Құрастырушы: аға оқытушы Саденова С. Н


Дәріс сабақтарының мазмұны



бет2/3
Дата15.07.2017
өлшемі0,66 Mb.
#21191
1   2   3

6. Дәріс сабақтарының мазмұны



Тақырып 1 Жоғары оқу орнындағы білім беру үрдісі

1 ЖОО-да білім беру үрдісін ұйымдастыру бойынша жалпы талаптар мен негізгі құжаттар

2 Сабақтардың негізгі түрлері

3 Студенттердің оқу жұмысын аттестациялау

4 ЖОО-дан кейінгі оқыту мен түлектердің біліктілігін жоғарлату
Халықаралық талаптар мен білім беру бағдарламаларының, үздіксіздік қағидалары негізінде білім берудің келесі деңгейлері бар: мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту, орта білім беру, орта кәсіби білім беру, жоғары білім беру және жоо кейінгі білім беру.

Жоғары және жоо кейінгі кәсіби білім беру құрылымы өзара келісілген бакалавриат, магистратура мен докторантура арқылы кадрларды дайындау жүйесінен тұрады.

Бакалавриат жоғары білім беру деңгейі болып табылады, онда алғашқы екі курс максималды түрде біріздендірілген болуы керек.

Бакалавриаттың келесі 2 курсында дайындық базалық пәндер бойынша жүргізіледі, ал жоо компоненттер шеңберінде кәсіби дайындық жүзеге асырылады.

Бакалавр білім берудің мазмұны болашақ мамандардың өзіндік білім қажеттіліктерін қалыптастыруға, оларда кәсіби шығармашылықты дамытуға, кәсіби қызметінің жалпы интегралды әдістемесімен қамтамасыз етуге, негізгі пәндік білімдерге қол жетерлігіне бағытталған кең базалық кәсіби дайындықты ескереді.

Жоғары білікті мамандарды дайындау негізінде оқытудың кредиттік технологиясы қолданылатын болады. Ол оның үздіксіздігін, оқу жетістіктерін шоғырландыруды және білім беру бағдарламаларын өзара мойындалуын қамтамасыз етеді.

Нақты мазмұны әлемдік тәжірибені есепке ала отырып, пәннің типтік оқу бағдарламаларымен бекітіледі.

Бакалавриатта оқудың нормативтік мерзімі 4 жылды құрайды және сәйкес облыста бакалавр академиялық дәрежесін берумен қорытынды мемлекеттік аттестациясымен аяқталады.

Әрі қарай бакалавриатты бітірушілер оқуын 1-2 жылдық магистратурада жалғастыру мүмкіндігіне ие.

Білім беру жүйесінде мемлекеттің бақылаудың объектілері болып табылады:

1) негізгі және қосымша білім беру бағдарламаларын жүзеге асыратын заңды тұлғалардың білім беру қызметі;

2) білім алушылардың сәйкес білім беру бағдарламаларын меңгеру деңгейі.

Мемлекеттік бақылаудың негізгі түрлері болып табылады:

1) аралық мемлекеттік бақылау;

2) білім алушылардың қорытынды мемлекеттік аттестациясы;

3) білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестациялау;

4) білім беру ұйымдарын аккредитациялау;

5) лицензиялық ережелерін сақтау үшін бақылау;

6) білім беру ұйымдарымен білім беру туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау үшін бақылау.

Келтірілген мемелекеттік бақылаудың түрлері келесі нысандарды жүзеге асырылады:

1) ауызша;

2) жазбаша;

3) бірыңғай ұлттық тестілеу;

4) комплестік тестілеу;

5) тестілеу;

6) тексеріс.

Мемлекеттік бақылау өткізу кезінде келтірілген нысандар біріктірілуі мүмкін.

Студенттердің оқу жетістіктерін бақылау жүйесі ішкі және сыртқы (мемлекеттік) бақылауды қарастырады. Ішкі бақылау – студенттердің оқудағы міндетті жетістіктерін нақты бір пән бойынша тексеру, ол әр түрлі бақылау тапсырмалар (жазба жұмыстар, тестілер, практикалық жұмыстар, портфолио, ауызша сұрау және басқа) негізінде жүргізіледі және ағымды бақылау мен студенттерді аралық аттестаттауға бөлінеді. Сыртқы бақылауға мемлекеттік аралық бақылау (МАБ), қорытынды мемлекеттік аттестаттау және ЖОО-ның әрекеттілігін кез келген тексеру түрінде жүргізілетін студенттердің білімдерін тексеру жатады.

Үлгерімнің ағымды бақылауы – әр тақырып және/немесе әр тарау бойынша студенттердің оқу жетістіктерін жүйелі түрде тексеру, оны оқытушы сабақ уақытында, кесте бойынша ОСӨЖ, кеңес беру барысында өткізеді. Бұл кезде студенттің дайындығы ғана емес, белсенділігі де бағаланады. Ағымды бақылау нәтижелерін оқытушылар апта сайын студенттерге жеткізіледі.

Сырттай оқу түрі студенттері үшін пәндер бойынша білімдердің ағымды бақылауы сессиялар аралығы кезінде ОСӨЖ кестесі бойынша жүргізіледі.

Студенттердің аралық аттестаттауы – студенттердің бір оқу пән мазмұнының бөлігін немесе толық көлемін меңгеру сапасын бағалау мақсатымен жүргізіледі; аралық аттестаттауды өткізу формалары білімдердің межелік (модульді-рейтиигтік) және қорытынды бақылау болады.

Межелік (модульді-рейтиигтік) бақылау – бекітілген академиялық күнтізбелікке сәйкес пәннің бөлігі (модулі) бойынша тестілік және басқа формалар негізінде оқытушымен жүргізілетін студенттердің оқу жетістіктерін тексеру (семестрде 2 рет).

Қорытынды бақылау – сессия уақытында емтихан түрінде (жазбаша, тестілеу, ауызша, аралас) немесе сессияға дейін сынақ түрінде, кей жағдайда курстық жұмысы (жоба) түрінде өткізіледі. Сонымен бірге қорытынды бақылау практикалардың барлық түрлері бойынша жүргізіледі. Пәндер бойынша қорытында бақылау тапсырған және қорытынды баға шығарылған кезең емтихан сессиясы деп аталады. Практиканың барлық түрі бойынша қорытынды бақылау олардың аяқталған уақытында өткізіледі. Емтихан сессиясы академиялық күнтізбемен белгіленген мерзімде кесте бойынша жүргізіледі. Жеке жағдайларда (ауырған кезде, отбасылық жағдайлар, басқа объективті себептер бойынша) факультет деканы студентке оны өтудің жеке мерзімдерін бекітуі мүмкін.

Білім беру технологиясының сапасын, тиімділігін және объективтілігін жоғарлату үшін университетте оқыту және студенттердің аралық аттестаттау үрдістері бөлінеді. Емтихандарды факультет деканымен ұсынылып, оқу ісі жөніндегі проректормен тағайындалған оқытушылар немесе комиссиялар қабылдайды. Курстық жұмыстар (жобалар) және практика бойынша есептер кафедра меңгерушісі тағайындағын комиссия алдында қорғалады.

Оқу үрдісін құраушыларына жатады:

- аудиториялық сабақтар – дәрістер, тәжірибешілік сабақтар (семинарлар, коллоквиумдер), зертханалық сабақтар, студиялық сабақтар;

- аудиториядан тыс сабақтар – студенттің өздік жұмысы (СӨЖ);

- кәсіптік практикалар, дипломдық жұмыстарды (жобаларды) дайындау;

- студенттердің білім жетістіктерін бақылау – оқу үдерісінде алынған білім, білік, дағды мен құзіретін тексеру.

СӨЖ – оқу әрекетінің мағызды түрі, ол сабақтардың барлық түрлеріне және бақылау шараларына дайындық болып табылады, студенттің өздік жұмысына жеке бөлімдерді өздігінен оқу, зертханалық жұмыстар бойынша есеп дайындау, үй тапсырмаларын, курстық жұмыстарын (жобаларын) орындау және т.б. кіреді.

СӨЖ оқытушының бақылауымен орындалатын студенттің өздік жұмысына (ОБСӨЖ) және аудиториядан тыс, оқытушысыз орындалатын студенттің өздік жұмысына (СӨЖ) бөлінеді. ОБСӨЖ сабақ кестесінде көрсетіледі. Бұл жұмыс түрі топтық және жеке кеңес беруге, есеп тапсыруға, өздік жұмысын қорғауға, курстық жұмыстың (жобаның) бөлімдері бойынша кеңес беруге және қосымша сабақ өткізуге арналған.

ЖОО кейінгі білім беру үздіксіз білім беру жүйесінің жоғары деңгейі болып табылады және магистратура мен докторантурадан (PhD) тұрады.

Мақсаты: білім беру мен ғылымның интеграциясы негізінде жаңа технологияларды әзірлеу мен ғылымды, өндірісті, экономиканы, қоғамды жетілдіру сұрақтарын шешуге қабілетті жаңа формациядағы ғылыми, ғылыми-педагогикалық кадрларды дайындаудың тиімді жүйесін құру.

Міндеттері:

ЖОО кейінгі деңгейіне магистратураны аудару және PhD докторлық бағдарламасын енгізу;

Ғылыми ұйымдар мен ЖОО базасында магистратураның қызмет етуін ескеретін ғылыми-педагогикалық кадрларды дайындаудың жаңа моделін енгізу механизмдерін әзірлеу;

Оқытудың жинақталған кредиттік технологиясына негізделген кәсіби кадрларды дайындаудың бүтін үшдеңгейлі жүйесін енгізу;

Еңбек нарығының сүранысымен сәйкес жаңартылатын білім беру бағдарламалары негізінде магистранттар мен PhD докторларының мақсатты дайындығын қамтамасыз ету;

Бірнеше қазақстандық университеттер негізінде халықаралық аккредиттелген докторлық бағдарламалары бар жетекші шетел ЖОО-мен серіктестікте PhD докторларын дайындау бойынша орталықтар құру.

Магистратурада дайындық екі бағыт бойынша өткізілуі мүмкін:

1) кәсіби тереңдетілген дайындық;

2) ғылыми-зерттеушілік дайындық.

Магистратураның білім беру бағдарламалары сәйкес облыстағы терең мамандандырылған дайындық пен оқытудың ғылыми-әдістемелік бағыттылыған ескеруі қажет.

Магистратураны бітірушілерге «магистр» академиялық дәрежесі беріледі. Магистрлер докторантурада оқуын жалғастыру құқығына ие.

Докторантура жоғары білікті ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды дайындаудың соңғы білім беру деңгейі болып табылады.

Докторантураға аспирантура, адъюнктура, ізденушілік, шығармашылық демалыстарды беру, дәстүрлі докторантура және диссертацияны дайындаудың барлық басқа формалары өзгертілуі керек.

Докторлық бағдарламаларының ерекшеліктері болып табылады:

Оқу мен зерттеушілік қызмет арасындағы оңтайлы балансты қамтамасыз ету;

Кең ғылыми, білім беру және әдістемелік дайындықты алу;

Елдің ғылыми қызметкерлері мен оқытушыларының академиялық мобильдігін қамтамасыз ету.

Докторантура бағдарламасын меңгерген және докторлық диссертацияны қорғаған тұлғаларға философия докторы (PhD) академиялық дәрежесі, ал кәсіби докторантураны меңгергендерге кәсіп бойынша (медицина, музыка, білім беру, құқық және т.б.) доктор академиялық дәрежесі беріледі.

Докторлық бағдарламалар бойынша оқу мерзімі 3 жылдан кем болмауы тиіс.

ЖОО кейінгі білім беру жүйесі нарықтық экономика қажеттіліктеріне, ғаламдану үрдістеріне, жалпы мойындалған халықаралық талаптарға сәйкес болады, жастардың академиялық дәрежені алуға қызығушылықтарын жоғарлатады, ғылыми-педагогикалық кадрларды жаңарту проблемаларын шешеді.

Әдебиеттер: [1, 6]
Тақырып 2 Жоғары оқу орнындағы студент

1 Студенттің құқығы мен міндеттері

2 Академиялық демалыс және студентті қайта алу
Студент құқылы:

- мемлекеттік білім стандартына сәйкес бағыт (мамандық) бойынша білім алуға;

- мамандықтың элективті пәндері каталогінен пәндерді таңдауға;

- оқытушыларды таңдауға;

- оқу пәндері бойынша оқу және әдістемелік материалдармен (студенттер үшін бағдарлама, оқулықтар, оқу құралдары, әдістемелік нұсқаулар, үлестірмелі материалдар, өздік жұмыс бойынша тапсырмалар мен нұсқаулар) мерзімінде қамтамасыз етуді талап етуге;

- апта сайын оқу пәндері бойынша ағымдағы үлгерімін бағалау туралы оқытушылардан ақпарат алуға;

- ҚР Білім және ғылым министрлігінің нормативтік құжаттарымен бекітілген тәртіп бойынша бір оқу орнынан екінші оқу орнына, бір мамандықтан екінші мамандыққа, бір оқыту нысанынан екінші оқыту нысанына ауысуға және оқуға қайта алынуға;

- университет қызметіне қатысты маңызды сұрақтар мен мәселелерді талқылауға, шешуге қатысуға және өз көзқарасын, пікірін еркін білдіруге;

- университет кітапханасының ақпараттық қорын, оқу, ғылыми және басқа да бөлімдердің қызметін олардың ережелеріне сай тегін пайдалануға;

- ПМУ-дің ғылыми-зерттеу жұмыстарына, басқа да жұмыс түрлеріне қатысуға және жарияланымға өз жұмыстарын ұсынуға;

- студенттік өзін-өзі басқару органдары мен студенттік-қоғамдық ұйымдар құруға;

- оқудан тыс уақытта өндірісте, ұйымдастыру-құқықтық нысанындағы кез келген ұйым, мекемелерде жұмыс істеуге.

Студент міндетті:

- жеке жоспарын мерзімінде құруға;

- таңдаған мамандығы бойынша жүйелі түрде теориялық терең білім және тәжірибелік дағды алуға;

- міндетті оқу сабақтарына қатысуға, оқу жоспарында, бағдарламада көрсетілген тапсырмаларды белгіленген мерзімде орындауға;

- үнемі мәдениетін жетілдіруге, адамгершілік қасиеттерін арттыруға, дене шынықтырумен айналысуға;

- оқу сабақтарында тәртіп сақтауға, университет әкімшілігінің нұсқауларын орындауға;

- университет территориясында тазалық сақтауға, қоғамдық тәртіпті ұстануға;

- университет мүлкін сақтауға, мүлікті бүлдірсе, материалдық жауапкершілікті алуға;

- университет территориясында қауіпсіздік талаптарын ұстануға;

- университет қызметкерлері мен білім алушылардың жеке басын, пікірлерін құрметтеуге, өз пікіріне сәйкес келмейтін пікірлерге сабырлылықпен қарауға;

- қоғамдық-пайдалы еңбекке қатысуға;

- ішкі тәртіп Ережелері мен университет Жарғысының талаптарын орындауға.

Оқудан шығарылған адам шығарылу мерзіміне қарамастан кез келген жоғары оқу орнына, кез келген мамандық бойынша студенттер қатарына төлемақы негізінде қайта алынуға құқылы. Оқуға қайта алыну немесе ауысу үшін білім алушы кем дегенде 1 семестрді аяқтау керек.

Төлемақы негізінде оқитын студенттер семестр кезінде оқуының ақысын төлемегені үшін немесе төлемақы бойынша академиялық берешегі үшін оқудан шығарылса, қарызын жапқан жағдайда шығарылған кезден бастап төрт апта ішінде қайта алынуға құқылы.

Білім алушылардың ауысуға немесе оқуға қайта алынуға берген өтініштері қысқы және жазғы демалыс уақытында сабақ басталыунын 5 күн алдында ғана қарастырылады. Сырттай оқу түрінде оқитын студенттердің өтініштері университет бекіткен уақытқа дейін қарастырылады (сессия алдында 2 айдан кем емес). Білім алушының оқуға қайта алынуы немесе ауысуы оқу жоспарларындағы пәндер бойынша айырмашылықтар саны 5-тен артық болмаған жағдайда жүзеге асады. Әйтпесе курсқа төмен ауысады немесе қайта алынады.

Оқуға қайта алыну, ауысу кезінде оқу жоспарларындағы айырмашылықтарды тапсыру мерзімін факультет деканы анықтайды. Пәндердегі айырмашылықтарды тапсыру үшін студент пәнді оқып, бақылаудың барлық түрлерін ақылы негізінде тапсыру керек. Егер студент осы мерзімде оқу жоспарларындағы айырмашылықтарды жоймаса, ол академиялық берешек болып саналады да, оның GРА-сын есептегенде, курстан курсқа көшірілгенде нөл деп есептеледі.

Денсаулығына, жүктілігіне, бала тууына немесе әскери қызметке шақырылуына байланысты студентке 6 айдан 1 жылға дейін академиялық демалыс беріледі (теқ қана дәрігерлік-кеңес комиссияның қорытынды негізінде немесе ҚР ӘК қатарына шақыру). Академиялық демалысты рәсімдеу үшін өтініш емтихан сессиясына дейін қаралады, ал академиялық демалыстан кейін сәйкес курсқа қайта алыну туралы өтініш кезекті семестр басталғанға дейін қаралады. Академиялық демалыстан келген студент жұмыс оқу жоспарларында айырмашылықтар болса, оларды бекітілген уақытында жоюы керек.

Әдебиеттер: [1, 6]
Тақырып 3 Оқу материалдарымен жұмыс

1 Оқу материалын конспектілеу

2 Оқу материалын еске сақтау
Оқу əдістерін білім көзі бойынша топтастыру.

Тəжірибеде негізгі үш білім көзі нақты танылған: сөз, көрнекілік, іс-əрекеттік (практика). Осыған орай ажырататынымыз: сөздік əдістер (білім көзі ретінде ауызша не жазба сөз қызмет етеді); көрнекі əдістер (білім көзі- бақылауға түскен заттар, құбылыстар, көрнекі құралдар) жəне іс-əрекеттік əдістер (білім жəне ептіліктер ойын, оқу, қарапайым еңбектік істер процесінде қалыптасады).

Оқу əдістері жүйесінде басты орын сөздік əдістерге беріледі. Олар-əңгімелеу, түсіндіру, сұхбат, сөз-жарыс, пікір-талас, дəрісбаян (лекция), кітаппен жұмыс.

Əңгімелеу – оқу материалын тыңдарманға сипаттама не баян формасында монологты, бірізді сөйлеп жеткізу.

Түсіндіру – бұл игеруге қажет обьект, құбылыс, кейбір ұғымдар заңдылықтары мен мəнді қасиеттерін талқы, талдау, мысал келтіру жолымен дəлелдеп, оқушы санасына енгізу. Сұхбат – оқудың диалогтық əдісі: педагог бірізді сұрақтар қоя отырып, оқушыны жаңа материалды түсіну, ұғу деңгейіне көтереді не ұсынылған материалдың қаншалықты меңгерілгенін тексереді.

Дəрісбаян (лекция) - көлемді материалды монологтық жолмен баяндау. Дəрісбаянның басқа сөздік əдістерден өзгешелігі – қатаң құрылымды, мол ақпаратты, баяндалуы қисынды, білім мəнін ашу жүйелікке негізделеді.

Дəрісбаян ғылыми-көпшілік жəне академиялық болып ажыралады. Өткен материалды қорытындылауға, қайталауға шолу дəрісбаяндары қолданылады.

Қазіргі кезеңде дəрісбаян əдісін қолданудың көкейкестілігі ірі бөлімдер мен жеке тақырыптарды игеруде оқу материалын топтап ұсыну (блок) тəсілін пайдалану қажетттігінен туындап отыр.

Оқу сөз-жарысы (дискуссия) əдіс ретінде нақты проблема бойынша пікір алмасуға, жекеленген көзқарастар білдіруге негізделеді. Сөз-жарыс барысындағы оқушының ой-пікірі өзінің меншікті шешімі не басқа тұлғалардың ғылыми –теориялық ұсыныстары болуы мүмкін. Оқу сөз –жарысының басты қызметі –шəкірттердің танымдық ұмтылыстарына дем беру.

Сөз жарыс жəрдемімен оған қатысушылар жаңа білімдерді игереді, өз пікірлерінің дұрыстығына не қателігіне көзін жеткізеді, өз көзқарастарын қорғап қалуға үйренеді, басқалар ой топшылауларымен есептесу қажеттігін түсінеді.

Кітаппен (оқулықпен) жұмыс – кітап оқу сөздік əдісінің аса маңызды түрлерінің бірі. Бұл əдістің тиімділігі –оқушы өзіне қолайлы жағдайда, өз түсініміне орай оқу материалын қалауынша қайталап игеруге мүмкіндік алады.

Баспа көздерімен оқу жұмысын атқарудың бірнеше жолы бар:

- конспектілеу - оқылған ақпараттың қысқаша жазбасы не баяны. Конспектілеу түрлері- түгелдей көшіру, іріктеумен таңдап жазу, толық не қысқа конспект түзу. Оқушы конспектіні үшінші тұлғаның атынан емес, өз атынан жасағаны жөн, осы жағдайда оның дербес ойлау қабілеті дамиды;

- тезистер түзу - негізгі идеяларды белгілі бірізділікпен қысқаша баяндау;

- реферат құрастыру – тақырып бойынша бірнеше ақпарат көздеріне шолу беріп, олардың мазмұны мен формасына өз бағасын беру;

- мəтін жоспарын жасау - мəтінді бөлімдерге келтіріп, əрқайсысына атама беру; жоспар жай не күрделі болуы мүмкін;

- сілтемелер беру (цитирование)- мəтіннен өзгертілместен бөліп алынған көшірме. Сілтемеге байланысты қойылатын талаптар: əдептілік болуы, мағынаның өзгеріске түспеуі, сілтеме алынған еңбектің авторын, атамасын, баспа орыны мен атын, жария жылын, бетін дəл келтіру;

- түсініктеме беру (аннотация)- оқылғанның мəнді тараптарын жойып алмастан, қысқа, ықшам баяндау (ауызша не жазба);

- пікір беру (рецензирование)- оқылған жөнінде өз ойын білдіруге арналған қысқаша ауызша не жазба баян.

- анықтама (справка) түзу –ізденіс нəтижесінде жинақталған ақпарат бойынша мəлімет. Анықтамалар түрі - өмірнамалық дерек, сандық- статистикалық, жағрапиялық, терминологиялық жəне т.б.

- формальды –қисынды модель жасау - оқылғанды сөз-сүлбе (схема) күйінде жеткізу;

- тақырыптық тезаурус



Әдебиеттер: [1, 2, 6]
Тақырып 4 Кітапхана ісінің негіздері

1 ЖОО-да кітапханалар жұмысының жалпы ережесі

2 Кітапхананың каталогтарымен жұмыс

3 Оқу әдебиеттерін пайдалану


Кітапхананы пайдалану құқығы университеттің студенттеріне, аспиранттары мен магистранттарына, профессорлық-оқытушылық құрамына, ғылыми қызметкерлеріне беріледі.

Аймақтағы басқа мекемелер мен ұйымдардың мамандары мен ғылыми қызметкерлері, талапкерлер кітапхана қорын оқу залдарында пайдалану үшін 3 күнге уақытша оқырман билеті беріледі;

Оқырмандар кітапханадан үйге уақытша қолдануға кітаптар, басқа да түрлі материалдар алуға, сондай-ақ белгіленген талапқа сәйкес жекелеген материалдарға тапсырыс беруге, олардың көшірмесін жасауға; библиографиялық, анықтама-ақпараттық және кітапхана көрсететін басқа да қызмет түрлерін пайдалануға; кітапхана ұсынатын техникалық құралдарды қолдануға құқылы;

Әдебиеттерді үйге беру абонементте жүзеге асады. Кітаптың соңғы немесе жалғыз данасы үйге берілмейді.

Оқырманның кітапханаға жазылуы

І-курс студенттеріне қыркүйекте оқырман билеттері беріледі, оқырман формуляры мен тіркеу карточкасы толтырылады;

Университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы, ғылыми қызметкерлер, жұмыскерлер, аспиранттар, магистранттар және т.б. жеке куәліктері (немесе оның орнына жүретін басқа құжат) мен жұмыс орнының анықтамасын ұсынады;

Кітапханаға жазылар кезде оқырман кітапхананы пайдалану ережесімен танысып, оларды орындауға міндетіне алатынын растап, оқырман формулярына қол қояды;

Жыл сайын кітапхана өз оқырмандарын қайта тіркеуден өткізеді, оларға кітапхана белгілеген мерзімге берілген кітаптардың уақытын созады. Қайта тіркеуден өтпеген оқырмандарға кітапхана қызмет көрсетпейді;

Университеттен шығып кеткен кезде оқырман қолындағы барлық басылымдарды кітапханаға қайтарады;

Кітапты, басқа да басылымдарды алар кезде оқырман оны мұқият қарап шығып, ақаулары бар болса, кезекші кітапханашыны хабардар етеді, олай болмаған жағдайда кемшіліктің орнын кітапты соңғы пайдаланған оқырман толтырады;

Пайдалану ережесін бұзған немесе кітапханаға зиян келтірген оқырмандар қолданыстағы заңнамамен, университеттің Жарғысымен және кітапхананы пайдалану ережесімен белгіленген формада әкімшілік, материалдық немесе қылмыстық жауапқа тартылады;

Басылымға зиян келтірген немесе жоғалтқан оқырман оны дәл осындай басылыммен не оның көшірмесімен немесе кітапхана соған тең деп тапқан басқа да басылыммен ауыстырады, ал ауыстыра алмаған жағдайда басылымның нақты 3 еселенген нарықтық құнын төлейді. Жоғалған немесе бүлінген кітаптардың орнын толтыру мерзімі кітапхана директорымен белгіленеді.

Абонементті пайдалану ережесі

Абонементті қолдану құқығы университетте оқитын, жұмыс істейтін студенттер мен қызметкерлерге беріледі;

Кітаптар және басқа да құжаттар осы абонементте оқырман формулярының негізінде беріледі;

Абонементтегі кітаптар үйге келесі мерзімдерге беріледі:

Оқулықтар және оқу-әдістемелік әдебиеттер бір оқу семестріне беріледі, қажет деп тапқан жағдайда оқу жылының аяғына дейін мерзімді ұзартуға болады;

Ғылыми әдебиеттер  5-7 кітаптан 1 айға беріледі;

Көркем әдебиеттер 3-5 кітаптан 1 айға беріледі;

Кітапты пайдалану уақыты егер оған басқа оқырмандар тарапынан сұраныс болмаса, ұзартылады, ал егер керісінше, кітап сұранысқа ие болса, уақыты қысқартылады, оқырман белгіленген мерзімнен кешіктірген әр күні үшін айыппұл төлейді.

Топтық сабақтарда пайдалануға қажетті басылымдар (атластар, плакаттар, карталар, сызбалар және т.б.) мұғалімнің жазбаша талап етуімен мұғалімнің немесе топ старостасының формулярына рәсімделіп, төлқұжаты алынады. Топтық сабаққа алынған әдебиетке мұғалім мен староста жауапты болады және сабақтан соң басылымдар кітапхана бөліміне қайта тапсырылады.

Оқу залдарын пайдалану ережесі

Оқырмандар оқу залдарының, анықтамалық-библиографиялық бөлімнің, мерзімдік басылымдар бөлімінің, электрондық оқулықтар залының қызметін пайдалануға құқылы;

Оқу залында әдебиеттерді пайдалану үшін студенттер мен қызметкерлер кітапханашыға оқырман билетін ұсынады;

Сирек кітаптар, диссертациялардың авторефераттары, диссертациялар, ҒЗЖ бойынша есептер тек сол бөлім ішіне ғана беріледі;

Диссертациялармен, ҒЗЖ бойынша есептермен, қызметтік кітаптармен жұмыс істеу үшін ғылыми жұмыстар жөніндегі проректордың жұмыс мақсаты көрсетілген қолдау хаты талап етіледі;

Диссертациялар көшірмеге берілмейді, кіріспе, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттерін және 5 бетке дейін ғана көшіріп жазуға рұқсат етіледі;

Оқырмандар кітапханашының рұқсатымен ғана кітаптар мен мерзімдік басылымдарды оқу залынан көшірме жасату үшін шығара алады;

Оқу залындағы анықтамалар мен энциклопедиялар және құнды басылымдар көшірмеге берілмейді.

Электрондық каталогты пайдаланғанда қажетті әдебиеттердің тізімін принтерден шығарып алуға болады, ал флэшка, дискет, CD, DVD қолдануға рұқсат етілмейді.

Әдебиеттер: [1, 2]
Тақырып 5 Экономика мамандығының жалпы сипаттамасы

1 Экономисттің біліктілік сипаттамасы

2 Экономистті дайындауға талаптар

3 Экономистті дайындаудың мазмұны


Бакалаврды дайындау бағдарламаларының негізгі міндеттері болып:

  • экономика, өндірісті ұйымдастыру және басқару, табиғатты қорғау қызметі саласында толык, сапалық білім алуды;

  • дамудың жалпы интеллектуалдық жоғары деңгейді қалыптастыру, сауатты және дамыған сөз байлығын, гуманитарлык мәдениетті, жоғары адами, этикалық және құқық мөлшерлерін, ойлау мәдениетін және еңбекті ғылыми ұйымдастыру дағдыларын игеру;

  • шығармашылық әлует, бастамалык және жақашылдықты дамыту.

  • студенттердің көл сатылы білім деңгейлерінің келесі сатысында білім алуын жалғастыру;

  • бакалаврдың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін дамыту болып табылады.

Кәсіби қызметінің бағыттары

  • нақты ұйымдарда басқару технологияларын жасау жэне қолдану;

  • жоспарлау процедураларын, персонал, инвестициялык, инновациялық және экологияяық менеджменті өткізу;

  • накты фирмаларда сыртқы экономикалық кызметті енгізу;

  • ұйымдастырушылық жобалау және жобаларды технико-экономикалык негіздеу.

Кәсіби қызметінің мазмұны

- басқарудың ғылыми-әдістемелік жэне ұйымдастырушылық технологиялык базасын құруға қатысу;

- қоршаған ортаны қорғау және табиғатты тиімді пайдалану шараларын жасау;


  • өндірісті ұйымдастыру, технологиялык үрдісті қажетті ресурстармен қамтамасыз ету;

  • басқару шешімдерінің тиімділігіне талдау жасау, өндірістік басқару қызметінің барлық кырлары бойынша контроллинг өткізу.

«5В050600-Экономика» мамандығы бойынша бакалаврлар кәсіптік қызметтің келесі түрлерін орындай алады:

Ұйымдастырушылық – технологиялық қызмет.

Өндірістік-басқарушылық қызмет

Жобалау қызметі

Ғылыми-зерттеу қызметі

Білім беру (педагогикалық) қызметі.

Бұл профильді бітіруші түлектердің білім берушілік (педагогикалық) қызметтері жалпы білім беру оқу мекемелеріндегі, бастапқы кәсіптік, орта кәсіптік білім беру мекемелерінде кәсіптік қызмет (экономикалық пәндерді оқыту) болып табылады.

Кәсіби қызмет функциялары

- ұлттық экономика салаларын дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламаларды жасауға қатысу;

- кәсіпорынды басқару қызметі бойынша ұйымдастыру, жоспарлау және үйлестіру қызметі және оның нарықтық стратегиясын қалыптастыру;

- барлық бөлімшелердің қызметін ұйымдастыруды жетілдіру бойынша іс-шаралар жасау, соның ішінде жоспарлау, болжау, шығындарды және материалдық-техникалық қамсыздандыруды, логистика, өткізуді басқару;

- кәсіпорынның өндірістік бағдарламаларын, жобаларын, стратегиясын жүзеге асуын қамтамасыз ету;

- шаруашылық жүргізуші субъектілердің сыртқы экономикалық қызметін жоспарлау және жүзеге асыру;

- жұмыс күшін ұстауға кететін шығындарын жоспарлау, еңбекті ұйымдастыру және нормалау бойынша аналитикалық есепті жүргізу, жалақыны есептеу әдістемесін жетілдіру және еңбек ақы қорын бөлу;

- жобалық, жоба алдындағы құжаттаманы және оның халықаралық стандарттарға сәйкестігін саралау бойынша жұмыстарды жоспарлауды және жүзеге асыруды басқару;

- шаруашылық жүргізуші субъектілердің есеп беруіндегі қаржылық, бухгалтерлік және басқа да ақпараттарды экономикалық талдауды іске асыру және алған мәліметтерді басқару шешімдерін қабылдау үшін пайдалану;

- негізгі құралдар, запастарды басқару, шығындарды басқару бойынша типтік әдістер мен қолданыстағы нормативті-құқықтық базалар негізінде аналитикалық есептеулер жүргізу, кәсіпорынның экономикалық тиімділігін анықтау;

- материалдық және материалдық емес өндіріс сферасына инновацияларды экономикалық негіздеу және енгізу;

- экономикалық-ұйымдастырушылық және басқару қызметінің барлық түрлеріне бақылау жасау;

- табиғатты ұтымды пайдалану және қоршаған ортаны қорғау нормативтері мен стандарттарын сақтауға бақылау жүргізу.



Әдебиеттер: [1, 2]
Тақырып 6 Экономист кәсіп ретінде

1 «Экономика» және «экономия» түсініктернің шығу тегі

2 «Экономист» кәсібінің мақсаты
Экономикалық ой-пікірлердің қалыптасуы ежелгі заманнан басталады. Алғашқы қауым адамдарының өндіріс, айырбас, тіршілік игіліктерін бөлу және тұтыну қатынастары жөнінде белгілі бір түсініктері болған. Олардың алғашқы қауымдық қоғамының экономикасын құрайтын құбылыстар туралы пікірлері әр түрлі уағыз бен тәртіп ережелерінде ресімделген. Бұл туралы бізге дейін жеткен Египет папирустары, ежелгі үнді Ведалары, Хаммурапи патшаның заңдарында көрсетілген. Бірақ бұл ғылым емес, тек қана оның ұрығы еді.

Экономика туралы ғылым табиғат пен қоғам туралы адам білімінің жүйесі ретінде дамыған құлдық қоғамда пайда болды.

Экономика туралы алғашқы түсініктер Ксенофонт, Платон, Аристотель және басқа да ойшылдардың еңбектерінде берілген. «Экономия» терминін алғаш ұсынған Ксенофонт, мұның мағынасында үй шаруашылығы (ойкос-үй, шарушылық; номос – заң) деген ұғымды білдіреді. Термин Аристотель еңбектерінде де кездеседі, ол шаруашылықты екі түрге бөледі: экономия және хрематистика (баю, пайда таба білу шеберлігі). Оның түсіндіруі бойынша экономикадан хрематистика пайда болады.

Көп ғасырлар бойы «экономия (ойкономия)» сөзі үй шаруашылығын ұйымдастырып, жүргізу ережелерін қамтыған. Сонымен қатар феодалдық бытыраңқылықты жеңу, орталықтандырылған мемлекетердің бірлесуі үй шаруашылығынжүргізу ережелері емес, жалпы ұлтық мемлекеттік шаруашылықты жүргізу ережелерінің анықталуы қажет етті. Осыған байланычсты «экономия» ұғымы жаңа мәнге ие болып, «саяси экономияға» айналды, ол грек тілінде полис – мемлекет; ойкос – үй шаруашылығы; номос - заң дегенді білдіреді.

«Саяси экономия» ұғымын ғылымға алғаш енгізген А. Монкретьен болатын. 1615 жылы оның «Саяси экономия тарктаты» деген еңбегі жарық көрді, мұнда мемлекеттік шаруашылықты жүргізу кеңестері мазмұндалған.

Саяси экономия ғылым ретінде XVI-XVII ғасырлар аралығында пайда болған. Бұл кезеңде қалыптаса бастаған еді.

Кәсіпорынның өндірістің тиімділігін және ұтымдылығын, шығарылатын өнімнің сапасын арттыруға және жаңа түрлерін игеруге материалдық, еңбек және қаржы ресурстарын оңтайлы пайдалану кезінде түпкілікті жоғары нәтижелерге жетуге бағытталған экономикалық қызметті жүзеге асыру бойынша жұмысты орындайды. Өнімді өткізу көлемінің өсуін және пайданы ұлғайтуды қамтамасыз ету мақсатында кәсіпорынның шаруашылық-қаржылық, өндірістік және коммерциялық қызметін (бизнес-жоспарын) жасауға арналған негізгі деректерді дайындайды. Өнім өндіру және шығарылған өнімді сату, өнімнің жаңа түрлерін игеру, прогрессивтік техника және технология үшін қажетті материалдық, еңбек және қаржылық шығындар бойынша есептерді орындайды. Кәсіпорынның және оның бөлімшелерінің шаруашылық қызметін экономикалық талдауды жүзеге асырады, өндіріс резервтерін анықтайды, үнем режимін қамтамасыз ету, өндірістің рентабелділігін арттыру, шығарылатын өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, еңбек өнімділігін арттыру, өнім өндіру және сату шығындарын төмендету, шығындар мен өндірістік емес шығыстарды жою, сондай-ақ қосымша өнім шығару мүмкіндіктерін анықтау жөніндегі шараларды әзірлейді. Еңбекті және өндірісті ұйымдастырудың, жаңа техника мен технологияны ендірудің, рационализаторлық ұсыныстар мен өнертабыстардың экономикалық тиімділігін айқындайды. Әзірленген өндірістік-шаруашылық жоспарларды қарауға, ресурстарды жинау бойынша жұмыстарды жүргізуге, ішкі шаруашылық есептерді ендіру және жетілдіруге, еңбек пен басқаруды ұйымдастырудың прогрессивтік нысандарын, сондай-ақ жоспарлық және есеп құжаттамасын жетілдіруге қатысады. Шарттарды жасауға арналған материалдарды ресімдейді, шарттық міндеттемелерді орындау мерзімдерін қадағалайды. Кәсіпорын және оның бөлімшелері бойынша жоспарлы тапсырмаларды орындау барысын, ішкі шаруашылық резервтерді пайдалануды бақылауды жүзеге асырады. Маркетингтік зерттеулерді жүргізуге және өндірістің дамуын болжауға қатысады. Реттелмейтін есептерге және есеп айырысу операцияларын дұрыс жүзеге асыруды бақылауға байланысты жұмысты орындайды. Кәсіпорын мен оның бөлімшелерінің өндірістік қызметінің экономикалық нәтижелерінің есебін, сондай-ақ жасалған шарттардың есебін жүргізеді. Белгіленген мерзімдерде кезеңдік есептер дайындайды. Экономикалық ақпараттың деректер базасын қалыптастыру, жүргізу және сақтау бойынша жұмыстарды орындайды, деректерді өңдеу кезінде пайдаланылатын анықтамалық және нормативтік ақпаратқа өзгерістер енгізеді. Есептеу техникасының көмегімен шешілетін міндеттерді не олардың жекелеген кезеңдерін экономикалық қоюды қалыптастыруға қатысады, экономикалық ақпаратты өңдеудің экономикалық негізделген жүйелерін жасауға мүмкіндік беретін дайын жобаларды, алгоритмдерді, қолданбалы бағдарламалардың пакеттерін пайдалану мүмкіндіктерін айқындайды.

І санаттағы экономист: тиісті мамандық бойынша жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейінгі) бiлiмі және II санаттағы экономист лауазымында кемiнде 2 жыл жұмыс стажы болуы тиіс;

ІІ санаттағы экономист: тиісті мамандық бойынша жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейінгі) бiлiмі және II санаттағы экономист лауазымында кемiнде 3 жыл жұмыс стажы болуы тиіс;

Экономист: тиісті мамандық бойынша жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейінгі) бiлiмі және жұмыс стажына талап қойылмайды немесе тиісті мамандық (біліктілік) бойынша орта техникалық және кәсiптік (орта арнайы, орта кәсiптік) бiлiмі және I санаттағы экономист лауазымында жұмыс стажы кемiнде 3 жыл болуы тиіс. 



Әдебиеттер: [1, 2]
Тақырып 7 Ғылымның мәні

1 Ғылым білім жүйесі ретінде

2 Ғылыми зерттеу: мәні, түрлері, орындау кезеңдері

3 Зерттеулердің жіктелуі


Ғылым - адамның табиғат пен қоғам туралы обьективті білімін қалыптастыруға мүмкіндік беретін танымның ең жоғаргы пішімі, оның практикалық қызметінің бір саласы. Адамзат қоғамының дамуы барысында ғылым сол қоғамның маңызды элеуметтік институтына және тікелей өндірістік күшіне айналды. Ғылымның басты мақсаты — ғылым заңдарының негізінде ашылып отырган болмыс құбылысы мен процесін болжау, түсіндіру және жүйелеп мазмұндап беру.

Ғылым-бұл қоғам, табиғат және ойлау қабілеті туралы жаңа білімді алу үшін бағытталған зерттеу әрекетінің сферанын айтады. Ерекше адамзат тобының арнайы және физикалық сабақ түрінің әрекеті, сонымен қатар дұрыс еңбек ізінен және еңбектің қоғамдық бөлімдерінен ғылым туады. Ірі көлік өндірісінің шығуы, ғылымда өндірістің өзіне беделді факторларының жағдайын құрайды.

Ғылымның құрылымы. Тұтас ғылым жүйесін құрайтын гылым пәндерді шартты түрде жаралыстану, әлеуметтік және техникалық ғылым деп үлкен үш топқа бөлуге болады. Бұлардың арасында қатаң шекара жоқ, бірқатар ғылым пәндер аралық жағдайда қалыптасқан. Мысалы: техникалық ғылым мен әлеуметтік гылымның түйіскен жерінде техникалық эстетика, жаратылыстану ғылымы мен техникалық ғылымның түйіскен жерінде — астроботаника, ал жаратылыстану ғылымы мен әлеуметтік ғылымның түйіскен жерінде — экономика ғылымдар қалыптасқан. Әрбір аталған жүйелік түр іштей жіктелген жекелеген ғылым түрлерін құрайды. Ғылымның ерекше рөл атқаратын салалары — математика, информатика және басқару теориясы болып табылады. Ғылымның белгілі бір саласында дәстүрлі зерттеулер жүргізілуімен қатар, пәнаралық, кешенді зерттеулер жүргізу қазіргі ғылымның ерекше даму бағыты болып табылады. Мысалы: табиғатты қорғау мәселелерін зерттеуде осы бағыттың маңызы айқын болып отыр.

Күрделі жүйе туралы ғылым мен жүйенің тепе-тең емес күйі туралы ғылымның түйісуінен ашық жүйе саласында зерттеулер жүргізілуде. Ірі өндірістік және элеуметтік мәселелерді шешу барысында түрлі ғылым салаларының түйісе қызмет жасауы қазіргі заманғы ғылымда заңды құбылыс ретінде қабылданады. Өзінің алған бағыты, тікелей өмірге қатынасына байланысты ғылымды іргелі және қолданбалы деп бөлу дәстүрі қалыптасқан.

Іргелі ғылым саласының міндетті қоғамды, дүниені, табиғатты түсіндіретін заңдарды тану.

Қолданбалы гылымның тікелей мақсатты іргелі ғылымның ашқан жаңалықтарын танымдық, әлеуметтік-практикалық мәселелерді шешуге қолдану болып табылады.



Әдебиеттер: [2-5]
Тақырып 8 Зерттеулерді өткізу әдістемесі

1 Ғылыми зерттеулердің әдістері

2 Теориялық зерттеулердің әдістемесі

3 Тәжірибелік зерттеулердің әдістемесі


Әдіс – бұл белгілі бір қорытындыға жетуге көмектесетін әрекеттердің жиынтығы. Эмпирикалық ғылымның негізін салушылардың бірі - Ф.Бэкон танымның әдісін циркульмен салыстырған. Әрбір адамның ойлау қабілетінің деңгейі әртүрлі, сол себепті барлық адамдардың жетістікке жетуге деген мүмкіндіктерін теңестіру үшін белгілі бір құрал керек. Ғылыми әдіс осындай құрал болып табылады. Сондай – ақ, әдіс адамдардың мүмкіндіктерін теңестіріп қана қоймай, олардың іс - әрекетін біркелкі жасап, ғылыми зерттеулердің ұқсас нәтижесін алуға ықпал етеді.

Қазіргі заманғы ғылым белгілі методологияға, яғни қолданылатын әдістердің жиынтығына негізделген. Осыған қоса әрбір ғылым саласы тек қана арнаулы объектіге ғана емес, сол объектіге сәйкес арнаулы әдіске де ие болады.

Зерттелетін заттардың әртүрлілігінен пайда болатын, жаратылыстану ғылымы мен гуманитарлық танымның методологиялары арасында бірқатар айырмашылықтар бар. Жаратылыстану ғылымы методологиясында заттың жеке ерекшіліктері ескерілмейді, себебі ол баяғыда қалыптасып зерттеушінің назарынан тыс қалған. Мысалы, тарих ғылымында заттың пайда болуын, оның жеке ерекшіліктерінің толығымен қарастырады. Әлеуметтік танымның методологиясы жаратылыстану методологиясынан пәннің өзіндегі айырмашылықтары бойынша ажыратылады: 1) әлеуметтік таным өзін - өзі жоюшы нәтижеге алып келеді (“биржаның заңдарын білу осы заңдардың өзін жоюға әкеліп соғады”-деп жазды кибернетиканың негізін салушы Н.Винер); 2) егер жаратылыстану ғылымдары танымында жекелеген фактілер бірдей болса, әлеуметтік танымда ондай емес. Сондықтан, әлеуметтік таным методологиясы фактілерді жалпылап қана қоймай, сонымен бірге ол аса үлкен маңызға ие индивидуалды фактілермен жұмыс істейді. Осы фактілерден объективті үрдіс пайда болып, солармен де түсіндіріледі. Гуманитарлық таным методологиясының өзіне тән ерекшелігі осында.

Қазіргі заманғы ғылымда жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдардың методологияларының бір-біріне жақындасу тенденциясы байқалуда, бірақ олардың негізгі және қағидалық айырмашылықтары әлі де сақталуда.

Ғылыми әдістер эмпирикалық және теориялық әдістер болып бөлінеді.

Эмпирикалық әдістерге төмендегілер жатқызылған:

1) бақылау – объективті шынайылықты арнайы түрде қабылдау;

2) суреттеу – объектілер туралы мәліметті табиғи және жасанды тілдің көмегімен бекіту;

3) өлшеу- объектілерді ұқсас қасиеттері немесе белгілері бойынша салыстыру;

4) тәжірибе жасау – құбылысқайталанған кезде қажетті жағдайлар қайталакғанына байланыстыөзгерістерді арнаулы дайындалған орындар арқылы бақылау.

Зерттеулердің теориялық деңгейіндегі ғылыми әдістерге төмендегілер жатқызылады:

1) формаландыру - зерттеліп отырған шынайы процестердің мағынасын ашатын абстрактылы-математикалық модельдер құру;

2) аксиомаландыру – дәлелдеуді керек етпейтін аксиомалар, яғни дәлелдеуді қажет етпейтін тұжырымдардың негізінде теория құру;

3) гипотетикалық - дедуктивтік әдіс – нәтижесінде эмпирикалық фактілер тұжырымдалатын бір-бірімен, дедуктивті байланыста болатын гипотезалардың жүйесін жасау.

Зерттеу әдістерінің классификациясы аса күрделі мәселе болғанның өзінде де, дәстүрлі түрде оларды үш топқа: жалпы ғылыми, интерғылыми және жеке ғылыми әдістерге бөлу қабылданған. Жалпы ғылыми әдістер барлық ғылым салаларына тән және оларды біріктіретін зерттеу объектісінде пайдаланылатын логикалық әдістерді, яғни: бақылау мен тәжірибе, анализ бен синтез, жорамал мен гипотеза, индукция мен дедукция, аналогия, классификация мен систематизация, генетикалық әдіс, т.б. біріктіреді. Интерғылыми әдістерге – экстрополяция, интерполяция, модельдеу, ретроспекция, эксперттік бағалау, т.б. жатады. Жеке ғылыми әдістердің көптеген ғылыми топтары бар.

Жалпы ғылыми әдістер ішінде төмендегілерді бөліп көрсетуге болады:

- анализ – жан-жақты зерттеу мақсатында бүтін бір затты құрамдас бөліктерге (жақтарына, белгілеріне, қасиеттеріне және т.б) бөлу;

- синтез – заттың құрамдас бөліктерін біртұтас затқа біріктіру;

- абстракциялау - зерттеліп отырған құбылыстың қажетті емес қасиеттері мен қарым-қатынастарынан зерттеуге керек қасиеттері мен қарым-қатынастарын бөліп алу;

- жалпылау – объектілердің жалпы белгілері мен қасиеттерін анықтауға мүмкіндік беретін ойлау әдісі;

- индукция – жеке қорытулар негізінде жалпы тұжырым жасауға мүмкіндік беретін зертеу мен талқылау әдісі;

- дедукция – жалпы тұжырымнан жеке тұжырым жасауға мүмкіндік беретін талқылау әдісі;

- аналогия – объектілердің бірдей белгілерінің ұқсастығы негізінде олардың ұқсастығы туралы айтуға үмкіндік беретін таным әдісі, басқаша айтқанда, аналогия - ғылымның бір саласындағы қатынастардың, оның екінші саласына транспозициялануы, мысалға: тарихи аналогия, кеңістіктік аналогия және т.б

- классификация- зерттелетін пәннің зерттеушіге қажетті маңызды белгілері бойынша түрлі топтарға бөлу (әсіресе, биология, геология, география, кристаллогрфия, т.б. ғылымдардың түрлі бөлімдері).

Зерттеу процесі барысында төмендегідей интерғылыми әдістер қолданылады:

- экстрополяция – ойдың дамуы немесе белгілі бір тарихи кезеңдегі тенденциялардың ашылуы, яғни жасалған заңдар мен тұжырымдардың бақылау аймағынан басқа аймаққа ауысуы;

- интерполяция - құбылыстардың динамикалық қатарында көрінбейтін, бірақ осы қатар мүшелерінің арақатынасын ашу негізінде параметрлерді, функцияларды, көрсеткіштерді табу;

- модельдеу – шынайы түрде бар процестер мен құбылыстардың логикалық, информациялық және графикалық құрылымын жасау, яғни объектілерді жеңілдетілген түрінде бейнелеу; модельдеу – түпнұсқаның зерттеушіні қызықтыратын қажетті жақтарының дәлме – дәл көшірмесін түсіру арқылы зерттеу;

- ретроспекция- объектінің жүйелі түрдегі сипаттамасын алу үшін зерттеу объектісінің тарихи дамуын зерттеу, яғни оның әртүрлі уақыт кезеңдеріндегі дамуының динамикалық қатарын зерттеу;

- эксперттік бағалау - эксперттің немесе эксперттердің тұжырымдары мен ойлары;

Күрделі құрылымды объектілерге анализ жасау үшін төмендегі әдістерді қолданады:

- декомпозиция – үлкен жалпы бір мақсатты бірнеше топтарға бөлу;

- селекция – зерттелуге келетін варианттарды іріктеп алып, маңызы жоқ фактілерді алып тастау;

- агрегирование – жекелеген сипаттамаларды жалпы сипаттамаға біріктіру.

Егер объектінің құрылымы жүйесіз болса, оны талдау үшін дезагрегациялау, яғни жалпылаушы сипаттамаларды жеке сипаттамаларға жекелендіреді.

Жоғарыда айтылып өткен әдістердің немесе тәсілдің ешқайсысы да, дара түрде зерттеудің негізіділігін, дәлділігі мен дәйектілігін қажетті деңгейде қамтамасыз ете алмайды. Сол себепті зерттеуде жоғары нәтижеге жету үшін олардың бірнеше түрінің жиынтығын пайдалану ғана тиімді бола алады.



Әдебиеттер: [2-5]
Тақырып 9 Студенттің ғылыми-зерттеушілік жұмысы

1 Студенттің ғылыми-зерттеушілік жұмысының түрлері

2 Ғылыми зерттеудің тақырыбын, мақсаттары мен міндеттерін қалыптастыру
Студенттің ғылыми-зерттеушілік жұмысының екі түрі бар. Оқу жоспарлармен ескерілген студенттердің оқу ғылыми-зерттеушілік жұмысы. Оларға курстық жұмыстарды, дипломдық жұмысты жатқызуға болады.

Курстық жұмыстарды орындаған кезде студент өзіндік ғылыми шығармашылыққа бірінші қадамдар жасайды. Ол ғылыми әдебиеттермен жұмыс істеуге үйретеді, қажетті ақпаратты талдау мен сынамалы іріктеу дағдыларын алады.

Дипломдық жұмысты орындау өз мақсаты ретінде студенттің шығармашылық және танымдық қабілетерінің әрі қарай дамыту, және де жоо-да студенттің оқуының қорытынды сатысы ретінде теориялық білімдерін нығайту мен кеңейтуге және таңдаған тақырыпты тереңдетіп зерттеуге бағытталған.

Оқу жоспарымен ескерілген студенттің ғылыми-зерттеушілік жұмысына тәжірибелік сабақтар тақырыптары бойынша рефераттарды жазуды да жатқызуға болады.

Оқудан тыс орындалатын студенттің ғылыми-зерттеушілік жұмысының негізгі формалары болып табылады:

- пәндік үйірмелер;

- проблемалық үйірмелер;

- проблемалық студенттік зертханалар.

Студенттің ғылыми-зерттеушілік жұмысының мұндай формасы кіші курстардың студенттерімен жұмыс кезінде қолданылады.

Әдебиеттер: [2-5]
Тақырып 10 Ғылыми шараларға қатысуға дайындық және ғылыми жұмыстарды рәсімдеу

1 Ғылыми-зерттеушілік жұмысты рәсімдеу ережесі

2 Жұмыс туралы баяндама. Баяндама тезистерін құрастыру
Ғылыми зерттеу жұмысы белгілі бір, қалыпты бір жүйемен атқарылады. Ең алдымен мәселемен танысу барысында тақырып қалыптасады. Осы тақырып аясында зерттеу орындалып, негізгі жоспар алды. Құжат технико-экономикалық негіздеме тақырыбында әлеуметтік нәтижелер көрсетді. Бұл үрдістерден кейін зерттеу мақсаттарымен міндеттері нақтыланады. Тақырып бойынша әдебиеттердің библиографиялық тізімі мен әдебиет көздерінің аңдатпасы орын алады, егер тақырып бойынша реферат қажет деп танылса, жағдайлар сипат алып, үрдістері,пәні нысанға алынып, онда нақты зерттеулер қамтылады, сонымен бірге зерттеу әдістері мен тәсілдері өзекті мәселені ашу барысында қолданылады. Теоретикалық зерттеулер мақсаты - пәннің физикалық мәнін жете тану. Нәтижесінде физикалық модель қалыптасып, математикалық модель әзерленеді және алынған қосымша нәтижелерге талдау жүргізіледі. Экспериментті зерттеулерді ұйымдастыруда міндеттер нақтыланып әдістеме таңдалады. Әдістеме - деректік материалдарды игеру құралы. Әдістемені әзірлегеннен кейін зерттеу жүмысына жүмыс жоспары құрылады, онда эксперименттік жұмыстың көлемі көрсетіліп, әдісі, техникасы, еңбек сыйымдылығы және мерзімі көрсетіледі. Зерттеу аяқталғаннан кейін алынған нәтижелерге талдау жүргізіледі. Әрі қарай ғылыми және өндірістік түйін-тұжырымдар орын алып, есеп құрастырылады. Тақырыпты қарастырудың келесі кезеңі - өндіріске зерттеу жүмысының нәтижелерін еңгізу және олардың экономикалық тиімділігін айқындау. Осылайша, ғылыми зерттеудің бүкіл болмыс-бітімін төмендегі сызба негізінде байқатуға болады:

1) таңдалған тақырыптың өзектілігін нақтылау;

2) мақсат қоя білу немесе зерттеудің нақты міндеттерін ажырату;

3) нысан мен зерттеу пәнін анықтау;

4) зерттеуді жүргізу әдісін таңдау;

5) зерттеу үрдісіне сипаттану;

6) зерттеу нәтижелерін талқылау;

7) алынған нәтижелерді, тұжырымдарды негіздеу, қалыптастыру.



Әдебиеттер: [2-5]



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет