4.Иммунитет, оның түрлері және жас ерекшеліктері. Иммунитет адамның жүқпалы ауруларға қарсы тұру қабілеті.
Иммунитеттің фагоцитарлық қағидасының маңызы үлкен. И.И.Мечников организмінің кейбір клеткалары — фагоциттер — денеге енген бөтен заттардың бөлшектерін іліп ұстап алып, қорытып, бойына сіңіретінін байқаған. Адам денесінде мұндай фагоцитарлық қабілет лейкоциттерде, әсіресе нейтрофилдерде бар. Лейкоциттер адам денесінің сақшысы іспетті, бөтен зат денеге енсімен қан тамырынан шығып, жалған аяқтары арқылы бөтен заттың шоғырланған жеріне жылдам барады да оны қоршап алып, протоплазмасының ішіне тартып, арнайы ферменттер арқылы ыдыратып немесе бір-біріне жабыстырып бөтен заттың залалының алдын алады. Мұндай да кейбір лейкоциттердің қозғалыс жылдамдығы шамамен сағатына 2 мм-ге тең. Бөтен заттың жиналған жерін лейкоциттер сол затпен бірге денеге енген микроорганизмдердің өсіп, өніп улы заттарды шығарып, дене ұлпасын қабындыруынан анықтайды. Бұл күресте лейкоциттер өздері өліп, қажетсіз қалдықтармен бірге денеден шығады.
Қанның құрамында қорғану қызметін атқаратын басқа да маңызды заттар бар. Бұларға антиденелер мен антитоксиндер жатады. Антиденелер қанда болатын белок заттары — иммундық глобулиндер денеге кірген басқа бөтен заттардың әсерінен пайда болады. Ол заттарға бактериялар, вирустар, басқа текті белокты заттар жатады. Оларды антигендер деп атайды. Иммунитет табиғи және жасанды болып бөлінеді. Табиғи иммунитет адам ауырғанда пайда болады да, сол аурумен екінші рет ауырмайды. Табиғи иммунитеттің ұзақтығы әртүрлі. Кей ауруларға (мысалы, шешек) иммунитет өмір бойы сақталады, ал кейбіреуінің иммунитеті қысқа мерзімдік болады (мысалы, грипп). Жасанды иммунитет ауырған адамның немесе жануардың қанынан алынған дайын антиденелерді немесе әлсіздендірілген антигендерді егу арқылы жасалынады. Осылай кейбір аурулардың алдын алуға болады.
Иммунитеттің туа және жүре пайда болған түрлері де бар. Мысалы, кейбір жануарлардың аурулары адамға жұқпайды, себебі адам организмінде тұқым қуалаған сол ауруларға қарсы тұру қабілеті болады. Иттің немесе шошқаның обасы адамға жүқпайды. Бұл — туа болатын иммунитет. Ал жүре болатын иммунитетке адам ауырғаннан кейін немесе түрлі екпеден кейін пайда болған жасанды қабілет жатады.
Иммунитетті жалпы және жергілікті деп те бөлінеді. Бүкіл организмнің ауруға қарсы тұру қабілеті жалпы иммунитетке, ал жеке бір ұлпалардың немесе мүшелердің қабілеті жергілікті иммунитетке жатады.