Тақырыбы: Орындаған: Тургунова Диана
Петропавл қ. 2020 ж.
Ертеңгілік гигиеналық гимнастика— таңертең ұйқыдан кейін организмнің жұмыс істеу қабілетін қалпына келтіруді тездететін дене жаттығулары.
Ұйқы кезінде адамның орталық нерв жүйесі де тынығады. Бұл кезде жүректің соғысы азайып, тыныс алуы баяулайды, бұлшық еттері босап, организм толық демалады. Ұйқыдан оянғаннан кейін орталық жүйке жүйесі мен әр түрлі органдардың қызмет белсенділігі арта бастайды. Алайда белсенділікке көшу процесі ұзаққа созылып кеткен жағдайда оның жұмыс қабілетіне (дене және ой еңбегінде де) елеулі әсер ететіні ақиқат. Ондайда адамның ұйқысы ашылмай, дел-сал күйде жүреді, ашушаң болады. Ал дене жаттығуларын орындау барысында қозғалысқа түскен бұлшық еттер мен буындар орталық жүйке жүйесін белсенді жұмыс істеуге ыңғайлайды. Сонымен қатар ішкі органдардың жұмыс істеу қабілеті жақсарып, өзін сергек сезінген адамның еңбекке деген ынтасы да артады. Таңертең дене тынықтыру үшін радио мен телевизиядан берілетін жаттығулар жүйесін пайдаланған ыңғайлы. Егер ондай мүмкіндік жоқ болса, өз бетінше қарапайым жаттығулар жүйесін ойластырған тиімді. Мұны мынадай принциптерге сүйене отырып істеген жөн.
Ең бастысы — жалпы бұлшық ет атаулының, дененің неғұрлым көбірек қозғалысқа түскені дұрыс. Жаттығулар бірте-бірте күрделене түсуге тиіс: бірақ бұл алғашқы жаттығуларға қатысты емес. Әйтсе де жаттығу комплексін аяң жүрістен бастайды. Аяң кезінде адам организміне үлкен күш түспесе де, жүйке орталықтары біртіндеп қалыпты деңгейге келеді де, тыныс алу органымен жүрек өз қызметін қайтадан жандандырады. Жаттығуды керілуден бастауға да болады: бұл вариант көбіне денсаулығы нашар, қартаң адамдарға дұрыс. Мұндай жағдайда аяңдау екінші жаттығудың орнына жүреді. Одан кейінгі жаттығулар анатомиялық прин- цип бойынша бүкіл дененің бұлшық еттерінің әр түрлі бөліктеріне қаншалықты әсер ететіндігіне қарай таңдалып алынады.