Ақ Орда мемлекетінің құрылуы. Ортағасырлық саяхатшылар Қыпшақ даласы (Дешт-и Қыпчак) аталған жердің шығыс бөлігінде XIV-XV ғасырдың алғашқы ширегі аралығында Ақ Орда атты мемлекеттің болғанын хабарлайды.
Рашид ад-диннің (XIV ғ.) айтуына қарағанда Жошы ұлысының шығыс бөлігін (сол қанатын) Жошының үлкен ұлы Орда (Орда Ежен, Орда Иген) әкесінің тірі кезінде еншіге алған. Әбілғазының (XVII ғ.) көрсетуі бойынша Ордаға бұл жерді кіші інісі Батый хан ХІІІ ғ. орта тұсында бөлген. Орданың мұрагерлері Батый ханның тұқымына сырттай тәуелді көрінгенімен, іс жүзінде олар өз ұлысының дербес билеушілері болды.
Ақ Орда жері Алтын Ордадан алған тәуелсіздігінің нығаюы барысында XIV ғ. екінші жартысына қарай қалыптасып, алғашында Жетісудың солтүстік шығыс бөлігі, Ертіс бойы, Ұлытау мен Кентау далаларын қамтыды. Ал Жайық, Ырғыз, Тобыл мен Сарысу өзендері аралығы, Арал теңізі төңірегі мен Сырдарияның төменгі сағасы Жошының тағы бір ұлы Шайбан ұлысына қарады.
ХІІІ ғ. орта тұсында Орда Еженнің ел басқарған ордасы Ертістің бойында және Алакөл көлінде болған. XIV ғ. Орда Еженнің мұрагерлерінің билігі Шайбан ұлысына да тарайды, яғни бүгінгі Қазақстанның аумағын түгел қамтиды. Тек Жетісу өңірі ғана бұл кезде Шағатай ұлысына, соңынан Мағолстанға қарайды. Ақ Орданың күшеюіне байланысты оның орталығы енді Қазақстанның оңтүстігіне, Сығанақ қаласына ауысады.
XIV ғ. бас кезінен Орда Еженнің мұрагерлері Шағатайлықтармен Сыр бойы қалалары және Жетісу үшін күрес жүргізе бастайды. Ертістен Сырдарияға дейін, Алтайдан Ұлытау және Аралға шейінгі аралықта қалыптасқан дәстүрлі мал шаруашылығына қуат бере отырып, Ақ Орда билеушілері Сыр бойы, Талас, Шу және Ұлытау өңірлерінде отырықшы егіншілік пен мәдениеттің қайта жандануына ден қойды. Сығанақ, Отырар, Сауран және Жентте бірақ жаңа құрылыстар өмірге келді, Ақ Орда хандары өз аттарынан теңге құйғызды.