1.1. Тарау. Қазақстанның тәуелсіздігінің жариялануы және ТМД-ның құрылуы КСРО-ның құлауының басты себептерінің бірі – экономикалық дамуда артта қалушылық. Атап айтқанда, Одақ экономикасының технологиялық жағынан артта қалуы, сондай-ақ оның өндірісі шығарған тауарлардың бүкіл әлемде бәсекеге түсу қабілетінің төмендігі еді. Сонымен қатар, соғыстан кейінгі жылдары КСРО АҚШ-пен әскери бәсекеге түсіп және капиталистік елдермен әскери-стратегиялық тепе-теңдікті сақтау үшін қорғаныс ісіне аса көп қаржы шығарды. 1950-1990 жылдар арасындағы 40 жылда әскери шығын 20 триллион долларға жеткен. Мұндай зор шығындар экономиканы орасан зор зардаптарға ұшыратты. Қазақстан экономикасының артта қалуы және ондағы кемшіліктер туралы 1986 жылдан бастап ашық айтыла бастады. 12-бесжылдықта (1986-1990 жж.) республика экономикасын қайта құру мүмкіндіктері іздестірілді, жаңа идеяларды іске асырудың жолдары қарастырылды. Мұның өзі бесжылдықта ұлттық табыстың өсуінде, әлеуметтік ахуалды жақсартуда, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде кейбір табыстарға қол жеткізді. Дегенмен қоғамдық өндіріс көлемі қойылып отырған талаптардың деңгейінен көп төмен жатты. Оның негізгі себебі басқарудың әкімшіл-әміршіл жүйесінің икемсіздігіне байланысты еді. Ең бастысы өндірістің тиімділігін арттыруда экономикалық тетіктер жете пайдаланылмады, оның толып жатқан көздері іске қосылмады. 1990 жылдың орта шенінде өнімнің өсу қарқынының бұрынғы жылдармен салыстырғанда мықтап құлдырағаны байқалды.
Дағдарыс экономиканың барлық салаларын қамтыды. Ол саяси-әлеуметтік жағдайға теріс әсерін тигізе бастады. Көмір алқаптарындағы кеншілердің, металлургтердің тұрмыс дәрежесі мейлінше төмендеді. Осыған орай, олар өздерінің наразылығын ашық білдіре бастады. Кеншілер ұжымдарының еріктілігін, шығарылған көмірдің кейбір бөлігін өздерінің қалауынша сатып, қажетті тауарларға айырбастап алып отыруға мүмкіндік берілуін талап етті. Экономикалық дағдарыс республиканың өнеркәсіп өндірісінің көптеген салаларын қамтыды. Оларға қажетті жабдықтар жетіспеді. Әсіресе, халық тұтынатын тауарларды өндіру нашар жағдайда болды. Қажетті материалдардың жеткіліксіздігінен күрделі құрылыстың қарқыны баяулап, жоспарлар орындалмады. Осындай күрделі жағдайда Республика экономикасын нарықтық қарым-қатынас аясына шығару мақсатымен 1991 жылдың ақпан айында Жоғарғы экономикалық кеңес құрылды. Оның құрамына енген белгілі экономист Г.Явлинский, АҚШ-тан келген доктор Бэнг тағы басқа ірі экономист мамандар республика экономикасына нарықтық қатынастарды енгізудің мүмкіндіктерін іске қосу мәселесімен шұғылданды.
Қазақстанда мемлекеттік меншікпен қатар жеке меншіктің жаңа формалары – акционерлік қоғамдар, жалдық және кооперативтік кәсіпорындар, фермерлік шаруашылықтар, біріккен кәсіпорындар, түрлі қауымдастықтар мен бірлестіктер қалыптаса бастады. 1991 жылдың ортасында республикада 35 біріккен кәсіпорындар, 16 сыртқы экономикалық қауымдастықтар, халықаралық коммерциялық банк жұмыс істеді. Дегенмен, әртүрлі себептерге байланысты бірінші кезекте Кеңес Одағы республикаларының бір-бірімен біте қайнасып, бірігіп-кірігіп кеткен шаруашылық қарым-қатынасының бұзылуына байланысты Қазақстанда экономикалық қиындықтар күшейді.
1991 ж. 8 желтоқсанда Белорусь, РСФСР және Украина республикаларының басшылары Минск қаласында (Беловеж нуы) кездесіп, мәлімдеме қабылдады. Онда саяси одақ тұйыққа тірелді, сондықтан республикалардың Одақтан шығуы объективтік процесс және тәуелсіз жеке мемлекет құру шынайы факті болып отыр деп көрсетілді. Себебі, орталықтың жүргізіп отырған тоғышар саясаты елді терең экономикалық және саяси дағдарысқа алып келді, халықтың тұрмыс деңгейі төмендеп кетті, қоғамда әлеуметтік шиеленіс, ұлттар мен халықтар арасындағы қайшылықтар мен қақтығыстар күшейді деп атап өтілді. Мұның өзі бұрынғы Одаққа кірген мемлекеттердің жаңа одағын – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) құруға жол ашты.