КІРІСПЕ Тіл өзінің қатынас құралы болу қызметін ауызша түрде де, жазбаша түрде де атқара алады. Дыбыстық тіл жазу арқылы таңбаланады. Соның нәтижесінде оның қатынас құралы ретінде қолдану шеңбері кеңейеді. Жазу (жазба тіл) — адамдардың кеңістік пен уақытқа тәуелді болмай, өмірдің барлық саласында кең түрде қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беретін құрал. Ал ауызекі тіл жайыңда мұны айта алмаймыз. Ауызекі тілмен сөйлесіп, қарым-қатынас жасаудың мүмкіндігі (телефонды есептемегенде) сөйлеуші мен тыңдаушының арасындағы кеңістікке байланысты болады да, оның шеңберінен шығып кете алмайды. Ол кеңістіктің шеңбері құлаққа естілудің мүмкіндігімен ғана өлшенеді де, адамдар ауызекі тіл арқылы жүзбе-жүз кездескенде ғана, бір-бірімен сөйлесіп пікір алыса алады. Алайда мұндай салыстыру ауызекі тілдің қызметі мен құндылығын ешбір төмендете алмаса керек. Ауызша тіл күнделікті өмірде ауызба-ауыз сөйлесіп, қарым-қатынас жасауда, тікелей өзара пікір алысуда айрықша қызмет атқарады.