Психика және сана психиканың дамуы және оның негізгі кезеңдері



Дата04.02.2020
өлшемі42,41 Kb.
#57153
Байланысты:
ЛЕКЦИЯ 2

ПСИХИКА ЖӘНЕ САНА

  1. Психиканың дамуы және оның негізгі кезеңдері.

  2. Ми және психика.

  3. Сана және оның дамуы.

Адам саналы жан иесі. Сана адамзат өмірінің ажырамас атрибутын құрайды. Адамның саналы өмірінің ерекшелігі оның өзін, айналасындағылардан өз “Менін” ажырату, өзінің ішкі дүниесін жасау қабілетінде. Нақ осы қабілет жануарлар (шынайы-табиғи) мен адамзат (қоғамдық-тарихи) өмірі арасындағы айырмашылық шегін анықтайды. Бұл қабілетті Тейяр де Шарден адамзат санасының өзегі ретінде түсіне отырып, рефлексия деп атады.



Психикалық дамудың жоғары деңгейі ретіндегі сана. Қазіргі психологияда сана қоғамдық – тарихи жан иесі ретіндегі адамға ғана тән психикалық бейнелеудің және өзіндік бақылаудың жоғары деңгейі ретінде қарастырылады. Сананың басты қызметі әрекеттерді ойша құру және олардың салдарын алдын ала көру, жеке басының мінез-құлқын бақылау және басқару, қоршаған ортада, өзінің ішкі дүниесінде болып жатқан жағдайлар туралы өзіне - өзі есеп беру қабілеті болып табылады.

Сана бізді қоршаған дүние туралы білімдер жиынтығынан тұрады. Сана құрылымына танымдық процестер кіреді, осы процестің көмегімен адамдар өз білімдерін үнемі байытып отырады. Аталған процес қатарына түйсік және қабылдау, ес, қиял және ойлау кіруі мүмкін.

Сана қызметтері іс-әрекет мақсаттарын және әрекеттерді алдын ала ойша құрастыруымен нәтижеленеді, яғни бұл адам мінез-құлқы мен іс-әрекетін саналы басқаруды қамтамасыз етеді.

Сананың келесі қасиеттерін бөледі: қатынастарды құру, таным және әсерлену. Осыдан сана процестеріне ойлау және эмоциялар кіреді. Ойлаудың басты қызметі сыртқы дүниедегі құбылыстар арасындағы объективті қатынастарды анықтау болса, эмоцияның негізгі қызметі – адамның заттарға, құбылыстарға, адамдарға субъективті қатынасының қалыптасуы. Сана құрылымында қатынастың бұл түрлері бірігіп, мінез-құлықтың ұйымдасуын, сондай-ақ өзіндік бағалау мен өзіндік сананың терең процестерін анықтайды.



Сана адамда тек әлеуметтік байланыс орнатуда ғана дамиды. Филогенезде адам санасы дамыды, табиғатқа белсенді өзара әсер ету және еңбек әрекетін жасау жағдайында қалыптасты.

Сананың эпицентрі өз “Менін” ұғыну болып табылады. Сана: 1) болмыста туындайды, 2) болмысты бейнелейді, 3) болмысты жасайды.

Сана функциялары: 1) бейнелеуші, 2) тудырушы (шығармашылық-креативті), 3) басқарушы-бағалаушы, 4) рефлексивті – негізгі қызмет, сананы сипаттайды. Рефлексия объектісі мыналар болып табылады: 1) дүниені бейнелеу; 2) олар туралы ойлау, 3) адамның өз мінез-құлқын басқару тәсілдері; 4) рефлексия процестері; 5) өзінің жеке санасы;

Өзіндік сана. Өзіндік сана психика құрылымы мен сана құрылымында айрықша орын алады. Өзіндік сана – адамның өз білімдерін, сезімдерін, мінез-құлық және іс-әрекет мотивтерін бағалауы. Өзіндік сана рефлексиямен тығыз байланысты және кеңестік психолог В.С.Мерлиннің пікірінше, төрт негізгі компоненттерден тұрады:



  • өзін басқа дүниелерден айыру;

  • “Менін” ұғыну;

  • өзінің психикалық қасиеттерін, эмоциялық өзіндік бағалауын ұғыну;

  • қарым-қатынас және іс-әрекет арқылы жинақталып, тәжірибе негізінде қалыптасқан әлеуметтік-адамгершілік өзіндік бағалау, өзіндік құрмет;

Қазіргі ғылымда өзіндік сананың пайда болуына түрлі көзқарастар бар. Соның ішінде өзіндік сананы адамның өзіндік түйсігіне, өзіндік қабылдауына негізделетін адамзат санасының генетикалы бастапқы түрі ретінде түсіну дәстүрлі болып табылады. Өзіндік сана ерте сәбилік шақта балада өзінің физикалық тәні, өзін айналасындағы дүниелерден айыру туралы тұтастай түсінік қалыптасқаннан-ақ пайда болады.

С.Л. Рубинштейн көзқарасы бойынша өзіндік сана – сананың дамуы нәтижесінде пайда болған сананың жоғары түрі. Сана өзіндік санадан, «Меннен» туындамайды, өзіндік сана тұлға санасының дамуы барысында пайда болады.



Өзіндік сана өлшемдері: 1) өзін ортадан бөліп қарау, өзін субъект ретінде ұғыну (физикалық ортадан, әлеуметтік ортадан); 2) өз белсендігін – “Менін” ұғыну, өзін басқару; 3) өзін “өзгелер” арқылы ұғыну (“Менің өзгелерден көргенім, менің де қасиетім болуы мүмкін”); 4) өзін моральды бағалау, рефлексияның болуы - өзінің ішкі тәжірибесін ұғыну;

“Бейсаналық” ұғымы. Сана адам психикасында маңызды роль алғанымен, барлық психикалық өмірді қамти алмайды. Сана адамның ішкі дүниесінде өтетін процестердің басым бөлігін ұғына бермейді. Ұғынылмайтын психикалық процестер, операциялар және күйлер психикалық дүниенің айрықша сферасын құрайды және ол бейсаналық (санадан тыс) деп аталады. Психиканың бейсаналық деңгейінде субъект жасайтын әрекетті ерікті бақылау, олардың нәтижесін бағалау мүмкін емес.

МИ ЖӘНЕ ПСИХИКА
Нерв жүйесі организмнің барлық бөліктерінің жұмысын үйлесімді басқарады және адамды қоршаған ортамен байланыстырады, организм осы фактор арқылы әр нәрсенің ерекшеліктеріне сай қимыл-әрекет жасауға және ортаға бейімделуге мол мүмкіндік алады.
Адамның нерв жүйесі орталық және шеткі бөлімдерден тұрады. Шеткі нерв жүйесі – орталық нерв жүйесін дененің түрлі бөлімдерімен және ішкі мүшелермен байланыстыратын нерв талшықтарының жиынтығы. Орталық нерв жүйесі денедегі барлық ағзалар мен физиологиялық жүйелер қызметін, зат алмасуын реттеп отырады, әрекеттер мен үрдістерді сыртқы орта құбылыстарына бейімдеп, тіршіліктің белгілі бағытта өтуін қамтамасыз етеді. Орталық нерв жүйесі (ОНЖ) бас миы мен жұлыннан тұрады. Жұлын омыртқаның ішінде орналасқан нерв ұлпаларынан тұрады. Жұлында туа біткен шартсыз рефлекстер орталығы орналасқан. Ол адам денесі мен аяқ-қолдарының, ішкі мүшелерінің бұлшықет қозғалысын басқарады. Ми - орталық нерв жүйесінің жоғары бөлімі болып табылады. Ол бас сүйегі ішінде орналасқан, күрделі құрылым. Ми жұмысы қан арқылы үздіксіз зат алмасудан тұрады. Ми қуатты, нәрлі заттар мен оттегін ұсақ қантамырлардан, капиллярлардан алады. Осылайша, ми мол мөлшердегі қанмен жабдықталады. Ми қызметі ер адамдар мен әйелдерде, әр түрлі нәсілдерде, этникалық топтарда, тіпті бір отбасының ішінде әр түрлі болып келеді. Бұл өзгешеліктер едәуір тұрақты, әрі ұрпақтан ұрпаққа сақталып, биологиялық түр ретіндегі адам миының өзгермелілігінің маңызды сипатына айналуы мүмкін. Ми салмағы жаңа туған балада 350 г, ересек ер адамдарда орта есеппен 1400 г, ал әйелдерде – шамамен 1250 г құрайды.

Мидың бірнеше бөлімдері бар: омыртқадағы жұлынмен байланысқан сопақша ми үстінде орталық ми, мишық, одан жоғары аралық ми орналасқан. Сопақша мида тынысалуды, жүрек-қантамырлар қызметін, қан айналым, асқорыту мүшелерінің қызметін басқаратын орталық орналасқан. Ортаңғы ми кеңістікте дене қозғалысының үйлесімін реттейді. Мишық денені белгілі күйде ұстап, бұлшықеттердің қозғалыстарын, тепе-теңдікті, координацияны басқарады. Сопақша ми мен ортаңғы мида ерекше нервті ұлпа ретикулярлық формация (торлы түзілім) орналасқан. Ретикулярлық формация көптеген психикалық процестер мен қасиеттерді басқаруда маңызды орын алады. Ретикулярлық формация мидың электрлік белсендігіне, ми қыртысының функционалды күйіне, қыртысасты орталықтарына, мишыққа және жұлынға үлкен ықпалын тигізеді. Сонымен қатар, негізгі өмірлік процестер болып табылатын қан айналым және тыныс алу қызметтерімен де тікелей байланысты.

Ретикулярлық формацияны организм белсендігінің қайнар көзі деп жиі айтады, себебі аталмыш түзілім қалыптастыратын нервтік импульстер ағзаның жұмысқа жарамдылығын, ұйқы күйін немесе сергектікті анықтайды. Ретикулярлық формациямен жасалатын нервтік импульстер өзінің амплитудасы мен жиілігі бойынша ерекшеленеді, ол өз кезегінде ми қыртысының функционалды күйінің кезеңдік алмасуына мүмкіндік жасап, біртұтас организмнің күйін анықтайды.



Аралық ми – барлық омыртқалы жануарлар мен адам миының бір бөлігі. Ол алдыңғы ми көпіршіктерінің артқы бөлігінен дамыды. Аралық ми орта мидың алдында тұрады. Оған: иіс сезу, көру, есту, дәм сезу, тері, ет және сіңір рецепторларынан импульстер келіп, одан әрі мидың басқа бөліктеріне тарайды. Бұл мида организмдегі су, тұз, көмірсу, май алмасу және дене жылылығын т.б. физиологиялық құбылыстарды басқарып тұратын вегетативтік жүйке орталығы бар. Аралық мида екі маңызды құрылым: таламус және гипоталамусты бөледі. Таламус барлық сенсорлық жолдардың коллекторы. Гипоталамус организмнің ішкі ортасының (клеткалааралық сұйықтық) тұрақтылығын сақтауды қамтамасыз ететін маңызды орталық болып табылады. Гипоталамус жүрек-тамыр, ішкі сөлініс бездер, ас қорыту, бүйректер қызметін, зат алмасуын, несепті шығаруын реттейді, дене қимылдарының вегетативтік өзгерістерін қамтамасыз етеді.

Орталық нерв жүйесі нервтік клеткалар түзілімі – нейрондардан тұрады. Нейронның негізгі бөлімдері: оның денесі, талшықтары және ұштары. Нейрон денесі клеткалық (жасуша) плазма (цитоплазма) жиынтығынан тұрады, онда генетикалық ақпаратты тасымалдаушы – ядро және клеткалардың қызметін қамтамасыз етуге қажет энергия генераторлары – митохондрия орналасқан. Ядроның беті мембрана деп аталатын қабықпен қапталған. Мембрана нерв клеткаларының қоршаған ортамен алмасуын қамтамасыз ететін күрделі биоэлектрлік процестер құрылымы болып табылады.

Нерв клеткаларының талшықтары цитоплазма өсінділері болып табылады, олар өткізуші жолдар қызметін атқарады. Талшықтардың екі түрі бар: ағаш тәрізді бұтақтанған қысқа талшықтар дендриттер және ағаш тәрізді ірі, ұзын бірақ аз талшықтанған, синапсқа жалғасатын талшықтар аксондар деп аталады. Нерв талшықтары ақ түсті миелинді қабықпен қапталған, ол нерв бойымен импульстердің жылдам өтуіне мүмкіндік береді. Нерв клеткаларының бір-бірімен қосылған, байланысқан орны синапс деп аталады. Синапс арқылы қозу бір нерв клеткасынан басқа нерв клеткаларына өтеді. Нервтер қозуды түрлі дене бөліктерінен бір бағытта миға жеткізеді (орталыққа жеткізуші нерв) немесе мидан дененің түрлі бөлімдеріне (орталықтан тепкіш ) өткізеді.

Мидың екі жарты шар қыртысын (оң және сол) төрт бөлікке бөледі: маңдай, төбе, желке және самай. Маңдай бөлігі эволюция процесінде кеш пайда болған, ол адамдарда ғана терең дамыған, адам миының ең айрықша бөлігі. Маңдай бөлігі зақымданғанда адам саналы түрде іс-әрекет жасай алмайды. Қарапайым арифметикалық есептерді шығара алмайды, жазу техникасын жоғалтады. Мұндайда адам автомат тәрізді болып қалады. Өзінің жасап жүрген ісіне, жүріс-тұрысына есеп бере алмайды, яғни өзін-өзі басқара білмейді. Мидың қалған бөліктері сезім мүшелерінен келіп түскен ақпараттарды қабылдайды, өңдейді, сақтайды. Желке бөлігінде көру орталығы, самай бөлігінде есту және иіс сезу орталығы, ал төбе бөлігінде тері түйсіктері (жылы, салқын, қысым), қозғалыс орталығы орналасқан.

Оң және сол жарты шарлар атқаратын қызметіне қатысты симметриялы болмайды. Мәселен, сол жақ жарты шар дененің оң жағын, оң жақ жарты шар дененің сол жағын басқарады. Сол жақ жарты шар сөйлеу және сөйлеу қызметімен байланысты оқу, жазу, есептеу, логикалық ес, сөздік-логикалық немесе абстрактылы ойлау, басқа да психикалық процестер мен күйлерді ерікті сөйлеу іс-әрекетімен басқаруда жетекші орын алады.

Сөйлеу өте күрделі қызмет атқарады, осыған байланысты тек адамның ми қыртысында дифференциацияланған сөйлеу орталықтарын бөлуге болады: өзгенің сөзін естуге және түсінуге мүмкіндік беретін сөйлеуді естіп қабылдау орталығы (Вернике орталығы деп аталады) және сөйлеудің қозғалыс орталығы (Брока орталығы деп аталады). Мидың бұл дифференциацияланған орталықтары адам психикасы мен мінез-құлқын басқаруда айрықша рөл атқарады. Сонымен қатар, адам психикасын басқаруда маңызды орын алатын басқа да орталықтар бар. Мысалы, сана, ойлау, мінез-құлықтың қалыптасуы, еріктік бақылау мидың маңдай бөлімінің қызметімен байланысатын префронталды және премоторлы деп аталатын бөліктермен байланысты.

Сонымен, біз адамның нерв жүйесі ағзаның барлық іс-әрекетін басқаратын, реттейтін жүйе қызметін атқарады деп тұжырымдауымызға болады. Адам нерв жүйесі арқылы сыртқы орта туралы ақпарат алып, оны талдап, мінез-құлықты сол жағдаятқа ыңғайлауға, яғни сыртқы ортаның өзгермелі жағдайларына бейімдеуге мүмкіндік алады.
ЖАНУАРЛАРДАҒЫ ПСИХИКАЛЫҚ БЕЙНЕЛЕУДІҢ ДЕҢГЕЙІ МЕН САТЫСЫ ЖАЙЛЫ А.Н.ЛЕОНТЬЕВ, К.Э.ФАБРИ БОЛЖАМЫ

Тірі организмдерде психика нышанының пайда болу критериясы - сезгіштіктің болуы (А.Н.Леонтьев). Өмірде қажет тітіркендіргіштер (тамақ, қауіптілік) үшін сигнал болып табылатын қоршаған ортадағы тітіркендіргіштерді (дыбыс, иіс т.б) сезіну қабілетінің болуы психика нышанының өлшемі болып табылады;

А.Н. Леонтьев бейнелеудің айрықша формасы ретіндегі психика туралы түсініктерге негізделе отырып, психика критерийлерін тұжырымдады. А.Н. Леонтьев пікірінше, психика сигналдарды сезіну қабілетіне ие болғанда ғана пайда болады.

А.Н.Леонтьев бейнелеудің психикалыққа дейінгі деңгейі мен психикалық деңгей арасындағы айырықты тітіркенгіштіктен сезгіштікке өту деп қарастырды. Ол тітіркенгіштікті организмнің тіршілікпен тікелей байланысты биологиялық маңызды (биотикалық) әсерлерді сезіну қасиеті ретінде қарастырды. Сезгіштік әсерлерді сезінетін организмнің қасиеті ретінде анықталды. Сезгіштіктің болуы, Леонтьевтің пікірінше, психиканың пайда болуының алғашқы белгісі болып табылады.

Барлық тірі организмдерге, сонымен қоса өсімдіктерге де тітіркенгіштік тән. Сезгіштік қарапайымдылардан бастап, барлық жануарларда бар. Психика тек жануарларда айрықша материалды құрылым, бейнелеуге жауапты – нерв жүйесі қалыптасқанда ғана пайда болады. Нерв жүйесін түзетін нейрофизиологиялық құрылымдар организмнің ішкі бағдарламасы түрінде организмнің “түр-тұқым тәжірибесін” топтайды. Нерв жүйесінің болуы организмге өз мінез-құлқын қалыптастыруға және өмірлік қажеттіліктерден туындайтын белгілі бір бағыттарды қоршаған ортада іске асыруға мүмкіндік береді.


Жануарлар психикасының дамуының негізгі кезеңдері

Жануарлар психикасы мен мінез-құлқының дамуы қалай басталады?

Қарапайым жануарлардан адамға дейінгі психикалық бейнелендірудің кезеңдері мен деңгейлері туралы гипотезаны А.Н.Леонтьев “Психиканың даму проблемалары” атты кітабында ұсынды. Кейін бұл еңбекті К.Э.Фабри зоопсихологиялық деректермен одан әрі дамытып, нақтылай түсті. Сондықтан оны Леонтьев – Фабри концепциясы деп атауға болады.

Бұл концепция бойынша жануарлар психикасы мен мінез-құлқының даму тарихы бірнеше кезеңдер мен деңгейлерге бөлінеді.

Леонтьев – Фабри бойынша жануарлар психикасы мен мінез-құлқының кезеңдері мен деңгейлері

Психикалық бейнелендіру кезеңдері мен деңгейлері, оның сипаты

Осы кезеңдер мен деңгейлерге байланысты мінез-құлық ерекшеліктері

Осы даму деңгейіне жеткен тіршілік иелерінің түрлері

І Қарапайым сенсорлық психика кезеңдері.

А.Төменгі деңгей. Сезгіштіктің қарапайым әлемі. Дамыған тітіркендіргіш.

Б. Жоғары деңгей.

Түйсіктің болуы манипуляцияға қажетті орган - жақтың пайда болуы. Шартты рефлекстің қалыптасуы.




А. Сыртқы ортаның биологиялық қасиеттеріне нақты реакция. Қозғалыстың элементарлы формалары. Әлсіз қозғалыс.

Б.Тітіркендіргіштерге нақты реакция. Дамыған қозғалыс (жорғалау, судан құрғаққа жалдау, қазу). Сыртқы ортадағы қолайсыз жағдайдан қашу.



А. Қарапайым. Суда тіршілік ететін төменгі көп жасушалы организмдер.

Б.Жоғары иірілмелі (кольчатый) құрттар, бауыраяқтылар, омыртқасыздар.



ІІ Перцептивті психика кезеңі

А. Төменгі деңгей. Заттардың бейнесі түрінде қоршаған ақиқаттың бейнеленуі. Манипуляцияның басты мүшесі – жақ.

Б. Жоғары деңгей.

Ойлаудың қарапайым формалары.



А. Қозғалыс дағдыларының қалыптасуы. Генетикалық бағдарлама компоненттері басым. Қозғалыс қабілеті әртүрлі (сүңгу, жалдау, жорғалау, жүру, жүгіру, секіру, ұшу, өрмелеу). Зиянды, қолайсыз тітіркендіргіштен қашу, қорғану.

Б.Мінез-құлықтың жоғары деңгейде дамыған формалары. Үйренуге қабілеттілік.



А. Балықтар және төменгі омыртқалы және жоғары омыртқасыздар (бунақ аяқтылар, басаяқтылар, жұмсақ денелі омыртқасыз жәндіктер).

Б. Жоғары омыртқалылар (құстар және кейбір сүтқоректілер).



В. Едәуір жоғары дамыған деңгей.

Бір тапсырманы түрлі әдістермен шеше білу. Іс-әрекетте анайы құрал-саймандарды қолдану. Қоршаған ортаны тану қабілеті. Практикалық әрекеттерде құбылыстар арасындағы себепті байланыстарды көре білу (инсайт).



В.Манипуляция органдардың бөлінуі:

Аяғы, қолы. Білім, икемділік, дағдыларды қолдану.



В.Маймылдар және кейбір жоғары омыртқалылар (ит, дельфин).

Тірі организмдердің қоршаған шындықты бейнелеуінің қандай да бір сипаты психиканың даму деңгейі туралы түсінік береді. А.Н.Леонтьев өзінің “Психиканың даму проблемалары” атты кітабында тірі органзмдер психикасы эволюциясының келесі кезеңдерін ұсынды:



  1. Сенсорлық психика кезеңі.

  2. Перцептивті психика кезеңі.

  3. Интеллект кезеңі.



Сенсорлық кезең

Интеллект кезеңі

Перцептивті кезең

Жануарлар психикасының даму кезеңдері

Психиканың дамуының бірінші кезеңі – бұл элементарлы сезгіштік – сенсорлық психика кезеңі. Элементарлы сезгіштік кезеңінде жануарлар психикасы сыртқы шындықтың тек жекелеген қасиеттерін бейнелеуге қабілетті. Психиканың дамуының мұндай деңгейінің болуы қарапайым организмдерді көрсетеді. Қарапайымдылар кеңістіктегі, су қоюлықтарындағы айтарлықтай күрделі ауысуларға, су бетінде немесе су түбінде кездесетін заттарға икемді болып келеді.

Психика эволюциясының келесі кезеңі – перцептивті (қабылдаушы) психика кезеңі. Бұл кезеңдегі жануарлар қоршаған ортаны жеке элементарлы түйсіну түрінде емес, заттарды тұтастай бейне түрінде бейнелейді. Егер элементарлы сенсорлық психика кезеңінде реакция “жақындау-кету” схемасында көрінсе, перцептивті психика деңгейінде реакция әрекеттің дамыған көп буынды тізбегіне операцияға айналады. Операция – бұл мазмұны қажеттілік затына емес, оның жағдайына жауап беретін, дербес актылар. Операциялар тек тұтастай заттар мен ситуацияларды бейнелеу кезінде ғана туындайды.

Жануарлар мінез-құлқының барлық түрлері негізін инстинктивті әрекеттер құрайды. Инстинкт – жануарлардың шартсыз рефлекстерге негізделген және биологиялық қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталған ортаның белгілі бір жағдайларын сезінудің күрделі актыларын білдіретін генетикалық бекітілген, тұқым қуалайтын, еріксіз, стереотипті, автоматталған мінез-құлық.

Дағды инстинктпен салыстырғанда мінез-құлықтың едәуір жоғары формасы болып табылады. Дағды да инстинкт тәрізді мінез-құлықтың еріксіз, стереотипті, автоматталған түрі. Дағдының өзіне тән өзгешеліктері де бар. Егер инстинктер генетикалы бекітілген, мінез-құлықтың тұқым қуалайтын бағдарламасы болса, дағды – бұл үйрену нәтижесі болып табылады.

“Дағды” термині “үйрену” терминінен шыққан. Үйрену – бұл мінез-құлықтың аталған түріне тән басты ерекшелік. Кейінгі зерттеулер көптеген инстинктивті әрекеттердің қалыптасу кезеңі мен жануарлардың жеке дамуы барысында жаттығулардан өту қажеттігін көрсетеді. Бұл дегеніміз көптеген инстинктивті актылар жануарлардың жеке тәжірибесінде “қалыптасып бітеді” деген сөз, мұндай “қалыптасып біту” де генетикалы бағдарламаланған. Үйренудің мұндай түрі облигатты, яғни міндетті үйрену деген атауға ие болды. Ол инстинктивті тәрізді әрекеттердің белгілі бір бейімделгіштігін, оның қоршаған орта жағдайына үйлесуін қамтамасыз етеді. Бұл бейімделгіштік аса шектеулі, себебі бұл шектелгендік сезінудің генетикалы берілген формасымен анықталады.

Дағдылар жануарларда сынап көру және қателіктің ұзақ процесі негізінде қалыптасады. Бұл мінез-құлықтың жоғары деңгейінің нышандары – “парасатты” мінез-құлық немесе “интеллектуалды психиканың” пайда болуына әкеледі. Маймылдың мінез-құлқының мұндай формасын алғаш рет сипаттаған неміс ғалымы В.Келлер болатын. В.Келлердің шимпанземен тәжірибесі бірнеше рет қайталанып, нақтыланып, жетілдірілді. Осы тәжірибені қайталап, дамытқан ресейлік ғалым Н.Н.Ладыгина-Котс. Аталған тәжірибелердің барлығында ғалымдар жануарлардың “парасатты” мінез-құлқының бірқатар ерекшеліктерін көрсетті. Міндеттердің шешімін іздеу маймылдарда сынап көру және қателік әдісі негізінде орындалды. Маймылдар алғашында тордың бойымен әбігерленіп, сеңделеді, тұзақ жемді баспалдақсыз алуға тырысады. Бірақ сынап көру және қателік әдісі уақыты бойынша қысқа болып келеді. Дұрыс әрекет өте тез әрі кенеттен басталады. Кейін барлық операция тұтас, үздіксіз акт ретінде өтеді. Мұнда маймылдардың өз мақсатына жету үшін басқа заттарды (жәшіктерді, таяқ т.б.) қолдануы аса маңызды орын алады. Оның іс-әрекеті, А.И.Леонтьевтің айтуынша, екі кезеңге айналады: бірінші кезең дайындалу (жәшіктерден пирамида жасау немесе екі қысқа бамбук таяқтарынан бір ұзынын құру); екінші кезең - әрекетті жүзеге асыру (тұзақ жемді тарту). Мұндай әрекетті орындау үшін қоршаған ортаны бейнелеудің жаңа кезеңіне шығу керек: заттардың байланысын, олардың бір-біріне қатынасын табу керек, өз әрекеттерінің нәтижесін алдын ала көру керек. Әсіресе, табылған дұрыс шешімнің ұқсас жағдайларда үнемі қолданылатындығын ескеру керек. П.Л.Гальперин, В.Келлер және оның ізбасарлары адам тәрізді маймылдың проблеманы шешуде проблемалық ситуациялар қатынасы деңгейіне шығатынын көрсетеді. Проблемалық ситуацияның бастапқы бейнесі негізінде оның объектілерінің шын белгілері, қасиеттері, байланыс, қатынастары анықталады, жеке әрекеттер өлшенеді, осылардың нәтижесінде шешім нақтыланады немесе өзекті міндеттерді шешу үшін мән бере қоймаған элементтер немесе қатынастар анықталады.

Ғалымдар “интеллектуалды” мінез-құлықта іске асатын проблемалық ситуацияның басты ерекшелігі – көрнекілікті ескертеді (жануарлар көз алдындағы барлық заттарды көруі керек).



Сонымен, “интеллектуалды мінез-құлықты” жануарлардың өзінің биологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған екі кезеңнен тұратын міндеттерді шешу кезеңінде көрнекі проблемалық ситуациядағы жоғары дамыған жануарлар мінез-құлқының формасы түрінде анықтауға болады.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет