Сауда жолына байланысты дипломатиялық қарым-қатынасты 568 жылғы Түрік қағанаты мен Византия мемлекетінің арасында болған келісімдерден толық байқауға болады. Екі ел саудаға байланысты Иранға қарсы одақ құрған. Елшіліктердің пайда болуы халықаралық сауданың дамуын күшейтеді. Алғашқы кезде қытай жібегі елдердің елшіліктері арасында және патшалар үшін аса бағалы тауар болып, ақша немесе құнды сыйлық орнына жүрген. Мәселен, Иран шахына Қытай императорының атынан жібектен жасалған әшекейлі киімдер жіберілген. Сонымен Ұлы Жібек жолының мемлекеттер арасында сауданың дамуына ғана емес, олардың арасындағы саяси қарым-қатынастың дамуына да тарихи ықпалы зор болды.