Пресс –анонс «ШАҢырақ» театрында: 28 маусым күні – «МҰҢмен алысқан адам»



Дата15.09.2017
өлшемі73,04 Kb.
#33692
Еуразия ұлттық университеті

Баспасөз қызметі

Тел.: +7 (7172) 709-548, 709-500 (вн.31-116,)
Пресс –анонс
«ШАҢЫРАҚ» ТЕАТРЫНДА: 28 МАУСЫМ КҮНІ – «МҰҢМЕН АЛЫСҚАН АДАМ»
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттік «Шаңырақ» театры 2009 жылы құрылған.Театр репертуарында Қ.Жүнісовтің «Ғашықтар хикаясы» комедиясы, Қ.Қасымовтың «Тамаша айым тамызым» монодрамасы, М.Байжиевтің «Тіл табысқандар» комедиясы, Ә.Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» психологиялық драмасы, «Махаббат қызық мол жылдар», «Желсіз түнде жарық ай», «Ғасыр дерті» т.б. қойылымдары бар. Театр мүшелері аймақтық және республикалық «Оралхан Бөкей», «І.Жансүгіров», «Абай», «Мұқағали», «Махамбет» атындағы көркемсөз оқуларының жеңімпаздары.Театр әкімшілігінен басқа әртістер саны 23 студент.Олар университеттің қоғамдық, шығармашылық өміріне сүбелі үлес қосып, мәдени іс-шараларға белсенді атсалысып келеді. Атап айтқанда, «1 қыркүйек - Білім күні», «Студенттер қатарына қабылдау», «Тәуелсіздік күні», «Жаңа жыл», «Наурыз», «Жеңіс күні», «Астана күні» мерекелерінде және дәстүрге айналған «Еуразия дауысы», «Қыз Жібек», «Ер Жігіт», «EnuVISION» байқауларында да тамаша өнер көрсетуде. Әзірге жеткен жетістігі көп емес, бірақ Павлодар қаласында өткен Әуесқой жастар мен студенттердің театр ұжымдарының республикалық фестивалінде ІІ орынды иеленуі болашағынан үміт күттіретіні анық.

Театр ұжымының «Шаңырақ» деп аталуының өзінде үлкен сыр бар. – Қазақ баласы үшін шаңырақ қастерлі де қасиетті ұғым, - дейді театрдың Бас режиссері Жамбыл Тілепов. – Қазақ өніп-өскен, кіндік қаны тамған туған жерін «Алтын шаңыраққа» балаған. Осы ойды әсте естен шығармаған, ұлттық құндылықтарымызды қадір тұтатын өнерпаз жастар уық болып иіліп, бар жан-тәнімен өнердің шаңырағына қызмет етпек мақсатты көздейді. «Шаңырақ» театрының басты мақсаты мен міндеті – өнерге деген махаббатты тану арқылы жастар бойындағы өмірге деген құштарлықты арттыра отырып, үлгі боларлықтай туындылармен халықтың жүрегіне жол табу, адамдық құндылықтар мен асыл қасиеттерді ояту, көпшілікке рухани азық сыйлап, эстетикалық тәрбие дарыту, - дейді ол.

«Шаңырақ» театры 28 маусым күні Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде драматург Жолтай Әлмашұлының «Мұңмен алысқан адам» драмасын ағылшын тілінде сахнаға қояды. Мұнда кешегі репрессия кезінде шетелге кеткен отбасының отанына деген сағынышынан бөлек мұңмен алысқан адамның тағдыры жатыр. Қысқаша мазмұнына тоқтала кетсек, өткен ғасырда тағдырдың тәлке­гі­мен туған елінен ауып кеткен көп қазақ­тың бірі – Асан қарт. Драмадағы «мұңмен алысқан адам» да осы кісі. Жағдайы жақсы, ішіп-жемі мол, берекелі шаңырақтың ұйытқысы болып Парижде өмір сүріп жатқан қарт алыста қалған атамекенді аңсап, үнемі сағыныш құшағында күн кешеді. Бар арманы – туған жерге табанын тигізіп, ауасын жұту, топырағын сүю… мәңгіге құшағында қалу. Бұл арманының орындалуы үшін өмірді тек қана ақшамен өлшейтін, қарым-қатынасын бақай есеп­ке құрған ұлы Маратты да, оның француз жары Эльция мен немерелерін де тәрк етуге бар. Әрине, бұл ойы спек­такль барысында айтылмайды, көрермен оны өз жүрегінен өткізуі тиіс. Кіші ұлы Елжанмен арадағы әңгімеден соң әкесінің тілегі екі ұл мен одан тарайтын немерелердің ортасында шалқып-тасып, шайқап ішіп өмір сүру емес екені әбден айқындалады. Елден кеткенде он жасқа да тола қоймаған баланы уақыт шіркін арада жетпіс жыл өткенде Асан қартқа айналдырғанымен, қарттың басқа топырақта тамыр жая алмағаны белгілі болады.

«Қоңырбүбі анаң есің кіре баста­ған­да қазақтың ертегілерін, жыр-дас­тандарын жатқа айтып отыратын. Қазаққа тән салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты насихаттайтын. Анаң марқұм сен қазақша ойлап, қазақша сөйлесін деп көп тырысып еді-ау! Ал мен жастықтың әсерімен бұған аса мән бермейтінмін. Мараттың француз мектебінде оқып, французша ойлайтынын да қаперге алмағам. Енді бәрі кеш», деген Асан қарт Елжанға өзін туған жерге алып баруды, туған халқымен қауыштыруды өтінеді. Сахнадағы тартыс қазақша тәрбиеленген Елжан мен французша тәрбие алған Мараттың арасында өрбиді. Бір қарасаң, бір кіндіктен өрбіп, бір құрсақтан тараған туған бауырлар. Бірі әкесін туған топыраққа алып барып, сол арқылы өзіне де беймәлім қазақтың арасында ғұмыр кешуді көксесе, енді бірі бизнесі үшін Парижді қолайлы көреді. Ешқайда көшпек емес, бизнесін өркендетуге себепші болған жары Эльциямен бірге әлемнің дамыған қалаларының бірінде қалып, бала-шағасының шалқып өмір сүруі үшін ары қарай да еңбектене бергісі келеді.

Оқиға барысында Асан қарт, кіші ұлы Елжан мен оның жары Маржан, сондай-ақ, қарттың кекілді немересі алып-ұшқан сағынышпен, туған хал­қы­на деген қалтқысыз пейілмен Түркістан­ға келеді. Асан үрім-бұтағын ертіп келді екен деп күтіп отырған ешкім жоқ. «Елі­ме барғанда тым құрығанда мені бір адам таныса, шіркін!» деген ар­­манының да күлі көкке ұшады. Бейта­­ныс қала, жұпыны адамдар, жолында кездескен жандардың күнкөрістік деңгейдегі арман-мұраты Асан қарттың да, оның ұлының да еңсесін езеді, санаға сал­мақ салады. Қойылым соңында Асан қарттың «Туған топырағымда мәңгіге қалсам» дейтін арманының орындалып, көп өтпей-ақ қайтыс болғаны Елжанның аузымен айтылады. Егемендігін алып, еңсесін тіктеп келе жатқан жас мемлекетте, ең бастысы – өзінің туған халқының арасында қалуға Елжан да бел байлайды.

Қысқасы кеңестік кезеңде амалдың жоқты­ғынан туған жерді тастап, жер ауып кет­кен мыңдаған көңілі жаралы қандас­тарымыздың тағдыры бір әулет қарты­ның ішкі күйзелісі мен жан толқынысы арқылы сахналанады.



Бұл жазушы-драмтургтің алғашқы туындысы емес, Жолтай Әлмашұлы – ұзақ жылдардан бері тынбай еңбектеніп, өндірте жазып жүрген қаламгерлердің бірі. Әдебиетке өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңында келген ол мемлекеттік қызмет пен шығармашылық жұмысты қатар атқарып келеді. Қаламгерлікті кәсіби журналистикадан бастаған Ж.Әлмашұлы әуелі балалар жазушысы ретінде танылды, тарихи тұлғалардың өмір жолына арналған деректі дүниелер жазумен де айналысты. Көркем прозаға да қалам тартып, екі роман, үш әңгіме-хикаяттар жинағын шығарды. Бұлардың арасында «Күлкі мен көз жасы» атты романын айрықша айта кеткеніміз жөн. Бір ұрпақтың жарты ғасырлық тарихын жан-жақты суреттейтін бұл роман оқырмандар мен сыншылар тарапынан өзінің лайықты бағасын алған еді.
Соңғы он жылдан астам уақыттан бері Жолтай Әлмашұлы драматургия жанрына батыл бет бұрып, жемісті жұмыс істеп жүр. Ол осы кезеңде жиырмаға жуық драмалық шығармалар жазды. Бұл пьесаларының біразы Қызылорда, Түркістан, Жетісай театрларында сахналанды. Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы сазды-драма театры оның «Бәйтерек басындағы кездесу» атты пьесасын сахналап, «Конгрес-холда» екі мыңдай көрерменнің назарына ұсынды. Бұл қойылымның театр өнеріндегі жақсы жаңалықтардың бірі болғаны баспасөз беттерінде әлденеше рет атап көрсетілді. Ал «Тірі жан» пьесасы драмалық шығармалар байқауында жүлде алды. «Бақа бейнелі бала» атты психологиялық драмасы Қырғызстанда өткен Орта Азия драматургтері пьесаларының жәрмеңкесінде арнайы сертификатқа ие болды.

Сөз соңын театрдың «Шаңырағымыз биікте шарықтай берсін, Көрерменіміз қойылымды жалықпай көрсін, Қыранымыз көкте қалықтай берсін!» деген өз ұранымен аяқтағымыз келеді.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет