2. «Қансонарда бүркітші шығады аңға» Абайдың 1882 ж. жазылған өлеңі. Абайдың анық шеберленген ірі суретші және реалист ақын болғанын көреміз. Бұл өлең тұңғыш туа қалған, бірінші ғана көркем шығарма болуға мүмкін емес тәрізді. Неғылса да бірталай шығармалар жазып келіп, ақындығы шынығып, қаламы төселіп көп тудырған шығармаға ұқсайды. «Сап,сап, көңілім...» мен «Қансонарданың» арасында он-он бес жыл бойында ақынның тағы да әр жылдарда тудырған, бізге саны белгісіз бір топ өлеңдері болмауға мүмкін емес деген ойды жаңағыдай екі дәлелмен топшылаймыз. Ол жылдарда Абай ауызша айтқандарын да, жазып шығарғандарын да ұқыптап сақтамаған болу керек. Тұстас, құрбылас адамдары, жинап сақтауды ойламаған. Сонымен, Абайдың өзі үшін де, қазақ әдебиеті тарихы үшін де жоғалып кеткен әлденеше шығармалар болған дейміз. 1882 жылдағы «Қансонарда» сияқты өлеңмен бастап, нені көріп, нені сезініп, нені жыр етіп толғанса, бәрінде де әр дәрежеде реалистік шеберлікті танытады. Өлеңнің өрнегімен ізденгіш жаңалықтары соныдан соныға түсіп, үдеп, есіп отырады. Сондайлық тың арнаны өз тұсындағы және өзінен кейінгі қазақ әдебиетіне бұдан былайғы жол етемін деп«басқа шауып, төске өрлеген» жаңа заман ақынын біз ең алғаш көлемді түрде «Қансонарда» деген өлеңінен көре бастаймыз. Осы өлеңдегі табиғат көріністерін, өз сезімін және аңшылықтың қызулы, қызғылықты сәттерін сипаттағанда, Абай өзінің жаңаша қалыптанған ақындық мәдениетін танытады. Бұл реалист ақын болғанда, орыс классик. поэзиясының реалистік традицияларын өз бойына мол сіңіріп, жақсы меңгерген суретші ақын боп көрінеді. «Қансонарда» өлеңінде орыс халқының өмірінен, не орыстың классик. поэзиясынан тұп-тура ауысып келіп, араласып тұрған ешбір белгі, дерек жоқ. Бұндағы көретініміз - қазақ халқы мекен еткен жердің қысы туралы, табиғат, бүркіт салуға атқа мініп шыққан анық қазақтың аңшылар тобы, ермек үшін еңбек еткен ширақ, сергек, қажырлы әрекет үстіндегі адамдар. Көпшілік елдерде, бұл замандарда қолданбайтын бүркіт аңшылығы суреттелмек. Осы адам тобының мінездері, аңшылықтағы тәсіл-тәжірибелері, әр алуан динамикалық кесек әрекеттері толып жатқан ұсақ машық-мерзімі тұтас қазақтың өзі нетен тіршілігі болып шығады. Сөйтіп барлық нақтылы фактілердің, жеке реальностардың баршасы нағыз қазақтың өзіне тән шындықтармен қалыптанудың үстіне, тұтасымен алғанда, осы өлең зор мәдениетті, ірі суретші тудырған шығарма екенін танытады. Сол өзгешеліктерін, ең алдымен, пейзаждан байқауға болады. Көз алдымызға қар басқан елсіз таудың тұрғысы, сағасы, қансонар күнгі анық болмыс күйін елестетеді. Анық қазақ сахарасындағы аңшылар ғана жүретін жым- жырт таудың елең-алаңдағы тыныштық шағын беруден бастайды. Тегінде, пейзаждың өзін суреттеуде көп ақын өздерінің стильдік өзгешелігін анық аңғартады. Шығыс ақындарының ескі дәстүрін алсақ, олар анық тауды шындық қалпында суреттемей, салыстыру үшін әр алуан тұспаларға бейімдеп керсөтетін. Тауы кейде тауға ұқсаса, кейде қиялдап, шұбарлап, әсірелеп айтқан тұманды, жұмбақты бір көріністерге ауысып кетер еді. Орыс поэзиясының, әсіресе Пушкиннен бері қарайғы классикалық реалистік стильге ауысқан үлгісін ескерсек, оның аса айқын бір өзгешелігі - әрдайым дәлшілдігі, шындыққа жақындығы оқшау тұрады. Абай да осы сияқты суреттейін деп отырған жайын және барлық куйлерін сол орыс поэзиясындағы нақтылы дәлшілдік негізге құрады. Қазақтың Абайдан бұрынғы поэзия үлгілеріне де тау анық реалистік, дәлдік болмысымен суреттелмейтін. Көбінесе «бұлғыр- бұлғыр, бұлғыр тау», «асқар-асқар тауларды» жалпылап әсірелеп айтқан, бұлдыр бейнеден ары бармайтын.Абайдың пейзажы, тауы шығыс ақындарының түманды тұспалына да соқтырмайды. Қазақ ақындары айтатын фольклорлік «заңғар тау», «қара аспан тауларға» да бармайды. Жаңаша берілген тау бейнесі кеше ғана өзінің жүріп өткен жерлердің, адыр таулардың ой-қырын, жотасы мен қорым тастарын, қия беттерін, соны қарға түскен іздерімен дәл әрі түгел көрсетеді. Екінші айқын бір жаңалық белгісі - тауды және барлық пейзажды тек сол тау үшін, пейзаж үшін ғана алмайды. Адамның іс-әрекеттерін тартыс-талабымен, неше алуан мінездері- мен араластырып, арнаулы қарым-қатынаста, шарпысу қалпында алады. Адамның да іс-әрекетін, сезімін тегіс табиғат ортасында береді. Шығарманың өзі сюжетті, оқиғалы поэма, баллада үлгісінде жазылмаса да, бар өлең бастан-аяқ динамикалық суреттерден құралады. Әрекет пен оқиға жағынан барған сайын байып, өсіп, үдеп бара жатады. Өлеңнің ішінде сәт сайын құбылған толып жатқан өзгеріс, қимылдар болғандықтан қай оқушыға болсын әсерлі, қызықты тиетін, ойға қонымды, көңілге иланышты шындық танытады. Салқын күнде, аппақ қардың үстінде бусанып тамған қызыл қан тамшысындай жанды шындық. Адамды алсақта, құр аталып қойған емес, арнаулы қимыл-әрекет үстінде көрінеді. Сонарды күткен үлкен аңшы мен қағушылар ерте аттанған. Сонардың да аңшы тілейтін сонары бар. Бұл «ұзақ сонар» емес. Қар кеше күндіз жауып, кеше тоқтаған болса, түлкінің ізі түні бойы жортқан ұзақ шиыр боп кетер еді. Ол ізбен түлкіні табу оңай емес. «Келте сонар» болса, ол да жақсы емес. Қар түні бойы жауып, таң атар алдында ғана тоқтаса, түлкінің ізі қысқа жортуылды ғана көрсетер еді. Бұндай із кез келсе, түлкі тез табылатындығы рас. Бірақ ең аз болған жерлерде оңай кезігуді күту қиял сияқты. Анық жақсы сонар қардың ел жатқанша жауып тоқтаған түнінде болады. Бұнда түлкі көбірек кездеседі. Жортуылы да ұзақ сонардай, шексіз алыс болмайды. Сөйтіп Абай сонардың ішінде аңшыға көп көздесетін шындықты алады. Аңшылықтың қызығы мол. Оның шарты да зор. Астыңда жақсы, мықты ат болу керек. Үсте ыңғайлы, ықшам киім, қасында тату жолдас- барлығы да аңшылықтың әрі шарты, әрі қызықты шындығы. Осы топтың кейбіреулері қағушы болып, сай-сағаны кезінде, біреулері тау басында томаға тартып отырады. Дәл осы сәттен бастап түлкіні алып, көңіл жайланып, «үйірімен үш тоғыз» боп қанжығаға байланып, сүйсінгеннен насыбайларын атқан шаққа шейін өмір шындығынан шалғай жатқан бір қимыл, бір қозғалыс, бір сезім жоқ. Абай осы өлеңде өзі айтатын жайларды аса жақсы біліп, оны үлкен дәлшіл шындықпен жырлайтындығын танытады. Өлеңнің композициясын алсақ, ауызша поэзияда жиі кездесетін, ілгерілі-кейінді аттап түсіп отыратын, бірі ілгері, бірі кейін орынсыз жүретін ауыспалы хал жоқ. Өлең жазушы-ақынның шығармасы. Оны барлық мезгіл мен іс-әрекетті бастан-аяқ ретімен бұлжытпай бергендіктен көреміз. Алдын-ала ойланып алған ретті жоспар барлығы даусыз. Шындыққа, нақтылы деректілікке ерекше мән берген ақын, реалистік дәстүр бойынша, өз шығармасының барлық бұйымын, бар түрманын түтас ету керек. Соның белгісін бұл шығармада Абай өзінің сөздігінен де айқын танытады. «Сонар», «қағушы», «қайтқан із», «Бүркіттің қайқаң қағып аспанға шығуы», «Түлкінің көре тұра қалуы», «үйірімен үш тоғыз» десу - бәрі де аңшылықтың өзіне тән тілі. Сол өзгешелікпен қатар ақын қиялын да өткірлеп, сол асығыс, қарбалас, тайталастар үстінде шебер түрдегі соны теңеуді де табады. «Қар - аппақ», «бүркіт - қара», «түлкі - қызыл» дей келіп, сол бір қайнаған қимылдарды қымсынған ұяң сұлудың асығып шомылған қозғалыстарына ұқсатуы да шеберлік айғағындай. Бұнда натуралдық үлгіде екі жайды «ананы көр де, мынаны көр» деп ұқсата салу жоқ. Табиғатты, түлкі мен бүркітті түгел қосып, бір бейне етіп, әқетті сұлудың динамикалық әрекетіне ұқсатуда көп ассоциация туғызатын терең де кең метафора танылады. Шын шебер реалистің ғана қаламына оралатын өзгеше үлгі. Осындай белгілеріненде әрі мазмұн, әрі түрі түгел қабысып келіп, ірі табысқа айналған ақындық туыс танылады.
Өлең 11 буынды жыр үлгісінде жазылған. Алғаш рет Қазан қаласында басылған «Князь бен Зағифа» (1897) атты жинақта жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. Мүрсейіт қолжазбаларында өлеңнің 2-жолы «Тастан түлкі жолығар аңдығанға», 9-жолы «Томағасын тартқан соң бар қырымнан», 17-, 18-жолдары «Қызық көрер көңілді аңшылардың, Шабар жерін қара мас жығылғанға», 34-жол «Қара шаш қызыл жүзді жасырғанға», 35-жол «Күйеуі ер, қалыңдығы сұлу келіп» болса, жинақтарда 1909 жылғы басылым бойынша бұл жолдар «Тастан түлкі табылар аңдығанға», «Томағасын тартқанда бір қырымнан», «Қызық көрер көңілді болса аңшылар, Шабар жерін қарамас жығылғанға», «Қара шаш қызыл жүзді жасырғанда», «Күйеуі ер, қалыңдығы сұлу болып» деп алынған. 1933,1939, 1954 жылғы жинақтарда 13-жол «Көре тура қалады қашқан күлкі» делінсе, 1945, 1957, 1977 жылғы басылымдарда Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909 жылғы жинақ негізінде «Көре тура қалады қашқан түлкі» болып берілген. 1933 жылғы басылымда 21- жол «Сегіз найза қолында көз төңкермей», ал қалған жинақтарда Мүрсейіт қолжазбалары, 1909 жылғы басылымға сәйкес «Сеғіз найза қолында көз аудармай» деп қабылданған. 1909, 1939 жылғы жинақтарда 39-жол «Қусы да иесіне қоразданар» делінсе, қалған басылымдарда Мүрсейіт қолжазбалары бойынша «Құсы да иесі де қоразданар» деп алынған. 1909, 1939, 1945, 1954 жинақтарда 42-жол «Жасы үлкендер жанына байланғанда» болса, 1957, 1977 жылғы басылымдарда Мүрсейіт қолжазбалары негізінде «Жасы үлкені жанына байланғанда» деп берілген. Туынды ағылшын, орыс, өзбек, татар, түрікмен, ұйғыр т. б. тілдерге аударылған.