ҚР ҰҒА академигі А. М. Ғазалиевтың редакциясымен



бет3/8
Дата24.05.2017
өлшемі3 Mb.
#16912
1   2   3   4   5   6   7   8

А.Е. Даниярова,

Қарағанды мемлекеттік

техникалық университетінің

Қазақстан тарихы кафедрасының

доценті, т.ғ.к.

e-mail: aina171173@mail.ru



ЕЖЕЛГІ ДӘУІР КЕЗІНДЕГІ ОРТАЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН.

АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЕСКЕРТКІШТЕР
Адамның жерде пайда болу уақытынан бастап, алғашқы әлеуметтік-дифференциалданған қоғам мен мемлекеттер, жазылымдардың реттелуі мен діни көзқарастардың бастаулары адамзаттың ежелгі тарихына жатқызады. Ежелгі Қытай мен Греция философтары ежелгі тарихты үш дәуірге бөлген – тас, қола және темір даәуірі. Біраздан соң XIX – XX ғасырларда ақпараттың үлкеюімен, жаңа археологиялық ашылулар болғанда ғалымдар хронологиялық кезеңдердің жаңа толық типологизациялау түрін ұсынды.

Палеолит – Ежелгі тас дәуірі адамзат тарихындағы ең ұзаққа созылған және аса маңызды кезеңдердің бірі болып табылады. Ежелгі тас ғасыры-адам мен оның шаруашылығының қалыптасуының бастапқы уақыты. Алғашқы адам жабайы өсетін дәндерді жеміс – жидектерді жинап жануарларды аулаған. Ежелгі тас дәуіріндегі адамдардың қоғамдық ұйымы күрделі де ұзақ даму жолынан өтті. Оның бастапқы кезеңі алғашқы тобыр-бірлесіп қорғану және шабуыл жасау, аң аулау және жиын-терін үшін бірлесу болды. Ерте палеолит – Ежелгі палеолит – ірі-ірі үш кезеңге: Олдувэй (б.з.б. 2,6 млн жыл-800 мың жыл); Ашель (б.з.б. 800-140 мың жыл); Мустье (40-35 мың жыл) кезеңдерге бөлінеді. Адам баласының ең алғашқы еңбек құралдары тастан жасалған. Осыған байланысты алғашқы тарихи кезең тас ғасыры деп аталған. Табиғаты. Оңтүстіктегі Үнді мұхиты жағынан жылы ауа Қазақстан жеріне келіп тұрған. Сондықтан Казақстанда субтропиктік ормандар болған. Осы кездегі Қазақстан жерін мекендеген жануарлар: өзен, көлдердің жағасында пілдер, шалғында жылқылар, таулы жерлерде аюлар, мамонттар, бұғылар, бизондар, тауларда арқарлар, тауешкілер т.с.с. Б.з.б. 100-80 мың жыл бұрын ауа райы қүрт өзгерген. Осы кезде Қазақстанда ұзаққа созылған ауа райының суытуы басталған. Барлық тауларды мұз басқан. Бұл суық мерзім б.з.б. 12-5 мың жылдарға дейін созылған. Адамдары. Қазақстан жерін ежелгі адамдар б.з.б. 800-140 мың жылдықтардан бастап мекендеген. Алғашқы адамдар Қаратау жотасы мен Қарасу тұрағында мекендеген [1, б. 69].



  • Aлғашқы адамдардың айналысқан істері: аң аулау, терімшілік.

  • Алғашқы адамдар баспанасы: табиғи үңгірлер, үңгіме қуыс, тау шатқалдары т.б.

  • Адамдар табиғаттың дүлей күшіне қарсы тұру үшін, бірігіп аң аулап тіршілік етіп қиындықты жеңу үшін топпен өмір сүрді.

Еңбек құралдары. Ауыр салмақты, тік бұрышты ұсақ шақпақ тастар ең ежелгі еңбек құралдарына жатқызылады. Жамбыл облысындағы Бөріқазған, Тәңірқазған, Шабақты мекендерінен (5000-ға жауық тас құрал), Қазанғап шатқалы (тастан жасалған 300-ге жуық құрал), Қарасу тұрағы (тастан жасалған 1500-ға жуық құрал), Сарыарқа тұрақтары, Балқаштың Солтүстік жағалауы (ежелгі адамдардың тұрақтары) т.с.с. жерлерден тастан жасалған құралдар табылған.

Орта палеолит – (б.з.б. 140-40 мың жылдықтар). Орта палеолит дәуірі ертедегі адамның дамуымен, мәдениеті дамуының жаңакезеңі болуымен ерекшенеледі. Орта палеолитте Қазақ даласындағы жер құрылымында күшті тектоникалық (құрылу, өзгеру процестері–грек сөзі) қозғалыстар болып өтті. Соның нәтижесінде таулар, төбелер пайда болып, жерді екі рет топан су басты. Солтүстік Мұзды мұхиттың суы көтеріліп, ол Қазақстан жеріне дейін келді. Орталық Қазақстанда жер деңгейі 500 метрге дейін көтерілді. Бірнеше мың жылдардан кейін Оңтүстікте басталған мұздардың еруіне байланысты Қазақстан жерінде құмды, шөлді, суы тапшы жерлер пайда болды. Өзеңдердің қазіргі арналары қалыптаса бастады. Қазақстандағы жазық жерлер (Ертіс пен Балқаш маңы) орманды далалы, оңтүстігі көбіне жусанды, шөлді болып қалыптасты. Тянь-Шаньда және басқа да таулы жерлерде қаптал қарағай, шырша, жөке, қызыл қайың, қандыағаш өсетін болды. Орта палеолит дәуірінің адамдары–неандертальдықтар. Антропологиялық келбеті: қысқа мойынды, аса ірі тісі бар, сөйлеу қабілеті дұрыс қалыптаспаған. Негізгі кәсібі: аң аулау, терімшілік. Аңды қауым болып бірігіп, топпен аулаған. Басты ерекшеліктерінің бірі шақпақ тастарды бір – біріне үйкелеу арқылы отты шығаруды үйренді. Осы кезде алғашқы діни наным қалыптаса бастады. Ең алғашқы дін магия. Бұл арқылы өлікті бір қырына қарай жатқызып, аяғын бүгіп жерлеген. Еңбек құралдары және археологиялық ескерткіштер. Тасты өңдеу әдісі жетілді. Еңбек құралдары негізінен, нуклеуістен (тастан) жасалды. Пышақ, қару ретінде үшкір тас, ағаш, тері өңдеу үшін қырғыш тас пайдаланылды. Археологиялық ескерткіштер Оңтүстік Қазақстандағы Топалы шатқалы мен Қызылрысбек тұрағынан табылған заттар: үшкір тас, қырғыш т.б.

Кейінгі палеолит – Соңғы палеолит б.з.б. 40-35 мың жылдан басталып, 12-10 мың жылмен аяқталады. Бұл жер шарының барлық климаттық аймақтарына адамның кеңінен тарай қоныстаған және нәсілдер мен нәсілдік топтардың қалыптасу уақыты. Бұл тұста адамдардың рулық қауымы мен топтық ұжымдары қалыптаса бастады. Рулық қауымдар барлық жерлерде алдымен отбасының қамқоршысы, бала өсіруші ана төңірегінде топтасты, осыған байланысты әйелдер алғашқы қауымда үстемдік жасады, мұның өзі аналық – матриархаттық дәуір деп аталды. Сонымен, аналық ру өзара қандас туыстығы арқылы біріккен және шешелері жағынан шыққан тегі бір адамдардың экзогамиялық тобы болды. Соңғы палеолитте ірі хайуанаттардың азаюы адамдардың тұрмыс жағдайларын едәуір өзгертті. Енді орташа және ұсақ аңдарды аулау үшін жетілдірілген жаңа құралдар қажет болды. Аңшылар қолдарына қару алып, тамақ іздеп, ұсақ сапар шекті. Әр түрлі іске қолданылатын еңбек құралдары пайда болды. Соңғы палеолитте Қазақстан жерінде адамзат қоғамының үздіксіз ілгері дамып отырғанын көрсетеді.

Мезолит (орта тас ғасыры) – (б.з.б. 12-5 мың жылдықтар). Кейінгі палеолит дәуірінен кейін орта тас дәуірі (грекше «мезос» - орта деген сөзден шыққын) мезолит дәуірі келді. Бұл дәуір тарих ғылымында өте аз зерттелгендіктен, осы дәуірдің ескерткіштері Қазақстан жерінен аз табылған. Табиғаты. Қазақстанның ауа райы қүрт жылынып, мұздар еріді. Шөбі, өсімдігі мол далалар сиреп кетті. Бірқатар жануарлар (мүйізтұмсықтар, мамонттар) құрып кетті, енді аңшылардың аулайтын көбінесе бизон мен жылқы, жабайы ешкі мен киік, койы, үйрек болды. Мезолит дәуірінің ең маңызды өнертабысы – садақ пен жебе. Садақ пен жебенің ойлап табылуы өндіргіш күштер дамуында шын мәнінде революция еді. Сайып келгенде бұл ежелгі адамның шаруашылық өміріндегі түбірлі өзгерістерге жеткізді. Садақ пен жебеден басқа осы кезде микролиттер – ұшбұрыш, ромб, трапеция, сегмент тәрізді ұсақ қалақтар пайда болды. Дәуірдің ерекшеліктері: жануарларды қолға үйрету, дәнді дақылдар өсіру.

Неолит (жаңа тас ғасыры) (б.з.б. 5-3 мың жылдықтар). неолит дәуірі тас дәуірінің соңғы кезеңі жаңа тас дәуірі болып саналады. Неолит дәуірінің аса маңызды белгісі табиғаттың дайын өнімдерін иемдену яғни терімшіліктің орнына келген өндіруші шаруашылыққа негіз болған мал шаруашылы мен егіншіліктің шығуы болып табылады. Шаруашылықтың жаңа түрлері шығуының адамзат қоғамының дамыу үшін орасан зор маңызды болды, адамның еңбек кәсібінің саласын кеңейтті, сонымен қатар оның сипатын сапасы жағынан өзгертті. Өндіруші шаруашылықтың шығуы «неолиттік революция» деп аталды. Тамақ өндіруге, жеуге жарайтын өсімдіктерді саналы түрде өсіруге, жануарларды қолға үйретуге, өсіруге және іріктеуге көшу адамзат тарихында адамның от жағу өнерін меңгергенінен кейінгі асқан зор экономикалық революция болды. Неолит дәуірінде еңбек құралдары жетілдіріліп, жаңадан бұрғылау, тастарды тегістеу, ағашты арамен кесу сияқты жаңа технологиялық әдістері шықты, бірте-бірте қиын өнделетін тастар тұрмысқа, шаруашылыққа пайдаланылды, тас балталар, кетпендер, дән үккіштер, келілер, келсаптар жасала бастады. Неолит дәуірінде Қазақстан жерінде кен кәсібі мен тоқымашылықтың бастамалары шықты. Сонымен бірге керамикалық ыдыс жасау іске аса бастады. Әлеуметтік жағынан алғанда неолит дәуірі рулық қауым дәуірі болды: онда ұжымдық еңбек және өндіріс құрал-жабдықтарына ортақ меншік үстем болды. Осы кезде тайпа бірлестіктері құрылды. Тайпалар тұқымдас жағынан және шаруашылықтың түріне қарай біріккен бірнеше рулық қауымдардан тұрды. Ежелгі Қазақ жеріндегі тайпалар аңшылықпен, балық аулаумен, өсімдіктерді жинаумен шұғылданды. Кейініректе (неолитте) олар мал өсіру, егіншілік және кен. өнеркәсібімен шұғылдана бастады. Адамдар мата тоқып, киім тігуді уйренді. Керамикалық заттарға геометриялық өрнектер сала білген. Тұрақтар. Арал өңіріндегі Сексеуіл тұрағында малшылар мен аңшылар тұрған. Себебі бұл жерлерде сиыр, қой, жылқы сияқты үй жануарлардың сүйектері табылған (Қостанай облысындағы Ботай тұрағы, Батыс Қазақстан Өңіріндегі Көктүбек, Темір тұрақтары және т.б.). Қазырғы уақытта Қазақстан аумағында 600-ден аса неолиттік және энеолиттік ескерткіш мәлім.

Қола дәуірі. (б.з.б. 2-1 мың жылдықтар). Тас ғасыры аяқталғаннан кейін, қола ғасыры басталады. Қола ғасыры деп аталуының себебі, осы кезде Евразияда қола өндіру тәсілі меңгеріліп, қола заттарын жасай бастады. Қола еңбек құралдары мен қару үшін қолданылатын негізгі шикізат болып табылды. Қола дәуірінде рулық қатынас жойылып, тайпалық бірлестіктер құрылды.

Түсті металдар мен алтын өндірістік жолмен игеріле бастады. Қазақстан жер қойнауында полиметалдардың, ең алдымен қалайы-мыс рудаларының барынша молдығы бұл территорияда металургияның мықты ошағы шығуының бір себебі болды. Қазақстанның бірнеше өңірлерінде кен өндірілген орындардың табылуы бұған дәлел болады.

Біздің заманымыздан бұрынғы II мың жылдықтың ортасында Қазақстанның далалық тайпаларында алғашқы өндірістің өрлеуі байқалды, мал өсіру интенсивті түрде өрістеді. Осы уақыттан бастап далалық Еуразия халықтарының шаруашылығында мал өсіру неғұрлым көбірек орын ала бастады. Б. з. б. II мың жылдықтың аяғында –I мың жылдықтың басында далалық өңірлердегі халықтардың көпшілігі шаруашылықтың маманданған жаңа түріне - көшпелі мал шаруашылығына көшеді.

Басқа тайпалар ішінен мал өсірушілердің бөлініп шығуын Ф. Энгельс ең бірінші ірі қоғамдық еңбек бөлісі деп атады «Үй жануарлардың түрі көбейді».

Қоғамдық өмірдегі ірі өзгерістер өндіргіш күштердің өсуіне, қоғамдық еңбектің мамандануының күшеюіне, патриархаттық қатынастың дамуына байланысты болды. Жеке семьялар оқшауланды, семьялық меншік кеңейді, рулық қауым ішінде мүлік теңсіздігі өсті.

Қазақстандағы ескерткіштері Солтүстік Батыс және Орталық Қазақстанда орналасқан осылардың ішіндегі ең ірісі - Орталық Қазақстан. Бұл аймақта қола дәуірінің 150- ге жуық қабірі, 30 – дай елді мекен тұрағы бар.

Қорытып айтқанда, қола дәуірінің соңғы кезінде отбасылық және қауымдық топтық еңбектің кезінде өндірістік жабдықтарға және өндірістің өніміне ортақ меншіктің пайда болуына байланысты қоғамда қауымдық құрылыс ыдырап отбасылық меншік пайда болды.

Темір дәуірі – адамзат тарихында қола дәуірін алмастырған, аса маңызды әлеуметтік-экономикалық, саяси, демографиялық, технологиялық өзгерістерді дүниеге әкелген жаңа кезең. Бастаулары темір металын игерумен және оны кеңінен қолданумен сәйкес келетін бұл кезеңді ғылым тарихында «темір дәуірі» деген тұрақты атаумен белгілеуді алғаш рет 19 ғ-дың ортасында К. Томсен (Дания) ұсынды. Біздің заманымыздан бұрын 1-мыңжылдықтың басынан осы заманға дейінгі кезең арасында темір адамзаттың заттық мәдениетінің негізі болып келді. Өндірістік технология саласындағы барлық мәнді ашылымдар осы металмен байланысты. Дегенмен, темір ұзақ уақыт бойы аз таралған әрі қымбат металл болып қала берді. Тек б.з.б. 1-мыңжылдықта ғана темір металлургиясын қолданысқа кеңінен ендіру қолға алынды. Қазіргі заманда да темір еңбек құралдары жасалатын бірден-бір маңызды металл болып қалуда, сондықтан қазіргі дәуір де темір ғасырына жатады. Осы себептен, тарихи-археологиялық кезеңдемеде «ерте темір дәуірі», одан кейінгі кезеңге қатысты «орта ғасырлар дәуірі» деген атаулар қолданылады.

Темір ерекше металл. Оның балқытылу температурасы мысқа қарағанда жоғары. Темір табиғатта таза күйде кездеспейді. Оның балқытылуының баяулығынан шикізаттан темірді айыру оңайлыққа соқпайды.

Қазақстандағы темір дәуірінің басы б.з.д. VIII - б.з. VI ғасырларына жатады. Ал ерте темір дәуірінің хронологиясы: б.з.д. VIII - б.з.д. III ғ. Кейінгі темір дәуірінің хронологиясы: б.з.д. III - б.з VI ғ.

Осы кезеңге кіретін Орталық Қазақстанның ескерткіштері тасмола археологиялық мәдениетіне жатады. Қазақтың белгілі археологы М.Қ.Қадырбаев, бұл мәдениеттің хронологиялық мерзімін б.з.д. VII - III ғасырларымен негіздеп, оның дамуын екі кезенге бөлген. Тасмола мәдениетінде тән археологиялық ескерткіштері «мұртты» қорған деп аталады. Бұл күрделі ғұрыптық – жерлеу кешендері тастан қаланып, әдетте үш негізгі бөлшектерден: үлкен, кішкентай қорғандар мен ұзындығы 60-тан 200 метрге дейін жететін жартылай доға тәріздес жолдардан құрастырылған. Бұл «мұрттар» қорғанмен жанасып, үнемі шығысқа қарай бағытталған. Үлкен қорғанның астында, тереңдігі екі метрге жететін шұңқырда қайтыс болған адамның мәйіті жерленген. Кішігірім қорғанда жылқы қаңқаларының қалдықтары, қыш ыдыстардың сынықтары кездеседі. Кейде тек қана қөмір түріндегі және күйдірілген топырақтың ізі байқалады.
Әдебиеттер тізімі
1. Алексеев В.П., Першиц А.И. История первобытного общества: учебник для вузов. - М.: Высшая школа., 1990. – 350 с.

2. Агапов П., Кадырбаев М. Сокровища древнего Казахстана. - Алма-Ата, 1979.

3. Акишев К.А. Казахстан в древнюю эпоху // История Казахстана с древнейших времен до наших дней: - Алматы, 1996. - Т. 1. - С. 101-150.

4. Акишев К.А. Курган Иссык. - М.,1978. – 132 с.



5. Байпаков К.М., Таймагамбетов Ж.К., Жумагамбетов Г. Археология Казахстана. - Алматы, 1993.

6. Варфоломеев В.В. Сары-Арка в конце бронзовой эпохи: Автореф. дис. ... канд. ист. наук. - Алма-Ата, 1991.

7. Исмагулов О.И. Население Казахстана от эпохи бронзы до современности. - Алма-Ата, 1970.



8. Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан. Летопись трех тысячелетий. – Алматы, 1992. - 376 с.

Т.Ж. Макалаков,

Қарағанды мемлекеттік

техникалық университетінің

Қазақстан тарихы кафедрасының

аға оқытушысы

e-mail: makalakov77


ОРТА ҒАСЫР КЕЗЕҢІНДЕГІ ОРТАЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН

Орталық Қазақстандағы орта ғасырдың тарихы VI және XVII ғғ. Қазақстан территориясында мекен еткен мемлекеттің тарихымен тығыз байланысты және Түрік қағанатынан Қазақ хандығына дейін саясаттық құрылымды ауыстырған. Орта ғасыр кезінде аймақтың саясаттық маңызы үлкен болған жоқ, сол себептен жазба түпнұсқаларында, Орталық Қазақстанда мекендеген тайпалардың тарихы қызықсыз десе де болады. Аталған аймақтағы тұрғындардың өмірі мен тұрмысы туралы жанама ақпараттарды орта ғасырлық мемлекеттерді сиапаттайтын еңбектерден табуға болады.

Түрік қағанатының рөлі мен маңыздылығына көңіл бөле отырып, Н.Ә. Назарбаев «Тарих ағымында» келесіні жазған еді: «VI ғасырда Еуразиядағы тарихи аренаға жаңа тарихи тұлға – Түрік қағанаты – түріктердің далалық империясы кіреді, өзінің гүлденіп тұрған кезінде Кореядан Қырымға дейін жерді қамтыған. VII-VIII ғасырларда Еуропадағы бірінші түріктер туралы мағлұматтар хабарланады – аварлар, булгарлар, суварлар, хазарлар. Одан кейін шығыстан оғыз-пешенектер, түрік-селжүктер, қарлұқтар, қыпшақтар (половтар, командар) қырғыздар пайда болады. Түрік тайпалары Қазақстан мен Орта Азия жерлерінің көп бөлігіне қоныстанады, Иран мен Кавказ жерлеріне дейін енеді; XI ғ. олардың жартысы (оғұздар мен түрікмендер) кіші Азияға қоныстанады. Сөйтіп түрік тайпаларының қоныстануы жергілікті халықпен қосылуына әкеледі, ал кейде көшпелі өмірді сақтаған кезде түркі этностарының үлкен топтарының құрылуына әкеледі, ол якуттар, тувинцтер, алтайлықтар, қазақтар, ұйғырлар, шығыстан чуваштар, гагауздар, татарлар (волгалық және қырымдық), батыста құмықтар, қарашайлықтар, балғарлар, түріктер» [1, б. 80-81].

VII-IX ғғ. Сарыарқа жерін қимақ пен қыпшақтар қоныстай басталды (Орталық Қазақстанның тағы бір атауы). Қимақ пен қыпшақтар мемлекетінің құрылуымен (ІХ-ХІІІ ғғ.) Сарыарқаның байланысы барлық Қазақстан аймақтарымен күшейе түсті. Бұл кезде мекендердің құрылуы басталған еді. Арабтардың жаулауы осы аймаққа үлкен ықпал тигізді, сонымен қоса ислам дінінің таралуына себептесті. «Араб жаулауы – Н.Ә. Назарбаев жазғандай, - Орталық Азия халықтарының әлеуметтік-экономикалық, саяси-мәдени өміріне үлкен ықпал тигізді. Қоғамдық өмірдегі ең маңызды өзгерістердің бірі ретінде жаңа мемлекеттік дін – исламның таралуы, сонымен қоса араб тілі мен жазуы болды. Үлкен территорияда бір тілді енгізу, өмір деңгейі әр түрлі халықтарды бір діни-саяси бірлестікке қосылдыру аясында, халифатқа кірген барлық халықтарды бір-біріне шығармалық түрде қосқан мәдениетті дамытуға және ежелгі мәдени құндылықтарды жаңартуға мүмкіндік берді» [1, б. 101-102].

Оңтүстікте қараханидтер мен қарақытайлар билігі болса, Қазақстанның орталық және бастыс облыстарында қыпшақ тайпалары мекендеген. Х-ХІІ ғасырларда Қыпшақтар бірнеше мемлекеттік бірлестіктерді құрды, олар әсіресе ХІІ ғасырда біраз күш жинаған еді. Көрші халықтарымен өзара қатынас жақсы болды, әсіресе орыс княздықтарымен.

Қыпшақ шаруашылығының басты саласы көшпелі мал бағу болды. Бір шетелдік саяхатшы 1246 жылы Дешті-Қыпшақ қаласын өтіп бара жатып, былай жазған еді: «Қыпшақтар малға, түйелерге, бұқаларға, қойларға, сиырларға, аттарға бай. Бағылып жүрген малдары сонша көп, біздің ойымша бүкіл дүние жүзінде жоқ санға жетеді» [1, б. 101-102].

Қыпшақ қоғамы патриархалды-рулық болды, бірақ классқа бөліну деген не екенін білді, - қалай болса да, құл мен бос адамдарды біледі. Бірақ қыпшақтарда құлдық аса дамымаған. Негізгі қоғамдық өндіріс болып туысқандық жиынның бос мүшелерінің еңбек қала берді.

Орталық Қазақстанның орта ғасыр тарихындағы келесі кезеңге ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы моңғол шабуылдары болды. Тарих түпнұсқаларынан білуіміз бойынша, Шыңғысхан осы жерді жаулап алып, өзінің ұлдары арасында бөліп берді. Қазақстанның басым бөлігі Жошы ұлына кірді, Шыңғысханның үлкен ұлы. Басында үш ұл да ұлы қағанның жоғарғы үкіметіне бағынатын еді, бірақ ХІІІ ғасырда Моңғол империясы бірнеше тәуелсіз мемлекеттерге бөлінеді. Алғашында Орталық Қазақстанның аумағы Алтын Орда құрамына кірді, ХІV алтынордалық хан Тоқтының өлімінен кейін, болашақ Қазақ хандығының тарихымен тығыз байланысты Ақ Орданың құрылуы болды [2, б. 126].

XV ғасырдың екінші жартысында қазақ халқының қалыптасу аяқталады және де Қазақ хандығы да қалыптасып болады. Шығыс Дешті-Қыпшақ территориясындағы бір халықтың қосылуы халықтарды қалыптастыру заңдылығының жалпы негізінде болды. Ол феодалды қатынастарды, ортақ территорияның, тілдің, материалдық және рухани мәдениеттің қалыптасуымен байланысты. Онда әр түрлі тайпалар қатысты.

Орта ғасырдағы Орталық Қазақстан тіршілігінің әлеуметтік-экономикалық және саяси қалпын қайта құруда ғалымдары археологиялық материалдарға сүйеніп жасаған еді.



Орталық Қазақстан аймағына үлкен еңбек сіңірген археологтар А.Х. Марғулан, К.М. Байпақов Л.Н. Ермоленко, В.Д. Кубарев, Ж.К. Курманкулов және тағы басқалар.

Б.з. 6 ғасырында Орталық Қазақстан Түрік қағанатының кұрамына енді.603 жылы Түрік қағанаты екіге бөлініп, Батыс Түрік қағанаты Жетісу мен Орталық Қазақстан аумағын қамтиды. Тарихи деректер бойынша 7 ғ-дың екінші жартысында Батыс Түрік қағанатының ішіндегі ең күшті тайпалық одақ — қимақтар Ертіс өзенінен Сыр, Шу бойына дейінгі аралықты мекендейді. 9 ғ-да Қимақ қағанаты жеті тайпадан тұрды, оларға: қимақ, ланиказ, аджлад, эймур, баяндур, татар, қыпшақтар жатады. Ал 10 ғ-да осы тайпалардан қыпшақтар алдыңғы қатарға шығып, Қыпшақ хандығын кұрды. 10 ғ-дың аяғында қыпшақтар Сыр бойындағы оғыздарды ығыстырды, Қазақстанның түгелге жуык жеріне билігін жүргізіп, Дешті-Қыпшақ деп аталды. 11-12 ғғ-да қыпшақтар екіге бөлінді, он қанаты Торғай даласын, Жем, Жайық, Еділ бойын жайласа, сол қанаты Орталық және Шығыс Қазақстанды мекендеді. Қыпшақ хандығының алғашқы орталығы Ертіс өзенінің орта ағысыңда болса, кейіннен Сыр бойындағы Сығанақ қаласына ауысты. Қыпшақ мемлекетін хан баскарды, олардан баска билеушілер катарына тархандар, бектер, басқақтар жатады. Орталық Қазақстан шаруашылығы көшпелі мал шаруашылығына негізделді. Мал жаз айларында Сарыарқаның кең даласын жайласа, қыста тау шатқалдарына, ықтасын жерлерге оралып отырды. Орта ғасырда Сарыарқа аркылы Ұлы Жібек жолының бір тармағы өтті, ол Қарқаралы, Ұлытау, Жезқазғанды басып өтіп, батысқа беттейді. Осы өңірде мыс, темір рудасы балқытылып, олардан еңбек кұралдары, қару-жарақтар жасалған. Оған дәлел Қарқаралы маңындағы Кент, Суықбұлақ мекендері, Темірші, Кентөбе кен орыңдары, Жезқазғандағы Милықұдық қонысы мен осы өңірдегі мыс және темір өндірген ежелгі кен орындары. Қытай өзені Хуанхэден Дунайға дейін созылған Ұлы Еуразия даласы адамзат тарихы бойында тек Батыс пен Шығыс арасындағы жалғаушы ғана емес, көптеген халықтардың ұлы бесігі болды. Ерте орта ғасырларда ұлы даланын орталық бөлігі, нақты айтқанда Дешті-Қыпшақ даласы құдіретті күшке айналды. Бұл даланы 6 ғ-да Түрік қағанатының кұрылуымен Қытай қорғанынан Қара теңізге дейін, түркі тілдес халықтар мекен етті. 11-15 ғ. Еуразия кұрлығындағы халықтар тарихында қыпшақтар маңызды рөл атқарды. Олар әлемдік маңызы бар ірі окиғаларға тікелей қатынасты. Оларды Византия мен Венфияда командар, орыс княздықтарында половдылар, түркі тілдес тайпалар арасында қыпшақтар деп атады. Қыпшақ қоғамы моңғол шапқыншылығына дейінгі кезенде мемлекеттілік сатысында тұрды. Қыпшақтар Орта Азияға, Шығыс және Орталық Еуропаға басып кірген моңғолдардың түріктенуіне аса маңызды үлес косты. Олар қазіргі түркі тілдес халықтар: татарлар, башқұрттар, өзбектер, қырғыздар, қарақалпақтар, оңтүстік алтайлықтар және т.б қалыптасуының бастауы болды. Қазақстан даласында қыпшақ тайпалары екі ірі топка бірікті. Соның алғашқысы Батыс Қазақстан аймағында орналасты (Арал теңізінен солтүстікке қарайғы дала). Екіншісі Орталық Қазақстан аумағында орналасты. Нақты осы географиялық аймақтарға сәйкес кейінгі орта ғасырда Орта жүз және Кіші жүз тайпалық бірлестіктері қалыптасты. 12 ғ-да Жошы ұлысынын екі қанатқа бөлінуі табиғи географиялық аудаңдар негізінде болды (Қимақ — Қыпшақ болып екіге бөлінді). Моңғол шапқыншылығы Дешті-Қыпшақтағы көшпелілердің саяси кұрылымын бұзғанына қарамастан, моңғолдар қыпшактардың мықты этно-мәдени бірлестігін ыдырата алмады. Қыпшақтардың кәсібінің негізгі түрі мал шаруашылығы еді. Қол-өнер өндірісі мал өнімдерін өндеуге байланысты болды. Қыпшақ қорғандарында ат әбзелдері молынан кездеседі. Мұның өзі олардың металл өндеумен айналысқанын және темір рудасын балқыта білгендіктерін көрсетеді. Ә.Х. Марғұлан мен М.Қ.Қадырбаевтың қыпшақ қорғандарынан тапқан теңгелері (шакалар) көшпелі шаруашылықта тауар-ақша қатынастарының кеңінен дамығанын көрсетеді.

Қыпшақтар тас балбалдарға, табиғат кұбылыстарына, аспанға (Тәңір), күнге, отқа табынды. Қыпшақтар көшкен бүкіл дала бойында адам баласы бейнеленген тас балбалдар қалды. Орталық Қазақстан далаларында, Ұлытау жоталарында, Сары және Қара Кенгір өзені маңайынан әйел бейнесі қашалған тас балбалдар кездеседі. Бұларда көз, мұрын, ауыз бейнеленбеген, сірә бұл ислам дінінін енуімен байланысты болса керек (ислам діні бойынша адамнын түрін бейнелеуге тыйым салынған). Қыпшақтарда әйелдер кұдайы Ұмай ана болған. Ұмай ана ошақ тыныштығы мен ұрпак таралуының қорғаушысы деп саналады. Баска түрік тілділер сияқты қыпшақтар үшін де Тәңірі ең жоғары кұдай болды. Бұл дәстүр ежелгі түркі дәуірінен келе жатқан ұғым. «Аспан», «құдай» ұғымдары ежелгі түркі руникалық жазбаларында кездеседі.13 ғ-дың басында Қазақ даласына моңғол шапқыншылығы басталды. Моңғол атты әскері Жетісу және Оңтүстік Қазақстан жері арқылы Орта Азияға шабуыл жасады. Орталық Қазақстан жерінде кырғын соғыс болғандығы туралы деректер жок. Шыңғысхан көзінің тірісінде жаулап алған аумағын төрт ұлына бөлген кезде Орталық Қазақстан үлкен ұлы Жошы иелігіне тиді. Қейіннен Жошы ұлысы Алтын Орданың негізін кұрап, Орталық Қазақстанның тайпалық одақтары осы мемлекеттің құрамына енді. Шыңғысхан жорығына, оның әулет бұтағына қатысты ең мол белгі Ұлытау өңіріңде кездеседі. Солардың ішіндегі ең әйгілісі – Жошы хан күмбезі. Алтын Орда Өзбек ханның тұсында (1312 ж.) мұсылман дінін мемлекеттік дін ретінде кабылдап, Шыңғысхан ұрпақтарын еріксіз мұсылмандыққа көшірді, бұл ретте хандықтың негізін калаған түркі тілдес тайпалардың рөлі зор. Шынғысханның ұрпақтарынын өзара соғысының, Орта Азияда Темірдің күшеюіне байланысты Жәнібек ханның (1359-1379) тұсында Алтын Орда бірнеше хандықтарға бөлініп, Орталық Қазақстанда, алғашқыда Ақ Орда, кейіннен Әбілкайыр хандық кұрды [3, б. 246].

Әмір Темірдін Ұлытау бойына келгендігі туралы жазба деректе, тарихи ескерткіште сақталған. Темірдің сарай шежірешісі Шараф ад-дин Әли Ниязи «Даңқ кітабында» былайша келтіреді: «Темір Ұлытауға келгенде алдымен сол таудың басына шығып, төңірегіндегі көк жасыл дала мен сеңгір тауларға ұзақты күнге тесіле қараумен болды. Сонан соң әскерін жинап, сол жерде үлкен құлпытас орнатуға бұйрық берді. Бармағы майысқан шеберлер осынау сәтті оқиғаның күнін тасқа қашап жазды» делінген. Бұл тас Ұлытаудағы Алтын шоқы биігіне орнатылған. Оны алғаш тауып, жария еткен академик Қаныш Сәтбаев. Бұл тас қазір Санкт-Петербургте Эрмитажда тұр.

Әбілқайыр хан (1428-1468) үнемі жорықта болып, елдің ішкі жағдайын әлсіретіп алуының нәтижесінде 1465 жылы Орыс ханның ұрпактары Жәнібек және Керей сұлтандар өзіне карасты руларымен наразылық ниетпен Моғолстан жеріне көшіп кетті. Сонымен Орталық Қазақстаннан шыккан екі сұлтан Шу өзенінің бойы, Хантауы жазығында 1466 жылы Қазақ хандығының негізін калады. 1468 ж. Жәнібек пен Керей сұлтандарды кайтармақшы болып жорыққа шыққан Әбілқайыр хан Балқаш көлі манында кенеттен кайтыс болып, әскері кейін кайтты [3, б. 247].

Қазақ хандығы Бұрындық (1474-1511) және Қасым ханның (1511-1518) тұсында кеңейіп, Орталық және Батыс Қазақстан аумағын түгел қамтыды. Қасым хан тұсынан қазақ хандары Ұлытау баурайына да өздерінің алтын үзікті ордасын тігіп отырған. Тұрғылықты халық бұл орынды әлі күнге дейін Хан ордасы деп кастерлейді. Қасым ханның баласы Хақназар (1538-1580) Қазақстанның аумағын солтүстігінде Есіл, Нұра өзендеріне, шығысында Балқаш көліне, батысында Еділ өзені, ал оңтүстігінде Ташкентке дейін жеткізді. Сонымен 16 ғ-да Орталық Қазақстан экономикалық жағынан біртұтас, этникалық құрамы біртектес Қазақ хандығының құрамына енді. 17 ғ. қазақ халқының жонғар шапқыншылығына қарсы ерлік кезеңі, Орталық Қазақстан жерінде қазақтардың әскері екі ірі жеңіске жеткенімен қазақ-жоңғар соғысы әлі жүз жылға созылды.Қалмақтар мен қазақтардың өзара жауластығы қалмақтардың бір одақка (1400) бірігуінен басталып, оларды қытайлықтардың түгел жойып жіберген (1757) кезеңіне дейін ұласты. Тәуке хан билік еткен кезенде (1680-1718) Қазақ хандығының қырғыздармен және қарақалпақтармен одақтасуы нәтижесінде жоңғарлардың қазақ жеріне шабуылын уақытша бәсендетті. Осыны пайдаланған Тәуке хан қазақ арасыңда коғамдық өмірдің зандастырылған тәртібін енгізді. Күшті де қарулы жауға карсы түру үшін Тәуке хан әлсіз де бытыраңкы рулардың басын косты, одақ құрды. Ұлы жүзге Төле би, Орта жүзге Қазыбек биді, Кіші жүзге Әйтеке биді билікке тағайындады. Сонымен тарихта аты қалып, осы күнге дейін жеткен «Жеті жарғы» құжаты дүниеге келді. Зандық сипаты бар құжат көшпелі рулардың тұрмыс-салт дәстүрлеріне негізделді [5, б. 25].

Қазақ тарихының небір қалың қатпары арғы заманалар еншісінде жатыр. Соның ең бір көне, ерекше мәнді айғағы Сарысу өзенінің төменгі сағасындағы «Таңбалы тас». Бұл тас Жетіқоңыр құмына таяу, Қарақойын атты тұзды көлдің іргесінде тұр. Таңбалы тасқа зер салып қараған жан Арғынның көз таңбасын, Найманның бақан таңбасын, Шапыраштының ай таңбасын, Ыстының көсеу таңбасын, Қоңыраттың босаға таңбасын, Адайдың оқ таңбасын, Жағалбайлының балға таңбасын көрер еді.

Орталық Қазақстанның тарихы, оның саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы жан-жықты зертеуді әлі де қажет етеді. Қазіргі уақытта, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің сөз сөйлеуінде біздің аймақтың негізді зерттелуі ең өзекті мәселе екенін атап өткен.
Әдебиеттер тізімі


  1. Назарбаев Н.А. В потоке истории. – Алматы, 1999. - 296 с.

2. История Казахской ССР с древнейших времен до наших дней. – 3-е изд., перераб. – Алматы, 2011. – 670 с.

3. Смагулов Е.А. Некоторые итоги и проблемы изучения истории Туркестана по археологическим данным / Древнетюркская цивилизация, памятники письменности. – Алматы, 2001. - 302 с.

4. Маргулан А.Х. Каменные изваяния Улытау: Соч. в 14 т. Т. 3.- Алматы, 2003. - 357 с.

5. Досмагамбетов С.К. Центральный Казахстан: природа и природные ресурсы, события и люди, реформы и развитие. – Алматы, 2003. – 562 с.



6. Восточная Сарыарка: Каркаралинский регион в прошлом и настоящем / под ред. К.С. Алдажуманова, А.З. Бейсенова А. – Алматы, 2004. – 564 с.






Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет