Поәдк №3 Базалық білім


– дәріс: АБАЙ МҰРАСЫНДАҒЫ ТАБИҒАТ ТАҚЫРЫБЫ



бет9/46
Дата31.10.2022
өлшемі0,77 Mb.
#155924
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   46
Байланысты:
abaitanu keshen (1)

5 – дәріс: АБАЙ МҰРАСЫНДАҒЫ ТАБИҒАТ ТАҚЫРЫБЫ
1. Қазақ поэзиясына табиғат лирикасын тұңғыш енгізген Абай
2. Абайдың табиғатқа байланысты өлеңдерінің көркемдік ерекшеліктері
3. Жаз көрінісін суреттеудегі ақынның шеберлігі. «Күз», «Қыс», «Қараша», «Желтоқсан мен бір-екі ай» өлеңдеріндегі көркемдік әдістер
Әдебиеттер:
1.Ахметов З. Поэзия шыңы – даналық. – Астана: Фолиант, 2002. – 408 б.
2.Әлімқұлов Т. Жұмбақ жан. – Алматы: Жазушы, 1972. – 132 б.
3.Жансүгiрұлы I. Абайдың сөз өрнегi // Абай. - 1995. - № 1-2. - 40-42 бб.
4.Нұртазин Т. Абайдың ақындық шеберлiгi туралы / Абайдың өмiрi мен творчествосы. – Алматы, 1954. – Б.162-172.
5.Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. - Алматы: Жазушы, 1985. - 20 т. – 496 б
Данышпан ақынның өз дәуірінің алуан мәселелерін қамтыған әдеби еңбектері мазмұнға бай, ізгі ойға толы, шебер тілді көркем туындылар. Сол туындылардың көбі – адам мен табиғатқа қатысты. Ол Абайдың дүниежүзілік поэзиядан алған үлгілері еді. Табиғат – адам баласының еңбек етіп, өмір сүретін ортасы. Абай осы ортаны өзінеше жырлаған.
“Ақын неғұрлым данышпан болса, соғұрлым табиғатпен терең араласып, оны құшағына тұтас қамтып алады. Сөйтіп, бізге табиғатты барынша байланыстыра көрсетеді” деген еді В.Белинский. Міне, сүйтіп 1886-1890 ж.ж. аралығында жазылған жылдың төрт мезгілі туралы өлеңдері, ақынның әлем поэзиясын тереңдеп оқып, үлгі тұтқан кезінде жазылған. Сондықтан ақында әр өлең сайын өзінше іздену, табиғаттың өз суреттерін беруде, табиғат пен адамның ортаның байланысын тануда жаңа үлгілер туады. Ақынның табиғат лирикасы түр жағынан да мазмұны жағынан да өзгеше. Ол өлеңдерінде ақын еліне, жеріне шексіз сүйсіне отырып шындығын кеңінен қамтып көрсетеді. Ақын өзін қоршаған табиғаттың осы бір күйін, жанды бояуын, іңкәр сәнін кінаратсыз құрметпен, күшті шеберлікпен тереңнен қозғап, түрлі-түрлі көрінісін көз алдына елестетеді. Қызықты көрініске толы өлеңдерінің көбі табиғат-анаға арналады.
Абайдың табиғат лирикасы өз алдына бір сала. Табиғат “адам өмір сүрер, тіршілік етер орта. Онсыз өмір жоқ... Міне, осы табиғат көріністерін, оған бөленген қаазқ даласындағы өмірді, тұрмыс халді суреттеуге Абайдың көптеген өлеңдері арналған және қазақ әдебиетінде Абайдан бұрын табиғат көрінісін мұншалық шебер, мұншалық терең жан-жақты жырлаған ақын болған емес. Абайдың бұл тақырыпта жазған лирикасында да ақындық эволюциясы – шығармашылық түлеу жолының кезең-кезеңдері жатыр. Табиғат лирикасы – Абайдың ұлы талантын, биік мәдениетін танытатын өлеңдер. Әсіресе, жылдың төрт мезгілі туралы жазылған өлеңдері бейнеті мен зейнеті мол мал баққан шаруаны, құты мен жұты аралас аумалы-төкпелі күй кешкен көшпелі ауылды, сол дәуірдегі қоғамдық қарым-қатынастың әр алуан белгілерін анық, қанық бояуымен көрсететін, өз заманының айнасы боларлық сұлу шығармалар.
Абай – асқан реалист ақын. Оның табиғат жырларынан уақыттың әлдеқалай жылы, айы емес, өзі өмір заман жайы, сол заманда тіршілік кешкен адам жайы айқын көрініс табады. Абайдың табиғат лирикасын оқығанда оқырманның көз алдында сұлық түсіп сұлап жатқан, құлазыған бел-белесті шетсіз, шексіз маң даланың жалаң көріністері ғана жайылмайды, даладағы өзгеше өмір қайталанбас сыр-сипатымен тұтас суреттеледі.
Ақын поэзиясына алғаш баға беріп оның сырын, қасиетін қоршай жазды. Ахмет Байтұрсынов: “Не нәрсе жазса да, Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын қасиетін қоршай жазды,”-деп бекер айтпаса керек. Оның “Жаз” өлеңі аса бір астарлы, өткір сөздермен бейнеленген бейнеленген.
Түйе боздап, қой қоздап қорода шу,
Көбелек пен құстар да сайда ду-ду
Гүл мен ағаш майысып қарағанда,
Сыбдыр қағып бұраңдап ағады су, - деп суреттей келіп, маужыраған табиғат ауыл өміріне әсер етеді.
Жаздың көркі енеді жыл құсымен
Жайраңдасып жас күлер құрбысымен
Көрден жаңа тұнғандай кемпір мен шал
Жылбаңдасар өзінің тұрғысымен,-деп кәрімен жастың психологиясын дөп басып, әдемі жеткізеді. Жазғытұры – шаруаның бір малы екеу болатын, көктің жетіліп, ақтың көбейетін несібенің молаятын кезі. Ол қазақ ауылыныңөміріне үлкен қуаныш, береке, ырыс әкеледі. Ақын осыны асқан сезімталдықпен, суреткерлікпен бере білген.
Жаздыкүн шілде болғанда,
Көкорай шалғын, бәйшешек
Ұзарып өсіп толғанда,
Күркіреп жатқан өзенге ..., - деп дала суретін ғана емес, даладағы дарқан өмірді, өзгеше тіршілікті бейнелейді. Жалаң табиғаттың бірыңғай өзін ғана қызықтап, “анау арада гүл жайқалады, сонау арада жапырақтар сыбырласады, мынау жерде өзен сықылықтап күледі” деп сыдыртып өте шықса, табиғатты адам өмірінен жеке-дара бөліп әкетіп, сырттай бояламаса, одан сырлы сурет, терең поэзия тумас еді. Ал Абай лирикасында жанды дүние – адам ды да, адамдардың іс-әрекет, қимыл-қаракет бесігі – табиғатты да тұтас қаусырған бүтін бір әлем – құбылы құлпырған көркемдік атмосфера жасалады.
Ал бұған қарама-қарсы қылышын сүйретіп қыса келген қаһарлы қысты:
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық.
Басқан жері сықырлап келіп қалды ..., деп жырлайды (1888 ж.).
Осы әшейін қыс көрінісі ғана ма? Аумаған адам сияқты мінезі мен мүсіні бар, дем алатын, қозғалатын, жабырқай-
тын жанды нәрсе емес пе? Қыс бұл жерде “ақ киімді, денелі ақ сақалды”, баяғы бір “кәрі құда”, шал. Қытымыр қатал құлқы бар қушұнақ, тентек шал. Шаруаның соры – жұтын ала келетін кеселді “құда”. Мал-жанға құрық үйіре келген қағынған қарт. Қысты бұлай адам бейнесінде суреттеу – қазақ әдебиетінде Абайдан бұрын ешкім жазбаған. Бұл жерде де мәдениетті поэзияның өкілі Абай өзінің өзгеше өлең өмірін, жаңаша үлгі-өрнегін төгіп отыр. XIX ғасырдағы орыс әдебиетінде, арғысы Пушкин, бергісі Некрасов; шын жүйрік лириктер табиғатқа осылайша жан бітіріп, тұтас бір тіршілік әлемін жасайтын. Абайдікі осыған құр еліктеу емес, классикалық поэзиядан игерген үлгі-өнегесін ақындық түрде өзінше өрнектеп, өзінің ұлт топырағында қайтадан өсіріп, өз дәні етіп беріп отыр. Адам бейнесіндегі қатал қыс қазақ оқушысының ұғымына лайық образға айналып отыр.
“Қараша, желтоқсан сол бір-екі ай” атты өлеңінде күздің ызғырық қарасуығын, аш-жалаңаш бүрсең қаққан кедей үйінің аянышты халі мен тамағы тоқ, үйі жылы, ықтырмамен күзеуде отырған бай үйінің жұмақ өмірін өзара салыстыра суреттеу арқылы қарама-қайшы екі дүниенің бет-пердесін ашып, сол кезеңнің тарихи шындығын көз алдымызға алып келеді. Ақын “Жалшы үйіне жаны ашып, ас бермес” сараң байларды сынайды. Ал “Күз” атты өлеңінде:
Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай .
Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,
Жапырағынан айырылған ағаш қурай.
Біреу малма сапсиды салып иін,
Салбыраңқы тартыпты жыртық киім.
Енесіне иіртіп шуда жібін,
Жас қатындар жыртылған жамайды үйін …
деп ақын тоңған иін жылытып, тонын илеп, үйін жамап, тоң-шекпенін тігіп, қысқа даярланып жатқан кедей ауылының өмірін, әлеуметтік теңсіздікті Абайдай терең зерттеп, асқан реалистік тұрғыда суреттеуші ақынды қазақ әдебиетінен бұрын-соңды сирек кездестіретініміз ақиқат.
Абайдың табиғат лирикасының ішіндегі ең таңдаулыларының бірі “Желсіз түнде жарық ай”
Желсіз түнде жарық ай,
Сәулесі суда дірілдеп.
Ауылдың маңы терең сай,
Тасыған өзен күрілдеп, - деп басталатын небәрі 20 жолдан тұратын өлеңі табиғаттың түнгі сұлу көрінісін махаббаты жарасқан екі жастың жүрек дүрсілімен ұштастыра бейнелейді. Осы өлеңдегі тіл кестесінің барлық ерекшеліктері, бояулары, теңеу, астарлау, басқада суреттеу, бейнелеу құралдары – бәрі не нәрсеге, не құбылысқа болсын ақынша қарап, эститикалық тұрғыдан баға беру талабына бағындырылған. Түн желсіз, ай жарық. Су бетінде ай сәулесі дірілдеп көрінеді. Ауылдың жанында, терең сайда өзен тасып, күрілдеп ағып жатыр. Ақын түнді желсіз, айды жарық, сайды терең деп бейнелейді, сәуленің дірілдеп көрінген қалпын, өзеннің күрілдеп естілгенін шуын нақтылап сипаттап береді. Бірақ, бұл кімнің аулы, жылдың қай кезі, айдың қай мөлшері, сайы қайдағы сай, ағып жатқан қандай су – оларды анықтап айтып жатуды мақсат етпейді. Одан әрі ауыл маңында қанша, қандай мал, кімнің малы жатыр, малшылар кім дегенді дәлдеп айтпайды. Тіпті оны қойғанда, аулақта жолыққан қыз, жігіт кім – бұл жай анықталмайды. Бұл өлеңдегі ақын жүрегін толқытып, толғантқан – ауыл табиғатының таңқаларлық ғажайып сұлулығы, осы көрінісінің адам жан сезімінің сұлулығымен ұштасатыны. Сондықтан өлеңнің әрі сөзі, сурет бейнесі де осыны аңғартуы керек. Мәселе бір ауылды атауда ма екен? Жоқ, өйткені мақсат мал баққан қазақ аулының бейнесін жасап беру. Осындай немесе ұқсас сурет, көрініс қай ауылда болсын бар емес пе? Қай жылы, қашан деп анықтап жату да қажет емес. Әр жылы осылай ғой. Ал, жылдың қай мөлшері екенін айтып жату қажет пе? Жаздың іші екені өлеңдегі суреттен-ақ көрініп тұр. Жаздың ыстық кезінде, далалы жерде күні бойы адам да, мал да сая таба алмйтынын кездерде осындай бір жайлы, желсіз, қоңыр салқын, айлы түн болатыны айтпай-ақ түсінікті емес пе? Ауылдағы түнгі дауыс-үндер қандай шеберлікпен бейнеленген: анадайдан естілген өзен суының күрілдегені, жаңғырып естілген малшылардың айғайы, иттің үргені. Маужыраған әлсіз, әсерлі түн, жарық ай бұл көріністер ауыл түнінің адамға жайлылығын адамның бейне бір табиғат құшағында отырған қалпын танытады.
Абайдың табиғат лирикасы, әсіресе жылдың төрт мезгілін суреттейтін өлеңдер – күшті ақындық шеберлікпен, зор мәдениетпен жазылған аса сұлу, сылқым, сырлы жырлар.
Қорыта келгенде қазақ әдебиетінің ұлы классигі Абай халқымыздың салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігін, төрт түлікті шаруашылығын, аңшылық-саяткерлік өмірін табиғат лирикасымен ұштастыра жырлады.
Ақынның табиғат лирикасы түр жағынан да, мазмұн жағынан да өзгеше. Ол өлеңдерінде ақын еліне, жеріне шексіз сүйсіне отырып, өмір шындығын кеңінен қамтып көрсетеді. Табиғат – күллі тіршілік атаулының қуатты қоныс мекені, алтын ұя, тал бесігі.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   46




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет