“ Психологиялық зерттеу әдістеріне кіріспе ” ПӘНІ БОЙЫНША
ДӘРІСТІҢ ТЕЗИСТІК МАЗМҰНЫ
Модуль 1
Эксперименттік психологияға кіріспе
1-дәріс. Ғылыми зерттеу әдіснамасы, әдістемесі және әдіс туралы түсінік
Қазіргі кезде психология ғылымы өте көп фактілі материалдар жинады, дамыған эксперименттік әдістемелік аппараттарын қалыптастырды. Бірақ та осы эксперименттік фактілердің көп болуы психологиялық зерттеуде дезорганизациялық қызмет атқарып, ғылымның ары қарайғы дамуын тежеуі мүмкін. Осы мақсатта зерттеудің теориялық, әдіснамалық негіздері қарастырылады. Қазіргі кезде теориялық, әдіснамалық зерттеулердің даму қажеттілігі айқын көрінеді. Олардың міндеті, алынған фактілік материалды белгілі-бір жүйеге негіздей отырып реттеу, мақсатқа бағыттала отырып жаңа материалды алу. Бұл сұрақтарға жауап беру үшін, яғни әдіснамалық негізді қалыптастыру үшін, зерттеудің категориялары, ұстанымдары анықталуы керек. Әдіснама – бұл шындықты ғылыми жолмен танудың және қайта өңдеудің әдістері, формалары, ұстанымдары туралы ілім. Теория - бұл қандай да болмасын жүйені түсініктер, заңдар, ұстанымдар арқылы жалпы түрде сипаттау. Ұстаным – бұл қандай да бір теорияның, тұжырымдаманың алғышарты, негізгі түсінігі. Ұстаным практикада, әдісте көрінеді. Ұстанымдар зерттеу әрекетінің неғұрлым тұрақты, өзгермейтін қағидалары. Ал, әдістер ғылыми бағытқа байланысты, теорияға байланысты өзгеріп отырады. Әдіс - біріншіден оқыту, зерттеу, үйрету жолы, тәсілі; екіншіден табиғат заңдылықтары мен құбылыстарын, қоғамды, жалпы танымды зерттеудегі ережелер жүйесі; үшіншіден, танымда және практикада белгілі нәтижелерге жетудің тәсілі. Әдіс-метод. Әдістеме - методика –бұл қандай да болмасын әдісті қолдануға мүмкіншілік беретін нақты тәсілдердің жиынтығы. Зерттеу процедурасы – бұл зерттеуді ұйымдастыру және жүргізу тәсілі немесе зерттеу барысында талқыланатын барлық танымдық және ұйымдастырушы әрекеттердің реті. Жалпы ғылыми психологиялық зерттеулерде әдіснамалық ұстанымдардың 4 деңгейін бөліп көрсетуге болады:
философиялық методологиялық принциптер деңгейі;
жалпы ғылымдық деңгейдегі ұстанымдар;
жалпы психологиялық деңгейдегі ұстанымдар;
нақты эксперименталды психологиялық деңгейдегі ұстанымдар.
Достарыңызбен бөлісу: |