Байланысты: Реферат та ырыбы «Жазу ж не жазба тілі»
2. Идеографиялық немесе логографиялық жазу. Пиктографиялық жазудың біртіндеп даму барысында идеографиялық жазу пайда болды. Идеографиялық жазудың таңбалары идеограммалар деп аталады. Пиктографиядан идеографияға көшу өте баяу болды және пиктограммалардан пайда болған идеограммалардың алғашында пәлендей айырмашылығы да болмады. Идеографиялық жазудың даму барысында идеограммалар пиктограммалардан біртіндеп алшақтап, ақырында олар (идеограммалар) белгіленетін заттың сыртқы формасына дәлме-дәл негізделуден қалып, шартты таңбалар ретінде қолданыла бастаған. Идеографияның пиктографиядан ең басты айырмашылығы таңбалардың формасында емес, олардың мағынасында. Идеографиялық таңба (идеограмма) не жеке сөзді немесе оның атауын бөлшегін (мысалы, қытай тілінде бір буынды сөздерден құралған күрделі түбір морфемаларды немесе жапон және корей тілдеріндегі грамматикалық жақтан өзгеретін сөздердің негіздерін) белгілейді.
Идеографиялық жазудың үлгілерін өте ертедегі қытай жазуы мен шумер жазуынан (древнейшее шумерское письмо) көруге болады. Қытай жазуының идеографиялық жүйесі осыдан төрт мың жыл бұрын жасалған болатын. Қытайдың жазу жүйесі әрбір таңбаның дыбыстық тілдегі белгілі бір сөзге сәйкес келіп, соған телінуіне негізделген. Қытай жазуындағы таңбалар біртіндеп өзгеріп, жетіліп, белгілейтін заттар мен құбылыстардың шартты таңбаларына айналған.
Идеографиялық жазудағы графикалық таңбалар цифрлар тәрізді; олар сөздің дыбысталуын емес, мағынасын білдіреді. Сондықтан қытай тілінде омонимдер әр түрлі иероглифтермен белгіленеді, бірақ олардың дыбысталуы мен морфологиялық құрылысы біркелкі болады. Жазудың идеографиялық принципін қазіргі тілдердегі сандардың таңбаларынан да көруге болады. Мысалы, «5» деген цифрды алалық. Бұл цифрдың сандық мағынасын орыс та, қазақ та, неміс те, ағылшын да, басқалар да түрліше емес, бірдей ұғынады. Бірақ бұл цифрдың атының дыбысталуы әр тілде әр түрлі: орысша — пять, қазақша бес, ағылшынша — five.
Цифр белгілі бір ұғымды санның таңбасы ретінде көрсетеді, бірақ ол табаның цифр атының дыбысталуына (дыбыстық жағына) ешбір қатысы болмайды. Осы ерекшелік - идеограммалар мен идеографиялық жазуға да тән нәрсе. Идеолограммаларды цифрлар тәрізді таңбалар деп түсіну керек.