Қоғам әртүрлі ішкі және сыртқы жағдайларға байланысты әрқашан өзгеріп, дамып отырады. Ішкі жағдайларды адамдар арасындағы құбылмалы әлеуметтік байланыстар, өзгеріп отыратын мүдделер мен адам іс-әрекеттерінің түрлері қалыптастырады. Ал сыртқысына қоғам өмір сүруінің табиғи-географиялық, энергетикалық, халықаралық жағдайлары жатады. Қоғам өз жағдайларының өзгерулеріне қалай бейімделеді? Оның орнықты түрде өмір сүруінің тетігі неде деген сұрақтардың тууы әбден заңды. Қоғамның осындай тұтасып, ішкі және сыртқы жағдайлардағы өзгерістерге төтеп беріп, оларды өзінше қорытуға деген қабілеті оның саяси жүйесіне тікелей қатысты. «Саяси жүйе» ұғымын ХХ ғасырдың ортасынан бастап, Американың алғашқы әлеуметтанушылары Т.Парсонс (1902-1979) пен Д.Истон қолданысқа енгізген. Т.Парсонс қоғамды зерделеуде «жүйе» ұғымын қоданып, оны төрт жүйешелердің (экономикалық, саяси, әлеуметтік, рухани) өзара әрекеттесуінен тұратын жүйе деп қарастырған еді. Әрбір жүйешенің атқаратын белгілі бір қызметі болуға тиіс, ал олардың барлығы біріге келе, қоғамның тұтас өмір сүруін қамтамасыз етеді деп есептеген. Алайда саясат саласын жүйелі түрде қарастыруды алғаш бастаған Д.Истон болды. Ол саясатты қоғамда «ерік күшін қолдану жолымен құндылықтарды бөлісу» деп атап, оны саяси жүйе арқылы іске асады деп есептеген. Сонда саясат жүйелі құбылыс есебінде қарастырылып, саяси жүйе қоғамда билікті қалыптастыру мен жүргізудің күрделі тетігі ретінде алынады.
Саяси жүйе бір-бірімен тығыз байланыстағы өз жүйшелерінен, яғни элементтерінен құралады. Атқаратын қызметтеріне орай оның құрылымдық элементтеріне мыналар жатады: институционалдық, нормативтік, функционалдық, мәдени және коомуникативтік жүйешелер.