«Шет тілдер және іскерлік карьера университеті»
РЕФЕРАТ
Тақырыбы: «Райымбек батыр»
Орындаған Маулетова Айдана
Тексерген Абдықалықов Ұ Қ
Жоспар
1 Жастық шағы
2 Орта жүзге көмегі
3 Батыр туралы мәліметтер
4 Райымбек батырдың аты қойылған жерлер
5 Пайдаланған әдебиеттер
Жастық шағы
«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» соғысының соңғы жылдарында Жетісу өлкесінің шығыс өңірінде азаттық күресін аяқтаған адам – Райымбек батыр. Оның атасы – Аңырақай шайқасында жекпе-жекке шығып жеңіске жеткен әйгілі Хангелді батыр, әкесі – Түке, анасы – Айтолы. Оның ерлік үлгісін қазақ тарихында өзіне дейін де, кейін де қайталаған адам болған емес. Аты албан тайпасының ұранына айналу сыры да оның осы ерекшелігіне байланысты. Қазақ тарихына ой сап қарасақ, Абылай мен Райымбек қана өз атын өзі ұрандап жауға шапқан екен.
Райымбек жайында дерек жинаған Қабылбек Сауранбаевтың «Райымбек батырдың шайқастары» атты қолжазбасы – кейбір кемшіліктеріне қарамастан, Райымбектану ілімінің негізі саналуға татыйтын еңбек. Ол қолжазба жазушы Төлен Қаупынбайұлының «Бес томдық шығармалар жинағының» 2-томында жарияланды . Қ.Сауранбаев 1899 жылы туып, 1982 жылы не 1983 жылы қайтыс болған көрінеді. Ол кісі Райымбек жайында жақсы біледі-ау деген отыз шақты адаммен жолығып, жоғарыда аталған еңбегін солардың айтуы бойынша қорытындылаған. Бір кемшілігі – кімнің не айтқанын жеке-жеке дараламай, бәрінің айтқанынан ортақ пікірді ғана түйіндеген. Оның 1922 жылы Райымбек батырдың өз ұрпағы 105 жастағы Нартұлы Қашағанмен, 1924 жылы Суан Сатай батырдың ұрпағы 115 жастағы Кезеңқараұлы Әділбекпен кездесуі айрықша бағалы. Өйткені екеуі де аталарының ерлігін ел аузынан емес, өз әкелерінен және ағайын-туыстарынан бала күнінен естіп өскен. Сондықтан бұл жағдай Қабылбек ағамыздың деректеріне сенімімізді арттыра түседі.
Қабылбек ақсақалдың жинаған дерегіне қарағанда, Райымбекті «Туғаннан жеті жасына дейін атасы Хангелді баулыпты». Сол жасқа келгенінде жалайыр Орақ батырдың тұқымынан тарайтын нағашысы, жігіт болғанда жиенім мінсін деп, бір көк тай асынсын деп, садақ, айбалта, қылыш, найза, қалқан, сауыт, болат семсер әкеліп, атасы Хангелдіге тапсырыпты. Сірә, жиеніне беруге тиіс қырық шұбар тайының өтеуі болса керек. Көк тайына Көкқойнақ деген атты Райымбектің өзі қойыпты. Атын секіртіп, суға жүздіріп, жатқызып-тұрғызып үйреткеніне қарағанда, Райымбек бала кезінен жылдам, қимылына көз ілеспейтін шапшаң, өте епті, әскери әдістерді жақсы меңгерген әбжіл бала боп өскен. Оның жастайынан әскери ойындарға құмарлығы біреулерді шошытса, біреулерді сүйсінткен. «Мына соғысу жолында жиырма бес жылдай болды»,- деген Қ.Сауранбайұлының тұжырымымен келіссек, Жетісудың шығысын жаудан тазалау үшін, Райымбек 15 жасынан 40-қа келгенше, 1745 жылдан 1770 жылға дейін соғысқан.
Райымбектің алғаш ел аузына ілігуі жасы 15-тен асып, 16-ға толмаған кезінде. 1745 жылы көктемде Наурызбай батыр бастаған ұлы жүз қолы Қарқарада қалмақ әскерін қирата жеңген соң, қазақ жауынгерінің бір тобы, ішінде Хангелді де бар, сең жүріп кеткендіктен, Іленің оң жағалауына өте алмай бөгеліп қалады. Себебі сең соғып, атты жүздірмейді және аттың үстіндегі адамға да қауіпті болады. Атасының қасында жүріп соғысуды ежелден армандап өскен жаужүрек ұл өзі жылқыда жүргенде аттанып кеткен атасын дәл сол кезде Іленің жағасында қуып жетеді. Бала жағдайды естіп білген соң, Іленің бергі бетінен арғы бетіне жететіндей етіп қамысты будырады да, бір шетін бергі беттегі ағашқа байлап, екінші шетін су бетімен арғы бетке Көкқойнақпен сүйреп өтеді де, ол жағын да мықтап бекітіп қайтады. Енді көшкен сең су бетімен ақпай, қамысқа сүзіліп тоқтайды да, бірте-бірте біріне-бірі жабысып қалыңдай береді. Сөйтіп, таң атқанша бір-біріне кіріккен сең сіресіп, бірнеше атты кісі өте шығатындай мұз көпір болып қатып қалады. Ондай өткелді күзер деп атайды екен. Он бес жасар баланың бұл тапқырлығы қазақ жауынгерлерін қатты таңғалдырады. Бәрі сол арада оның аты-жөнін сұрап, Хангелді батырдың немересі екенін біледі. Осы арада аса мән беретін бір жағдай бар: атасын Іледе қуып жеткенмен, Райымбекті Хангелді бәрібір ертпейді, ел ішінде қалдырып кетеді. Неге? Әдейілеп артынан қуып жеткен жаужүрек немере ел ішінде қалуға қалайша көне қойды? Оған, меніңше, бір ғана жауап бар: ақылды бала атасының айтқанын қапысыз түсінген болу керек. Ал атасы не деуі мүмкін? «Жиырма жылдан астам уақыт қызымызды күң, ұлымызды құл еткен қалмақ атамекенімізден әлі кеткен жоқ. Мен жау әскерін қуалап жауынгерлермен бірге кетіп барам. Сен де менімен бірге кетсең, өз жерімізде қызымыз күң, ұлымыз құл боп әлі жау қолында қала бермей ме? Ел ішіндегі өзің қатарлы ер-жігіттерді жина! Бәрің бірігіп қалмақтарды туған жерімізден қуыңдар!» – деген шығар-ау деп шамалаймын. Батыр немере одан басқа жеңіл-желпі уәжге тоқтай қоймаса керек.
Бала күнінен өзін баулыған атасын Райымбек бұл жолы да түсініп тыңдаған секілді. Қабылбек ақсақалдың жинаған дерегіне қарағанда, ол кезде «Ұлы жүзде жүз он батыр бар еді». «Осы батырлар бастап Райымбекті бүгіннен бастап қолбасшы етуді қабылдады» . Мұны, меніңше, ол кезде батыр көп еді, бірақ бәрі Райымбекті таңдады деген мағынада ғана түсінген дұрыс.
Достарыңызбен бөлісу: |