Райымжан Мәрсеков (1877 жылы Семей облысы, Өскемен уезі, Айыртау болысында туған, қайда, қашан қайтыс болғаны толық мәлім емес) — Алаш қозғалысының аса көрнекті қайраткері, Алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі, заңгер, публицист, қазақтың мүддесін көздеп, қамын жеген ұлт ойшылы еді.
Өмірбаяны Әкесі Мәрсектің руы – Найман ішінде Терістаңбалы, анасының руы – НайманныңҚаракерей ішінде Жанай, атақты Тана мырзаның ұлы Омар мырзаның қызы Бейілхан ханым. Ес жиып, ат жалын тартып мінген кезінен баcтап талаптанып, білім іздеген. Өскемендегі уездік орыс-қазақ мектебін бітірген соң, Омбыдағы классикалық гимназияға оқуға түседі. Қазақша, орысша екі тілге бірдей жетік болып, зеректігімен жұрт назарына ілігеді. 1897 жылы гимназияны жаксы нәтижемен бітірген ол жоғары білім алуды армандап, алғаш Қазан университетіне түседі. 1899 жылы Санкт-Петербургтегі Император университетінің заң факультетіне ауысады. Университетті 1902 жылы заңгер мамандығы бойынша бітіріп шығады. Р.Мәрсеков қазақтан шыққан білікті заңгерлердің бірі еді. Әлеуметтік жағдай, заманның талабы Райымжанға тек қана заңгерлікпен шұғылдану жеткілікті болмайтынын ұқтырады. Ол қолына қалам алып, қазақ халқының рухани кұндылыктары, әлеуметтік әл-ауқаты туралы мақалалар жазып, дарынды публицист ретінде танылады.
Сол кездің өзінде 1899-1900 жылдары «Дала уәлаятының газетінде» оның ойлы мақалалары жарық көреді. Райымжан ол кездегі еңбектерінде әйел теңдігі мәселесін көтереді. Қазақ билерінің дау шешу әдістерінің астарын талдайды. Қазақ арасындағы сайлаудың халықты ірітуге бағытталған жиіркенішті сырын ашып көрсетеді. Қазақ халқының тарихы мен әлуметтік өмірін зерттеген еңбектері кезінде ғылыми ортаның қызу қолдауына ие болады. Сөйтіп, 1908 жылы Орыс география қоғамы Батыр Сібір бөлімінің Семей бөлімшесінің мүшесі болып қабылданады.
1902-1908 жылдары Семейдің округтік сотында қызмет атқарды. Ол кезде Семей округтік сотына қазақтардың істері көп келетін. Көбінше дауласқан екі жақтың екеуі де қазақ болып келеді. Мұндай істерде Райымжан әділдік ұстанымын сақтай отырып, ағайын арасының ашылып кетпеуіне септігі тиетін шешім қабылдауға тырысады. 1908 жылдан 1912 жылға дейін Омбының сот палатасында жұмыс істеген. Ол қандай жұмыс істесе де, ұлт тағдырына жанашырлық пейілінен айнымайды. 1912-1917 жылдар аралығында Семейде заңгер, адвокат болып істеген. Бұл қызметтерде ол асқан шешендігімен, парасаттылығымен халқы үшін қызмет етеді.
1912 жылдан кейін ол қоғамға толысқан, кемел ойлы қайраткердің көзімен қарай бастайды. 1912-1916 жылдары «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінде жарық көрген патша үкіметінің отаршылдық саясатының сырын әшкерелеген мақалалары оның жанкешті ерлігін танытады. Ол өз шығармаларында қазақ қоғамы болашақта қалай дамуы қажет деген мәселе жөнінде де толғанады.
Райымжан Алаш қозғалысына құлшына араласып, оның жетекшілерінің біріне айналды. Алаш үкіметіне, қазақ халқына қалтқысыз адал қызмет етті. Саяси күрес барысында өзі де кемеліне келіп толысты. Халқының жоғын жоқтап, мүддесін қорғауды басты мақсатым деп білді. Қазақ халқының рухани жақтан толысуында Алаш зиялыларының орны ерекше. Олар қоғамның қай саласында жүрсе де, халықтың ұлттық өнері мен мәдениетін дамытуды назардан тыс қалдырмады. Солардың бірі Р.Мәрсеков еді. Ол Семейдегі «Сарыарқа» газетін ұйымдастыруға қатысты, біраз уақыт жауапты шығарушысы да болды. Бұл кезде ол Алаштың белсенді де белді қайраткерлерінің біріне айналды. 1915 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған «Қазақ әдебиетінің жайынан» атты мақаласы қазақ әдебиетінің тарихын тану мен дәуірлеу туралы ғылыми ой бастауларының бірі болып қалды.
1917 жылы Семейде қазақ комитеті құрылғанда оның төрағасы болып сайланды. Сонымен бірге уақытша үкіметтің облыстық атқару комитетіне мүше болады. 1917 жылы 27 сәуір мен 7 мамыр аралығында Семей облыстық қазақ съезі өтеді. Осы съезді ұйымдастыруға мұрындық болған және жетекшілік еткен азаматтардың бірі ретінде тарих бетіне жазылды. Сол жылы кұзде Алаш партиясы атынан Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутат болып сайланды.
1918-1919 жылдары Семей облыстық жер басқармасының төрағасы болды. Осындай жауапты, лауазымды қызметтерде жүріп, қазақ қоғамында жаңаша сот қағидасын қалыптастыру, соттар ұйымдастыру, Алаш әскерін жасақтау, жер дауын шешу, елді азық-түлікпен қамту, қазақ жастарын оқыту ісін жүйелі жолға қою сияқты ұлттың көкейтесті мәселелеріне көңіл бөліп, соған пайдасы, себі тиетін қадамдар жасап отырған 1918-1919 жылдары Семейде Алаш әскері жасақталғанда, Р.Мәрсеков тағы да көш басынан табылады. Алашорда атынан А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, С.Аманжоловпен бірге Шәуешек қаласындағы Ресей консулдығы арқылы қызылдарға қарсы күрес жүргізу үшін Қытай үкіметінен қару-жарақ алу туралы келіссөз жүргізуге қатынасқан. Алайда, бұл келіссөздің нәтижелі болмағаны белгілі. Өйткені А.Байтұрсынұлына 500 ат беремін деп ауызша уәде берген Таңғыт үкірдайдың өзін Қытай үкіметі кейін сол жомарттығы үшін өлім жазасына кеседі. Алашорда үкіметі таратылып, Қазақ автономиясы құрылғанда кеңес үкіметі Алаш зиялыларына кеңшілік жасағансиды. Шын мәнінде, ол ұлтын сүйген қайраткерлерге «түзелу» орайын беру еді. Осы орайда оларды қоғамдық жұмысқа да араластырған, солардың қатарында Р.Мәрсеков те үкімет жұмысына тартылады. 1920 жылдан 1922 жылдың маусым айына дейін Семей губерниялық атқару комитетінің ақпарат-нұсқау бөлімінде нұсқаушы-тексеруші болып қызмет атқарады. Шынына келгенде, осы кезден бастап қоғамдық саяси қызметтен шеттетіліп, кеңес үкіметінің жауы ретінде бақылауға, кейін қуғынға ұшырайды. Р.Мәрсеков 1922 жылы Қытайға қашып өтеді. Сол жақтағы жергілікті ел оны құрметпен қарсы алады. Қоғам қайраткері Райымжан Мәрсеков 1937 «Халық жауы» деген атпен ұсталды.
Р.Мәрсековтің Қытайдағы тағдыры туралы дерек аз, сол аз деректердің өзінде қайшылықтар көп кездеседі. Р.Мәрсековтің қашан, қайда қайтыс болғаны толық мәлім емес. Бір деректерде «Құлжа тұрмесінде өлді» делінсе, екінші бір деректерде «Семей түрмесінде өлген» делінеді.