Жас ұрпақтың туған жер туралы білімін байыту, өскелең ұрпақтың тарихи және мәдени мұрасын сақтау, туған халқының тілі мен әдебиетіне деген қызығушылығын арттыру, өңір мақтанышына айналған тұлғалар туралы білімдерін кеңейту - «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы «Өлкетану» бағытының қағидаты. Өлкетану - бұл тек ғалымдар, мамандар ғана емес, сондай – ақ сол өңірді жетік білетін адамдар мен жергілікті тұрғындар қатысатын ғылыми және қоғамдық қызметтің түрі. Сол батыр бабаларымыздың жалғасы Құмаш Нұрғалиұлы – ерлік пен өрлікке толы ғұмырымен қазақ елінің ортақ мақтанышына айналған тұлға, туған өлкеміздің төл тумасы. Отан анамыздың басына қара бұлт үйірілген шақта, қайсар жүрек қаһарман небәрі он сегіз жасында жау оғына өр кеудесін тосты. Жаумен жан аямай шайқасты, екі аяқ, бір қолынан айырылып, елге мүгедек күйде оралды. Алайда, ержүрек жеңімпаздың рухы тым асқақ еді. Сол асқақ рух пен қайсар мінез оны жасытпады, керісінше, бейбіт өмірдегі қайталанбас ерлікке жетеледі. Ел-жұртымен қайта қауышқан Құмаш Нұрғалиұлы тәнім жаралы екен деп тағдырдан тайсалмады, қайта қарсы тұрды, қарсы тұрды да – қан майдандағы ерлігін қайта қайталады. Бұл – тағыдырдан таяқ жеген кез келген пенде үшін таптырмас үлгі мен өшпес өнеге. Йә, дәуір де өзінің Құмаш Нұрғали сынды тарихи тұлғасын сомдап шығарды да, кейінгі ұрпақ үшін рухани байлық көзіне айналды.
Әр дәуір өзінің қайталанбас тарихи тұлғаларымен құнды. Кейінгі ұрпақ алдыңғы толқын ағаларының ұлағатын өнеге етіп, олардың ізгі ісін жалғастыру – айнымас өмір заңдылығы. Қазақ халқы тумасынан ақылгөй де данышпан, тұғыры биік тұлғалардан кенде болып көрген емес.
Достарыңызбен бөлісу: |