Рефераты қазақстан Республикасы Қызылорда, 2013 ж



бет1/3
Дата12.11.2016
өлшемі399,84 Kb.
#1584
түріРеферат
  1   2   3
ӘӨЖ: 581.14: 633.18 (574.54) Қолжазба құқығында

ИЗТЕЛЕУОВА АЙГУЛЬ СЕРИКБАЕВНА


Қызылорда облысындағы күріш шаруашылығының игерілу тарихы: жаңа тарихи контексте талдау (1946-1991жж)

6М011400 - Тарих мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының магистрі ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

РЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Қызылорда, 2013 ж

Диссертациялық жұмыс Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті Тарих, құқық және экономика институтының «Тарих, саясаттану және әлеуметтану» кафедрасында орындалды.

Ғылыми жетекші: тарих ғылымдарының кандидаты Н.К.Мынжасов

Ресми оппонент: тарих ғылымдарының кандидаты

Г.Ө.Оспанова

Қорғау 2013 жылы «3» маусым сағат 9.00-де Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде өтеді. (Мекен жайы: 120014, Қызылорда қаласы, Тарих, құқық және экономика институты №1 оқу ғимараты, № 206 дәрісхана)

Диссертациямен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Ғылыми-техникалық кітапханасында танысуға болады.

КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Бұл магистрлік диссертацияда Қызылорда облысындағы 1946-1991 жылдар аралығында күріш шаруашылығының игерілу тарихы жаңа тарихи тұрғыда талқыланып, жан-жақты ғылыми негізде қарастырылған.

Тақырыптың өзектілігі: Қазақстан Республикасының Президенті өзінің «Қазақстан – 2050» стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты Қазақстан халқына жолдауында «ауыл шаруашылығын әсіресе, ауыл шаруашылығы өніміне өсіп отырған жаһандық сұраныс жағдайын ауқымды жаңғырту қажет» - деп атап көрсетті [1].

Елбасының ауыл шаруашылық қызметкерлерінің, еңбеккерлерінің алдына қойып отырған талабы көңілге қонады. Өйткені кең байтақ қазақ даласында ауыл шаруашылығын дамытуға болатын жағдайлар бар. Осы тұрғыда да Елбасы әлемдегі елдердің ауыл шаруашылығын дамыту мүмкіншіліктерін Қазақстанмен салыстыра отырып «Әлемдік азық-түлік нарығының көшбасшысы болуға және ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға бізге мыналар қажет: 1) Егіс алаңын ұлғайту. Барлық елдерде мұндай мүмкіндік жоқ. 2) Егістік түсімін, ең алдымен жаңа технологиялар есебінен көтеру қажет» [1] - деп біздің елімізде ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндіктер бар екенін де баса көрсетіп берді.

Шын мәнінде Қазақстан аумағында әлі игерілмей жатқан кең байтақ жерлер баршылық. Шет елдермен салыстырғанда жер ресурсымыздың мол екендігі айдан анық. Ал енді осы жерлерді игеру, егін шаруашылығын дамыту біздің парызымыз.

Қазақстандағы күріш өсіруші ең үлкен аймақтың бірі – Сыр өңірі. Сыр өңірі өте көне суармалы егіншілік аймағына жатады. Б.э.б. 5000-4000 жылдарда егін шаруашылығы дамыған, оны ежелгі антик, грек, парсы ғалымдары өз зерттеулерінде дәлелдеген.

Патшалық Ресей тұсында жаңа жерлерді игеру нәтижесінде күріш дақылы Қазақстанда, оның ішінде Қызылорда облысы территориясында өсіріле бастаған. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін 1925 жылы күріш егістігінің көлемі артты, жаңа гидротехникалық құрылыстар салына бастады.

Осыған орай Қызылорда облысында суару жүйелері қалпына келтіріліп, егіс көлемі ұлғайды. Күріш шаруашылығын дамытуға басты назар аударыла бастады. Қиыр Шығыстағы күріш өсіруші корей халқын 1928 жылы күріш өсіруді үйрету үшін Қазақстанға шақырды. Осыған орай қазақ жеріне алғашқы күріш өсірушілер өздерінің осы дақылды өсіру тәжірибесін үйрету жөнінде игі бастамаларын бастады.

1930 жылы Алматы қаласында яғни астанада күріш өсіруші халықтардың өкілдерінің үлкен жиыны болып өтті. Осы жиында Қиыр Шығыстан шақыруға жауап ретінде көшіп келген корейлердің күріш өсіру тәжірибесін Қазақстанда таратып, күріш өсіру саласын дамытуға баса назар аударды.

Бұдан кейінгі Қазақстан жеріне күріш өсірушілердің легі 1937 жылғы Қиыр Шығыстан корей халқының күштеп қоныс аударылуымен тығыз байланысты. Қоныс аударушылардың үлкен үлкен тобы Қызылорда облысына орын тепті. Өйткені Қызылорда облысында суармалы шаруашылық, оның ішінде күріш шаруашылығын игерудің мүмкіндігі ескеріле отырып, корей халқының көп бөлігін Сыр өңіріне қоныс аударғаны бізге белгілі.

Ал, екінші дүниежүзілік соғысының қарсаңында Сыр өңіріндегі егістік жерлерді игерудің, Сырдария алқабын суландырудың үлкен бағдарламасы жасалды. Сырдария өзеніне плотина салу, сөйтіп суармалы жерлердің егіс көлемін 120 мың гектарға жеткізу көзделді. Соғыстың қиыншылықтарына қарамастан облыста күріш егіншілігі одан әрі дамытылды.

Соғыс аяқталып халық шаруашылығы қалпына келтіріліп болғаннан кейін ауылшаруашылығын дамытуға қайтадан басты назар аударылды. Өйткені соғыс кезі, соғыстан кейінгі халықтың әл-ауқатын көтеріп еліміздің экономикалық жағдайын жақсарту үшін бірінші басты міндет азық-түлік дақылдарын өсіруді қолға алу қажеттілігі басты назарға алынды. Сондықтан да Қазақстанда оның ішінде Қызылорда облысында күріш егіншілігін дамытуға кеңес өкіметі ерекше мән берді.

60-жылдары күріш өсіру шаруашылығын өркендетудің ұзақ мерзімді бағдарламасы жасалынды. Соған орай күріш егетін инженерлік жүйелер жасауда мамандандырылған совхоздар мен күріш өңдеу кәсіпорындары, жобалау және ғылыми-зерттеу мекемелері, селекциялық орталықтар құрылды.

Осы саланы дамытуға әсіресе 70-жылдары ерекше мән берілді. КОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің 1980 жылғы наурыз айында «Күріш өсіруді одан әрі өркендету жөніндегі шаралар туралы» қаулысы Қазақстанда, оның ішінде Қызылорда облысында күріш шаруашылығын дамытудың кең ауқымды іс-шараларын жасауға бетбұрыс жасады. Осыған орай күріш өсіретін шаруашылықтарды рационалды түрде орналастыру және шоғырландыру, саланы өнеркәсіптік негізге көшіре отырып, интенсивтендіру есебінен, күріш өндіруді молайта түсу көзделді. Күріш өсіру шаруашылығының тиімділігін арттыруға көмектесетін экономикалық және ұйымдастырудың кешенді шаралары белгіленді.

Зерттеліп отырған кезеңде Қазақстанда күріш шаруашылығын дамытуға басты назар аударылып, тауарлы күріш шаруашылығы қалыптасты. Күрішке деген сұраныстың артуына байланысты бұл кезеңде инженерлік күріш жүйесі салынып, ауыспалы егіс игерілді. Күріш дәнінің жалпы өнімі 1990 жылы 426,6 млн. тоннаға жетті [2.5б].

Алайда, коммунистік тоталитарлық жүйе тұсында күріш шаруашылығын дамытуда асыра сілтеушілік және келеңсіз жағдайлар көрініс тапты. Әміршілік-әкімшілік жүйенің тұсында әр гектарынан мол өнім аламыз деген ұранмен артық жер игеруге жол берілді. Осының салдарынан су ресурстарын тиімді пайдалану жақтарына назар аударылмай соның салдарынан экологиялық апатқа халықты душар еткендігін дәлелдеу және оның зардаптарын жою мәселесі күн тәртібіне қойылды. Шын мәнінде бүркемелеп күріш дақылын өсірудің экономикалық тиімділігін арттырамыз деген мақсатпен социалистік жоспарлы тәсілді қолдана отырып астамшылдыққа жол берілді. Соның салдарынан қазақ халқының оның ішіндегі Қызылорда облысы халықтарының әлеуметтік-экономикалық дамуына да кері әсерін тигізді, экологиялық зардаптары көрініс тапты. Алайда, күріш шаруашылығын дамытуға байланысты оның тарихын жазуға байланысты еңбектерде кеңестік дәуірдегі ұрандатылған мағынада жазылған еңбектерде күріш шаруашылығының тарихы барынша сыңар жақ зерттеліп, кеңестік саясатқа бейімделіп жүргізілді.

Осы мәселеге байланысты «ақтаңдақтардың» бетін ашып, шынайы, обьективтік тұрғыда күріш шаруашылығының тарихын жаңа тарихи ауысымда қорытып зерттеу, мәселенің көкейтестілігін, өзектілігін анықтайды.

Тақырыптың зерттелу деңгейі: Қызылорда облысындағы күріш шаруашылығының игерілу тарихы мен проблемалары жөнінде ғалымдардың үлкен тобы ұзақ жылдар бойы зерттеу жұмыстарын жүргізіп келді.

Кеңестік кезеңдегі Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық жағдайы, әсіресе күріш шаруашылығы саласында жазылған еңбектер 1960 жылдардан бастау алады. Қазақстандағы күріш шаруашылығының дамуы жөнінде «Қазақстан күріші» [3] кітабын авторлар коллективі жазды. Кітаптың жалпы редакциясын экономика ғылымдарының кандидаты Ә.Ыбыраев басқарды. Бұл еңбекте Қазақстанда күріш егісінің дамуы жайында қол жеткен табыстар айтылады, негізінен еңбек 1960-69 жылдардағы күріш шаруашылығының өсу динамикасы, материалдық-техникалық база, кадрлар мәселесін қамтыған.

Ал, еліміздегі соның ішінде оңтүстік облыстардағы жаңа жерлерді игеру, мелиорация, ирригациялық мәселелер жөнінде 1961 жылы Москвадан шыққан А.Н. Аскоченскийдің «Орошение и обводнение» [4], М.Н.Ерлепесов, А.Е.Амантаевтың 1968 жылы Алматыдан жарық көрген «Орошаемое земледелие» атты еңбектері [5] зерттеу жұмысының барысында қаперге алынды.

Қызылорда облысында күріш шаруашылығын дамыту туралы оның тарихы жөнінде мағлұмат берген белгілі тарихшы, ғалым М.К.Кереев болды. Оның «Город на Сырдарье» [6] атты кітапшасында күріш шаруашылығына қысқаша тоқталып өтеді. Аталмыш автор өзінің еңбегінде Қызылорда облысындағы соғыстан кейінгі жылдардағы ауыл шаруашылығының даму тарихы туралы қысқаша мәліметтер ғана берген.

Сыр өңіріндегі күріш шаруашылығын дамыту жөнінде 60-жылдардың аяғында шыққан еңбектер магистерлік диссертацияны жазу барысында негізге алынды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылық ғылымының докторы М.Н.Ерлепесов, ауыл шаруашылық ғылымының кандидаты А.Е.Амантаевтың «Суармалы егіншілік» [7] атты еңбегінде республикалық ғылыми мекемелері жүргізген көп жылдық зерттеу жұмыстарының нәтижелері және суармалы егіншіліктің негізгі мәселелері жөніндегі озат тәжірибелер мен суармалы жерлерде ауыл шаруашылық дақылдарын өсірудің ерекшеліктері қорытылады.

Ғылыми зерттеу жұмысын жазу барысында И.А.Шәріповтың «Ы.Жақаев және оның ізбасарлары» [8], Алматыдан «Қайнар» баспасынан шыққан «Күріш өсіретін шаруашылықтардың экономикасын көтеру» атты көлемді еңбектері [9] пайдаланылды.

Белгілі ғалым М.Қозыбаевтың 1970 жылы жазылған «Казахстан – арсенал фронта» [10] атты еңбегінде соғыс жылдарындағы күрішші Ы.Жақаевтың, Ким Ман Самның, агроном-ғалым Әнес Алтынбековтың ерен еңбектері баяндалады. Сондай-ақ кітаптағы күрішшілердің қиын уақытта атқарған жұмыстары туралы нақты деректер ғылыми зерттеу жұмысының барысында негізгі арқау болды.

Сол сияқты қазақстандық еңбекшілер туралы «Қазақстандық Социалистік Еңбек ерлері» атты көлемді еңбект қаперге алынды. [11]. Онда күріш атасы – Ыбырай Жақаев, оның ұстазы Ким Ман Самның және т.б. күрішшілердің күріш шаруашылығын дамытуға қосқан ерен еңбектері, оларға Социалистік Еңбек Ері атағы берілгені баяндалады.

Сол сияқты ғылыми зерттеу жұмысының зерттеу барысында күріш шаруашылығы туралы, оның даму тарихы туралы жазылған бірқанша еңбектер негізге алынды. Атап айтқанда, Н.Волконскийдің «Күріш егісін суарушыға көмек» [12] еңбегінде суландыру әдісін пайдалану, дамыту, оның тиімділігі жөнінде мелиораторлар мен сушыларға нақты көмек беру шаралары қарастырылады.

Зерттеп отырған тақырыпқа орай Сыр өңіріндегі күріш шаруашылығын дамытуға жастардың қосқан үлесі туралы А.Х.Айдосовтың «Жер – иесі жастар» [13] атты кітабы, 1969-1970 жылдардағы Сырдарияның сол жағасында инженерлік суармалы алқаптың құрылысын жүргізуге келген жастар туралы жазылған. Аталмын еңбекте Сыр өңірінде күріш шаруашылығын игеруге комсомол жастардың қосқан үлесі жөнінде мол мағлұмат берілген.

Сол сияқты, көптеген жылдар бойы Қызылорда облысын басқарған Облыстық партия комитетінің бірінші хатшы қызметін атқарған И.Әбдікәрімовтің «Сенімді қадаммен» [14] атты кітабындағы Қызылорда облысы Жалағаш ауданы еңбеккерлерінің күріш өсіру тәжірибелері туралы ой толғаулары ғылыми зерттеу жұмысын жазу барысында негізге алынды.

Күріш шаруашылығының даму тарихы жөнінде 70-жылдары бірнеше еңбектер жарық көрді. Атап айтқанда, К.Рыспаевтың «Шөлге шабуыл» еңбегі [15], Ә.Сапақовтың «Орденді Гигант колхозы» еңбегі [16], А.Отарбаев, А.Жарылқасыновтың «Сыр маржаны» еңбегі [17], Қ.Салғариннің құрастыруымен «Ақмаржан: очерктер» жинағы [18] шықты. Аталған еңбектерде Сыр өңіріндегі күріш шаруашылығының даму тарихы проблемасы жөнінде құнды мәліметтер берілген. Зерттеу жұмысы барысында осы аталған авторлардың еңбектерінен құнды деректер алынды.

Әсіресе, күріш өсірудегі жергілікті жердің климаттық жағдайлары ескеріліп күріш дақылын өндірудің әдістері мен тәсілдері жөнінде 70-жылдардың екінші жартысында жарық көрген М.Жапбасбаевтың «Күріш өсірудің агроклиматтық жағдайлары» [19] атты еңбегінде Қазақстандағы оның ішінде Қызылорда облысында күріш өсірудің агроклиматтық жағдайлары, күріш өсіретін аймақтардағы агроклиматына қарай аудандастыру мәселелері қарастырылған, еңбектегі зерттеу жұмысына керекті деректер пайдаланылды.

Сонымен қатар «Қазақстанның оңтүстігінде суармалы жерді игеру» [20], Н.Ергешбаевтың «Күріш өндіруді мамандандыру және шоғырландыру» [21] атты кітабындағы күріш шаруашылығы саласын мамандандыру мен шоғырландыру, өндіріс тиімділігін арттыру жолдары ғылыми жұмысқа арқау болды.

Қазақстандағы күріш шаруашылығын дамытуға байланысты Қазақстан коммунистік партиясының Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың «Таңдамалы сөздер мен мақалалар» еңбегі [22] де магистрлік диссертацияны жазу барысында кеңінен қолданылды. .

Сондай-ақ күріш шаруашылығына байланысты қалам тартқан бірнеше авторлардың еңбектері сараланды. А.Отарбаевтың «Ақ күрішті ауыл» еңбегінде [23], Сыр бойында берекелі байлықтың көзін тауып, өрелі істердің өнегесі болып жүрген қарапайым еңбек адамдарының тыныс-тіршілігі сөз болады.

Кең көлемді Шиелі күрішшілері туралы О.Бәйімбетовтың «Шиелі шынарлары» [24] атты еңбегі 80-жылдардағы күріш өндіруде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп жүрген іргелі шаруашылықтардың іс-әрекеті, ақ күріштің атасы аталған Ы.Жақаев, Ұ.Алтайбаева, Ш.Қазантаева сияқты басқа озат күрішшілердің тәлім алар тәжірибелері баяндалады. Аталмын еңбекте жоғары көрсеткіштерге жетудің негізі – ауданда агротехникалық шараларды қолдану, ғылым мен озат тәжірибе жетістіктерін өндіріске енгізу жайы нақты фактілермен дәлелденеді.

Қазақстандағы күріш шаруашылығының даму тарихына байланысты құнды еңбек «Қазақстан күріші» [25] 1982 жылы өңделіп 2-ші рет басылып шықты. Бұл еңбектің редакциясын экономика ғылымдарының кандидаты, КСРО Журналистер Одағының мүшесі Қ.Әлімбетов басқарды. Кітапта Қазақтың күріш ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері мен күріш мамандары күріш өндірудің агротехникасы, онан мол өнім алу жолдары, экономикалық тиімділігі, озат шаруашылықтардың, жекеленген еңбек адамдарының іс-тәжірибесі, республика бойынша күріш өндірудің жетістіктері мен болашағы туралы айтылады.

1982 жылы Алматыдан «Қайнар» баспасынан Қызылорда облысына белгілі агроном Ә.Алтынбековтың «Дән қадірі» [26] атты еңбегі жарыққа шықты. Ғалым, агроном Ә.Алтынбеков бұл кітабында өзінің 40 жылғы еңбек тәжірибесі мен түйгендерін, күріштен мол өнім алған майталман диқандардың өнегелі істерін баяндайды.

Сол сияқты, В.Б.Зайцевтің «Күріш жайлы сұқбат» (қазақ тіліне аударған Қ.Ж.Батпенов) [27] еңбегінде күріш дақылының тарихы, оны әр елде қалай егіп, қалай өсіретіні жөнінде, осы бір өзіндік ерекшелігі мол өсімдікті өсірудің атадан балаға мұра болып келе жатқан дәстүрлі әдісі мен жайы, сондай-ақ күрішті егіп, одан әрі өркендетудің мүмкін жолдары туралы әңгімеленеді.

Сондай-ақ Т.П.Мейірманов, М.С.Сабыров, Р.Б.Жұмабаевтардың «Қазақстандағы суармалы жер және оның өнімділігі» атты еңбегі жарық көрді [28]. Кітапта республикамыздағы суармалы жерлер, онда өсірілетін негізгі дақылдардың экономикалық тиімділігі мен олардың өнімділігін арттырудың жолдары жайлы айтылады.

Күріш шаруашылығын зерттеген кейбір ғалымдар өздерінің ғылыми еңбектерін монография етіп баспадан шығарды. Атап айтқанда, Қ.Әлімбетовтың жарыққа шыққан «Күріш өндіруді интенсивтендіру» [29] монографиясында күріш өсірудің жағдайы, бұл саланы мамандандыру мен шоғырландыру, өндіріс тиімділігін арттыру жолдары баяндалады. Сол сияқты еңбекті ұйымдастырудың прогрессивті әдістері, агротехникалық шаралар кешенін ойдағыдай қолдану тәсілдері, Қазақстанда күріш шаруашылығын одан әрі өркендету перспективасы кеңінен сөз болады.

Қазақстандағы күріш шаруашылығын дамытуға өзіндік үлес қосқан диқан, Қызылорда облысының Қармақшы совхозының күрішшісі, Социалистік еңбек Ері, батыр ана Сәлима Жұмабекова туралы Ш.Құттаяқовтың «Салиманың көктемі» очерктері еңбегіндегі диқанның күріш дақылын өсірудегі тәсілдері және С.Жұмабекованың жеткен жетістіктері баяндалады [30].

Қазақстандағы күріш шаруашылығын игеруге 1985-1990 жылдар аралығында азық-түлік бағдарламасын іске асыруда егін шаруашылығын интенсивті дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Әсіресе суармалы дақылдар өнімін молайтуға баса назар аударылды. Республика күрішшілерінің озық тәжірибесі кеңінен пайдаланды. Бұл салада күріштің ерекшелігін білетін маман-диқандардың тәжірибесі қалыптасты. Осыған орай 1985 жылы жарық көрген «Күріш өсірушінің анықтамалығы» [31] еңбегі күрішшілердің күнделікті жұмысында практикалық көмегі бар құрал болып табылды.

Майталман күрішшілер өздерінің озат тәжірибесін насихаттау мақсатында өздерінің еңбектерін жариялады. Қызылорда облысындағы «Шіркейлі» совхозының атақты күрішшісі Б.Мұстафаева 1986 жылы «Жүз центнер жолында» [32] кітабын баспадан шығарды. Диқан – күрішші өз кітабында еңбек тәжірибесі мен қол жеткен табыстары туралы баяндайды.

80-жылдары күріш шаруашылығын дамыту туралы еңбектер көрініс тапты. 1987 жылы «Суармалы гектарлар» кітабы жарыққа шықты [33], «Ақ күріш зергерлері» [34] деп аталатын КСРО Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Байжігіт Әбдіразақовтың жинағы жарық көрді. Бұл жинақта Қызылқұмның құт қойнауында, Сыр бойында береке-байлықтың көзін тауып, өрелі істердің өнегесі болып жүрген қарапайым еңбек адамдарының тыныс-тіршілігі баяндалады.

Авторлар коллективі 1998 жылы көлемді еңбек «Сыр өңірінің тарихы» (көне заманнан бүгінге дейін) [35] атты кітапты баспадан шығарды. Бұл еңбекте негізінен Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамудағы жетістіктер туралы баяндалады. Кітап Сыр өңірінің әлеуметтік тыныс-тіршілігіне арналған, күріш шаруашылығы, күріш шаруашылығының майталмандары, Сыр өңіріне күштеп қоныс аударылған корей халқының күріш шаруашылығына қосқан үлесі сөз болады.

Сонымен қатар белгілі ғалымдар, Б.Досманбетов пен М.Кереевтің «Қызылорда» [36] деп аталатын еңбектерінен облыстағы күріш шаруашылығының дамуы туралы нақты мәліметтер алынды.

Белгілі ғалым, экология ғылымдарының докторы А.Нұрғызарынов, Қ.Шапшановтың 2001 жылы шығарған «Арал өңірінде өндірісті экологияландыру (Қызылорда облысы)» [37] деп аталатын еңбекте Арал өңіріндегі байырғы және жаңадан қалыптасып келе жатқан өндіріс түрлерінің дамуы, экономикалық тиімділігі мен табиғатқа зиянсыздығы, күріш өсірудің экстенсивті және техногендік сипаты, экологияландырудың деңгейін көтеру ғылыми зерттеулері нәтижелері бар мәліметтермен ұштастырып талданған.

Г.В.Канның «Корейцы Казахстана» атты еңбегінде Қиыр Шығыстан депортацияланған корей халқының қуғын-сүргінге ұшырағаны, корей халқының 1937 жылғы репрессиясы, олардың Сыр өңіріне күштеп қоныс аударуы жан-жақты баяндалады [38] және олардың Қазақстандағы соның ішінде Сыр өңіріндегі күріш шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі жан-жақты көрсетілген. Магистерлік диссертацияны жазу барысында корей халқының Сыр күрішін дамытуға қосқан үлесі жөніндегі шынайы фактілер осы еңбектен алынды.

Сол сияқты «Күріш шаруашылықтарының өндіріс тиімділігін арттыру модельдері» [39] атты монографияны Ә.Ж.Сапарбаев, Ж.Т.Жалбырова Қызылорда қаласынан 2002 жылы баспадан шығарды. Аталмыш еңбекте нарықтық экономиканың қалыптасуы жағдайында экономикалық-математикалық әдістерді қолдана отырып, күрішті өндіру мен өткізудің тиімділігін арттыру және аймақтық деңгейде шешімдер қабылдайтын тұлғалар үшін оптималды есептеулердің нұсқауларын құру проблемалары қарастырылған.

2000 жылдары Қазақстандағы күріш шаруашылығының даму тарихы жөнінде көптеген ғалымдар қалам тартты. Қызылордалық А.Дәулетұлының «Ыбырай тағылымдары» [40] атты еңбегі баспадан шықты.

Сол сияқты «Без гнева и печали. (О корейцах Приаралье)» деген еңбек 2003 жылы жарық көрді. Онда 1937-1938 жылдары облысымызға күштеп көшіріліп әкелінген бірнеше ұлттардың ішінде алғашқы болып қоныстанған корей ұлтының өкілдері туралы, оның ішінде облысымызға белгілі корейлердің күрішшілері, батырлары, ғалымдары, дәрігерлері, ұстаздары, күріш өсірудің майталмандары т.б. туралы баяндалған [41].

Экология ғылымының докторы А.Нұрғызарынов «Атыраулық экотоптардың химиялық экологиясы» [42] атты еңбегіде Сырдың атыраулық өңіріндегі экотоптарда химиялық заттардың жиналуы, таралуы, олардың тірі табиғатқа тигізіп отырған залалды зардаптары және экотоптарды тиімді пайдаланудың мүмкіндіктері туралы айтады. Шығыс Арал өңірінде химиялық экология мәселелерін көпжылдық зерттеудің нәтижесінде жиналған материалдарды ғылыми әдебиет бетіндегі мәліметтермен ұштастырып талдаған.

Қызылорда қаласының құрметті азаматтары А.Х.Айдосов, М.Қ.Кереев, Ы.Қалиевтың 2005 жылы «Қызылорда» [43] атты еңбегі жарыққа шықты. Бұл еңбекте Қызылорда облысының құрылған кезеңінен бастап тәуелсіздік уақытындағы әлеуметтік, экономикалық, мәдени дамуындағы қол жеткізген табыстары жайлы айтылады.

Биология ғылымдарының докторы, профессор К.Н.Жайлыбайдың «Күріш егіншілігі және экология» [44] атты еңбегінде Қазақстандағы күріш егіншілігінің пайда болуы, дамуы, қазіргі жағдайы және проблемалары туралы нақты деректер келтірілген. Сонымен қатар Қызылорда облысында күріш шаруашылығын дамыту барысындағы атқарылған жұмыстар ғылыми негізде баяндалған. Аталған еңбектердегі күріш шаруашылығына байланысты негізгі деректер ғылыми жұмысқа пайдаланылды.

Сыр өңіріндегі күріш шаруашылығын мамандармен қамтамасыз етудегі ғылыми орталық «Сыр еліндегі іргелі білім ордасы» атты еңбекте [45] Арал өңіріндегі іргелі оқу орны Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің құрылуы мен қалыптасу, әр кезеңдегі дамуы мен өркендеу тарихы, атқарылып жатқан ауқымды жұмыстары баяндалған. Сонымен қатар білім ордасында инженер, агроном, ирригация мамандарының даярлану барысы жөнінде нақты мәліметтер келтірілген.

Сыр өңіріндегі күріш шаруашылығының даму тарихына өзіндік үлес қосқан үлкен ғылыми орталық Күріш ғылыми зерттеу институты болып табылады. Осы ғылми зерттеу институтында көп жылдар бойы механикаландыру секторын басқарған Ә.Тәжібайұлының 2009 жылы «Күріш ауыспалы егістігін механикаландыру» [46] атты жинағы баспадан шықты. Бұл жинақта Қазақтың күріш ғылыми зерттеу институтында жүргізген ауыл шаруашылығын механикаландыру саласы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерінде жазылған 41 ғылыми мақалалар енгізілген.

Қызылорда облысында күріш шаруашылығын дамытудың тарихы туралы зерттеуші Абдолла Дәулетұлының «Сыр саңлақтары» [47] атты кітабында «Сыр күріші – ел ырысы» деп аталатын бөлімінен ғылыми зерттеу жұмысын жазу барысында біршама деректер алынды.

2011 жылы Б.Х.Айдосовтың «Дала академигі Ыбырай Жақаев және оның ізбасарлары» [48] атты кітабы жарық көрді. Бұл еңбекте Социалистік Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ыбырай Жақаевтың туғанының 120 жылдығына орай шығарылған бұл кітапқа атақты диқаннның күріш өндірісін дамытудағы қолданған агротехникалық әдістері, қанатты сөздері, мерзімді басылымдарда жарияланған материалдары берілген.

Сол сияқты С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, АҚ өсімдік шаруашылығы кафедрасының профессоры Қ.К.Әріновтың жалпы редакциясымен дайындалған «Өсімдік шаруашылығы» еңбегі 2011 жылы Алматыдан жарыққа шықты [49]. Еңбекте негізінен Қазақстанның әртүрлі аймақтарының топырақ-климат жағдайлары мен дақылдардың биологиялық, морфологиялық ерекшеліктерін ескеріп, олардың өнімдерін одан әрі арттырудың негізгі жолдары көрсетілген.

Сыр өңіріндегі күріш селекциясы, гендік инженерлік селекция туралы олардың проблемасы жайында қорғалған диссертациялар бар. Атап айтқанда ауыл шаруашылығы ғылымдары докторы А.Н.Подольских 2002 жылы «Научные основы селекции риса в Казахстане» атты докторлық диссертациясында Сыр өңіріндегі күріш шаруашылығының селекциялары, экологиялық проблемалары жан-жақты талданған [50].

Қазақстандағы суармалы егіншілікті дамытудың тарихы жөнінде М.К.Кереев 1970 жылы «Деятельность коммунистической партии Казахстана по развитию орошаемого земледелия в Республике (1959-1965гг.)» атты диссертациясын қорғады [51]. Бұл еңбекте автор суармалы ауылшаруалығының дамуына партияның ықпалы жөнінде айтады. Бұл қорғалған диссертация зерттеп отырған магистерлік диссертацияның тақырыбына мазмұнына сәйкес келмейді және зерттеудің хронологиялық шеңберлері біз қарастырып отырған магистерлік диссертацияның хронологиялық шеңберіне сәйкес келмейді. Біз қарастырып отырған мәселенің арнайы зерттеу нысанына алынбағандығын айта кету жөн.

Қызылорда облысында күріш шаруашылығын дамытудың тарихына арналған әр кезеңді қамтитын кітаптар мен ғылыми мақалалар мерзімді басылымдарда жарияланған. Олар магистерлік диссертацияны жазу барысында ғылыми айналымға енгізілді.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет