Поәдк №3 Базалық білім


«Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ...»



бет14/46
Дата31.10.2022
өлшемі0,77 Mb.
#155924
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   46
Байланысты:
abaitanu keshen (1)

«Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ...» Абайдың 1886 ж. жазған өлеңі. Әрқайсысы 4 тармақты 8 шумақтан тұрады. 1886 жылы тудырған өлеңдердің тақырыбы әр алуан екендігін көрсететін бір-екі елең аттың сыны мен жазға арналған өлеңдер. Бұл шығармаларында Абайдың суретші-реалист ақын есебіндегі шеберлігі көрінеді. Аттың сыны -жаратылыстың жанды бір бейнесі болған бәйге атқа арналған өлең. Ғасырлар бойында мал өсірумен, көшпелі күйде тірлік еткен елдің ақыны аттың бағасын өзгеше түсінеді. Соның ішінде бәйге аттың орны мүлде бөлек. Ол қазақтың бағы заманнан бергі ауызша әдебиетінде де сан алуан «қиял пырағы» болып жырланып келген. Абай өмір кешкен кезде де ат - ер қанаты жүйрік ат, әсіресе, қазақ білген жануардың ішіндегі адамға ең ыстығы, қадірлісі. Бірақ осы аттың жайын сипаттағанда Абай тағы да реалист-суретші боп шығады. «Қақтаған ақ күмістей» деген өлеңінде онша орынды болмаса да, мұнда қолмен қойғандай, барлық сыны сырт сымбатынан көрінетін көліктің жайын Абай кекілі, құлағынан бастап түгел толық баяндап шығады. Бәйге аттың мүсінін сынап санауда Абай үлкен білімділік, байқағыштық танытады. Ол әрі шебер ақын болудың үстіне, аса білгір саятшы, атсейіс сыншы боп шығады. Аттың бар мүсінін санап шығуда, әсем жырмен, үлкен шешендікпен шеберлеп сыпаттауда ақын қазақ тілінің осы жөніндегі мол байлығын да танытады. Өзге тілге аударуға аса қиын соғатын осы өлеңінде ақын сол тілдің бар мүмкіншілігін де өзгеше ұсталықпен пайдаланады. Жалғыз-ақ, атап айтатын бір жәй, осы атты сынап отырушы адамның кейбір салт-саналық көзқарасы турасында болу керек. Ақын осы атты еңбекші көпшіліктің күнделік тіршілігіне қажет болған күш көлігі есебінде жырламайды. Және жорықта жан серігі ететін жауынгер кезімен де қарамайды. Өзі жүйрік, өзі берік, жуан, жуас, қолға түспес, жақсы атқа қарап отырған көз өзі де еңбекші адамның көзі емес. Атты оның іс-әрекетінің үстінде көрсетпей, «белдеуде тыныш тұрса, байлап көрсек» деп, тек қана көлденең тұрғызып қойып, созерцание түрінде тыныш қана тамашалап отырған ақын көзін көреміз. Онан соңғы атап өтетін өлеңдік ерекшеліктің бірі - бұнда және де шындықтан тыс, қиялды теңеулер жоқ. Қонымсыз романтика, тұманды теңеулер сияқты сырт жатқан, жалған жамаулар жоқ. Өте нақтылы, шыншыл, дәлшіл үлгіні көрсететін, реалистік шеберлікпен толық шыққан көркем шығарма болады. Мазмұнында ат жайын аса білгірлікпен дәл айтуды мақсат етіп алған шығарма өлеңдік құрылыста, сөздік байлықта, ақындық орамды шешендікте де біртегіс, тұтас келісімді танытады. м. әуеэов. Өлең 11 буынды қара өлең үлгісінде жазылған. Алғаш рет Қазан қаласында басылған «Князь бен Зағифа» атты жинақта (1897) жарияланды. Басылымдарында аздаған текстол. өзгерістер кездеседі. Мүрсейіт қолжазбаларында, 1954 жылғы жинақта 2-шумақтың 2-жолы «Алды- арты бірдей келген ерге жайлы» болса, кейінгі жинақтарда Мүрсейіт қолжазбалары негізінде «Алды-арты бірдей келсе, ерге жайлы» делінген. 1909, 1933 жылғы басылымда 6-шумақтың 4-жолы «Белдеуде тыныш тұрсын байлап көрсек» деп көрсетілсе, кейінгі жинақтарда Мүрсейіт қолжазбалары бойынша «Белдеуде тыныш тұрса, байлап көрсек» деп алынған. 1939, 1945 жылғы басылымдарда 7-шумақтың 1-жолы «Тығылмай әм сүрінбей жүрсе көсем» болса, қалған жинақтарда Мүрсейіт қолжазбалары, 1909 жылғы басылымы бойынша «Тығылмай әм сүрінбей жүрдек кесем» деп берілген. Мүрсейіт қолжазбаларында, 1909, 1933, 1939, 1945, 1954 жылғы басылымдарда 8-шумақтың 2-жолы «Кісіні бүл-бүл қағып жүргізгендей» болып алынса, 1957, 1977 жылғы жинақтарда бұл жол «Кісіні бол, бол қағып жүргізгендей» деп көрсетілген. Туынды қарақалпақ тіліне аударылған.
3. Соңғы жылдарға дейін Абайдың әдеби мұрасын танып білу, оны насихаттау жұмысының бәрі де материалистік, атеистік дүниетаным негізінде зерттеліп насихатталып келгенін ешкім де терістей алмас. Өйткені шындық осылай болып тұр. Абай дүниетанымын марксистік материалистік, жауынгер атеистік таным тұрғысынан танытудың басында қазақ философтарының айғайшы болып тұрғаны да рас. Абай туралы көркем өнер жанрында жазылған шығармалардың бәрі де социалистік релизм талабы шеңберінен шығандап кете алмағаны, өйткені оған таптық дүниетанымы осылай қалқан етіп қойылғаны белгілі ғой. Себебі, КПСС ОК дүниетанымдық ұстанымы марксистік материалистік, атеистік негізде саяси идеологиялық танымды толассыз насихаттаумен айналысты. Әдебиет пен көркем өнер саласы да осы танымға бейімделді. Қалың оқырман, тыңдаушы атаулының бәрі де дүниетанымы жағынан материалистік, атеистік таным тұрғысынан қалыптасып жатты.
Қазақ әдебиетінің ұлы классигі Абай дүниетанымын қазақ философтары материалист, атеист деген байламға келді әрі осы танымды бүгінге дейін ұстанып малдануда.
Абайды танып білудегі басты кедергі оның дүниетанымының барлық салаларын яғни философиялық, этикалық, эстетикалық, саяси- әлеуметтік салаларын анықтауға келіп тіреледі. Осы салалардың бәрін де қазіргі философтар материалистік модель тұрғысынан қарастырып келеді. Осы әрекет, әсіресе, Абайдың 150 жылдық мерекесінде Қазақстан философтарының ұжымдық еңбегі «Абай дүниетанымы мен философиясы» деп аталатын арнайы ғылыми зерттеулерінде өз көрінісін тапты.
Бірақ философтардың бәрі де Абайдың жетінші қарасөзіндегі «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады. Әзелде Құдай Тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқан» (Абай. 2 том, Алматы, 1995, 165 бет), - деген даналық сөзіне назар салмай келеді. Абай дүниетанымын танып білуде Абай айтқан бұл ой пікірдің мән мағынасы, болмысы, тіпті, бөлекше өркештеніп дараланып тұр. Абай бұл пікірін ХІХ ғасырдың соңында айтуымен де ерекшеленіп тұр емес пе?
Абай «дүниенің көрінген сыры» деп бізді қоршаған материалдық әлемді айтса, «дүниенің көрінбеген сыры» деп біздің тылсым сырға толы рухани әлемімізді меңзеп отыр. Бұл іспеттес терең пікірді Ясауидің «Девони хикметінен де» ұшыратамыз:
Ілім екеудүр: тән мен жанға басшы турар,
Жан ғалымы хазретіне жақын турар.
Тән ғалымы залымдарға ұқсар ерміш
/ (Яссауи «Девони хикмет, Түркістан, 1993, 74 бет»)/ – деп ой толғауында «дүниенің көрінбеген сыры» мен жан ғалымы айналысады деп кесіп айтатыны бар. Жан ғалымы көрінбейтін рухани әлем сырымен айналысса, тән ғалымы «дүниенің көрінген сырымен» бір жақты айналысып, нәпсілік жолға ұрынып, дүниеқор, дүниеқоңыз болып қалатынына назар аударатынын ашық аңғартады.
Абай айтқан дүниенің көрінген сырын ашумен айналысатындар тән ғалымы (технократ ғалымдар) болса, дүниенің көрінбейтін сырын ашуға ұмтылғандар жан ғалымы болып шығады. Соның бірі хакім Абайдың өзі болғандықтан, Абай жан ғалымының ең көрнекті өкілі болып шығады емес пе? Өйткені Абай 1898 жылы жазылған 38 қарасөзінде жантану ілімі туралы ой танымдары біздің заманымыздағы квантты физиктерден бір ғасырдан астам уақыт бұрын «дүниенің көрінбеген сырына» айрықша мән беруі арқылы жантану ілімімен айналысып, пәлсапалық лирикаларын жазуы ойшыл ақынның кемеңгерлік тұлғасын көрсетеді.
1501-1510 жылдар арасында Фирдоусидің «Шаһнама» дастанын қыпшақ тіліне толық аударған мамлюк қыпшақ ақыны Шәріп Әмеди:
Хақты тану жолын іздегендер,
Бұл әлемде барша аң таң қалғандар, – деп, аса жоғары бағалап ой толғауы кездейсоқ болмаса керек -ті. Абай «дүниенің көрінген сыры» мен «дүниенің көрінбеген сырын» бірлікте қатар алып танып білуді меңзейді.
Абай айтқан бұл даналық ойлардың дүниені танып білуде мән-мағынасы аса терең пәлсапалық ой танымдар «дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын» еуропалықтар ХVI ғасырда-ақ танып білген. Бірақ олар дүниенің көрінген сырын ашып тануға, заттық игілікті молайтуға, баюға шешуші мән беруі себепті, материалистік, атеистік дүниетанымға біржолата бағыт алды. Испан ғалымы Рене Декарт болмыс пен сананы бөліп қарауға ерекше мән бере қарағандықтан «Арнайы құрылғылармен өлшеуге болатын нәрселерді ғана зерттейік, ғылым деп осыны ғана айтайық. Ал, сана деген көзге көрінбейді, прибормен өлшенбейді. Бар екенін білеміз. Бірақ көзге көрінбейтін нәрсені зерттеп қайтеміз?»,-деп, адамзаттың рухани әлемін танып білуден теріс айналды. Мұның нәтижесі бүгінгі еуропа халықтарының мінез-құлқы жағынан бұзылып, моральдық қасіретке алып келді әрі олар ғылымды имансыздық жолға түсірді. Яғни олар ғылым жетістігін адамзатты қырып жоятын қару жарақ жасауға жансала кірісті. Әлем халқын отарлап, кейбір халықтарды жойып, қалғандарын өз дініне зорлап кіргізіп, тілін қабылдатып, ұлттық дәстүрін жойып, жаппай мәңгүрттенуге алып келді. Ресей де осы теріс жолды ұстанып, өзі жаулаған 47 түрік халықтарын қасіретке ұрындырды. Енді келіп атом, сутегі бомбасын, биологиялық, химиялық, лазерлік қару-жарақ түрлерін жетілдіруде өзара бәсекеге түсіп жанталасуда…
Абай дүниенің көрінген және көрінбеген сырын үйлестіре танып білуді мақсат тұтты. Абайдан бастап түп иені танып білу жолында пәлсапалық лирика жанрында жантану ілімін меңгеруге яғни дүниенің көрінбеген сырын ашып танып білуге ұмтылды. Абай бастаған бұл дәстүрді ойшыл ақынның шәкірттері Шәкәрім, Мағжан үдере дамытып тереңдете түсті. Осы арқылы қазақ поэзиясында пәлсапалық лириканы әлемдік деңгейге көтеріп, көш бастады. Бірақ бұл танымды Кеңестік билік тұншықтырып тастады.
Енді ХХ1 ғасыр басында квантты физиктер танымынан кейін дүние бастауында САНА тұр деген мүлде жаңа танымға келдік. Бұрынғы материалистік, атеистік дүниетанымымыз түбірінен қопарыла өзгерді. Бұл жаңа танымды кванттық физиктердің атасы неміс ғалымы, Нобель сыйлығының лауреаты Макс Планктің «Ғаламды ЖОҒАРЫ САНА билейді. Күллі әлем Оның көзге ілікпес қуаты мен өзара байланысып тұр» деген шешуші байламға келді. Біздің «материя мәңгілік, ол өзгермейді» деген танымымыз жалған таным болып шықты.
«Материя - сананың туындысы» деген жаңа танымға біржола бет бұрдық. Біздер, КСРО-ға қараған түрік тілді халықтар, бүгінге дейін Дарвин ілімінен кейін дүние бастауында материя тұр деп марксистік материалистік дүниетанымға шырмалдық. Ал, енді квантты физиктер ашқан ғылымдағы мүлде жаңа танымнан кейін дүние бастауында Сана тұр деген мүлде жаңа дүниетанымға келдік. Бұл құбылыс әлем халқының ой санасындағы шешуші төңкеріс болып, идеялық бағыт бағдарымыз біртіндеп өзгере бастады. Біздер, күдіктенгіш ғалымдар, бұл жаңа танымның тез өріс алмай, тым баяу қозғалысын шыдамсыздана әрі күдіктене қараудамыз?!
Енді жаңа дүниетаным тұрғысынан ойлап қарағанда, Абайдың әдеби мұрасы мен ақын дүниетанымын танып білу жолында жүргізілетін бүгінгі ғылыми зерттеу жұмыстарымыз қандай бағыт-бағдарда болатындығын айқындауға аса басым түрде мән беретін уақыт келді. Абайтану саласында 125 жылдық мерзімде жазылған өткендегі ғылыми творчестволық зерттеулерге де осы жаңа дүниетаным тұрғысынан қарап, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізге де сын көзімен қарап, бағалайтын боламыз. Бұл дегеніміз орасан зор қиын жұмыс болса да, қолға алатын тікелей парызымызға айналып тұр.
Ал, Абай әдеби мұрасы мен дүниетанымын осы жаңа дүниетаным тұрғысынан салыстырып ғылыми зерттеу жұмысына Астана қаласынан бүкіл әлемдік ғылыми зерттеу институтының деңгейінде тұра алатын Абайтану, Жамбылтану ғылыми зерттеу институты өзінің болашақ зерттеу бағыт бағдарын енді дүние бастауында САНА тұр деген жаңа дүниетаным тұрғысынан жүргізуді өзінің ғылыми жоспарына негіз етіп алуы - уақыт талабы. Жалпы адамзат баласының, әсіресе, еуропалық және бұрынғы КСРО аумағындағы халықтардың дүниетанымы түбірлі өзгеріске түсіп, бұрынғы ұстанып келген марксистік материалистік, атеистік көзқарас терістелуде. Материалистік таным бойынша, материя мәңгілік, ол өзгеріске түспейтін әлем деп келсе, ол енді дүние бастауында Сана тұр деген жаңа танымға жол беріп, тарих қойнауына кетуде.
Осы жаңа дүниетаным тұрғысынан қарағанда, қазақ әдебиетінің басты саласы абайтану да өзі жүріп келген ғасырдан астам даму жолында орын алған әрқилы дүниетанымдық құбылыстары да жаңа таным негізінде қайта қаралып ғылыми қорытындылар жасалынбақ. Сондықтан абайтану саласында осы жаңа танымдық өзгерістерге тікелей байланысты соны міндеттер алға қойылып, ескірген ұғым танымдар өзгеріп жаңа таным соны көзқарастар үстемдік ете бастайтын заман келді. Бұл ұлы түбірлі өзгеріс мектеп пен арнаулы оқу орындары мен жоғары оқу орындарын тұтас қамтып, оларға арналған оқулық атаулының бәрі де қозғалысқа түсіп, осы жолда ұстанған дүниетанымдар жаңа дүниетанымға жол беріп тезірек жаңа таным ұстанатын дүниетаным негізінде жазып насихатталмақ.
Білім және ғылым министрлігі біздің ұлттық болмысымыздан сырт не өлмейтін, не өшпейтін реформалар ендіріп, батысқа еліктей бергенше, енді күшті жаңа дүниетанымды тез меңгеріп салбөкселік қалыптан арылып, сілкіне жұмысқа кірісетін уақыт жеткенін ұғынып жол бастаса кәніки!? Осы сала оңалмай шабандап тұруы көпшілікті алаңдатуда. Өйткені оны ұлттық рухы бар жоғы белгісіз жасыратыны жоқ қой бастықтар басқаруда. Бұл жерге Жүргенов тәрізді ұлттық рухы күшті арыстан бастықтар келмей тұр. Өйткені төменнен көтеріліп, өткір қойылған күрделі мәселенің біріне де жауап бермей, томсарып «үндемеген үйдей бәледен құтылады» дегендей қойылған сұрақтарға үн қатпай жатып алады. Мысалы баспасөз бетінде аралас мектеп, немесе қазіргі педагогика ғылымының жүру рельсін ауыстыру туралы аса күрделі ой пікірлерге жауап бермей жатып алуы - осының айғағы.
Абайтану саласында ғылыми зерттеу ісімен айналысатын Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтындағы Абайтану бөлімі, Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінде ашылған Абайтану ғылыми зерттеу орталығы, әл Фараби атындағы ұлттық университетіндегі Абайтану ғылыми зерттеу институты және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық университетіндегі жаңадан ашылған Немат Келімбетов атындағы Гуманитарлық ғылыми зерттеу институтындағы абайтану тобы т.б. зерттеу орталықтары баршылық. Бірақ бұлар бір бірімен байланысы жоқ, не істеп жатқаны беймағлұм бытыраңқы күйде келе жатыр. Бытыраған сайын күш бөлінеді. Бағыт бағдар беруге біреуі де ұмтылмайды…
Енді Астанадан ашылатын абайтану ғылыми зерттеу институты осы кемшілікті бір ыңғайға келтірер. Өзінің ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған ортақ бағыт бағдары арқылы жүзеге асырар деген үкілі үміттеміз. Бұл үкілі үміт жүзеге асуы үшін республикадағы абайтанушы ғалымдардың басын қосып, ғылыми теориялық семинар ұйымдастырып, пікірлер ағысын айқындап жаңа ғылыми танымға негізделген ортақ бағыт бағдарымызды нақтылы түрде айқындап бекітіп алуымыз аса қажет болып тұр. Осы тұрғыдан келіп абайтанудың болашақта алға қойылар міндеттері туралы өз пікірімізді ортаға салудың және басқалар тарапынан қосымша толтырулар болар деген үміттеміз.
Абайтануды кеңестік билік кезінде коммунистік тоталитарлық идеологияның шеңберінде қысып ұстағаны жұртқа танымалы, әсіресе, ақынның әдеби мұрасын танып білуде әдебиеттің таптық, партиялық талабы шешуші орында тұрды. Абай мұрасы негізінен осы талап тұрғысынан ойшыл ақын мұрасын орыс әдебиетімен байланысы ғылыми зерттеу жұмыстарының басым түсіп, зерттеу еңбектері осы тақырыптың айналасынан шыға алмай жүргені көп мәселенің сырын аңғартады. Яғни Абай мұрасының рухани нәр алған қазына көздерінің бірінші саласы Абайдың қазақ әдебиетіне қарым қатысына бірлі жарымды зерттеу еңбектері жазылғаны болмаса, ірі, салалы, жүйелі зерттеу жұмыстары жүргізілмей келеді. Ал, Абайдың шығысы мүлде зерттелмей атаусыз қалды. Бұл құбылыстың бәрі де Абай мұрасын кеңестік дүниетаным тұрғысынан насихатталып жатты. Оқырман атаулының ой санасы мен түсінігін осы таным ұялап жаулап алды, осы таным негізінде қалыптасты. Әбден ойға ұялап, санаға сіңіп қалған кеңестік танымнан оңайлықпен құтыла алмаймыз. Ендігі мақсат зерттеліп жазылған көптеген ғылыми еңбектердің идеялық ықпалынан оқырман санасын арылту үшін жаңа дүниетаным тұрғысынан ақын мұрасын жаңаша бағыттағы насихатты күшейту уақыт талабына айналғанын білу қажеттілігі туындап отыр.
Абай дүниетанымы ендігі туындайтын ғылыми зерттеу жұмыстарында объективті шындық тұрғысынан ашылуы – басты шартқа айналмақ. Ойшыл ақын дүниенің көрінбеген сырын танып білуге ұмтылу арқылы жол салған жантану ілімі мен толық адам ілімінің құпиясын ашып, не себепті адамзаттың рухани әлеміндегі тылсым сырды танып білуге ұмтылу себебін біле алмаймыз. Абайдың пәлсапалық лирикасында орын алған басты мәселе – түп иені танып білу. Абай ой танымындағы сөз болатын пәлсапалық ой-пікірлердің бәрі де осы мәселе төңірегіне жинақталған. Соның бір тармағы жан мен тән туралы:
Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,
«Мені» мен «менікінің» мағынасы – екі.
Мен өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі, – деп, өлең сөздің өрнегімен сыртқа шығарған ой қазынасын бір шумаққа сыйдырған ақынның пәлсапалық ой толғаныстарының сыры мен мән мағынасы бүгінге дейін толық жан жақты шешімін таппай келеді. Бұл бір шумақ өлеңнің мән мағынасын қарапайым тыңдаушы мен оқырманның өзі де бірден түсініп кетуі өте қиын.
Кеңестік танымдағы философтар Абайдың осы ой пікірін негізінен идеалистік танымға жатқызып, теріс мағынада насихаттап келді. Абай осы өлеңінде «мен» яғни жан өлмейді дей отырып, жанның өлмеу сырының екінші бір көлеңкелі жұмбақ сырын ашып кететіні бар. Ол «жан» деген адам баласы жан қуаты арқылы өзінің өмірден ізденіп танып білгенін ой сарабынан өткізе отырып:
Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, – деп жанның екінші бір бүркеулі тылсым сырын ашатыны бар. Адам өмірден көрген білгенін, сол арқылы танып ұғынған ой пікірінің түйінін өлең сөз өнерімен сыртқа шығарған ой қазынасы да мәңгі өлмейді деген байламға келеді. Біздер мұның тереңде жатқан жұмбағын әлі де сезіне алмай келеміз. Бұған Абайдың өз өмірінен түйген сырын, немесе екшеп тереңнен алған ой қазынасын өлең сөзбен сыртқа шығарып, келер ұрпақ санасынан орын алып отыр. Абай сөзі күнде ауызға алынып, мектеп, жоғары оқу орындарында күнделікті айтылып, өздерінше ой қорытып сөйленіп жатуы – «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» ақын сөзінің жан сияқты өлмейтін мәңгілік құбылысқа айналуында жатады екен.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   46




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет