3-дәріс Солтүстік жарты шар материктері табиғатының ортақ белгілері Солтүстік жарты шар материктерінің жер бедеріндегі ұқсастықтар мен айырмашылықтар



бет1/3
Дата21.09.2022
өлшемі22,34 Kb.
#150226
  1   2   3
Байланысты:
Лекция мәтіні


3-дәріс


Солтүстік жарты шар материктері табиғатының ортақ белгілері

Солтүстік жарты шар материктерінің жер бедеріндегі ұқсастықтар мен айырмашылықтар.
Екі материктің де жер бедері өте күрделі. Олардың басым бөлігі ежелгі платформаларға сәйкес келетін солтүстігінде шоғырланған кең байтақ жазықтар. Солтүстік Америка материгінің негізін бір ғана платформа құрайтын болса, ал Еуразия бірнеше платформалардың бірігуінен тұрады. Олардың аралығын әртүрлі жастағы тау жүйелері алып жатқандықтан, Еуразияның жер бедері Солтүстік Америкамен салыстырғанда біршама күрделі. Таулар материктердің шеткі бөліктеріне қарай орналасқан. Солтүстік Америкадағы ең ірі тау жүйесі – Кордильера материктің батысында бойлық бағытта созыла орналасса, Еуразияның оңтүстігіндегі аса ірі таулар Альпі-Гималай таулы белдеуін құрап, ендік бағытта орналасқан. Солтүстік Американың шығысында аласа Аппалач таулары жатса, Еуразияның шығысы биік таулармен көмкерілген. Литосфералық плиталардың шектесу аймақтарында орналасқан Кордильера мен Еуразияның шығысындағы таулар жүйесінде сөнбеген жанартаулар шоғырланып, апатты жер сілкінулер жиі байқалады.
Төрттік мұз басу аудандарының таралуы. Материктердің солтүстігіндегі жазықтардың жер бедері климаттың салқындауына байланысты бірнеше рет қайталанып, осыдан 10-15 мың жыл бұрын ғана аяқталған материктік мұз басулар әсерінен қатты майысулар мен тілімденуге ұшыраған. Екі материкте де мұз басулар әсерінен күшті тілімденген фьордты жағалаулар кең тараған. Әсіресе Солтүстік Америкада мұз жамылғысының қалыңдығы шамамен 3000 м-ге дейін жетіп, материктің 400 с.е. дейінгі бөлігін қамтыған. Ол аудандардағы төрттік мұз басу іздері қазіргі жер бедерінде көлдер белдеуі деген атпен белгілі мұздық-тектоникалық көл қазан шұңқырларына сәйкес келеді.
Климаты мен табиғат зоналарының орналасуындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтар.
Географиялық орны мен даму тарихының ортақтығы материктердің қазіргі климаттық жағдайы мен табиғат зоналарының ұқсастығына негіз болды. Екі материктің қоңыржай белдеудің солтүстігінде орналасқан бөліктерінде климаттық жағдайлар ұқсас. Сондықтан мұндағы тундра, орманды тундра, орман зоналарының топырақ-өсімдік жамылғылары мен жануарлар дүниесі онша айырмашылық жасамайды. Оңтүстікке қарай материктердегі климаттық белдеулер мен зоналар арасында айырмашылықтар көбейеді. Қоңыржай белдеу Еуразия материгінде батыстан шығысқа өте үлкен қашықтықта орналасқандықтан климаттың континенттік дәрежесі күрт артады. Ішкі аудандарда тіпті шұғыл континенттік сипатқа ауысады. Қысқы климаттық жағдайды анықтаушы басты фактор ретінде Орталық Азия немесе Монғолия максимумын атауға болады. Ал Солтүстік Америка материгіндегі қысқы ауа райын Атлантика аймағынан келетін циклондық әрекеттер бақылайды.
Жалпы алғанда, Солтүстік жарты шар материктерінің табиғатында ортақ белгілер көп. Бұл жер қыртысының қалыптасу тарихындағы ұқсастықтармен, табиғатының ұзақ уақыт бірге дамуымен, географиялық орнының ұқсастық белгілерімен түсіндіріледі.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет