Практикалық қазақ тілінен жаттығулар жинағы (морфология) Құрастырушы қазақ тілінің мұғалімі


§6. Үстеу Қимылдың түрлі белгісін, мезгілін, мекенін, себебін, мақсатын білдіретін сөз табы



бет3/3
Дата22.08.2017
өлшемі0,65 Mb.
#23836
1   2   3
§6. Үстеу

Қимылдың түрлі белгісін, мезгілін, мекенін, себебін, мақсатын білдіретін сөз табы.

Құрамына қарай:

Дара үстеу бір ғана түбірден (негізгі немесе туынды) тұрады. Мысалы: кеше, былтыр, әрең т.б.

Күрделі үстеу кемінде екі түбірден тұрады. Мысалы: қыс бойы, бірте-бірте т.б.


Тұлғасына қарай:

Негізгі үстеу бөлшектеуге келмейтін төл үстеулер. Үлгі: ең, ертең, бұрын т.б.

Туынды үстеу түбірге жұрнақ жалғануы арқылы немесе кейбір септік жалғауларының көнеленуі арқылы жасалған үстеу. Үлгі: бірге, зорға, балаша т.б.
Мағынасына қарай:

1.Мекен - қимылдың болу орны мен бағытын білдіреді. Сұрақтар: қайда? қалай? қарай? қайдан? Үлгі: ілгері, осында, бері т.б

2. Мезгіл – қимылдың мезгілін білдіреді. Сұрақтар: қашан? қашаннан бері? Үлгі: бүгін, таңертең, түнде т.б.

3. Себеп-салдар – қимылдың болу себебін, салдарын білдіреді. Сұрақтар: неге? не себепті? неліктен? Үлгі: амалсыздан, босқа, бекерге т.б.

4. Қимыл-сын – қимылдың жүзеге асу амалын білдіреді. Сұрақтар: қалай? қайтіп? қалайша? Үлгі: емін-еркін, әрең т.б.

5. Мөлшер – қимылдың мөлшерін, көлемін білдіреді. Сұрақтар: қанша? қаншама? қаншалық? қаншалап? Үлгі: сонша, неғұрлым, осылай, аз, көп, біршама т.б.

6. Күшейткіш – қимылдың белгісі мен сапасын тым күшейтіп не солғындатып көрсетеді. Сұрақтар: қалай? қандай? Үлгі: ең, тым, аса, өте, орасан, нағыз т.б.

7. Мақсат – қимылдың болу мақсатын білдіреді. Сұрақтар: қалай? не мақсатпен? Үлгі: әдейі, қасақана, жорта т.б.

1-жаттығу. Төмендегі көркем әдебиеттерден алынған мысалдардан үстеулерді тауып, үстеудің қай түріне жататынын ажыратыңыздар.

1.Ерте ояндым, жете алмадым. (Абай)

2. Әлібек амалсыздан тоқтады. (Ғ.Мұстафин)

3. Оның еміс-еміс білетіндері – қызыл балықтар ғана.

(Ғ.Сланов)

4. Әубәкір оны жүр-жүрлеп сүйрей бастады. (Ғ.Мұстафин)

5. Сен бүгін сонда барып қон да, ертең осында қайтып кел.

(С.Мұқанов)

6. Амантай алда, Асқар кейінірек келе жатыр. (С.Мұқанов)

7. Мынау тіпті ұнамсыз екен. (Ғ.Мұстафин)

8. Сенің басыңа күн туып қалғанын біз бірден-ақ сездік.

(Ғ.Сланов)

9. Ботагөз көрпесін кеудесіне шейін ғана жамылып, беті ашық, шалқасынан ұйықтап жатыр екен. (С.Мұқанов)

10. Бұрышта шоқшиып жүресінен отырған бір адам көзіне елестей кетті. (С.Мұқанов)



2-жаттығу. Мақал-мәтелдер мен тұрақты сөз тіркестерінің мәнін түсіндіріңіздер және құрамындағы үстеулер үстеудің қай түріне жатынын айтыңыздар.

Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер.

Етігің тар болса, дүниенің кендігінен не пайда.

Ілгері басқан жасты кері қайтқан кәрі кейін тартады.

Темір кессең, қысқа кес – ұзартуың оңай;

Ағаш кессең, ұзын кес – қысқартуың оңай.

Бұрынғының кісісі – бүгінгінің кішісі.

Жылы-жылы сөйлесе, жылан іннен шығады.

Ақсақ қой түстен кейін маңырайды.

Арық айтып, семіз шық.

Асығы алшысынан түсу.

Көзінше мақтама, сыртынан даттама.



3-жаттығу. Мына сөздерден үстеу жасап, орыс тіліне аударыңдар.

Орыс, жаны, алыс, күз, оң, сол, қарсы, ағылшын, ескі, амалсыз, өзін, апаң, басы, түн, орта, сенің, ал, жат, жақ, біз, құс, бастық, әке, қазақ.



4-жаттығу. Мақал-мәтелдерді түсініп оқып, үстеулерді табыңыз.

Ең алдымен ойлан, онан кейін істе. Досыңды алдынан, жауыңды соңынан көр. Жұмсақ төсеп, қатты ұйықта. Ақылдың арзаны жоқ, ақылдының бүгінгі ісі кеше тынған. Ақыл ауыздан, мерей көзден. Атадан жаман ұл туса, төрдегі басын есікке сүйрер. Ұстазыңды ұлы әкеңдей сыйла. Естіге екі сөз де жетіп жатыр. Адамды еңбек асырар, жалқаулық құтын қашырар. Айырылмастай досыңа, қайырылмастай сөз айтпа. Ғылым кітаптың ішінде де бар, тысында да бар. Білім – бақтың жібермейтін қазығы, білімсіз бақ – әлдекімнің азығы.



5- жаттығу. Мына үстеулерді пайдаланып, сөйлем құраңыз.

Осы жылы, кейін, кеш, әдетте, көктемде, бұрсігүні, кешке, күнде, көп, аз, көп уақыт, бүгін, биыл, әрқашан, кейде, жиі, енді, ылғи, жазда.



6-жаттығу. Көп нүктенің орнына үстеулерді бірін қойыңыз.

.... мен театрға барамын. .... керемет концерт көремін. Концертке досыммен .... барамын. Эстрада әншісі .... ән айтады. Джаз .... жақсы ойнайды. Театрда кісі .... болады. Біздің орындарымыз .... болады. ..... көру үшін біз ... жылжимыз. Концерт бізге ұнайды. .... тағы да театрға барғым келеді.



7-жаттығу. Үстеулерді табыңыз, оған сұрақ қойыңыз.

Жолшыбай жат ел. Ар жағы – Қызылжар. Ауыл арасы болса бір сәрі. Түн ортасы ауа жел бәсіңдеп, бұлт ыдырай бастады. Әр жерде әлденемен шұғылданып ербеңдеген кісі. Сол бір тұста күбірлескен екі адамның сыбыры естіледі. Біз ілгері жүріп кеттік. Даланың өн бойында мыңдап өрген қаптаған мал. Есілдің тұс-тұсынан ағылған халық көз тұндырады. Әріде, қарасудың жағасына өскен қалың талдың ішінде, ағараңдап әлденеше үй және сорайған биік турба көрінеді. Боржабай екеуміз бермен қарай жүрдік. Маған бұл қаладан төмен омбыға поезбен кету қажет.

(Сәбит Мұқанов)

8-жаттығу. Жұмбақтарды оқып, шешуін табыңыз, үстеу сөздерді көшіріп жазыңыз.

1.Таңертең төрт аяқты, түсте екі аяқты, кешке үш аяқты. 2.Қаудыр-қаудыр жарғағым қартайғанша тозбайды.3.Ұзын құйрық сауысқан, бір көлдің суын тауысқан. 4.Кілемнің түрлеріндей жүндері бар, Айбаты жан шыдамас үндері бар. 5.Шаршы бой, сұлу құйрық, қысқа құлақ, келетін зиян қылып бір жері бар.



9-жаттығу. Қазақ тіліне аударыңыз.

1.Сколько человек учится в вашем классе.? 2. Учитель говорит по-казахски быстро, а ученики медленно. 3. Вова живет здесь, а я там. 4.Моя мама встает рано утром. 5.Азамат никогда не опаздывает на уроки. 6.Сколько людей в магазине! 7.Ержан только теперь начал понимать тему урока. 8.Салтанат идет вниз. 9.Давай вместе пойдем на собрание. 10.Посмотри вперед. 11.Иди назад. 12. Я всегда встаю в 6 утра. 13.Послезавтра – выходной. 14. Иногда дети катаются на коньках на Медео.



§7. Шылау

Сөздер мен сөйлемдерді байланыстыратын және өзі тіркескен сөзге қосымша мағына беретін сөз табы.

Септеулік шылау

Белгілі бір септікте тұрған сөзбен ғана тіркесіп қолданылады. Сөздерді сабақтастыра (бағындыра) байланыстырады.

Атау : туралы, сияқты, үшін, сайын, жайында т.б. Мысалы: Отан үшін отқа түс – күймейсің. Жұма сайын үйге қайтамыз.

Барыс: дейін, қарай, тарта, жуық т.б. Мысалы: Түске дейін жүзге жуық хат жібердік.

Шығыс: кейін, соң, әрі, гөрі, бері т.б. Мысалы: Бұдан әрі оның сөзін ести алмадым.

Көмектес: бірге, қабат, қатар. Мысалы: Мен әкеммен бірге кешке шейін жұмыс естедім.


Демеулік шылау

Сөздерді байланыстырмайды. Тек өзі тіркескен сөзге қосымша мағына үстейді.

Сұраулық: ма,ме,ба,бе,па,пе,ше: Мысалы, Қазір жаңбыр жауып кетсе ше?

Күшейіткіш: -ақ,-ау,-ай, да,де,та,те: Мысалы, Үйге кірген сол-ау деймін.

Белгісіздік: -ау,-мыс,-міс,-кейде: Мысалы, Ертеректе бір әулие кісі болыпты-мыс.

Болымсыздық: түгіл, тұрсын, тұрмақ: Мысалы, Бұл есепті сен тұрмақ мен де шығара алмаймын.

Шектік: ғана, тек, кейде, -ақ: Мысалы, олар кеше ғана келіп кетті.

Нақтылау: -ды,-ді,-ты,-ті, ғой: Мысалы, Бұл менің ағам ғой.



Жалғаулық шылау

Сөздер мен сөйлемдерді салаластыра (тең дәрежеде) байланыстырады.

Ыңғайластық: және, әрі, да,де, бен,мен,пен, т.б. Қыста және көктемде күн суық болады.

Қарсылықты: бірақ, дегенмен, алайда, сонда, да т.б. Оның ойлағаны болды, бірақ мәселенің басы шешіле қоймады.

Себеп-салдар: өйткені, себебі, сондықтан, сол үшін т.б. Біз ауылға бара алмаймыз, өйткені демалыс бітіп қалды.

Талғаулықты: не, немесе, я, я (не), болмаса, яки т.б. Бұл істі я мен бітіремін, я сен бітіресің.

Кезектес: кейде, бірде, біресе. Көктемде біресе жаңбыр жауады, біресе күн ысып кетеді.

Шартты: егер, де. Егер ол келмесе, жоспар өзгереді.



1-жаттығу. Көркем әдебиеттен келтірген мысалдардан жалғаулықтарды тауып, олар қызметі жағынан қай жалғаулыққа, жатындығын айтыңыздар.

1.Қыс пенен жаз, күн менен түн, тақ пенен жұп, жақсылық пен жамандық – болды сегіз. (Абай)

2.Көптен бері Абай бұндай намыс пен ыза, алдану мен қиянат, қимастық пен арлану, ұялып арланудың неше қырлы қысымын көрмегендей.

(М.Әуезов)

3.Өзіңді не ажал, не бейнет түртіп келеді екен.

(С.Сейфуллин)

4.Арызымды айтайын, құй болар, құй болмас. (Абай)

5.Өзі де білуге тиіс, дегенмен Сіз ескерте салыңыз.

(З. Қабдолов)

6.Кешке қарсы көп қонақ атқа қонбақшы болып отыр, өйткені ертең Біржан еліне қарай аттанбақ. (М.Әуезов)

7. Алда-жалда ол кетіп қалғандай болса, артынан дереу кісі жібер.

(С.Мұқанов)

8. Диссертацияны ұнатқан болармыз, демек, біз де бірдеңе ойлаған болармыз.

9. Әскерде командир айтты бітті. Ал мұнда басқаша.

10. Егер жау берілмесе, оны құртар болар. (М.Горький)

2-жаттығу. Төмендегі сөйлемдерден септеуліктерді тауып, қандай сөздермен тіркесіп тұрғанын көрсетіңіздер.

1.Басқалар бізден үлгі алсын деп жиналыс сайын қанша қақсадым.

(Ә.Әбішев)

2.Күн сайын менің басымнан бір түк жүнімді алыңдар, сол сендерге әр түрлі тамақ болар. («Қазақ ертегілері»)

3.Жақып Рабиғаны пәтеріне дейін шығарып салатын болды.

(Б.Майлин)

4.Зырқырап оғы кетеді, қалмаққа таман жетеді («Ер Тарғын»)

5.Қабағы бұрынғыдан гөрі қатпарлана түсті (Б.Майлин)

6.Кешеден бері жапалақтап жауған қар бүгін күн еңкейе басылды

(З.Шашкин)

7.Жұмыстан кейін жалғыз ғана жан тыныс – осы (Ғ.Мұстафин)

8.Бұдан бұрын Сатан екеуі Жақыптың жоспарын қарап, қатты ұнатқан

(Ғ.Мұстафин)

3-жаттығу. Төмендегі көркем әдебиеттен алынған мысалдардан демеуліктерді тауып, алдында тұрған сөзге қандай мағына үстеп тұрғанын айтыңыз.

1.Ерте ме, кеш пе, пайдаға ма, зиянға ма, сен де барыңды бересің

(Ғ.Мүсірепов)

2.Егер ісіңді реттеймін деп тұрса ше?

3.Аяғынмен бір сәнмен тым-ақ жеңіл басады (Ә.Сәрсенбаев)

4.Балам-ау, сен конькиіңді жоғалтқан соң, қанша жүрдің

(Ә.Сәрсенбаев)

5.Ел көзінен оңашада екеуі әзілдесіп те алады, ұрысып та ладаы

(Б.Майлин)

6.Онда ашу да, айбар да, күш те қалмаған (Ғ.Мүсірепов)

7.Тоқаштан ол үшін ақы алған жоқ қой (З.Шашкин)

8.Бірен-саран үйшіктердің маңдарында әлсіреген оттар ғана жылтырап көрініп, ақырын күңкілдеген дыбыстар ғана естіледі (С.Сейфуллин)

9. «Үйлесер едік» деп айтады-мыс. (Б.Майлин)

10. Жазғы ауыл түгіл, қысқы қыстауды да бірге салдық. (Ғ.Мүсірепов)

11. Мал екеш мал да жылылықты, рекше күтімді сылап-сипауды біледі

(А. Лекеров)



4-жаттығу. Мына төмендегі мақал-мәтелдерден тұрақты тіркестердегі шылауларды тауып, беріп, тұрған мағыналарын ажыратыңыздар.

1.Арамзаның құйрығы бір-ақ тұтам.

2.Ит иесі үшін жүгіреді,

Құс тамағы үшін ұшады.

3.Көктемде бір тойдым,

Көбік қарда бір тойдым» депті-міс тоқты.

4.Ет жақсысы қарта-ды,

Ол да нәсіліне тартады.

5.Қыз түгіл қызыл шүберек те таба алмайсың.

6.Өзім үшін туғанмын,

Жұртым үшін күйгенмін.

7.Жарлы болсаң да, арлы бол.

8.Істің аяғы біле ме, жігіттің бағы біле ме?

9.Семіздікті қой ғана көтереді.

10.Бір биеден ала да, құла да туады.

5-жаттығу. Мына өлеңді оқып, шылау сөздерді табыңыз.

Мақта,досым!

Мақтайсың туған жердің

Долданған боранын да.

Шіркін-ай, біздің жақтың

Желі де мықты-ау дейсің.

Еске сап сонау шақты

Алдымнан шықты-ау дейсің.

Мақтайсың бұлағын да,

Мөлдіреп ағып жатқан,

Сыбырлап құлағыңа

Айтады ол саған тәтті ән.

Мақтайсың тау, тасын да,

Мақтайсың топырағын.

Мақтай бер, досым менің,

Сол жақтың сай мен өрін.

Өйткені ол туған жерің,

Өйткені ол туған жерің!

(Тұманбай Молдағалиев)

6-жаттығу. Мақал-мәтелдерді оқып, шылау сөздерге көңіл бөліңіз.

Тапқыр сөз тауды да төңкерер. Шірік ағаш басына шыбыш та шығады. Бұлбұлды әні үшін асырайды. Даңқ пен жеңіс – бір туған егіз. Адаспаймын деген жігітті қараңғы түн адастырады. Кім сөйлейді, - онда емес әңгіме, Ең бастысы – айтқан сөзі мәнді ме? Қас дұшпаның шыбындай-ақ болса да, қор санама, асқар таудан зор сана. Бәрі де қонағыңның болсын жаңа, Ескіден қалсын ескі досың ғана. Ерте тұр да атаңды тап, атаңнан соң астыңды тап.



7-жаттығу. Көп нүктенің орнына керекті септеулікті қойып жазыңдар.

Тұсаукесерге ...., той ...., шілдеханадан ...., бесік тойымен ...., қонақтармен ...., тойдан ...., тойға ...., сәби ...., нәрестемен ...., шайға ...., дастарқаннан ...., дәстүр ...., былтырдан .... .

8-жаттығу. Сөйлемдерді жалғаулықтармен толықтырып, аударыңдар.

Қазақ халқы қонақ күтуді ..., қонақ болып қыдыруды ...

қызық көрген.

Қонақ .... өлең айтып, домбыра тартуы керек, .... ертек

айту керек.

Шайды сүт ... қаймақ қосып береді.

Қонақ шақырудың ...., дастарқан жасаудың ..., тойды көңілді өткізудің .... өзіндік үлгісі бар.

Қазақ халқының қонақжайлығын саяхатшылар ...

ғалымдар жоғары бағалаған.

9-жаттығу. Сөз тіркестерін қазақ тіліне аударыңдар.

В течение года, из года в год, вместе с гостями, после праздника, раньше всех, к семи часам, через Астану, до города, как мой ровесник, о сестренке, после чая, чтобы пойти.

§8 Еліктеу сөз

Әр түрлі дыбысқа, құбылысқа еліктеу және олардың бейнесін елестету мәніндегі сөз табы.
Құрамына қарай:

Дара еліктеу сөз: бір ғана түбірден (негізгі немесе туынды) тұратын төл еліктеу сөздер. Мысалы: тарс, күмп, жымың т.б.

Күрделі еліктеу сөз: екі сөздің қосарлануынан жасалған еліктеу сөздер. Мысалы: тарс-тұрс, қисаң-қисаң т.б.

Мағынасына қарай:

Еліктеуіш: түрлі дыбыстарға еліктеуден туындаған еліктеу сөздер. Мысалы: тарс, сарт-сұрт, тасыр-тұсыр, салдыр-гүлдір т.б.

Бейнелеуіш: көру арқылы сипаттайтын еліктеу сөздер. Мысалы: маң-маң, сылқ, жалт, күрт, морт, қисаң-қисаң т.б.
Тұлғасына қарай:

Негізгі еліктеу сөз: бөлшектеуге келмейтін түбір еліктеу сөз. Мысалы: морт, күрс, селк т.б.

Туынды еліктеу сөз: түбірге жұрнақ жалғануы арқылы жасалған. Жұрнақтары: -аң,-ең,-ың,-ің,-ң Мысалы: қиса-ң, елп-ең, ырж-ың т.б.

1-жаттығу. Өлеңді оқып, еліктеуіш сөздерді табыңыз.

Жаз

Жаздыгүні шілде болғанда,

Көкорай шалғын, бәйшешек,

Ұзарып өсіп толғанда,

Күркіреп жатқан өзенге

Көшіп ауыл қонғанда,

Шұрқырап жатқан жылқының,

Шалғыннан жоны қылтылдап,

Ат, айғырлар, биелер,

Бүйірі шығып ыңқылдап,

Суда тұрып шыбындап,

Құйрығымен шылпылдап,

Арасында құлын-тай,

Айнала шауып бұлтылдап,

Жоғары-төмен үйрек-қаз,

Ұшып тұрса сымпылдап,

Қыз келіншек үй тігер,

Бұрала басып былқылдап,

Әзілдесіп сыңқылдап.

2-жаттығу. Мақал-мәтелдерде кездесетін еліктеуіш сөздерді дыбыстық және бейнелеуіш еліктеуіш сөздерге бөліп жазыңыз.

Күн күркіреп басылар, көктің жүзі ашылар. Күн күркіремей, тоң, жібімейді. Жайраң қаққан торықпас, қасіреттен қорықпас. Сұмандаған тіл сырқыраған тіске тиеді. Тоңғақ қазандықтың қасында да қалтырайды. Жылғаның тасы жып-жылы. Баласының былдырын анасы ғана ұғады. Сарқырамаған судан без. Бас сырқыраса, аяқтың ауырғаны ұмыт болар. Далада қар күмісше жалт-жұлт етеді. Қаршыға шап етті. Аспан жарқ етті.



3-жаттығу. Мына еліктеуіш сөздердің сыңарларын тауып жазыңыз.

Зып- , жарқ- , сарт - , жалт- , гүрс- , қарқ- , тарс- , гу- , тырс- .



4-жаттығу. Мына жұмбақтарды көшіріп жазып, еліктеуіш сөздердің астын сызыңыз.

Жардай дәулер соғысты,

Жарқ-жұрқ етіп оқ ұшты. (бұлт пен найзағай)

Жалт-жалт етеді,

Жалмай-жалмай жұтады. (от)

Жылт-жылт еткен,

Жырадан өткен. (су)

Жылт-жылт етеді,

Жүгіріп өтеді. (ине)

5-жаттығу. Мына көркем әдебиеттен алынған мысалдардан еліктеуіш сөздерді түріне қарай ажыратыңыздар.

1.Дәл сол кезде түп қарағаннан аса бере алдына жас қызыл қозы топ ете түсті. Қасқыр тыпырлап жатқан қозыны көре сала ырр етіп барып бас салды.

(М.Әуезов)

2.Шарт-шарт шапалақ былш-былш тиіп жатыр (Ғ.Мұстафин)

3.Тиянақсыз, байлаусыз байғұс қылпың,

Не түсер құр күлкіден жыртың-жыртың (Абай)



§9 Одағай

Дербес мағынасы жоқ, адамның көңіл-күйін білдіретін немесе жануарларға қаратылып айтылатын сөз табы.

Ерекшелігі:

Одағайларда дербес лексикалық мағына болмайды.

Мысалы: пәлі, әттең, ойпырмай т.б.

Одағай сөйлемде басқа сөздермен грамматикалық байланысқа түспейді. Мысалы: Қап, соны күшік кезінде атып тастау керек еді.

Одағай сөйлем мүшесі бола алмайды. Мысалы: Әттең, қазір жанымда әкем болғанда ғой.


Мағынасына қарай:

Көңіл-күй одағайы. (Адамның түрлі көңіл-күйін білдіреді.) Мысалы: алақай (қуану), әттең (өкіну), шіркін (таңдану) т.б.

Жекіру, бұйыру одағайы. (Жекіру, тыйым салу мәнін білдіреді) Мысалы: тәйт, жә, тек т.б.

Шақыру одағайы. (Мал, ит-құсты шақыру не қууға байланысты айтылады) Мысалы: шөре-шөре, құрау-құрау, моһ-моһ т.б



1-жаттығу. Мына сөйлемдерді оқып, одағайлар қай мағынада жұмсалып тұрғанын айтыңыз.

1.Үһ, шаршадым! 2.Ә,Сіз не дедіңіз? 3.Ол аһлап-уһлеп әрең жетті. 4.Сұмдық!Масқара! 5.Құдайға шүкір, жаман тұрмаймыз. 6.Құрап қалғыр! Мені тыңдамай қойды. 7.Мә, саған! Ұмытып кетіппін! 8.Паһ-паһ, неткен дауыс! 9.Әттеген-ай, көре алмадым-ау! 10.Жә, сөзіңнің керегі жоқ! 11.Қап, енді қайда барамын! 12.Ту, Сіз қызық екенсіз! 13.Шіркін, қандай ғажап! 14.Ғапу етіңіз, мына орын бос па? 15.Бәрекелді, жігіттер, осы беттеріңнен қайтпаңдар!



2-жаттығу. Көп нүктенің орнына қажетті одағайды қойыңыз.

....., домбыраны жақсы тартады екенсің! 2. ...., әрең

көтерілдім! 3. ....., Жаңа жыл! 4. ...., баста! 5. ...., сөзді қой! 6. ...., сені кім шақырды? 7. ...., кесені ал! 8. ....., не істеп тұрсың? 9. ...., солай ма? 10. ...., бұл кім өзі? 11. ...., мен кешігіп қалдым! 12. ....., қашан адам боласың? 13. ...., енді қайттім? 14. ...., әнді керемет айтады екенсің! 15. ...., қойыңызшы!

3-жаттығу. Қазақ тіліне аударыңыз.

1.Боже, кто это? 2. Ура, весна наступила! 3. На, возьми книгу! 4.Браво, у тебя хороший голос! 5. Прекрати реветь! 6. Ну, посмотри на меня! 7. Надо же, я опоздала на поезд! 8. Эй, иди сюда! 9. Ага, проголодался! 10. Надо же, опоздал на автобус!



4-жаттығу. Мына өлеңді оқып шығыңыз, одағай сөздердің нелерге байланысты келгенін айтыңыз.

Қой баласы – қоңырым,

Ұя бұзбас момыным.

Шопан ата түлігі

Қошақаным қайдасың?

Пұшайт-пұшайт!

Жолға шықсам көлігім,

Жапанда жүрсем серігім,

Қамбар ата өсірген

Құла атым менің қайдасың?

Құру-құру!

Жүнін жұлса бақырған,

Ешкі атасын шақырған.

Өрісте өскен жануар –

Шөкетайым қайдасың?

Шөре-шөре!



5-жаттығу. Аухау-аухау, Ал!, Ойбай!, Бәсе!, Алақай!, көс-көс, апыр-ай, ойпырмай, қап, шөре-шөре одағайлармен сөйлем құраңыз.

6-жаттығу. Қарамен жазылған сөздерді теріп жазыңыз. Одағайдың қай түріне жататынын айтыңыз.

Мә, саған керек болса! менің ақылымды көрмек

болып едің ғой, ал енді көр! – деп жекіріп қояды бала. О, бәрекелді, мынау қандай ер еді? Бұл кім өзі? – деп ол фонарын Шекердің бетіне жақындатты. Әй, сен ақымақтанбай сөз тыңдашы, - деп Тайман жанына жақын келе беріп еді, Сайран екі құлағын басып жата қалды.

Па, сабаз-ай! Соғысқа барсаң, оққа қандай тез ұшар

екенсің, ә? – деп еді, Сайран жалт қарады. Ә, қойшы, тақылдамай. Осы сендер қызықсыңдар, қолдағы машинаны жүргізе алмай отырып, мидағы машинаны жүргізем дейтіндерің не осы?

Пай, пай шіркін, жастық-ай, кейде көзді де байлап

тастайсың-ау! О, қойыңыз, - деді де Абзал Мырқалдың қасынан тұрып кетті.

(Әлжаппар Әбішев)

7-жаттығу. Төмендегі көркем әдебиеттен алынған мысалдардан одағайларды тауып, қандай мағынада жұмсалып тұрғанын айтыңыздар.

1.Бәрекелді, жігіттер, осы беттеріңнен қайтпаңдар (Ғ.Мүсірепов)

2.Әй, сол ма, тәйірі. Тайборы не істей алушы еді (Ғ.Сланов)

3.Әй, бәрің маған қарап қалыпсыңдар... О, не болғанымыз, үндеспей қалғанымыз (Ғ.Мүсірепов)

4. – Қап, жер соқтырды-ау! – деп, Жамантайдың әкесі күйініп жылап тұр (З. Иманбаев)

5. Ертеменен айқайлап,

Қайда екен деп ақылдым,

«Аухау-аухау», ауқаулап –

Қай төлді мен шақырдым?

Шұнтыңдаған неме деп,

Қойса жақсы келер деп,

«Шөре-шөре», шөрелеп –

Қай төлді мен шақырдым?

Жүрмесін деп қалыс қап,

Қайта-қайта дауыстап,

«Қауыс-қауыс», қауыстап –

Қай төлді мен шақырдым?

Құйрық-жалы суылдап,

«Құрау-құрау», құраулап –

Қай төлді мен шақырдым? (Ә.Ахметов)




Пайдаланылған әдебиеттер

Ш. Бектұров. Қазақ тілі. - Алматы, 2006.

А. Ысқақова. Қазақ тілі. – Алматы, 1994.

С. Кенжеахметов. Жеті қазына. – Алматы: Ана тілі, 1997.

Б. Адамбаев. Шешендік сөздер. – Алматы: Өнер, 1992.

Ш. Бектұров. Казахский язык для всех. – Алматы «Атамұра», 2004.

Г. Жолдасова, М. Нұрмұқашева. Қазақ тілінен жұмыс дәптері. – Астана «Фолиант», 2008.

Ш. Бектұров, А. Бектұрова. Қазақ тілі. – Алматы, «Атамұра», 2008.

А. Смайлова. Қазақтың мақал-мәтелдері. – Алматы: «Көшпенділер», 2012.

Қ. Ибрагимов, Б. Базарғалиева. Қазақ тілі. – Алматы: «Шың-кітап», 2006.

М. Қараев. «Қазақ тілі. Фонетика. Лекикология. Морфология. Синтаксис». Алматы, «Ана тілі», 1993.

Ш. Әбішева. «Сөз таптары». Орыс бөлімдеріне арналған көмекші құрал. Алматы, 2004.



Мазмұны

Алғы сөз.........................................................................................................3

Морфология туралы ұғым............................................................................4

§1 Зат есім......................................................................................................6

§2 Сын есім..................................................................................................13

§3 Сан есім...................................................................................................22

§4 Есімдік.....................................................................................................25

§5 Етістік......................................................................................................29

§6 Үстеу........................................................................................................41

§7 Шылау......................................................................................................45

§8 Еліктеу сөз...............................................................................................51

§9 Одағай......................................................................................................53



Пайдаланған әдебиеттер тізімі...................................................................57

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет