5.Аналық безде жүретін процесс «аналық без циклы» деп аталады. Аналық без циклы 2 кезеңнен тұрады:
І-ші – фолликуланың пісіп жетілу кезеңі.
ІІ-ші - сары дене кезеңі. Екі кезеңнің ортасында овуляция процесі орын алады.
І-ші кезеңде гипофиздің фолликула өндіруші гормонының әсерінен аналық безде бір фолликула өсе бастайды. Ол 14-15 күн өсіп, пісіп жетіледі. Бұл кезде аналық безден эстроген гормоны өнеді. Пісіп жетілген фолликула жарылып, ішінен аналық жасуша шығады. Бұны овуляция деп атайды. Ол 1 күнге созылатын процесс. Осы кезеңде әйел еркекпен қатынаста болса жүкті болуы мүмкін.
Овуляциядан кейін жарылған фолликула орынында сары дене түзіліп, ол прогестерон гормонын өндіреді. Сары дене, келесі етеккірдің келуіне қарай біртіндеп кішірейіп жойылады. Бұл шамамен 14-15 күнге созылады. Келесі етеккірдің келуімен жаңа цикл басталады. Сөйтіп жалпы етеккір циклы 28-30 күнге созылады.
Аналық безден бөлінген эстроген, прогестерон гормондарының әсерінен жатырдың ішкі функционалды қабатында 4 түрлі құбылыс жүреді. Бұны жатыр циклы дейді.
Десквамация (1) – жатырдың функционалды қабықшасының сыпырылып түсіп, етеккір қаны болып сыртқа шығуы. Бұл етеккірдің келуімен түсіндіріліп, 3-5 -7 күнге созылады.
Етеккір тоқтаған соң сыпырылып түсіп қалған функционалды қабықша қайтадан қалпына келе бастайды. Бұны (2) регенерация дейді.
Келесі кезекте қалпына келген функционалды қабықша қалыңдап өсе бастайды. Бұны пролиферация (3) дейді.
Қалыңдап өскен функционалды қабат шырынданып келесі етеккірдің келуіне дайын болады. Бұл кезеңді секреция (4) дейді.
Егер әйел жүкті болып қалмаса, қалыңдап өскен шырынды функционалды қабықша қайта сыпырылып түсіп, етеккір қаны болып сыртқа шығады. Осылай 4 түрлі құбылыс ай сайын ырғақты қайталанып отырады.
Тақырып: Әйелдердің әр түрлі жастағы анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктері. Репродуктивті денсаулықты сақтаудағы медбикенің ролі.
Әйелдердің репродуктивті жүйесінің функционалдық жағдайы өмірінің белгілі бір кезеңдеріне байланысты бірнеше кезеңге бөлінеді:
- Антенатальды кезең
- Нәрестелік кезең (туылудан 4 аптаға (28 күн) дейін)
- Балалық шақ кезеңі (8 жасқа дейін)
- Пубертатты кезең (8-16 жас)
- Репродуктивті кезең (17 жастан 45-47 жасқа дейін)
- Пременопаузальды кезең (45 жастан менопаузаға дейін)
- Менопаузальды – менстурацияның толық тоқтау кезеңі, орта есеппен 50 -53 жаста болады
Достарыңызбен бөлісу: |