ҚР Қылмыстық іс жүргізу қҰҚЫҒы пәні бойынша дәрістер конспектісі



бет21/35
Дата15.09.2017
өлшемі6,42 Mb.
#33464
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   35

Беттестіру жауаптары қарама-қарсы болған бұрын жауап алынған екі жауап берушілер үшін жүргізіледі. Егер бұрын жауап алынған екі адамның көрсетпелерінде елеулі қайшылықтар болса, тергеуші осы қайшылықтардың себебін анықтау үшін оларды беттестіреді. (ҚР ҚІЖК 220-бап).

Беттестіру жолымен кез келген жағдайларға байланысты куәдан, жәбірленушіден, күдіктіден жауап алынуы мүмкін. Беттестірудің мақсаты - қарама-қайшылықты жою.

Беттестірудің нақты негіздемесі — жауап алынған адамның көрсетпелерінде қайшылықтың болуы; беттестірудің заңды негіздемесі — іс бойынша жауап алынушыларды бетгестіру, сол адамдарды шақыру және оларға сұрақ қою өндірісін жүзеге асырудағы заңды күш.

Беттестірудегі іс жүргізу тәртібі:

1) тергеуші екі қатысушының жеке тұлғаларымен танысып куәландырылады және олардың құқықтық мәртебесін анықтайды;

2) беттестіруге қатысушылардың міндеттері мен құқықтары түсіндіріледі, қажет болған жағдайда оларға жауаптьшық туралы да ескертіледі;

3) Қатысушылар бір-бірін танитыны, білетіні, білмейтіні анықталады, білсе қандай қарым-қатынаста екені айқындалады;

4) Қарама-қайшылық жағдайлары туралы жауап беруде ретті кезек сақталады;

5) жауаптарды тыңдап болғанна кейін тергеуші қосымша сұрақтар қоюға құқылы;

6) тергеушінің рұқсатымен беттестіруге қатысушылар бір-біріне сұрақ қоюға құқылы, ол туралы тергеуші хаттамаға енгізе алады.

7) беттесгірудің хаттамасының әрбір бетіне және өзінің әрбір, жауабына қатысушылар қол қояды. Бұл хаттама ҚР ҚІЖК-нің 203-бабында көзделген жауап алу хатгамасының ережесі бойынша толтырылады және ресмиленеді.
3. Тексеру - бұл қылмыс ізін, өзге материалдық объектілерді анықтау, сондай-ақ іс үшін маңызы бар жағдайларды айқындау мақсатында тергеуші, ал ол жоқ болған жағдайда анықтаушы немесе қылмыс туралы арыз не хабар түскен анықтау органының лауазымы жағынан жоғары қызметкері жерді, үй-жайларды, заттарды, құжаттарды, көзі тірі адамдарды, мәйіттерді, жануарларды тексеру. Тексеру жүргізудің жалпы тәртібі ҚР ҚІЖК-нің 221, 222, 223, 224, 225, 227-баптарында көзделген.

Тексерудің нақты негіздемесі іс жүргізулік, сондай-ақ іс жүргізулікке жатпайтын қылмыс туралы мәліметтер. Бұл мәліметтер қылмыс ісі бойынша нақты тексеру түрін жүргізу мүмкіндігі мен қажеттелігін растайтын мағлұматтар.

Заңды негіздемесі — қылмыс ізін бекіту және белгілеу үшін күттірмейтін тергеу әрекеттерін жүргізетін заң бойынша құқығы бар адамдардың тексеру жүргізу мүмкіндігі.

Заң бойынша тексеруді жүргізу туралы қаулы шығару талап етілмейді.

Тексеруді жүргізу қылмыс болған жерді, оқиғасын, мән-жайын айқындау, заттай дәлелдемелерді табу және алу, сондай-ақ іске қатысты басқа да жағдайларды анықтау мақсатын көздейді.

Қылмыстык іс жүргізу кодексі мынадай тексеру түрлерін қарастырады: (ҚР ҚІЖК 221-бап):

1) қылмыс болған жерді тексеру. Бұл тексеру түрінің іс жүргізулік ерекшелігі мынада: бұл тексеру қылмыстық іс қозғалғаннан кейін де қозғалмай тұрып та жүргізіле береді;

2) Үй-жайларды, мекемелерді тексеру;

3)көзі тірі адамдарды, мәйітті, жануарларды тексеру; Бұл тексеру түрінің ерекшелігі— медицина, ветеринария саласы маманының міндетті түрде қатысуы;

4) заттарды тексеру;

5) құжаттарды тексеру;

6)қылмыс болған жер деп саналмайтын жерлерді, үй-жайларды тексеру.

Кейінге қалдыруды күттірмейтін жағдайларда қылмыс болған жерді тексеру қылмыстық іс қозғалғанға дейін жүргізілуі мүмкін. Бұндай жағдайларда оның негіздемесі бойынша қылмыстық іс болған жерге тексеру жүргізілісімен дереу қозғалады (ҚР ҚІЖК 221-баптың 2-бөлігі).

Тексеруді тікелей тергеушінің өзі жүргізеді, ал ол жоқ болған жағдайда анықтау органдары жүзеге асырады.

Заң тексеру барысында куәгерлердің міндетті түрде катысуын қарастырады. Бірақ ерекше жағдайларда тексеру куәгердің қатысуынсыз-ақ жүргізіле береді (хабарлау құралдары болмаған жағдайда, куәгер ретінде тартылатын азаматтар болмаған жағдайда). Бұл кезде тергеуші ереже бойынша, техникалық құралдарды қолданады (фото, бейне түсірілімдер).

Тергеушінің қарастыруына байланысты қажет болған жағдайда тексеруге маман, куә, жәбірленуші, күдікті, айыпталушы қатыса алады.

Тергеуші тексеруге қатысатын адамдарға ескерту жасауға, өз пікірінше істің мән-жайын ашуға септігін тигізетін барлық мәліметтерді тергеушіге керсетуге құқылы екенін түсіндіреді. Бұның барлығы хаттамаға енгізіледі.

Қажетті жағдайларда алынған заттарға сүргі салынады және қатталады (оралады) (ҚР ҚІЖК 222-баптың 9-бөлігі).

Сараптамаға жіберілетін алынған тексеру заттары міндетті түрде қатталады және сүргі салынады.

Пошта-телеграф жөнелтілімдерін тексеру прокурордың санкциясымен және пошта-телеграф мекемесінің қызметкерлерінен құралған куәгерлердің қатысуымен жүзеге асырылады.

Үй-жайды тексеру. Үй-жайды тексеру онда түратын адамдардың келісімімен немесе прокурор санкциясымен жүргізіледі (ҚР ҚІЖК 222-баптың 12-бөлігі). Үй-жайды тексеру барысында онда тұратын адамның үнемі қатысуы міндетті. Ұйымдарда, мекемелерде тексеру жүргізу осы мекеменің бастығы немесе олардың өкілдерінің қатысуымен жүргізіледі.

Дипломатиялық өкілдіктер орналасқан мекемелерді тексеру. Дипломатиялық өкілдіктер орналасқан үй-жайлардағы, сондай-ақ дипломатиялық өклдіктердің мүшелері мен олардың отбасылары тұратын үй-жайларды тексеру тек дипломатиялық өкілдік басшысының немесе оның орнындағы адамның өтініші бойынша немесе олардың келісімімен және олардың кезінше жүргізіледі. Дипломатиялық өкілдің келісіміне Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі арқылы сұрау салынады. Тексеру жүргізілген кезде прокурордың жөне Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі өкілінің қатысуы міндетті. (ҚР ҚІЖК 222-баптың 16-бөлігі).

Заттай дәлелдемелерді тексеру және сақтау (ҚР ҚІЖК 223-бап). Оқиға болған жерді тексеру кезінде жерді немесе үй-жайды тінту, шығарып алу, тергеу эксперименті немесе басқа тергеу іс-әрекеті кезінде алынған не тергеушінің талап етуі бойынша ұйымдар мен азаматтар берген заттар тексеруге жатады. Аталған заттар тексерілгеннен кейін заттай дәлелдер деп танылуы мүмкін.

Затты тергеуші заттай дәлел ретінде тану және оны іске қосып тіркеу туралы қаулы шығарады. Осы қаулыда заттай дәлелді іспен бірге қалдыру немесе оны иесіне немесе өзге адамдар мен ұйымдарға сақтауға өткізу туралы мәселе шешілуге тиіс (ҚР ҚІЖК 222-бап).

Егер заттар ауқымды болуына және өзге де себептерге байланысты қылмыстық іспен бірге сақтауға келмесе олар фото-сурет немесе бейнежазба құралдарымен түсіріп алынуға, мүмкіндігінше мөрмен бекітілуге және тергеуші көрсеткен орында сақталуға тиіс (ҚІЖК 222-баптың 11-белігі). Іске заттай дәлелді үлгісі қоса тіркелуі мүмкін. Заттай дәлелдің жатқан жері туралы істе тиісті анықтама болуы тиіс.

Тергеу және анықтау органдары алып қойған ұлттық және шетел валюта түріндегі ақшалай қаражат қылмыстық процесті жүргізуші органның депозиттік шотына салынады.

Тез бұзылатын заттай дәлелдер, егер олар иесіне қайтарылмайтындай болса тиісті ұйымдарға мақсатына сай пайдалануға не алынған сомаларды қылмыстық істі жүргізуші органның депозитіне енгізе отырып, сатуға өткізіледі. Сақталуы айтарлықтай материалдық шығын жұмсауды қажет ететін заттай дәлелдемелер, иесіне қайтарылып берілуі мүмкін болмаса оның келісімімен алынған соманы қылмыстық процесті жүргізуші органның депозитіне сала отырып, зандарда берілген тәртіппен сатылады. Негіздер болған жағдайда пайдаланылған немесе сатылған заттай дәлелдемелер сол секілді және сондай сападағы заттармен қайтарылып беріледі немесе иесіне олардың кұны төленеді.

Анықтау органы істі тергеушіге берген кезде немесе ол бір анықтау органынан екінші анықтау органына не бір тергеушіден екіншісіне берген ретге сонымен қатар іс прокурорға және сотқа жіберілгенде заттай дәлелдер бірге жөнелтіледі. Заттай дәлелдер буып түйілген және мөрмен бекітілген күйінде оларды даралайтын белгілері көрсетілген тізімдеумен бірге беріледі.

Қылмыстық іс тергеу сатысында қысқарған жағдайда заттай дәлелдер туралы мәселе Қылмыстық істі жүргізу кодексінің 121-бабы 3-бөлігінің ережелері бойынша шешіледі.

Мәйітті тексеру (ҚР КІЖК 224-бап). Адам мәйітін ол табылған жерде сыртынан тексерудің жалпы ережелерін сақтай отырып және сот медицинасы саласындағы маман дәрігердің, ал оның қатысуы мүмкін болмаған жағдайда — өзге дәрігердің міндетті түрде қатысуымен жүргізіледі. Мәйітті тексеру үшін басқа да мамандар тартылуы мүмкін.

Танылмаған мәйіт міндетті түрде фотосуретке түсірілуге және дактилоскопия жасалуға тиіс. Мәйітті сырттай тексеру кейін сот-медицина сараптамасының жүргізілуін алмастырмайды және жоққа шығармайды. Мәйітті тексеру барысында азаматтардың қайтыс болған адамды тану туралы мәлімдемелері сол тергеу іс-әрекетінің хаттамасына енгізіліп, кейіннен мәлімдеушіден куә ретінде жауап алынады, бұл мәйітті басқа адамдардың тануы үшін көрсетуді жоққа шығармайды.



Эксгумация (ҚР ҚІЖК 225-бап). Эксгумация- адам мәйітінің жерленген жерінен қазып алу (эксгумация) тергеу әрекеті, қажетті жағдайларда мәйітке тексеру жүргізу, оны тану үшін немесе сот-медициналық және басқа сараптама жүргізу. Эксгумация жүргізу үшін тергеуші уәжделген қаулыны шығаруы тиіс және прокурордың санкциясын алуы тиіс. Прокурордың санкциясында мәйіт әкімшілігі мен қайтыс болған адамның туыстары міндетті түрде көрсетіледі. Эксгумация куәгердің қатысуымен және міндетті түрде сот медицинасы саласындағы маманның қатысуымен жүзеге асырылады. Олар тану, тексеру және салыстырмалы зерттеу жүргізу үшін қажетті үлгілер алу үшін қатыстырылады, бүл туралы хаттамаға енгізіледі. Тексеру және оның барлық қажетті іс жүргізулік әрекеттері жүргізілгеннен кейін мәйітке эксгумация жасалғаны туралы қаулы бойынша бейіт әкімшілігі анықтау немесе тергеу органының және қайтыс болған адам туыстарының қатысуымен мәйітті жерлейді.

Куәландыру (ҚР ҚІЖК 226-бап). Мәніне қарай куәландыру тексерудің бір түрі болып саналады, бірақ тірі адамның денесін куәландыру. Куәландыру— адам денесіндегі ерекшелік белгілерді, қылмыс іздерін, денсаулығына келтірілген зиянның белгілерін анықтау, мас болу жағдайын немесе іс үшін маңызы бар өзге де қасиеттер мен белгілерді анықтау үшін куәға, айыпталушыға, күдіктіге, жәбірленушіге куәландыру жүргізуден тұратын тергеу әрекеті. Куәландыру жүргізудің нақты негіздемесі - тексеру кезінде адам денесінде ерекше белгілер (тыртық, туғаннан пайда болған мең, татуировка), дене жарақатынан болған іздер (жаралану, ісік дақтар, көгеру) табылуына дәлелді негіздер болуы немесе адамның нашақорлық не мас күйінде табылуына негіз болатын негіздердің болуы.

Куәландырудың заңды негіздемесі — тергеушінің куәландыру жүргізу туралы қаулы шығаруы. Осы қаулымен міндетті түрде жәбірленуші, айыпталушы, күдікті, куә танысуы керек. Куә және жәбірленуші куәландыру жүргізуден бас тартқан жағдайда тергеуші прокурор санкциясымен куәландыруды мәжбүрлеу шаралары арқылы жүргізеді. 226-баптың 1-бөліміне сәйкес куәландыру сот сараптамасын жүргізу қажет болмаған жағдайда ғана жүзеге асырылады.

Тергеуші айыпталушыға, күдіктіге, куәға немесе жәбірленушіге олардың денесіндегі қылмыс іздерін анықтау үшін немесе ерекше белгісін айқындау үшін жүргізуге құқылы, егер сот -медициналық сараптамасын жүргізу қажет болмаса .

Куәландыру куәгердің ал қажетті жағдайда дәрігердің қатысуымен жүргізіледі.

Бұл тергеу әрекеті куәландырылатын адамның жалаңаш күйінде жүргізілетін болса сол жынысты куәгерлердің қатысуымен жүзеге асырылады.

Тергеуші егер куәландырылатын адам жалаңаш күйінде тексерілетін жағдайында өзге жынысты куәландыруға қатынаспайды. Бұл кезде куәгерлердің қатысумен куәландыруды дәрігер жүргізеді (ҚІЖК 226-бап 3,4 бөліктер). Осы жағдайда тергеуші хаттаманы куәландыру жүргізген дәрігердің айтқан сөздерімен толтырады.

Куәландыруды жүргізу туралы хаттаманы ҚР КІЖК-нің 226, 227-баптарының талаптары бойынша тергеуші толтырады. Куәландыру хаттамасында тергеушінің барлық әрекетгері жазылады, соған тең куәландыру кезінде табылған барлық мәліметтер табылған ретімен және қандай күйде табылғаны түгел енгізіледі. Хаттамада сондай-ақ куәландыру кезінде алынған заттар тізімделіп тіркеледі.

Куәландыру барысында тиісті емес яғни куәландырылатын адамның денсаулығына қауіпті болатын және оның ары мен ұятын кемсітетін тәсілдер мен әдістерді қолдануға жол берілмейді.


4.Тану (ҚР ҚІЖК 228-бап). Заң тану ұғымына толық анықтама береді. Бұл бұрын байқалған адаммен немесе объектімен ұқсастықты немесе айырманы анықтау мақсатында тергеуші тану үшін куәға, жәбірленушіге, күдіктіге немесе айыпталушыға адамды немесе затты көрсету. Тану үшін мәйіт те көрсетілуі мүмкін.

Бұл тергеу әрекетінің құқықтық негізі ҚР ҚІЖК-нің 228,229-баптары болып саналады. Тануға ұсынылатын объектілердің түрлері: көзі тірі адамдарды тану, фотосурет бойынша тану; басқа да тірі болмыстарды тану; заттарды тану және мәйітті тану.

Заң әдебиеттерінде адамды иісі арқылы тану туралы біржақты пікір жок. Қазақстан Республикасының Заңында дыбыс және бейне жазбалары арқылы тану жүргізуге жол берілген (ҚР КІЖК 229-бап), сондай-ақ дауысының, сөйлеуінің, жүрісінің ерекшеліктері бойынша тануға жол берілген. Сонымен қатар осы нормада адамның иісі аркылы тану көрсетілмейді. Бірақ анықтау және тергеу органдары өзінің тәжірибелі жұмысында адамды сыртқы тұлғасына қарай да, дауысы, жүрісі, кейде тіпті иісіне қарай да тануды жүргізе береді.

ҚР КІЖК-нің 228-бабына сәйкес танушы адамдар ретінде куә, жәбірленуші, күдікті, айыпталушы бола алады.

Танушы адам ретінде өзінің жас шағына қарай, дене және психикалық кемістігіне карай дене үшін маңызы бар мән-жайларды дұрыс қабылдау және ол туралы дұрыс жауап беруге қабілетті емес адамдарды тартудың аса қажеті жоқ.

Конституцияға және қылмыстық іс жүргізу заңына сәйкес жұбайына және жақын туыстарына куәландырмауға құқылы екені түсіндіріледі, яғни күдіктінің, айыпталушының жасаған қылмысын тану кезінде танушы ретінде қатыспауға қүқылы екені түсіндіріледі.



Тану ушін көрсету тәртібі. Танылуға тиіс адам тануға қатыстырылатын адамға жынысы бір, сыртқы пішіні мен киімінде айтарлықтай айырма жоқ басқа адамдармен бірге көрсетіледі. Тану үшін көрсетілетін адамдардың жалпы саны кемінде үш адам болуы керек. Бұл ереже мәйітті тануға қолданылмайды.

Тергеу іс-әрекетіне арасында танытуға тиіс адам орналасқан өзге адамдардың қатысуы тек олар ерікті түрде келіскен кезде және тануға қатыстырылған адам олармен бұрын таныс болмаған жағдайда мүмкін болады.

Әдетте мәйіт жеке көрсетіледі. Апаттар туралы істер бойынша және құрбан болғандардың саны айтарлықтай болған басқа да істер бойынша мәйіт тану үшін жалпы қаза болғандармен бірге көрсетілуі мүмкін. Қажет болған жағдайларда тергеушінің нұсқауы бойынша танушы адамға мәйітті керсетпес бұрын маман мәйітті гримдейді. Тергеушінің мәйітті оның жатқан жерінде сақталуын қамтамасыз ету туралы нұсқауы тану үшін ұсынуға қажетті уақыт кезеңінде орындалуға міндетті.

Егер танитын адам куә немесе жәбірленуші болса, оған танудың алдында айғақ беруден бас тартқаны үшін, көрінеу жалған айғақ бергені үшін қылмыстық жауаптылығы туралы ескертіледі, оған сондай-ақ өзіне, еріне және өзінің жақын туыстарына, ал діни қызметшіге -тәубе үстінде өзіне ішкі сырын сеніп ашқан адамдарға қарсы куәлік етпеу құқығы түсіндіріледі.

Тану жүргізудің алдында тергеуші танылуға тиіс адамға өзге адамдардың арасында кез келген орынды таңдап алуын ұсынады, бұл хаттамада көрсетіледі.

Адамды көрсету мүмкін болмаған кезде тану оның фотосуреті бойынша жүргізілуі мүмкін, ол бет әлпеті танылуға тиіс адаммен мүмкіндігінше ұқсас, кемінде үш адамның фотосуретімен бірге көрсетіледі, сонымен бірге дыбыс және бейнежазба бойынша да жүргізіледі.

Зат кемінде үш біртектес затпен бірге көрсетіледі. Ұқсас объектілерді іріктеп алу мүмкін болмаған немесе қиын болғанда затты тану үшін көрсету жалғыз дана бойынша жүргізіледі.

Танушы адамға өзі ол туралы айғақ берген адамды немесе затты көрсету ұсынылады. Жетекші сүрақтар қоюға тыйым салынады.

Егер танушы адам оған керсейлген адамдардың немесе заттардың бірін көрсетсе, оған бұл адамды немесе затты қандай белгілері немесе ерекшеліктері бойынша танығанын түсіндіру ұсынылады.

Тану үшін көрсету куәгерлердщ көзінше жүргізіледі.

Танушының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ дауыс, сөйлеу, жүріс ерекшеліктері бойынша тану кезінде адамды тану үшін көрсету танылуға тиіс адам танитын адамды көрмейтіндей жағдайда жүргізілуі мүмкін. Бұл жағдайда куәгерлер тануға тартылған адаммен бір жерде тұрады. Тануға тартылған адам мен куәгерлерге тану үшін көрсетілген адамдарды жеткілікті көріп байқау мүмкіндігі қамтамасыз етілуіге тиіс.

Тануға көрсетілген адамды сол белгілері бойынша танушының қайталап тануы жүргізілмейді.

Тану үшін көрсету туралы ҚР ҚІЖК 203-бабының талаптарын сақтай отырып, хаттама жасалады. Хаттамада танудың шарттары, барысы, нәтижелері көрсетіледі және танушы адамның түсініктемелері мүмкіндігінше сөзбе-сөз жазылады. Егер тану үшін адамды көрсету танылуға тиіс адам танушы адамды көрмейтіндей жағдайда жүргізілсе, бұл да хаттамада көрсетіледі.

Тінту. (ҚР ҚІЖК 230-бап). Тінту - бұл заттай дәлелдеме бола алатын, іс үшін маңызы бар қылмыс қаруларын, қылмыс жолымен алынған құндылықтарды, құжаттарды, басқа да заттарды алу және табу мақсатында іздеуге бағытталған мәжбүрлі тергеу әрекеті. Тінту сондай-ақ әділ соттан жалтарып жүрген адамды табу немесе өлтіру туралы іс бойынша мәйітгі іздеу мақсатыңда жүргізіледі.

Заңда мынадай тінту түрлері қарастырылған. Белгілі бір мекемені тінту (ғимарат, ұйым, үй-жай), өзге де жерледі тінту (аула, саябақ, бақша, т.б.) және жеке тінту.



Алу (ҚРҚІЖК231-бап). Алу — іс үшін маңызы бар белгілі бір заттар мен құжаттардың қайда жөне кімде екені анық болғанда, тергеушінің оларды алып қою мақсатымен жүргізілетін тергеу әрекеті.

Тінту мен алудың нақты негіздемесі — белгілі бір жерде не мекемеде немесе нақты бір адамда қылмыс қаруы, заттары не құндылықтары, іздестіруде жүрген адам және іске маңызы бар баска да заттар бар екеніне негіз болатын жеткілікті мәліметтердің болуы.

Заңды негіздемесі - тергеушінің уәжделген қаулысын шығаруы. Онда қандай мекен-жаймен және қай жерде тінту не тінту мақсаттарын (қылмыс заттары мен қаруын іздеу не алу) жүргізу керектігі белгіленеді.

Ережеге сай, тінту прокурордың не оның орынбасарының санкциясымен жүргізілуі тиіс. Бірақ заң айрықша жағдайларда іздестіріліп жатқан және алып қоюға жататын объект оны табуды ұзаққа созудан жоғалуы, бүлінуі немесе қылмыстық мақсатта пайдаланылуы мүмкін болғанда не іздестіріліп жатқан адам жасырынуы мүмкін болғанда тінту прокурордың санкциясынсыз, бірақ жүргізілген тінту туралы кейін жиырма төрт сағат ішінде оған хабарлау арқылы жүзеге асырылатынын көздейді. Аталған хабарламаны алғаннан кейін прокурор жүргізілген тінтудің заңдылығын тексереді жөне оның заңды немесе заңсыз екені туралы қаулы шығарады. Жүргізілген тінтудің заңсыз екені туралы шешім қабылданған жағдайда бұл әрекет іс бойынша дәлел ретінде жіберілмейді. Тінту күндізгі уақытта жүргізілуі тиіс. Бірақ күттірмейтін жағдайларда ол түнгі уақытта да жүргізіледі.

Ескерте кету керек, тінту не алу әрекетін жүргізуде екіден кем болмайтын куәгер қатысуы міндетті, ал қажетті жағдайларда маман мен аудармашының қатысуы талап етіледі. Маман ретінде тергеуші дәлелдемелерді алу, бекіту және табу үшін бірге қызмет көрсететін сондай-ақ техникалық құралдарды қолдана алатын кез келген іске мүдделі емес адамды шақырта алады.

Үй-жайларда тінту жүргізіліп жатқан үй иесін не сол отбасының кәмелетке толған мүшелерінің бірін қатыстыру қамтамасыз етілуі керек. Оларды қатыстыру мүмкін болмаған жағдайда үйді пайдалану ұйымының (КСК) өкілдері немесе жергілікті әкімшілік шақыртылады.

Өндірістер, кәсіпорындар, мекемелер, ұйымдар орналасқан ғимаратты тінту не алу олардың әкімшілігіндегі өкілдердің қатысуымен жүргізіледі.

Мемлекетгік құпия болып танылатын мәліметгері бар құжаттарды алу тек прокурордың немесе оның орынбасарының санкциясымен және сәйкес мекеме басшысының келісімімен жүргізіледі.

Дипломатиялық өкілдіктер орналасқан үй-жайларды, сондай-ақ дипломатиялық өкілдіктердің мүшелері мен олардың отбасылары тұратын үй-жайларды тінту не алу тек дипломатиялық өкілдік басшысының немесе оның орнындағы адамның өтініші бойынша немесе олардың келісімімен және олардың кезінше жүргізіледі. Дипломатиялық өкілдің келісіміне Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі арқылы сұрау салынады. Тінту не алу жүргізілген кезде прокурордың және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі өкілінің қатысуы міндетті.



Жеке адамды тінту (ҚР ҚІЖК 233-бап). Жеке тінту- прокурор санкциясынсыз және қаулының қабылдануынсыз жүргізілетін тергеу әрекеті. Ұсталған адамда немесе сол не басқа жердегі мекеме ішіндегі тінту не алу жүргізілетін адамда қылмысқа қатысты заттар мен құжаттар бар екеніне жеткілікті негіз болған жағдайда, оның денесінде, киімінде іске маңызы бар заттардың бар екеніне нақты дәлелдер болған жағдайда жүргізіледі. Ескерте кету керек, егер жеке тінту адамды ұстау кезінде немесе қамауға алу кезінде куәгердің міндетті түрде қатысуымен жүргізіледі.

Тінту және алуды жүргізу тәртібі (ҚР ҚІЖК 232-бап). Тінту мен алуды тергеуші дәлелді қаулы бойынша жүргізеді. Тінту жүргізу туралы, сондай-ақ мемлекеттік немесе заңмен қорғалатын өзге құпияны қамтитын құжаттарды алу туралы қаулыға прокурор немесе оның орынбасары санкция беруге тиіс. Тінту не алу жүргізілетін адамдарға, сондай-ақ куәгерге, маманға, аудармашыға олардың құқықтары түсіндіріледі: тергеушінің барлық әрекеттеріне қатысу және осы әрекеттерге қатысты ескерту жасауға құқылы, бүл туралы хаттамаға енгізіледі. Тергеушінің қаулысынсыз тінту және алу жүргізу заңды бұзу деп саналады жөне осындай әрекеттермен алынған нәтижелер мен дәлелдемелер жоққа шығарылады.

Қаулы шығарып, құқықтарымен түсіндіргеннен кейін тергеуші қылмыс қаруын, заттарын, қылмыс жолымен алынған құндылықтар мен басқа қүжаттарды тапсыруды ұсынады. Егер іздестірудегі заттар мен құжаттар ерікті түрде берілсе және алынуға жататын заттар мен құжаттардың жасырылғанынан күмәндануға негіздер болса, тергеуші одан әрі іздеу жүргізуге құқылы.

Егер жабық үй-жайлар мен қоймалардың иесі оларды ерікті түрде ашудан бас тартса, тінту жүргізген кезде олар ашылуы мүмкін. Бұл ретте есік құлыптарын және басқа заттарды қажетсіз бүлдіруге жол берілмеуі тиіс.

Алу кезінде тергеуші алынуға жататын заттар мен құжаттарды беруді ұсынады, ал бүдан бас тартылған жағдайда алу мәжбүрлі түрде жүргізіледі. Тергеуші сол үй-жайда түрып жатқан адамның немесе басқа адамдардың жеке емірінің тінту мен алу кезінде анықталған мән-жайларының жария етілмеуіне шаралар қолдануға міндетті. Тергеуші тінту немесе алу жүргізіліп жатқан үй-жайды немесе орында тұрған адамдарға және осы үй-жайға келген адамдарға тінту немесе алу аяқталғанға дейін ол жерден кетуге, сондай-ақ бір-бірімен немесе өзге адамдармен сөйлесуге тыйым салуға құқылы.

Тінту мен алу жүргізілген кезде тергеуші іске қатысы болуы мүмкін заттар мен құжаттарды алумен шектелуге тиіс. Айна-ымға салуға тыйым салынған затгар мен қүжаттар олардың іске қатыстылығына қарамастан алынуға тиіс. Алынатын заттар мен құжаттар куәгерлерге және қатысып отырған баска да адамдарға көрсетіледі, буып-түйіледі және тінту жүргізілген жерде мөрмен бекітіледі және куәгер мен бұған қатысқан адамдардың қол қоюымен куәландырылады. Тінту жүргізген кезде қажет болған жағдайда фотосуретке, киноға түсіру жөне бейнежазба жүргізіледі.

Тінту немесе алу хаттамасын жасау тәртібі (ҚР ҚІЖК 234-бап). Тінту немесе алу жүргізетін адам ҚР ҚІЖК-нің 203-бабында көзделген талаптарды сақтай отырып хаттама жасайды. Хаттамада заттар мен құжаттар қай жерде және қандай жағдай-да табылғаны, олардың ерікті түрде берілгені немесе мәжбүрлеп алынғаны керсетілуге тиіс. Бірақ алынған затгар хаттамада саны, мөлшері, салмағы, өзіндік белгілері және мүмкіндігінше бағасы дәл көрсетіле отырып жазылуы тиіс.

Егер тінту немесе алу жүргізген кезде алынуға жататын заттарды немесе құжаттарды жою немесе жасыру әрекеттері жасалған болса, бұл хаттамада қолданған шаралар көрсетіле отырып жазылуға тиіс.

Тінту немесе алу хаттамасының көшірмесі олар жүргізілген адамға не оның кәмелетке толған отбасы мүшесіне, ал олар болмаған жағдайда тұрғын үй пайдалану ұйымның немесе жергілікті атқарушы органның өкіліне олардан қолхат алынып тапсырылады. Егер тінту немесе алу ұйымда жүргізілсе, онда хаттаманың көшірмесі оның өкілдеріне қолхат алынып тапсырылады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   35




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет