Іш қуысындағы мүшелерді қарастырғанда «Слепая кишка» (caecum) деген терминді қазақша соқыр ішек, тұйық ішек, бүйен деп аударуға болады; «Тонкая кишка» (Іntestinum tenue)-қарақұс, ащы ішек, жіңішке ішек деп аталады.
Бірқатар анатомиялық құрылымдарға атау ізделген кездегі байқалған қазақ тілінің байлығы, жаңа терминдер жасауда өз көмектерін тигізді.
Қазіргі кезеңде қазақтың медициналық терминдерін қалыптастыруда, бірнеше тілдерді игерген және орыс халқы мен туыстас түркі халықтарының озық тәжірибелеріне сүйенетін ғалымдарды ақылға сала, біртіндеп істелетін күрделі жұмыстар күтіп тұр. Мұндай жағдайда халық ауыз әдебиетінің бай мұрасы мен қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, салтына тән көптеген көне терминдерді орынды пайдалану маңызды.
Терминдердің ертеректегі мұндай байлығын академик В.В. Радлов қазақтардың өмір сүру салт-тұрмысымен байланыстырады. Нерв, қан тамырлары жүйелері мен сезім мүшелер құрылымдарына қатысты кейбір баламаларда орыс анатомиялық терминологиясын құру кезінде қолданғанындай, біз де терминдерді латыншадан транскрипциялауды және транслитерациялауды пайдаландық.
Халықаралық анатомиялық номенклатураны құрудың жауапты редакторы, белгілі кеңес анатомы С.С. Михайлов (1987): «қазір орыс анатомия номенклатурасын жасау кезеңінде транскрипция және транслитерация әдісін пайдаланбау мүмкін емес. Тіл дамытудағы мүмкін жолдарының бірі осы тәсілдер»-деп жазды. Ол В. Даль өзінің атақты сөздігін «Тірі ұлы орыс тілінің түсіндірме сөздігі» деп кездейсоқ атамағанын ескертеді де: «Тіл әрқашан да дами береді, ол шындығында да тірі»-деп есептейді.