Г.С.Антипинаның көрсеткеніндей, бастауыш шағын топтың өзіне тән белгілері мынадай: құрам санының аздығы, кеңістіктегі жақындық, өмір сүру ұзақтығы, мақсат бірлігі, топқа кіруге еріктілік және мүшелерінің мінез-құлқына бейресми бақылау. Ч.Кули ғылыми айналымға бастауыш топ ұғымын енгізе отырып, оның интимдік, жүзбе-жүз (face-to-face) байланысумен және ынтымақтастықпен сипатталатынын атап өткен.
Кейбір екінші топтарды, мысалы, кәсіподақтарды қауымдастықтар ретінде сипаттауға болады, олардың ең кем дегенде кейбір мүшелері өзара әркеттеседі, біртұтас, барлық мүшелері бөлісетін нормативтік жүйесі және қандай да бір ортақ, барлық мүшелері бөлісетін корпоративтік өмір сүру мағынасы болады.
Қоғамда шағын топтар атқаратын әлеуметтік функциялар орасан, оларды басқаша бағалау мүмкін емес. Конт бір кезде қоғамның ұясы деп атаған отбасын еске алсақ та жеткілікті – бұл ылғи да шағын топ және де өзі құрамына енетін көптеген басқа топтар мен ұйымдарға қатысты бастауыш топ болады. Төменде атап өтілетініндей, сол отбасы адам тұлғасының қалыптасуында маңызды рөл атқаратын бастауыш әлеуметтендірудің басты агенті болып табылады. Дегенмен, отбасы ғана емес, өзіміз құрамына кіретін басқа көптеген бастауыш және екінші топтар да біздің өмірбаянымызда маңызды әлеуметтендіруші рөл атқарады: құрбы-құрдастар топтары, дос-жарандар, әуесқойлар үйірмелері, спорт командалары – біз дәл осылар арқылы замандастарымыз бен отандастарымыздың кең қауымдастығында қалыптасқан дәстүрлердің, нормалардың және құндылықтардың барлығын игереміз. Көптеген зерттеушілердің бастауыш түріндегі байланыстардың жетіспеушілігін адамның тұлғалық қасиеттерінің нашарлауына және тіпті девианттық мінез-құлықтарда белгілі бір сапасыздыққа апарып соғуы мүмкін деп ұйғаруы кездейсоқ емес.
Жеке адам үшін өзі жататын бастауыш топ өте маңызды референттік топтардың бірі болып табылады. Бұл терминмен құндылықтар мен нормалар жүйесі жеке адам үшін өзіндік эталон болатын (шынайы немесе қиялдағы) топты белгілейді. Адам әрқашан – ерікті немесе еріксіз түрде – өзінің ой-ниеттері мен іс-әрекеттерін өзі пікірлерін қадір тұтатын адамының қалай бағалайтынымен салыстырады. Жеке адам осы сәтте жататын тап та, бұрын мүшесі болған топ та және мүшесі болғысы келетін топ та референттік бола алады. Референттік топты құрайтын адамдардың дербестелген бейнелері “ішкі аудиторияны” құрайды, адам өзінің ойға алғандары мен іс-әрекеттерінде соны бағытқа алады.
Шағын топтар теориясының айтарлықтай маңызды бөлімі ондағы серпімділік процестерін зерделеу болып табылады. Бұл зерттеулер микроәлеуметтану мен психологияда шағын топтардың өмір сүру және даму заңдарын сипаттауды негізге алатын өзара әрекеттес және бірін-бірі толықтыратын тұжырымдамалардан тұратын ерекше бағыт болып бөлінген. “Топтық серпін” терминінің өзін ғылыми айналымға 1930 жылдары Курт Левин енгізген. Негізгі теориялық қағидалардың бірі топтық қызметтің жүйелілік сипатын атап өтуден тұрады: тұтас алынған топ оған кіретін жеке адамдардың жай қосындысы емес, одан артық. Сонымен қатар, шағын топтарда жүретін құбылыстар мен процестерді сипаттайтын заңдар одан да ірі әлеуметтік бірліктердің серпінін сипаттауға қолданылуы мүмкін.
Топтық серпін теориясының дамуына американдық (тегі – румын) әлеуметтік психолог Джейкоб Морено маңызды үлес қосқан. Ол шағын топты зерттеудегі екі маңызды бағыттың: әлеуметтік драманың (немесе психодраманың) және әлеуметтік метрияның негізін қалаушы ретінде танымал. Әлеуметтік метрия – эмоционалдық және тұлғааралық өзара әрекеттестіктердің біртұтас “топтық өрісін” құрайтын топ мүшелерінің арасындағы байланыстарды айқындау және сандық өлшеу әдістерінің жүйесі.
Кез келген шағын топта оның туғанынан өлгеніне дейін жүретін серпінді процестерді қысқаша тізбектеп шығуға тырысар болсақ, онда мынадай негізгі құбылыстарды түйіндеуге болады:
топтық ықпалдасу – топ мүшелерінің бір-біріне лайықтанып, бейімделуі негізінде топтардың біртұтас нәрсеге айналуы;
құрылымдалу – көшбасшылар мен басқа да мәртебелік позицияларды бөліп және тиісінше сол мәртебелерге сәйкес рөлдер суретін жасай отырып ішкі құрылымның жасақталуы.
Берілген топқа тән нормалар мен құндылықтар жүйесі қатар дамиды; кей кезде бұл бірлескен іс-әрекеттерде, уақытты бірге өткізетін кезде қатар болатын ерекше жоралғылар жасаумен қатар жүреді. Бұл нормалар мен құндылықтарды сақтау үшін топ мүшелеріне топтық қысым жасалады. Ол оң және теріс әр түрлі топтық санкциялардың көмегімен жүзеге асырылады.
Әлеуметтік топтарды жіктеу топтарды шағын және үлкен, бастауыш және екінші деп бөлуді ғана көрсетпейді. Қоғамдық топтардың әлеуметтік жағдайлары бойынша өзгешелігі бейнеленетін қоғамның әлеуметтік құрылымының сипаттамасы тұрғысынан әлеуметтік-таптық қауымдастықтар (таптар, қабаттар); әлеуметтік-демографиялық қауымдастықтар (еркектер, әйелдер, балалар, ата-аналар және т.б.); этникалық әлеуметтік қауымдастықтар (ұлттар, ұлыстар, тайпалар, ұлттық және этнографиялық топтар); әлеуметтік-аумақтық топтар (қала, ауыл, аймақ); әлеуметтік-кәсіптік қауымдас-тықтар және т.б. сияқты әлеуметтік топтарды бөліп қарау ерекше маңызды.
Достарыңызбен бөлісу: |