ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЖАТТЫҒУЛАР ЖИНАҒЫ
І. ӘРІПТЕСТІК ҚАРЫМ -ҚАТЫНАС ТРЕНИНГІ
ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ТРЕНИНГ: ТҮСІНІГІ, ТАРИХЫ, МІНДЕТТЕРІ, ҰСТАНЫМДАРЫ
Бүгінгі күнде «тренинг» түсінігінің нақты бір анықтамасы жоқ, сондықтан бұл термин психологиялық практикада әр түрлі іс-әрекеттердің, әдіс-тәсілдер мен құралдардың ортақ термині ретінде кеңінен пайдаланылады.
«Тренинг» термині (ағылшынның train, training сөздерінен) оқыту, тәрбиелеу, жаттықтыру, үйрету сияқты бірқатар мағынаға ие. Мұндай көпмағыналық тренингтің ғылыми анықтамасына да тән. Ю.Н. Емельянов (1) тренингке іс-әрекеттің кез-келген қиын түрін игеру мен оқыту қабілеттілігін дамыту әдістерінің топтамасы деген анықтама береді.
Тренинг адам бойында қалыптасқан мінез-құлық пен іс-әрекеттерді басқару модельдерін қайтадан қалыптастыру тәсілі ретінде қолданылады (2) және тренингке ұйымның жоспарлы белсенділігін арттыра түсу үшін оның мүшелерінің кәсіби білімі мен қабілеттілігін көтеруге бағытталған, сондай-ақ тренингті жеке тұлғаның әлеуметтік мінез-құлқын ұйымның мақсаты мен іс-әрекеттерінің талаптарымен сәйкес тәсілдерге сай өзгертудің бір бөлшегі деп қарастыруға болады. (3).
Ресейлік психологияда тренингті оқытудың немесе әлеуметтік - психологиялық тренингтің белсенді тәсілдерінің бірі деген ұғым кең таралған. Л.А. Петровская әлеуметтік-психологиялық тренингті «өзара қатынастағы білімді, әлеуметтік белгілеулерді, қабілеттілік пен тәжірибені дамытуға бағытталған әсер ету құралы», «қарым-қатынаста жетіктілікті дамыту құралы», «психологиялық әсер ету құралы» ретінде қарастырады (4).
Г.А. Ковалев әлеуметтік-психологиялық тренингті белсенді түрде әлеуметтік-психологиялық білім беру әдістемесінің кешенді әулеметтік-дидактикалық бағыты ретінде қарастырады (5).
Б.Д. Парыгин топтық кеңес беру тәсілі жөнінде, оларды өмірде және жалпы қоғамдағы қатынас дағдыларына белсенді түрде топтық оқыту ретінде яғни, кәсіби пайдалы дағдылардан Мен - тұжырымдамасы мен өзін-өзі бағалауға сәйкес жаңа әлеуметтік рөлге бейімделуге дейін оқыту деп бейнелей айтады (6).
Бүгінгі күнде тренингті анықтау үшін көп жағдайда «психологиялық әсер ету» термині қолданылады. Ал, С.И. Макшанованың жұмыстарынан бұл терминнің тренингті әдіс ретінде дәл толықтай бейнелемейтінін байқауға болады, яғни бұл термин тек бір адамнан екінші адамға әсер ететін ақпараттардың алмасу процесін бейнелейтін түсінік ретінде ғана бола алады. Процессуалдық мінездемеге ие «әсер ету» түсінігі өзгеріс категориясының көмегімен анықталатын оның мақсаты мен нәтижесін толықтай ашпайды. Негізінен әсер етудің нәтижесін күтетін тренингтің және оны қолданушылардың негізгі мақсаты тек ғана әсер ету бола алмайды.
С.И.Макшанов ұсынып отырған «мақсатты түрде өзгерту» термині адам мен топ феноменінің психологиялық динамикасына жататын көптеген құбылыстарды бейнелеуге мүмкіндік береді. Тренингтің процессуалдық және өнімдік мінездемесін ашып, тренингтің «субъект- субъекті» мінездемесін айқындайды, оның тиімділігі тренингке сұраныс берушілер мен оған қатысушылардың және оны ұйымдастырушы мамандардың жауаптылығын сезінуімен байланысты.
Осыған байланысты тренингті адамның жеке тұрмысы мен кәсіби үйлесімділігінің мақсаты болып табылатын жеке адамның, топтың және ұйымның психологиялық феноменін мақсатты түрде өзгертудің көпқырлы әдісі деп анықтауға болады (7).
Қатынастың тиімділігін арттыруды көздеген тренинг оқытулар алғашқы рет Бетеледе (АҚШ) К. Левиннің оқушыларының ұйымдастыруымен өткен және олар Т-топ деген атқа ие болған (8). Оның негізінде адамдардың көпшілігі топтасып өмір сүреді және жұмыс атқарады, алайда олар көп жағдайда осы топтың жұмысына өзінің қандай деңгейде ықпал жасайтындығына, басқа адамдар оған қалай қарайтындығына, айналасындағылардың бойында оның мінез-құлқының қандай әсер тудыратындығына есеп бермейді деген ой жатты. К.Левин адамдардың мінез-құлқымен бойындағы бейімділіктердегі тиімді өзгерістер негізінде жеке контексте емес, жалпы топта бой алады, сондықтан да өзінің бейімділіктерін байқап, өзгерту үшін, мінез-құлқында жаңа формаларды қалыптастыру үшін адам өзінің жекешеленуін жеңіп, өзіне басқалардың көзқарасымен қарауға үйренуі тиіс деген ұстанымда болған.
Т - топ өзара қарым-қатынас әсерінен бой алдырған қатынас пен топтық динамиканы зерттеуді мақсат ету үшін жиналған геторогендік индивидтердің жиыны ретінде болды.
К.Левинің оқушыларының топаралық қатынас шеберханасындағы нәтижелі еңбектері АҚШ-дағы Ұлттық тренинг зертхананың негізін қалады.
Бұл зертханада тренингтік топтарының негізі қаланды. Нәтижесінде, оның жұмысының қорытындысы Т-топтың тәжірибесінде қолданылды.
Т-топтарында басқарушы қызметкерлерді, менеджерлер мен саяси көшбасшыларды өзара тиімді қарым-қатынасқа, ұйымдардағы қақтығыстарды шешуге, басқару шеберлігіне, топтық бірлестікті нығайтуға оқытты. Кейбір Т-топтарындағы оқытулар адам өмірінің құндылықтарын анықтауға, өзінің жеке жетілу сезімін күшейтуге бағытталған еді. Мұндай топтар 1954 жылы құрыла бастады және сенситивті топ деп аталған еді.
60 жылдардың аяғы мен 70 - жылдардың басында Т - топтары мен сенситивті топтар көптеп бой алды. Олардың негізгі мақсаты жұмысшы топтарындағы қақтығыстарды шешу және жұмысшы мен қызметкерлер арасындағы кәсіптік қарым- қатынасты нығайта түсу болды. 1964 жылы Т- тобының дамуындағы 17 жылдық тәжірибенің нәтижесі көрініс тапқан жинақ жарық көрді. Онда негізінен төрт мәселе: жаттықтырушылардың кәсіби деңгейі, Т-тобының әдістемесін жаңарту, зертханалық емес жағдайларда зертханалық әдістерді қолдану және теориялық зерттеу мен дамудың шыңдалуы жан-жақты қарастырылды.
60 - жылдары менеджерлердің кәсіби дайындығын арттыру үшін психологиялық қолдау көрсету мақсатында гуманистік психология дәстүріне сүйенген « К. Роджерстің » әлеуметтік және өмірлік қабілеттіліктердің (social/life skills training) тренингі қозғалысы пайда болды.
Өмірлік қабілеттіліктер тренингінде негізінен тренингке қатысушыларға өзіндік жол таба білуді айқындайтын үш модель пайдаланылды.
Бірінші модель өмірлік қабілеттіліктің жеті категориясына яғни: мәселелерді шешу, қарым-қатынас, жігерлік, өз-өзіне сенімділік, ойлаудың сыншылдығы, өзін-өзі басқару қабілеттілігі және Мен - тұжырымдамасын дамытуға сүйенді.
Екінші модель тренингтің мақсаты болып табылатын өмірлік қабілеттіліктің төрт категориясын, яғни: жеке тұлғалар арасындағы қатынас, денсаулықты қолдау, жеке ерекшелікті дамыту, шешім қабылдау мен мәселелерді шешу айқындалды.
Үшінші моделге эмоцоналдық өзін-өзі бақылау, жеке тұлға аралық қатынас, өзін-өзі тану, қаржылық өзін-өзі қаржылай қамсыздандыру, өзін-өзіне қолдау көрсету және тәжірибені тұжырымдамалау жатады.
70-жылдары Лейпциг және Йенск университеттерінде М.Форвергтің басқаруымен әлеуметтік-психологиялық тренинг атты әдіс жетілдірілді. Тренингтің құралы ретінде тиімді қатынастық дағдыларды қалыптастыруға жағдай тудыратын драматизация элементтері бар рөлдік ойындар қолданылды. М.Форверг ұсынған әдістердің практикалық қосымшасы ретінде өндірістік кәсіпорындардың жетекшілерін әлеуметтік-психологиялық дайындау болды.
Әлеуметтік-психологиялық тренинг Ресейлік психология практикасында да кеңінен таралды. Әлеуметтік-психологиялық тренинг теориялық және әдістемелік аспектілеріне арналған алғашқы монографиялық еңбек 1982 жылы жарық көрген Л.А. Петровскаяның монографиясы болды (4).
Бұл әдіс балалармен, ата-аналармен, әлеуметтік топтардың кәсіби мамандарымен, кәсіпорындар мен ұйымдардың жетекшілерімен жұмыс істеуде белсенді түрде қолданылып келеді. Әдісті пайдалану тәжірибесі Ю.Н. Емельянованың, В.П. Захарованың, Г.А. Ковалеваның, Х. Миккинаның, Л.А. Петровскаяның, Т.С. Яценконың және т.б. еңбектерінде көрініс тапқан.
Әлеуметтік-психологиялық тренингтің жалпы мақсаты - қатынастағы тиімділікті арттыру- міндетті түрде қатынастағы мінез-құлықты, адамның перцептивті қабілеттілігін, жеке тұлғаның қатынас жүйесін шындай түсу және дамытумен анықталатын білімді меңгерумен, қабілеттілігі мен дағдыларын қалыптастырумен байланысты түрлі кескіндегі бірқатар міндеттермен нақтылана түседі, өйткені жеке тұлғалық өзгешелік адамның іс-әрекетін және оның вербальды және вербальды емес әрекеттерін әртүрлі түспен әрлендіретін фон болып келеді (9).
Тренинг топ жұмысының нәтижелі болуының бір талабы оқыту барысында шешімін табуы тиіс міндеттерге жүргізушінің ықпал ете алуы болмақ. Ықпал ету белгілеулер деңгейінде немесе қабілеттер мен дағдылар, немесе перцептивті қабілеттер және т.б. деңгейлер негізінде жүзеге асады. Бір тренингтік топтың жұмысы барысында әртүрлі міндеттерді пайдалану дұрыс емес, өйткені мұндай әрекет бір жағынан әсер етудің тиімділігін төмендетуі мүмкін, ал екінші жағынан этикалық мәселелердің орын алуын тудырады, сондықтан да тренинг барысында міндеттерді тек топтың келісімен ғана өзгертуге болады.
Тренингтік топтың жұмысы өзіне тән бірқатар принциптермен ерекшеленеді. Оларға қысқаша анықтама беріп, тоқталып өтейік.
Достарыңызбен бөлісу: |