«Интернатта оқып жүр» өлеңінде Абай әлгі ойларына тың пікірлер қосады. Мұнда, сыншылдық басым. Ақын патшалық ел билеу жүйесіне, оқыту тәртібіне сын айтады. Халыққа пайдалы емес, залалды болып шығатын әкімдер мен шалағай төрелердің оқудағы мақсатын көрсетеді.
Орыс тілі, жазуы
Білсем деген таласы
Прошение жазуға
Тырысар, келсе шамасы
Ынсапсызға не керек,
Істің ақ пен қарасы.
Нан таппаймыз демейді,
Бүлінсе елдің арасы.
...Аз білгенін көпсінсе,
Көп қазаққа епсінсе,
Кімге тиер панасы?
Ақын мұндай мақсатпен ғылым қууды қуаттамайды. Олардың «Иә тілмаш, иә адвокат» болу ниетіне Салтыков пен Толстойды әдейі қарсы қояды. Толстой мен Салтыков-Щедрин сынап, масқаралаған орыс чиновниктерінің бейнесін оларлдың есіне салады. Жалпы орысты Абай жатсынбайды.
Орыс теріс айтпайды,
Жаман бол деп оларды.
Қаны бұзық езі ойлар
Қу менен сұм болады.-
Деген сөздерде ақынның көрші халыққа деген адал пікірі жатыр. Жалпы орысты ол патша әкімдеріне, олардың зорлықшыл қылықтарына қарсы қояды.
Военный қызмет іздеме,
Оқалы киім киюге.
Бос мақтанға салынып,
Бекер көкірек керуге.
Қызмет қылма оязға,
Жанбай жатып сөнуге,- дейді.
Тіл мен теңеу, түр жағынан алғанда да, «Интернатта оқып жүр» өлеңі – жаңалығы бар шығарма. Осы өлеңде Абай «Интернат» , «военный қызмет» , «прощение» , «адвокат» , «здравомыслящий» , «коренной» , «счет» т.б. орыс сөздерін қолданады. Оларды ұйқастыра отырып, еркін пайдаланады. Және оларды ақын орыс мәдениетін үгіттейтін өлеңге әдейі кіргізген.
Озық мәдениет пен ғылымды, білімді игерген жаңа адамның бейнесін ақын кейін өз ұлы Әбдірахман (Әбіш) Өліміне байланысты жазған өлеңдерінде жасайды. «Ғылым оқып білгенше, тыныштық, тыным таппаған, дүниені кезіп көргенше, рақат іздеп жатпаған» Әбдірахманды ол «жаңа жылдың басы» санайды. Оның бойындағы бауырмалдықты, адалдықты, қарапайым мінезді басқа жастарға үлгі етеді. Оның «аз өмірін ұзартқан» ғылым деп ұғады.