«Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық...» - Абайдың 1886 жылы жазған өлеңі. Әрқайсысы 4 тармақты 10 шумақтан тұрады, барлығы 40 жол. Туынды ұстаз ақынның жас буынға айтқан арнауы сияқты адамның жас кезі, бозбалалық өмірі туралы сыр шертеді. Жастықтың «көкірек зор, уайым жоқ», ештемеден қорғанбайтын қызықты кезін, «өлең айтып, ән салған», «біреуді қалжың қылып қолға алған», «қызды ауылды қырындаған» бозбалалық қылығын суреттейді. Алайда ақын жас ұрпаққа бозбалылықтың қызығымен жүре бермей, «қартаймастай көрмелік, ойланалық»-деп тоқтау айтады. Сонда ұсынатыны- «ақыл табу, мал табу». Көрсе қызар болма, «қызды сүйсең, бірді-ақ сүй, таңдап тауып». Күлкі бақпа, енер бақ. «Ең болмаса, еңбекпен мал табалық» дейді. Өмірдің өткіншілігін, алдампаздығын Абай – «ат арықтар, тон тозар, қадыр кетер» деген сөздермен бейнелеп, сондықтан «күлкіні онша күйлеп, шуламалық» дейді. Ақын өмірде адам безінерлік біраз қылықты сынап өтеді. Олар- «жалынышты жалтаң кездік» ( «біреуге көзіңді сүзбе, еңбең ет» деген мағынада ), «сүйкімі, икемі жоқ шалдуарлық», ұрлық, тентіреп тамақ асыраушылық, қалжыңбастық т.б. Осының бәрі түбінде бір зарлық тартқызбай қоймайды. Өлең соңында ұстаз ақын осыны ұғарлық бозбалалардың жоқтығына налып, ақыл айтуды өзіне парыз санаған ақсақалдың көңіл күйін бейнелейді. Шығарма негізінен, жас ұрпақты ойлы, қоғамға пайдалы өмір сүруге үндейді. Өлең 11 буынмен жазылған. Ұйқастары шұбыртпалы. 10 шумақ өлеңнің бәрі бір ұйқасқа бағындырылған. Алғаш рет 1909 жылы С.Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұлының өлеңі» атты жинақта жарияланды.
Өлеңнің тексі Мұрсейіт қолжазбаларында бар. Текстологиялық зерттеулер бойынша өлеңнің кейбір басылуларында айырмашылықтар кездеседі. Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909, 1939 жылғы басылымдарда 1-шумақтың 4 жолы «Дейміз бе еш нәрседен құр қалалық», 1933, 1957, 1977 жылғы жинақтарда «Дейміз бе еш нәрседен қорғаналық»-деп алынған. 1909 жылғы жинақта 3-шумақтың 1-жолы «Демеңдер ойнас іске жұбаналық», 4-жолы «Көрсе қызар, күнде асық- дуаналық» түрінде берілді. Ал 7-шумақтың 2-жолы Мүрсейіттің 1907 жылғы қолжазбасында, 1909, 1939, 1957, 1977 жылғы жинақтарда «Алдында уайым көп шошынарлық» болса, Мүрсейіттің 1905 жылғы қолжазбасында «Алдында уайым бар шошынарлық». 1909, 1939 жылғы жинақтарда 8-шумақтың 1-жолы «Әсем салдық өлгенше кем қаларлық», Мүрсейіт қолжазбаларында, 1957 ,1977 жылғы басылымдарда «Әсем салдық өлгенше кім қыларлық» делінген. Мүрсейіттің 1907 жылғы қолжазбасында, 1909, 1957, 1939, 1977 жылғы жинақтарда 9-шумақтың 3-жолы «Қажазбассып өткізген қайран дәурен», Мүрсейіттің 1905 жылғы қолжазбасында бұл жол «Қалжыңбассып өткізген қайран өмір», 10-шумақтың 2-жолы 1909 жылғы жинақта «Жақсы айғырда бие жоқ ат туралық» болса, Мүрсейіт қолжазбаларында, 1939, 1957, 1977 жинақтарда «Үзілмес үмітпенен бос қуардық»- деп алынған. Өлең орыс, өзбек, қырғыз, тәжік, татар, ұйғыр, қарақалпақ тілдеріне аударылған.