3. Кәсіпорынның жетілген бәсеке нарығындағы іс – әрекеттері. Кәсіпорын теориясы негізін барынша көп пайдаға ие болу принципі құрайды, яғни табыстар мен шығындар айырымының көп болуы. Кәсіпорынның қысқа мерзімдегі және ұзақ мерзімдегі іс-әрекеттерінің критериі – барынша көп пайда табу болады.
Қысқа мерзімге кәсіпорынның өндірісте пайдаланатын құрылыстарының жалпы көлемін және машиналар мен жабдықтардың көлемін өзгертуге жетімсіз болатын уақыт мерзімі жатады. Осы мерзімде олар өндіріс көлемінің өзгерісінің ізімен өзгеріп отырмайды, тұрақты болып қала береді. Өндірістің басқа факторлары (еңбек, капитал) өзгеруі мүмкін, сондықтан олар өзгермелі деп аталады.
Айталық, аяқ киім өндірісін көбейту үшін, бір жұмада жаңа ғимарат салып алу мүмкін емес, бірақ қосымша материалдар сатып алуға немесе жаңа жұмыскерлер жалдауға мүмкіндік болады.
Қысқа мерзім шамасының көлемі өндіріс саласына, технологияға, басқа жағдайларға байланысты болады. Мысалы, домна өндірісінде қысқа мерзім өзінше ұзақ болса, балмұздақ өндірісінде ол өте аз болады.
Ұзақ мерзімге үнемі өзгеріп тұратын өндіріс дәрежесіне байланысты, кәсіпорынның өздерінің құрылыстары мен жабдықтарының қуатын өзгертуге мүмкіндік беретін уақыт мерзімі жатады.
Ұзақ мерзімде кәсіпорын барлық өндіріс факторларының көлемін өзгерте алады. Бұлардың барлығы өзгермелі болады. Бұл мерзімде кәсіпорын факторларды келісімді түрде қиыстыруға тырысады, шығарылған өнімнің берілген көлеміне жұмсалатын шығындардың барынша аз болуын көздеп, еңбекті капиталмен немесе керісінше алмастырып отырады.
Кәсіпорын әрекеттеріне тек уақыт әсер етіп қоймайды, оларға бәсеке формасы ықпал жасайды. Енді кәсіпорынның жетілген бәсеке жағдайындағы рационалды іс-қимылына назар аударайық. Кәсіпорынның мақсатын – баға мен шығындардың ара алшақтығын барынша көтеруді естен шығармайық. Жетілген бәсеке нарығында ешбір кәсіпорын өздері өндіретін өнімдер бағасына әсер ете алмайды. Баға тек жалпы нарықтық сұраныс пен барлық кәсіпорындар ұсыныстарының бір-біріне әсер ету нәтижесінде белгіленеді. Егер кәсіпорын өз өнімдерінің бағасын көтерген болса, ол сатып алушыларынан айырылады, олар бұның бәсекелесінің өнімін сатып алады. Сөйтіп, сату нөлге дейін төмендейді. Кәсіпорын бағаға үстемдік ете алмайды. Оның шығындарының көлемі, осы кәсіпорынның технологияларымен болжамдалады. Барынша мол пайда алу үшін кәсіпкер не істеу керек? Ол тек өндіріс көлемін өзгерте алады. Енді келесі сұрақ туады: барынша мол пайда алу үшін кәсіпорын қанша өнім өндіріп сату керек? Бұған жауап алу үшін өнімнің нарықтық бағасы мен кәсіпорынның шекті шығындарын салыстыру қажет.
Егер кәсіпорын өз өнімін бір, екі, үш, т.б. бірлікке өзгеріп отырса, онда келесі бірліктің әрбіреуі (айтайық, жаңа орындықтың әр біреуі) жалпы табысқа да және жалпы шығындарға да «бірдеме» қосып отырады. Осы «бірдеме» - шекті табыс және шекті шығындар. Шекті табыс шекті шығындардан артық болса, өндірілген бірліктің әрқайсысының жалпы табысқа қосқаны, оның жалпы шығындарға қосқанынан артық болады.
Стратегия – бұл кәсіпорынның негізгі ұзақ мерзімді мақсаттары мен міндеттерін таңдау, іс-әрекеттер бағыттарын анықтап бекіту және мақсаттарға жетуге қажет ресурстарды бөліп орналастыру.
Стратегия екі типке бөлінеді:
• қорғаныстық;
• шабуылдық.
Қорғаныстық стратегиясының екі бағыты болады:
1. Имитациялық (еліктеу) стратегиясында бәсекелестердің ғылыми-техникалық жетістіктерін пайдалану арқылы жаңалықтар енгізуден туатын қауіп-қатерліктерді азайтуға назар аударылады. Кәсіпорын нарықты үнемі байқап отырады, жаңа өнім пайда болуын күтіп отырады және ресурстарын ұқсас өнім немесе оның прототипін (түп тұлға) өндіруге жұмылдырады.
2. Күту стратегиясы..Кәсіпорындар осы стратегияны өзінің ұйғарымы бойынша осы нарықтан кетуді жоспарлағанда немесе басқа бәсекелес осы нарықта қолайлырақ орналасқанда, өз өндірісін жүргізу арқылы қолданады.
Шабуылдық стратегияның төрт бағыты болады:
1. Рационализациялау стратегиясы. Бұл жаңалықтар енгізу үшін ресурстардың өсуін талап етеді. Жаңа технологияға сынақ жүргізуге пайдаланатын бағалық және венчурлік компанияларға қаржымен қолдау көрсетіледі.
2. Квотаны (шығаратын өнімнің санын) дифференциациялау стратегиясы. Бұның мақсаты – жоғары пайданы сақтап, кәсіпорын үшін нарықтың елеулі бөлігін қамту. Жоғары пайданың негізін тұрақты инвестициялар құрайды. Осының көмегімен кәсіпорын өз өнімінің бағасын төмендетіп, оған тұтынушылық сұранысты өсіруді көздейді.
3. Инновациялық стратегия өнім мен қызметтердің жаңалануын және инновацияларды жаңа өнімдер және технологияға енгізуді тілейді. Инновациялар өнімдік және технологиялық болып бөлінеді.
Өнімдік инновация жаңа өнім бағасын көтеру арқылы кәсіпорынға өз пайдасын барынша көбейтуге мүмкіндік береді. Технологиялық инновациялар өндірілген өнімнің өзіндік құнын төмендету арқылы және өнімнің сапасы өскенде, оның өзіндік құнының артық өсуіне жол бермей, пайданы барынша көбейтуге көмектеседі.
4. Нарықтық қуыстарды меңгеріп оларды толтыру стратегиясы. Бұл бағытты жүзеге асыру ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізумен, елеулі шығындар жасаумен және іскерлік тәуекелдікпен байланысты. Тәуекелдік – болжаумен және жоспармен қарастырылған шығындардың немесе табыс түспеуінің ықтималдығы. Тәуекелдіктің маңызды түрлері:
• өндірістік;
• коммерциялық;
• қаржылық;
• несиелік;
• проценттік.
Коммерциялық қатер – кәсіпкер сатып алған тауарлар мен қызметтерді өткізумен байланысты процестерде туады.
Қаржылық қауіп-қатер – қарызға алынған қаражаттар мен кәсіпорынның барлық қаржыларының арасындағы өзара байланыстан пайда болады.
Несиелік қауіп – қарыз алушының қайтара алмайтын мүмкіндіктің болуымен байланысты.
Проценттік қауіп-қатер –процент нормасының өсуіне байланысты құнды қағаздың бағасының төмендеп кетуінің мүмкіндігімен байланысты болады.
Әдетте, мынадай пікір қалыптасқан: қауіп-қатер болу мүмкіндігінің дәрежесі, осы әрекетке қатынасатын адамдар санына керісінше пропорционалды болады.
Қауіп-қатерден сақтандыру келісімін жасағанда, сақтандыру компаниясы кәсіпкерге тәуекелге бел байлағаны үшін сыйлық төлейді. Мұның көлемі мүмкін болатын шығындар көлеміне тең бола алады. Сондықтан осындай тәуекелдіктің жөні бар деуге болады. Сақтандырылмаған қауіп-қатер (тәуекелдік) – фьючерстік келісім жасау арқылы, хеджирлендірумен (жеткізуші немесе сатып алушы бағалардың ұнамсыз өзгерістерге ұшырау мүмкіндігінен сақтандырылады) және нарықтық операциялардың басқа да түрлерімен сақтандырылуға жатады.
Фьючерстік контракт деп тауарды кейін (болашақта) жеткізу туралы келісімді айтады. Келісімді жасаған мерзімде екі жақ жеткізілетін тауар бағасы туралы келіседі. Фьючерстік келісімдер көбінесе хеджирленуді мақсат етеді – жеткізуші немесе сатып алушы, бағаның ұнамсыз өзгеруі мүмкін болуынан сақтандырылады.
Кәсіпорынның қаржылары мен ресурстарын үнемдеуде қауіп-қатер факторының болуы өте зор стимул болып табылады.
Қауіп-қатерді өлшеуге болады. Оны өлшеу үлгілерінің статистикалық, эксперттік, есептеу-аналитикалық түрлері болады.
Статистикалық әдісте кәсіпкерліктің осы түрінде бұрын болған шығындар статистикасы зерттеледі, шығындардың болып тұруының жиілігі есепке алынады, сөйтіп осы деректерге сүйене отырып, қауіп-қатердің ықтималдығы жорамалданады. Статистикалық әдіс мәліметтердің көп болуын талап етеді.
Эксперттік әдіс мамандар мен тәжірибелі бизнесмендердің ой-пікірлерін талдап есепке алуды тілейді. Есептеу-аналитикалық әдіс математикалық тетіктер мен тәсілдерді кең пайдалануға негізделеді. Кәсіпорындардың көбіне қауіп-қатерлік мәселелерімен айналасатын менеджер болады. Ол кәсіпорын қызметкерлерінің барысында қауіп-қатерлердің болып қалу мүмкіндігін зерттеп анықтайды, осы жағдайдағы оның салдарын бағалап, сақтандырудың және өзін-өзі сақтандырудың түрін таңдайды. Өзін-өзі сақтандыру ерекше резервтік қордың құрылуын талап етеді. Сақтандырылатын барлық заттың құны кәсіпорынның барлық заттық және қаржылық көлемімен салыстырғанда, оның көлемі шағын болса, онда сақтандыру келісімін жасасудың жөні бар.