Салыстырмалы-тарихи әдісті қолданушылар тілдің өткенін зерттеуге, болған-болмағаны беймәлім, жорамалдан туған ата тіл (праязык) дегенді табуға баса назар аударды. Сөйтіп, тілдің қазіргі күйін, оның жүйелік, құрылымдық сипаттарын айқындауға жете мән бермеді.
Бұл әдіс тілдің лексикасын, семантикасы мен синтаксисін зерттеуде айтарлықтай жеміс бере алмады.
Туыстас тілдердің бір-біріне жақын, ұқсас келмейтін фактілері ескерусіз қалды. Анықталып, түпкі төркіні табылды деген тілдік элементтердің көпшілігінің қай тарихи кезеңге жататынын және қай тілде солай болғанын тап басып айту мүмкін болмады.
Бұл әдіс бірнеше тілдер фактілеріне сүйеніп қана қорытынды жасады, тілдердің басым көпшілігі, әсіресе туыстығы белгісіз тілдер зерттеуден шет қалды.
Туыстас тілдер фактілерін салыстыруда ол фактілердің хронологиялық жақтарына жете мән берілмеді, көп жағдайда өзара жалғаспайтын, бір-бірінен алшақ жатқан дәуірлер фактілері салыстырылды.
Тілдік фактілерді салыстырғанда сол тілдердің иесі болып табылатын қауым тарихына жеткілікті мән берілмеді.