Рефлекс, рефлекстік доға
Адам денесінде болатын жүйке жүйесі жүйке ұлпасынан түзіледі. Жүйке ұлпасының негізін жүйке жасушалары құрайды. Жүйке жасушалары - нейронның денеден, ұзын және қысқа өсінділерден тұратыны сендерге жүйке ұлпасынан таныс. Нейронның денесінде цитоплазма мен ядро болады. Ұзын өсіндісі - аксон ми мен жұлынның дененің кез келген бөлімімен байланысуын қамтамасыз етеді. Аксонның сырты май текті ақ қабықшамен қапталған. Бұлар шоғырланып ми мен жұлынның ақ затын түзеді. Нейронның тарамдалған көптеген қысқа өсінділері - дендриттердің сыртында ақ қабықша болмайды. Бұлардың жиынтығы мен нейронның денесі сұр зат түзеді. Нейронда ұзын әрі тарамдалмаған (тек ең ұшы сөл ғана тарамдалады) бір аксон болады. Нейронның денесіне қозу (хабар, сигнал) дендриттер арқылы келеді.
Құрылымы мен қызметіне қарай нейрондар 3 топқа бөлінеді:
сезгіш (қозу шеткі мүшелерден орталық жүйке жүйесіне өтеді);
қозғалтқыш - қозуды орталық жүйке жүйесінен бұлшықеттер мен ішкі мүшелерге өткізеді.
Жүйке жүйесіне ми, жұлын және жүйкелер жатады. Жүйкелер жүйке жасушаларының (нейрондардың) өсінділерінен түзіледі. Жүйкелер адам денесінің барлық жеріне таралған, барлық мүшелерді ми және жұлынмен байланыстырады. Егер қозғалтқыш нейронның ұзын өсіндісінен (аксондарынан) тұрса, ол қозғалтқыш жүйке. Сезгіш нейронның қысқа өсінділерінен (дендриттерінен) тұрса, ол сезгіш жүйке деп аталады. Бұл жүйкелерден басқа аралас жүйкелер де болады, ол нейронның аксоны мен дендриттерінен түзіледі. Аралас жүйкелер арқылы қозу орталық жүйке жүйесіне және одан мүшелерге беріледі.
Жүйке жүйесінің маңызы
Жүйке жүйесі денедегі мүшелердің жұмысын реттейді. Мысалы, жүрек пен бұлшықеттердің жиырылуы; сүйектердің қозғалысқа келуі; тер, сілекей, сүт, қарын сөлінің бөлінуі және т. б. Осы әрекеттердің барлығы да тікелей жүйке жүйесінің қатысуымен жүреді.
Барлық мүшелер мен мүшелер жүйесінің бірімен-бірінің байланысы үйлесімді жұмыс істеуін басқарады. Мысалы, адам жүгіргенде аяқ бұлшықеттерінің жұмысы күшейетіндіктен, зат алмасу үдерісі қарқынды жүреді; тынысалу мен жүрек соғысы жиілейді; қан аз баратындықтан, асқорыту мүшелерінің жұмысы баяулайды.
Жүйке жүйесі ағза мен сыртқы ортаның байланысын қамтамасыз етеді. Сыртқы ортаның әр түрлі құбылыстарынан қорғану әрекеті адамның жүйке жүйесінің әсерінен болады. Мысалы, жақын келген көлікті (машина, трамвай, троллейбус және т. б.) өтіп кеткенше тоқтап күтіп тұру; аса ыстық немесе суықтан қорғану; денені зақымдайтын заттарға жоламау және т. б. Адамның ойлауы, саналы мінез-құлқы жүйке жүйесінің күрделі дамуына тәуелді (бағынышты).
Ағзалар тіршілігіндегі барлық әрекеттерді жүйке жүйесі басқарады. Оны рефлекстік реттелу дейді.
Рефлекс. Рефлекстік доға. Рефлекс (латынша - жауап қайтару) сыртқы және ішкі тітіркендіргіштерге орталық жүйке жүйесі арқылы ағзаның жауап қайтару әрекеті. Рефлекстер рефлекстік доға, қозу өтетін жолдар арқылы жүзеге асады. Рефлекстік доға 5 бөлімнен тұрады:
жүйке ұштары - рецепторлар (латынша - қабыл-даймын, қабылдаушы);
сезгіш нейрондар (қозуды орталық жүйке жүйесіне өткізеді);
жүйке орталығы (орталық жүйке жүйесі);
қозғалтқыш нейрондар;
тітіркендіруге жауап қайтаратын мүшелер (бұлшықеттер және т. б.).
Рефлекстік доға рецептордан басталады. Рецепторлар (жүйке ұштары) әр түрлі тітіркендіргіштерді (ыстық, суық, қышқыл, дыбыс және т. б.) қабылдайды. Рецептордан сезгіш нейрондар арқылы қозу орталық жүйке жүйесіне өтеді. Қозу орталық жүйке жүйесінде талданып, одан қозғалтқыш нейрондар арқылы жұмыс атқаратын мүшелерге беріледі. Оны тізені жазу рефлексінен де байқауға болады.