Қазақстан электр энергетикасының дамуының негiзгi кезеңдері
ҚР біртұтас электр энергетикалық жүйесі
Жалпы электр станциялары қуатының артуына, электр қуатының өндiрiлуiне, экономиканы электрлендiру деңгейiне жасалған талдау негiзiнде кеңестiк дәуiрдегi Қазақстан электр энергетикасының даму жолын негiзгi үш кезеңге бөлуге болады:
Бiрiншi кезең 1918 — 45 жылдарды қамтиды, бұл кезеңде сол уақыттың өлшемi бойынша iрi электр станциялары салынып, алғашқы энергетикалық тораптар пайда болды.
Екiншi кезеңде (1946 — 58 ж.) аймақтық электр станцияларында электр қуатын бiр орталықтан өндiру күрт артты, алғашқы энергетикалық жүйелер құрылды.
Үшiншi кезеңде (1959 — 90 ж.) республиканың энергетикалық базасы жедел қарқынмен дамып, аймақтық энергетикалық жүйе қалыптасты.
Сөйтiп, Қазақстан өзiнiң электр қуаты жөнiндегi мұқтаждарын толық қамтамасыз ететiн әрi оны өзге елдерге шығаратын ахуалға жеттi. Бұл кезеңде Алматыда, Қарағандыда, Петропавлда, Жамбылда, Шымкентте, Павлодарда iрi аймақтық су электр станциялары (АСЭС) салынды. Ертiс өзенінде Өскемен және Бұқтарма су электр станциялары (СЭС), Iледе Қапшағай СЭС-i жұмыс iстедi. Аса iрi Ақсу АСЭС-ы Екiбастұз кенiшiнiң арзан көмiрiн пайдаланды.
1990 ж. КСРО экономикасының құлдырауы қарсаңында республика электр станцияларының қуаты 18 млн. кВт-тан асты, ал Қазақстанның жалпы электр энергиясын тұтынуы 104,8 млрд. кВт/сағатты құрады, оның 87,4 кВт/сағаты меншiктi электр станцияларында өндiрiлдi.
1990 ж республикада 131,5 млн. т көмiр, 25,5 млн. т мұнай мен газ конденсаты және 6,8 млрд. м3 газ өндiрiлдi. Өндiрiлген көмiр мен мұнайдың едәуiр бөлiгi республикадан тысқары шығарылды.
1990 ж. басқа елдерге 10 млн. т кокстелетiн және 46,6 млн. т энергет. көмiр (42,9%), 21 млн. т мұнай мен газ конденсаты (82,4%) шығарылды. Республиканың отын балансындағы газдың үлесi 15% болды.
1990 ж. республиканың ұлттық табысындағы үлестi энергия сыйымдылығы 1 сомға шаққанда 4,01 кг болды, мұның өзi өзге одақтас республикалармен салыстырғанда 28%-ға көп.
Қазақстан электр энергетикасы 1991 жылдан дағдарысты жағдайды бастан кешiрдi. Республиканың қолданыстағы энергетикалық қуаты 1990 жылдың басында 17000 мВт-қа жуық болса, 1998 ж. ортасына қарай бұл қуат 10000 мВт-қа дейiн қысқарды.
2000 жылдың қорытындысы бойынша электр қуатын тұтыну көрсеткiшi 8560 мВт-қа дейiн төмендедi. Қазақстан энергия өндiрушi қуаттардың тапшылығы және артық электр қуаты бар аймақтардан оны жеткiзе алатын электр желiсiнiң жоқтығы себептi оңтүстік және батыс аймақтар үшiн электр қуатын сырттан алды.
ҚР Үкiметi 1996 ж. электр энергетикасының қуат өндiрушi және электр тораптары активтерiне мемлекеттік монополияны реформалау, сөйтiп электр қуатының бәсекелi рыногiн жасау қажеттiгi туралы шешiм қабылдады. Осы мақсатта электр энергетикасын құрылымдық жағынан қайта құрудың үкiметтiк бағдарламасы әзiрлендi. Бұл бағдарламаны iске асыру электр энергетикасының бәсекелi бөлiгiн (электр қуатын өндiру және оны тұтыну) табиғи монополистерден ажыратып алу (электр энергиясын беру және бөлу) қамтамасыз етiлдi. Iрi электр ст-лары (МАЭС) инвесторларға сатылды, ал аймақтық жылу электр станциялары (ЖЭО) жергiлiктi басқару органдарының меншiгiне берiлдi. 1120, 500 және 220 кВ кернеулi негiзгi тораптардың активтерi негiзiнде Электр тораптарын басқару жөнiндегi қазақстандық компания («КЕGOC» ААҚ), 110 — 35, 6 — 10 және 0,4 кВ кернеулi аймақтық электр тораптары негiзiнде бөлу электр тораптық акционерлік компаниялары (АЭК АҚ) құрылды.
Қазақстан энергетикасын дамытудың 1997—2000 жылдарға арналған бағдарламасы Бұл саланы одан әрi дамытудың 1997 — 2000 жылдарға арналған бағдарламасында электр қуаты рыногiн ұйымдастырудың мынадай үлгiлерi көзделдi:
ақырғы тұтынушыға жеткiзiлетiн электр қуатының бағасы бойынша бәсеке;
бiрыңғай электр қуаты рыногiнiң екi деңгейде (көтерме сауда және бөлшек сауда) болуы;
электр қуатымен сауда жасауды ұйымдастыру;
рынок субъектiлерiнiң аймақаралық («КЕGOC» ААҚ), аймақтық және жергiлiктi (БЭК-тер) деңгейдегi тораптар бойынша электр қуатын тарату және бөлу қызметтерiн көрсету жөнiнде шарттар жасасу.
Осы үлгiнiң енгiзiлуi екi жақты мерзiмдi келiсiмшарттар рыногiн құруға мүмкiндiк бердi. Бiр орталықтан диспетчерлiк басқару жүйесi қайта құрылды, ол электр қуатын бәсекелi (электр қуатын өндiру мен тұтыну) және монополиялы (электр қуатын тарату және бөлу) бөлiктерiнiң бөлiнiсi жағдайында жұмыс iстеуге бейiмделдi, сондай-ақ, электр қуатының сапалық көрсеткiштерi, атап айтқанда, электр тогының жиiлiгi жақсартылды.
Электр энергетикасы секторын реформалау бағдарламасын дәйектiлiкпен iске асыру нәтижесiнде 2000 жылдан бастап оң өзгерiстерге қол жеткiзiлдi: екi жақты мерзiмдiк (форвардтық) келiсiмшарттар рыногi құрылып, жұмыс iстей бастады.
Қазақстанның электр энергетикасы секторының бастапқы экспорттық әлеуетi 2001 жылдың басында 500 — 1000 мВт деп бағаланды. Мыс., Екiбастұз АЭС компаниясы 2001 жылдан Ресейге (Омбы қаласының маңына) 300 мВт электр қуатын экспортқа шығара бастады.
2030 ж-ға дейiн электр энергетикасын дамыту бағдарламасы шеңберiнде Қазақстанның электр энергетикасы жөнiнен тәуелсiздiгiн қамтамасыз етудiң 2005 жылға дейiнгi жоспары әзiрлендi.
Нарықтық экономика жағдайында электр энергетикасы секторындағы табиғи монополияның барлық құрылымдары уәкiлеттi орган (Энергетика және табиғи ресурстар министрлігі) тарапынан мемлекеттік бақылауға алынған. Электр қуатын тарату және бөлу жөнiндегi тарифтердi ҚР-ның Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестiктi қорғау жөнiндегi агенттiгi реттеп отырады. 2000 ж. 1 сәуiрде Тарифтер жөнiндегi бөлiмшеаралық комиссия «КЕGOC» ААҚ-ның аймақаралық деңгейдегi электр тораптары бойынша электр қуатын тарату жөнiндегi қызмет көрсетуiне арналған тарифтi есептеудiң жаңа әдiстемесiн қолданысқа енгiздi.
Электр энергетикасы секторындағы реформаларды тереңдетудiң 2000 жылдан басталған кезектi кезеңi Республиканың электр қуатының көтерме сауда рыногiн жетiлдiру тұжырымдамасына негiзделдi. Бұл тұжырымдамаға сәйкес электр қуаты рыногiнiң қазақстандық операторы құрылды, оған электр қуатын өндiру мен тұтыну процестерiн нарықтық жолмен басқару мiндетi жүктелген.
Меншік иелері ҚР-ның электр энергетикасы секторын қайта құру негiзiнде электр энергетикасы нысандары түрлi меншiк иелерiнiң қолына көштi:
iрi электр станциялары шет елдiк компанияларға тиесiлi,
кернеуi 220 және одан жоғары кВ электр тораптарын басқару, диспетчерлеу, т.б. мәселелердi шешу мiндеттерi электр тораптарын басқару жөнiндегi қазақстандық компания — KEGOC-қа жүктелдi;
кернеуi 110 және одан төмен кВ электр тораптары бұрынғы энергетика жүйесi шеңберiнде таратушы электр компанияларының басқаруында;
электр қуатын өндiрушiлерден сатып алу және оны тұтынушыларға сату мiндетi Электр қуаты рыногiнiң қазақстандық операторына жүктелген.