Байланысты: Реферат Та ырыбы Ми ж не психика Орында ан Н ман С йрік абыл
Жануарларпсихикасының даму кезеңдері Психиканың дамуының бірінші кезеңі – бұл элементарлы сезгіштік – сенсорлық психика кезеңі. Элементарлы сезгіштік кезеңінде жануарлар психикасы сыртқы шындықтың тек жекелеген қасиеттерін бейнелеуге қабілетті. Психиканың дамуының мұндай деңгейінің болуы қарапайым организмдерді көрсетеді. Қарапайымдылар кеңістіктегі, су қоюлықтарындағы айтарлықтай күрделі ауысуларға, су бетінде немесе су түбінде кездесетін заттарға икемді болып келеді.
Психика эволюциясының келесі кезеңі – перцептивті (қабылдаушы) психика кезеңі. Бұл кезеңдегі жануарлар қоршаған ортаны жеке элементарлы түйсіну түрінде емес, заттарды тұтастай бейне түрінде бейнелейді. Егер элементарлы сенсорлық психика кезеңінде реакция “жақындау-кету” схемасында көрінсе, перцептивті психика деңгейінде реакция әрекеттің дамыған көп буынды тізбегіне операцияға айналады. Операция – бұл мазмұны қажеттілік затына емес, оның жағдайына жауап беретін, дербес актылар. Операциялар тек тұтастай заттар мен ситуацияларды бейнелеу кезінде ғана туындайды.
Жануарлар мінез-құлқының барлық түрлері негізін инстинктивті әрекеттер құрайды. Инстинкт – жануарлардың шартсыз рефлекстерге негізделген және биологиялық қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталған ортаның белгілі бір жағдайларын сезінудің күрделі актыларын білдіретін генетикалық бекітілген, тұқым қуалайтын, еріксіз, стереотипті, автоматталған мінез-құлық.
Дағды инстинктпен салыстырғанда мінез-құлықтың едәуір жоғары формасы болып табылады. Дағды да инстинкт тәрізді мінез-құлықтың еріксіз, стереотипті, автоматталған түрі. Дағдының өзіне тән өзгешеліктері де бар. Егер инстинктер генетикалы бекітілген, мінез-құлықтың тұқым қуалайтын бағдарламасы болса, дағды – бұл үйрену нәтижесі болып табылады.
“Дағды” термині “үйрену” терминінен шыққан. Үйрену – бұл мінез-құлықтың аталған түріне тән басты ерекшелік. Кейінгі зерттеулер көптеген инстинктивті әрекеттердің қалыптасу кезеңі мен жануарлардың жеке дамуы барысында жаттығулардан өту қажеттігін көрсетеді. Бұл дегеніміз көптеген инстинктивті актылар жануарлардың жеке тәжірибесінде “қалыптасып бітеді” деген сөз, мұндай “қалыптасып біту” де генетикалы бағдарламаланған. Үйренудің мұндай түрі облигатты, яғни міндетті үйрену деген атауға ие болды. Ол инстинктивті тәрізді әрекеттердің белгілі бір бейімделгіштігін, оның қоршаған орта жағдайына үйлесуін қамтамасыз етеді. Бұл бейімделгіштік аса шектеулі, себебі бұл шектелгендік сезінудің генетикалы берілген формасымен анықталады.
Дағдылар жануарларда сынап көру және қателіктің ұзақ процесі негізінде қалыптасады. Бұл мінез-құлықтың жоғары деңгейінің нышандары – “парасатты” мінез-құлық немесе “интеллектуалды психиканың” пайда болуына әкеледі. Маймылдың мінез-құлқының мұндай формасын алғаш рет сипаттаған неміс ғалымы В.Келлер болатын. В.Келлердің шимпанземен тәжірибесі бірнеше рет қайталанып, нақтыланып, жетілдірілді. Осы тәжірибені қайталап, дамытқан ресейлік ғалым Н.Н.Ладыгина-Котс. Аталған тәжірибелердің барлығында ғалымдар жануарлардың “парасатты” мінез-құлқының бірқатар ерекшеліктерін көрсетті. Міндеттердің шешімін іздеу маймылдарда сынап көру және қателік әдісі негізінде орындалды. Маймылдар алғашында тордың бойымен әбігерленіп, сеңделеді, тұзақ жемді баспалдақсыз алуға тырысады. Бірақ сынап көру және қателік әдісі уақыты бойынша қысқа болып келеді. Дұрыс әрекет өте тез әрі кенеттен басталады. Кейін барлық операция тұтас, үздіксіз акт ретінде өтеді. Мұнда маймылдардың өз мақсатына жету үшін басқа заттарды (жәшіктерді, таяқ т.б.) қолдануы аса маңызды орын алады. Оның іс-әрекеті, А.И.Леонтьевтің айтуынша, екі кезеңге айналады: бірінші кезең дайындалу (жәшіктерден пирамида жасау немесе екі қысқа бамбук таяқтарынан бір ұзынын құру); екінші кезең - әрекетті жүзеге асыру (тұзақ жемді тарту). Мұндай әрекетті орындау үшін қоршаған ортаны бейнелеудің жаңа кезеңіне шығу керек: заттардың байланысын, олардың бір-біріне қатынасын табу керек, өз әрекеттерінің нәтижесін алдын ала көру керек. Әсіресе, табылған дұрыс шешімнің ұқсас жағдайларда үнемі қолданылатындығын ескеру керек. П.Л.Гальперин, В.Келлер және оның ізбасарлары адам тәрізді маймылдың проблеманы шешуде проблемалық ситуациялар қатынасы деңгейіне шығатынын көрсетеді. Проблемалық ситуацияның бастапқы бейнесі негізінде оның объектілерінің шын белгілері, қасиеттері, байланыс, қатынастары анықталады, жеке әрекеттер өлшенеді, осылардың нәтижесінде шешім нақтыланады немесе өзекті міндеттерді шешу үшін мән бере қоймаған элементтер немесе қатынастар анықталады.
Ғалымдар “интеллектуалды” мінез-құлықта іске асатын проблемалық ситуацияның басты ерекшелігі – көрнекілікті ескертеді (жануарлар көз алдындағы барлық заттарды көруі керек).
Сонымен, “интеллектуалды мінез-құлықты” жануарлардың өзінің биологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған екі кезеңнен тұратын міндеттерді шешу кезеңінде көрнекі проблемалық ситуациядағы жоғары дамыған жануарлар мінез-құлқының формасы түрінде анықтауға болады.