Поәдк №3 Базалық білім


– дәріс: АБАЙ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ



бет3/46
Дата31.10.2022
өлшемі0,77 Mb.
#155924
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   46
Байланысты:
abaitanu keshen (1)

2 – дәріс: АБАЙ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ
1. Абайдың ата-тегі мен өскен ортасы
2. Абай – ұлттық жазба әдебиеттің негізін салушы
3. Абай – қазақ поэзиясының реформаторы
4. Абай дәстүрі мен оның ұлттық әдебиеттің дамуындағы рөлі
Әдебиеттер тізімі:
1. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. 20 т. – Алматы: Жазушы, 1985. – 496 б.
2. Абай. Энциклопедия. – Алматы: Атамұра, 1995. – 720 б.
3. Абайдың өмірі мен творчествосы. Жинақ. -Алматы, 1954.
4. Әуезов М. Абайды білмек парыз ойлы жасқа. - Алматы: Санат, 1997. – 416 б.
5. Әуезов М. Абай жолы: Роман-эпопея. – Алматы: Жазушы, 1989. - 1 т. 2 т.
6. Байғалиев Б. Абай өмірбаяны архив деректерінде. Алматы: Арыс, 2001.

Абайдың ғылыми өмірбаянын жазу – өте күрделі мәселелерді молынан қамтиды. Абайдың ғылыми өмірбаянын терең танып, ақынның заманы тудырған ерекшеліктерін біліп меңгермейінше, Абай шығармаларының қоғамдық-әлеуметтік басты сарындарын ажырата алуымыздың өзі қиынға айналмақ.


Абайдың бірегей биографы Мұхтар Әуезов Абайдың ғылыми өмірбаянын жазу, қалыптастыру жолында ұзақ жылдар бойы толассыз ізденді. Абай жасаған ортада туып, балалық шағынан атасы Әуез арқылы ақын өлеңін жатқа алып, ел әңгімелеріне қанып өсуі – биограф Мұхтар Әуезовтің Абайдың ғылыми өмірбаянын жазуға көп жеңілдіктер тудырды. Абайдың ақын шәкірттерімен тікелей араласып, ақын жайлы дерек мағлұматқа жастай қанып біліп өсуіне тірі архив иелерінің әсері де айтарлықтай болған. Әсіресе, Абайдың ақын шәкірті Көкбай мен Шәкәрімнің Абай өмірі мен жасаған ортасы, ақындық жолдағы рухани ізденістері туралы құнарлы әңгіме деректері жәрдемге келгенін биографтың «...Менің жұмысым жинастыру сияқты. Әуелі оның өмірін зерттедім... Көптеген деректер тобын жинастырдым. Көкбаймен, атаммен, Ділдәмен, ақынның достары, жауларымен жеке-жеке кездестім... Көкбай, Ділдә, Әйгерім, Нұрғаным... оларды көрдім, әңгімелестім» (ЛММА архиві, 398-папкі, 27 бет), - деп тебірене отырып баяндайтыны бар.
Біздер, қалың қазақ оқырмандары, Абайдың ғылыми өмірбаянын М. Әуезов 1924, 1940, 1944, 1951 жылдары, яғни төрт рет қайта толықтырып жазған нұсқаларынан оқу арқылы меңгереміз. Бұған қоса XX ғасырдың ұлы жазушысы атанған Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясын оқу арқылы да таным нанымымызды кеңейтіп тереңдете түсеміз.
Абайдың әдеби мұрасын өз деңгейінде тереңірек танып ұғынуымыз үшін, алдымен Абай өмір сүрген, ұлы ақынды қоғам қайраткері етіп қалыптастырған отбасы тәрбиесі мен сол заманның саяси-әлеуметтік болмысын, қоғамдық ортасын жете танып білудің мәні айрықша болмақ. Ол үшін Абайдың өзі ғұмыр кешкен заманы мен оның атасы Өскенбай мен әкесі Құнанбайдың заманын салыстыра қарап, сын көзімен қарасақ, көптеген саяси-әлеуметтік мәселелердің астарлы сыры ашыла түсетінін аңғарамыз.
Абайдың атасы Өскенбай Ырғызбайұлы (1773-1850) тобықты руының атақты биі болған. Өскенбай заманы тәуелсіз қазақ хандығы мен Ресей империясының отаршылдық заманында өмір сүрген. Құнанбай әкесі Өскенбайға 1851 жылы ас бергенде 6 жасар Абай әжесімен бірге сол асқа барған еді. Бала Абай жастайынан атасы Өскенбай заманын, онда болып өткен түрлі оқиғалар мен ру таласын, саяси-әлеуметтік мәселелерді сезініп өссе, олар жайлы тарихи әңгімелерді ел аузынан естіп, көкрегіне түйіп өсті. Өйткені ол заман әлі де болса қазақтың көшпелі өмірі мен әдет-ғұрпын, ұлттық салт-санасы, дүниетанымы сол қаз-қалпында сақталып, өзгеріссіз тұрған кезең еді.
Өскенбай заманында-ақ біртұтас қазақ халқын отаршылдар үш жікке бөліп ажыратып жіберген кезең туған еді. Ресей патшалығы кіші жүз қазақтарын Орынборға қаратып, ел билеу жүйесінің негізін сұлтан правительдерге билетіп, билік басына тек қана төрелерді көтеріп жатты. Өйткені олар патша үйлеріне адал беріле қызмет етті. Олар саяси жағынан мейлінше сенімді әлеуметтік топ болуы себепті, патша үкіметі олардан 5 генерал шығаруы тектен тек болмаса керек.
Орта жүзде биліктің аға сұлтандық түрі орнықты. Әуелі аға сұлтандарды төрелерден қойғанымен оларды Кенесары көтерілісінен кейін саяси жағынан сенімнен ажыралуы себепті, аға сұлтандыққа дала қазақтары келе бастады. Құнанбайдың аға сұлтан болуына да осы жағдай себеп болғандықтан қара халық Құнанбайды «Қарадан шығып хан болған, айырдан шығып нар болған» деп мадақтауында мән-мағына бар еді. Билік жүйесінде сұлтан правитель мен аға сұлтандық билік отаршылдық саясатты жүзеге асыруы себепті оларды ұзын арқан кең тұсау саясаты шеңберінде ұстап келді.
Ал, ұлы жүзді Қоқан хандығы отарлап, бұл өлкеде ел билеу жүйесін де билік етуге ру (тайпа) өкілдері қойылды. Үш өлкеде үш түрлі жағдай қалыптасты. Осы өзіндік қайталанбас саяси-әлеуметтік ерекшелігі бар жағдай әдебиетте өз көрінісін беріп жатты. Мысалы, сұлтан-правительдер билігіне қарсы Маханбет бастаған ақындар тобы шықса, аға сұлтандық биліктің өз халқына қарсы сатқындық әрекетін Дулат бастаған ақындар тобы әшкерелеп жатты. Поэзияда тұңғыш рет сұлтан правителдер мен аға сұлтан образы жасалуы арқылы әдебиетте антиколониялық қуатты сарын дүниеге келді. Ал оңтүстік өлкеде датқалар образы жасалып, олардың сатқындық қылығын Сүйінбай бастаған айтыс ақындары шаңын қағып жатты.
1867 жылы Ресей патшалығы бүкіл Түркістан халқы жайлаған ұлан байтақ өлкені толық жаулап, Қытаймен екі арадағы шекараны бекітіп алған соң, ел билеу жүйесіндегі «ұзын арқан кең тұсау» саясатын өзгертіп, бүкіл түрік халықтары жайлаған жердегі ел билеу жүйесін патшалық ел билеу жүйесіне сәйкес ел билеудің территориялық принципіне негізделген «жабайыларды жабайылардың қолымен тұншықтыру» саясатын ұстанды. Енді қазақ арасындағы билік қазақтардың ауылдық болыстық билік шеңберінен аспайтын, одан жоғары билік сатысына бірде бір қазақ атқамінерлерінің қолы жетпейтін принцип ұстанды. Үкімет қазақ халқының рухани әлеміне де қол сұғып, миссионерлік саясатын ашық жүргізе бастауы болыстық билік тұсында күшейді.
Міне, ұлы ақын Абайдың 13 жастан өмірінің соңғы күніне дейінгі өмір жолы аға сұлтандық билік жүйесінің соңы мен елді ала тайдай бүлдірген болыстық биліктің заманында өтіп жатты. Сондықтан да Құнанбайды терең танып білмейінше, Абайды жете танып білудің өзі қиынға соқпақ. Құнанбай Абайды 13 жасынан бастап ел билеу жұмысына баулып, ел өмірімен, халықтың тұрмыс болмысымен мидай араластырып жіберді. Абай осы ортада ер жетіп, отбасы тәрбиесі мен халық өмірін танып білу жолы мен қалыптаса бастады.
Абай (Ибраһим) Құнанбаев (22.8.1845 қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы 5.7.1904 ж. дүниеге келген).
Ақынның арғы тегі Орта жүз Тобықты Арғын ішіндегі Олжай батырдан басталады. Олжайдан: Айдос, Қайдос, Жігітек есімді үш ұрпақ тарайды. Бұлардың әрқайсысы кейін бір-бір рулы ел болып кеткен. Айдостың Айпара деген әйелінен: Ырғызбай, Көтібақ, Топай, Торғай деген төрт ұл туады. Бұлардың әкесі момын, шаруа адамы, ал шешесі өткір тілді, өр мінезді әйел болған. Сол Айпара балаларына:
«Шынжыр балақ, шұбар төс Ырғызбайым,
Тоқпақ жалды торайғыр Көтібағым,
Әрі де кетепес, бері де кетпес Топайым,
Сірә да оңбас Торғайым», -
деген сипаттама берген. Ана айтқанындай, шынында, бұлардың ішінде Ырғызбай ортасынан оза шауып, ел басқарған. Ырғызбайдан: Үркер, Мырзатай, Жортар, Өскенбай тарайды. Өскенбай шаруаға жайлы, билікке әділ кісі болғандықтан, «Ісің адал болса, Өскенбайға бар, арам болса, Ералыға бар» деген мәтел сөз қалған. Өскенбайдың әйелі Зереден Құнанбай туады.
Құнанбай 4 әйел алған адам. Оның бәйбішесі Күңкеден – Құдайберді, інісі Құттымбетке айттырылып, қалыңдық кезінде жесір қалған соң өзі алған екінші әйелі: Ұлжаннан – Тәңірберді (Тәкежан), Ибраһим (Абай), Ысқақ, Оспан, үшінші әйелі Айғыздан – Халиолла, Ысмағұл туады. Қартайған шағында үйленген ең кіші әйелі Нұрғанымнан ұрпақ жоқ. Абайдың «Атадан алтау, анадан төртеу...» едім дейтіні осыдан. Болашақ аын сабырлы мінезімен, кең пейілімен ел анасы атанған «кәрі әжесі» Зеренің таусылмайтын мол қазынадай аңыз ертегілерін естіп, абысын-ажынға жайлы, мінезі көнтөрлі, әзіл-қалжыңға шебер, жөн-жобаға жетік өз анасы Ұлжанның тәрбиесінде өсті.
Абай әуелі ауылдағы Ғабитхан молдадан сауатын ашады да, 10 жасқа толған соң 3 жыл Семейдегі Ахмет Риза медресесінде оқиды. Бұл араб, парсы тілдерінде, негізінен, дін сабағы жүргізілетін еді. Құрбыларынан анағұрлым зейінді бала оқуға бар ықыласымен беріліп, үздік шәкірт атанады. Ол енді дін оқуын ғана місе тұтпай, білімін өз бетінше жетілдіруге ұмтылады. Сөйтіп көптегеншығыс ақындарының шығармаларымен араб, иран, шағатай (ескі өзбек) тілінде жазылған ертегі, дастан, қиссалармен танысады. Шығыстың Низами, Науаи, Сағди, Хафиз, Фзули сияқты ұлы ғұлама классик ақындармен бауыр басады. Медресенің үшінші жылында Абай Семей қаласындағы «Приходская школаға» да қосымша түсіп, ор ысша сауатын аша бастайды. Бірақ бұл оқуын әрі жалғастыра алмай, небәрі 3 жылдан кейін оның мұсылманша да, орысша да оқуы аяқталады. Абайдың басқа балаларынан алымдылығын аңғарған Құнанбай оны елге шақыртып алып, өз жанына ертіп, әкімшілік-билік жұмыстарына араластырмақ болады. Сөйтіп, 13 жастағы Абай ел ісіне араласады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   46




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет