тұлғаның рухани-адамгершілігін дамытуға ықпал ететін жалпыадамзаттық құндылықтарға бағытталған тұтас тәрбие ортасын құру болып табылады.

Білім беру ұйымдарында «Бөбек» ҰҒПББСО Ғылыми-әдістемелік кеңесі ұсынысына негіз болатын бірқатар маңызды педагогикалық шарттар болуы тиіс:

- оқу үдерісінің сүйіспеншілік, сенім білдіру, шабытты шығармашылық аясында ұйымдастырылуы;

- мектептің тұтастай педагогикалық үдерісінде рухани-адамгершілік білім берудің интеграциялануы;

- рухани-адамгершілік білім беру үдерісінде тек қана жағымды және ізгі әдістердің қолданылуы;

- білім беру үдерісінің рухани-адамгершілікті тұлғаны тәрбиелеудің жалпы ұстанымдарына бағдарлануы.

Бағдарламаны жүзеге асыру төмендегі принциптерге негізделеді:



  • ізгілік бағыттылығы принципі, ол әрбір тұлғаға құрмет көрсетуге, оның бостандығы мен әлеуметтік құқығын мойындауға негізделген ізгілік идеялары мен бағдарларын алдыңғы шепке қояды;

  • жалпыадамзаттық құндылықтар принципіне сәйкес «Өзін-өзі тану» пәнінің мазмұны адамның жоғарғы рухани табиғатының көрінісі ретінде түсіндірілетін жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделеді;

  • әлеуметтік өзара әрекеттестік принципіне қосымша арнайы оқудан тыс іс-әрекетті іске асыруға негіздейді, оның негізінде тұлғаның адамдық қасиеттерінің толыққанды дамуы жүзеге асады;

  • ұлттық мұра принципіне сәйкес жалпыадамзаттық рухани құндылықтарды ұлттық рухани мәдениет негізінде тану іске асады;

  • табиғатпен үйлесімділік принципі тұлғаның жастық және жеке дара ерекшеліктерін, рухани-адамгершілік дамудағы ішкі қажеттіліктер деңгейін, физиологиялық және психикалық денсаулық ахуалын ескеруді міндеттейді.

Жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде берілген білім оқыту үдерісін айтарлықтай маңызды етеді. Оқушыларға сабақтың тақырыбын қоршаған өмірмен байланыстыруға көмектесу барысында рухани-адамгершілік мәселелерге бет бұруға, олардың шығармашылық белсенділігін оята отырып, танымдық қызығушылықтарын, жағымды көңіл-күй ортасын қалыптастыра аламыз.

«Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру Бағдарламасы инновация ретінде педагогтардан терең теориялық және әдістемелік дайындықты қажет етеді.

Теориялық дайындыққа мұғалімнің тәрбие және оқыту, қабылдаған шешімдерді нақтылау білігі сияқты дамыту үдерістерінің мағынасын тану жатады.

Теориялық дайындық сонымен қатар педагогтардың кәсіби қызметін ұйымдастыруда келесі методологиялық тәсілдемені талап етеді: құндылық (аксиологиялық), іс-әрекеттік, тұлғаға бағдарланған, ортаға бағдарланған. Оларды қысқаша түсіндіре кетейік.

Құндылықтық тәсілдеме жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтардың диалектикалық бірлігінің діңгегін бағамдайды. Адамның әлемге, адамдарға, өзіне деген қарым-қатынасының маңызы ерекше орын алады. Рухани-адамгершілік мағынаға толы қатынастар тұлғаның сенімің, құндылықты бағдарларын, тұтас дүниетанымын сипаттайды.

Іс-әрекеттік бағыт бала әрекетінің қалыптасуын бағамдайды,оның рухани-адамгершілік дамуына таным, еңбек және қарым-қатынас жасау арқылы ықпал етеді, яғни, өз өмірінің белсенді жасаушысы болу қажеттігін сезінуге, оның мақсатын, себептерін, шарттарын, нәтижелерін, мүмкіндіктерін тануға көмектеседі.Таным, еңбек және қарым-қатынас жасау, білім алушылардың негізгі іс-әрекеті ретінде, жеке тұлғаның қалыптасуында өзгеріс болатындай жалпыадамзаттық құндылықтардың мәнін ұғынуына ықпал етеді.

Тұлғаға бағдарланған бағыт – педагогикалық қызметтің тұтастай оқушы тұлғасына бағдарлануы, оның тек ақыл-парасатының дамуына емес, сонымен бірге оның азаматтық сезім жауапкершілігіне, эмоционалды, эстетикалық, шығармашылық қабілеттері мен даму мүмкіндіктері бар рухани тұлғаға қамқорлық көрсету болып табылады.

Ортаға бағдарланған бағыт ортаны ұйымдастыру тәсілі мен оның оқушы тұлғасына әсерін оңтайландыру болып табылады. Мұндай білім ортасын құрудың негізінде әлем мен адамды қабылдаудың құндылықтық-мағыналық басымдықтары орын алады. Әлеуметтік ортамен өзара әрекеттесу үдерісінде бала әлеуметтік құбылыстардың мәнін ұғынады, нормалар мен құндылықтарды меңгереді, мінез-құлықтың белгілі бір сипаттарын қалыптастырады.

Балалар мен жасөспірімдерді рухани-адамгершілік тәрбиелеу үдерісінде мұғалім мен ата-ананың адамгершілік үлгісі маңызды рөл атқарады.

Мұғалімнің әдістемелік даярлығы өзін-өзі тану пәнің оқытудың әдістемесін зерделеумен ғана шектелмейді, оның мәні тиісті білімдерді, іскерліктер мен дағдыларды интеграциялайтын әдістемелік әрекеттерді меңгеру болып табылады.

Пилоттық жобаны жүзеге асырудың өзекті мәселелерінің бірі – құқық бұзушылықпен, суицидтік көріністермен, колайсыз отбасылардан шыққан балалардың тәрбиесімен, қиын балалардың ата-аналарымен жұмыс жүргізумен сипатталатын мектептерде «Өзін-өзі тану» РАББ Бағдарламасының тиімділігімен байланысты мәселерді зерттеу болып табылады. Төменде көрсетілген сұрақтарға назар аударылады:


  • Қазіргі оқушы білім алу барысында қандай психологиялық қиындықтармен кездеседі?

  • Баланың рухани-адамгершілік дамуына тиімді ықпал ету үшін мектептегі және үйдегі эмоционалдық ахуал қандай болуы керек?

  • «Сандық ұрпақ» терминінің мәні неде және әрбір оқушыға қол жетімді ақпараттарды қалай дұрыс пайдаланған жөн?

Осы және өзгеде сұрақтарға «Өзін-өзі тану» РАББ Бағдарламасын жүзеге асыру барысында жауап табуға болады. Қалалық, аудандық білім бөлімдерінің, мектеп пен колледждердің жоспарларында пилоттық білім беру ұйымдары ұжымының ең басты қызметтік міндеті ретінде «Өзін-өзі тану» РАББ Бағдарламасын тұтас педагогикалық үдеріске интеграциялау болып табылуы керек.

Тұтас педагогикалық үдерістің барлық компоненттері (мақсаты, міндеттері, мазмұны, формалары, әдіс-тәсілдері) педагогтар үшін де, оқушылар мен олардың ата-аналары үшін де терең мағыналы болуы қажет. Тұтас педагогикалық үдерістің тәрбиелік тетіктері олардың арасында қалыптасатын қатынастар болып табылады. «Мұғалім - оқушы» жүйесіндегі, «мұғалім - ата-ана», «мұғалім - сынып ұжымы», «ата-ана - балалар» және т.б. жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген жүйелердегі қатынастар барлық балалардың, соның ішінде, қиын өмірлік жағдайдағы балалардың да жағымды әлеуметтенуінің шарты ретіндегі тәрбие кеңістігін құруға мүмкіндік туғызады.

Пилоттық білім беру ұйымдарының ұжымы – бұл тек педагогтар ғана емес, мектептің қосымша көмекші бөлігінің басқа да қызметкерлері. Бүкіл ұжым «Өзін-өзі тану» РАББ Бағдарламасы мен оның жүзеге асырылу барысы туралы ақпараттанып қана қоймай, ұжымның әрбір мүшесі қызметте және күнделікті тұрмыста адамгершілік қасиеттері арқылы үлгі көрсетіп, өзінің жеке басын кемелдендіруге талпынуы тиіс. Пилоттық білім беру ұйымдарының табалдырығын аттағаннан бастап-ақ, біздер рухани-адамгершілік кеңістігінде екендігімізді сезінуіміз керек. бұндай білім кеңістігін құруда адам мүмкіншілігінің шексіздігін, өзін-өзі дамыту қабілетіне деген сенімі мен ерік бостандығын мойындау, абыройын қорғау және адамның бақытқа жету жолындағы құқығы мен сұраныстарын қамтамасыз ету негізге алынады.

Сондықтан педагогикалық үдеріс тек қана академиялық білім беруге ғана негізделмей, адамдар арасындағы қарым-қатынастың сүйіспеншілікке негізделуі, олардың ар-намысын, ұжданын құрметтеу, адамгершілік тұрғыда қамқорлық жасау, қадірлеуге үйретуге бағытталуы тиіс. Әрине, бұндай жаңашыл Бағдарлама негізінде қызмет ету педагогикалық ұжымның әрбір мүшесінен жоғары жауапкершілікті талап етеді. Педагогикалық ұжым оқушылардың отбасымен, жұртшылықпен тығыз байланыста жұмыс істейді. Мектеп – отбасы – қоғам рухани-адамгершілік білім кеңістігін ұйымдастыруда бірлік, өзара ынтымақтастық қызметі қажет.

Пилоттық білім беру ұйымдарында әлеуметтік жағдайы төмен отбасылармен және «қиын» балалармен арнайы жұмыс жүргізу көзделеді. Бағдарламаның рухани әлеуеті негізінде тұлғаның өмірінде кездесетін қиындықтар мен күрделі мәселелерді шешудің тиімді жолдары қарастырылады.

Мұғалімнің басты қызметі өскелең ұрпақтың рухани әлемін, адамдық ережелер мен сенімдерін қалыптастыруда өзі үлгі - өнеге болуы тиіс. Ұстаздың ойы, сөзі, іс-әрекетінің біртұтастығы өмірлік ұстаным болуы шарт.



«Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы ХХІ ғасырдың маңызды мәселелерін шешуге бағытталған: ізгілік пен қайырымдылық, жауапкершілік пен заңға мойынсынушылық, барлық адамдарға деген кішіпейілділік пен құрмет қасиеттерімен сипатталатын, ұлы Абайдың «Адам бол!» қағидасын ұстанатын кемел адамды тәрбиелеу. Олай болса, осы бағытта бірлесіп қызмет жасайық, ізгі ұрпақты тәрбиелеп, елімізді дамытуға еңбек етейік!

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет