III. Жаңа материалды түсіндіру 1. Халық болып қалыптасу үдерісі Халықтың қалыптасуы өте күрделі, сан қырлы мәселе. Өткен сабақтарда біз Қазақстан жерін сонау қола дәуірінен бастап мекендеген тайпаларды, олардың түр - әлпеті, тілі, мәдениеті қандай екендігін қарастырдық. Әрине, қола дәуірінде, яғни бұдан 3 - 4 мың жыл бұрын өмір сүрген андрондық тайпаларды біз қазақ халқының тікелей ата тегі деп атай алмаймыз. Одан бергі сақ, ғұн, үйсін, сармат тайпаларын да тек қазақтың ата тегі деп түсіну тарихқа қиянат болар еді. Тіпті түркі тайпаларының өзі Орталық Азия, Еділ бойы халықтарына, қала берді сонау солтүстік - шығыстағы Колымадан оңтүстік - батыстағы Балқан түбегіне дейін шашырап жатқан түркі жұрттарының шығу тегіне қатысы болғандығын есте сақтау керек. Еуразияның кең-байтақ төсінде өзінің тарихи аумағын, мәдениеті мен тілін, дінін қалыптастырған қазақ деген халықтың күні кеше ғана пайда болмағандығы белгілі. Қазақ халқының нәсілдік - генетикалық, мәдени тегінде сонау андрондықтардан бастап үзілмей келе жатқан бір желі бар екендігін анық байқаймыз.
Халықтың халық болып қалыптасуы үшін қажетті бірнеше шарт бар.1. халықтың өзіне төн мәдениетінің қалыптасуы; 2. халық мекендеген аумағының қалыптасуы; 3. өзін бір халықтың өкілі санайтын елдік, халықтық сананың орнығуы; 4. халықтың тілінің қалыптасуы; 5. халықтың ортақ атауының қалыптасуы; 6. халықтың өзіне тән антропологиялық бет пішінінің қалыптасуы. Осы аталған халықтық белгілер, әсіресе этностық, нәсілдік -генетикалық, мәдени, тілдік қасиеттер ұзақ тарихи дамудың нәтижесі. Ал этностық аумақ, этностық сана, халықтық этноним этногенездің соңғы кезеңіне қарай қалыптасты.
Антрополог О.Смагуловтың пікірі бойынша сақ, сармат, үйсін тайпаларының келбеттері андроновдықтарға ұқсас болған. Қазақстанға шығыстан келген ғұн тайпаларының жергілікті тайпаларымен (сақ, сармат, үйсін т.б.) араласуының нәтижесінде монғолоидтық белгілері дами бастады. Ғұндардың антропологиялық келбеті. ХІІІ ғасырдың басындағы монғол шапқыншылығы осы кездегі халық болып қалыптасу барысын бұзады.