23-дәріс. ІІ дүниежүзілік соғыстар арасындағы халықаралық қатынастар. 1-сұрақ. Халықаралық қатынастар жүйесіндегі Версаль – Вашингтон жүйесі және Кеңестік Ресей. Қазан революциясы және І дүниежүзілік соғыстан кейін әлемдік күштер ара қатынасында елеулі өзгерістер болды. Біріншіден, ең басты фактор мүлде жаңа қоғамдық саяси жүйе Кеңес мемлекетінің өмір сүруі болатын. Екіншіден, соғыс Европа континентінде күштердің ара салмағын өзгертті. Күрес жүргізген екі коалицияның бірі австро-герман блогы жеңілді. Европалық саяси аренаға Англия және Франция, АҚШ шығып, халықаралық саяси жүйедегі анықтаушы күштерге айналды.
ІІ дүниежүзілік соғыс арасындағы халықаралық қатынастар Версаль-Вашингтон жүйесі негізінде дамыған болатын. 1919 ж. қаңтарда Париж қаласындағы соғыста жеңген елдердің конференциясы ашылып, негізгі күрделі мәселелер қаралды. Конференцияға 1000-нан астам қоғам қайраткерлері, дипломаттар, әскери қолбасшылар, юристер, экономистер, тарихшылар, барлығы Антанта жағында соғыс жүргізген 27 елдің өкілдері қатысқан болатын. Негізгі мәселелерді «үлкен үштік» - АҚШ президенті Вильсон, Англия премьер -министрі Ллойд Джордж, Француз үкіметінің басшысы Клемансо шешкен еді.
Версаль жүйесінің басты құрамдас бөлігі халықаралық ұйым - Ұлттар лигасын құру болатын. Ұлттар лигасы уставында лига мүшелері «халықаралық құқық нормаларын қатаң бақылап, қалыптасқан қарама-қайшылықтарды бейбіт жолмен шешуге ұмтылады» делінген. Әсіресе ұлттар лигасы мүшелерінің территориялық тұтастығы мен суверенитетін мойындау және қатаң қадағалап, кепілдік беру туралы статья ерекше маңызды болды. Ұлттар лигасының ең жоғарғы органы Бас Ассамблея және Лига Кеңесі. Ұлттар лигасының қызмет жасау орыны Женева қаласында болды. Лига уставына 44 ел қол қойды.
Конференциядағы негізгі мәселе Германиямен бейбіт келіссөз жүргізудің принциптері туралы мәселе болды. Негізгі мақсат Германияны саяси бақталас ретінде әлсірету болды. Алайда одақтастардың өз ішінде әртүрлі көзқарастар мен пікірлер болды. Мысалы: Франция қатаң максималды позиция ұстанса, АҚШ-Англия күштер балансын сақтау Европа тұрақтылығының кепілі деп есептеді.
1919 ж. 28-маусымда Версаль бейбіт келіссөзіне қол қойылды. І дүниежүзілік соғыс де – юре аяқталды. Келісім шарттарына сай Германия өз территориясының 1/8 бөлігінен айырылды. Эльзас, Лотаринге, Францияға қайырылды, Бельгия және Данияға да бірқатар территориялар берілді. Келісім шарттарда Чехословакияның тәуелсіздігі жарияланды және Аврияның суверендік праволарын қатаң құрметтеу қарастырылды. Германия барлық колонияларымен ықпал ету аймақтарынан айырылды және әскери күштер қысқартылды. Армия 100 мыңнан аспау керек. 1921 ж. 132 млд. Алтын марк мөлшерінде репарация көлемі анықталды, оның 52% Францияға, 22% Англияға, 10% Италияға тиесілі болды.
Париж келісім шарттары кейіннен ұйымдастырылған бірнеше конференциялар шешімдермен толықтырылды. Мысалы: 1921 ж. Вашингтонда қару-жарақты тежеу, тынықмұхит, қиыршығыс мәселелерін қарастырған конференция өтті. Бұл конференцияға 9 мемлекет қатынасты. Осы аймақтағы ірі күштердің бірі Кеңес мемлекеті конференцияға шақырылмады. АҚШ, Жапония, Ұлы Британия және Франция Тынық мұхиттағы территорялық мүдделерді бірігіп, шешу туралы келісті.
Париж және Вашингтон конференциялары соғыстан кейінгі халықаралық қатынастар жүйесінің негізін салды. Версаль жүйесі Батыс Европадағы проблемаларды реттеу механизмін жасаса, Вашингтон конференциясы Қиыр шығыс пен Тынық мұхит аймағындағы қайшылықтарды шешудің жолдарын реттеуге әрекеттенді. Тұтастай алғанда Версаль-Вашингтон жүйесі күштердің жаңа ара қатынасының ерекшеліктерін анықтады. Соғыстан кейінгі бейбіт реттеу процесі аяқталып, халықаралық қатынастардың біркелкі тұрақты дамуына жағдайлар жасалынды.
Кеңес мемлекеті Версаль- Вашингтон жүйесінің сыртында қалды, бірде-бір келісім құжаттарына Ресей қол қойған жоқ. Социолистік революция жеңісінен кейін құрылған жаңа моделдегі социалистік мемлекетке қалған әлем қарсы тұрды. Екі система құрылды, және олардың арасында қарым-қатынас тенденциялары конфронтациялық мазмұнда болды.
1921 ж. большевиктердің азамат соғысындағы жеңісінен кейін Ресей империясының негізгі бөлігінде совет үкіметі орнықты. 1920-1921 жж. Совет республикаларының батыс шекараларын анықтаған бірнеше келісімдерге қол қойылды. Мысалы: Советтік Россия Эатониямен, Латвиямен, Финляндиямен, Польшамен келіссөздер жүргізді. 1921-1922 жж. Англиямен, Австриямен, Германиямен, Норвегиямен, Италиямен, Швециямен сауда келісімдеріне, 1921 ж. РСФСР Иран, Авганистан, Түркия елдері арасында келісімге қол қойылды.
Советтік республиканың батыс елдерімен қарым-қатынасты реттеуде 1922 ж. Генуя конференциясы үлкен роль атқарды. Конференция барысында совет-герман келіссөзіне қол қойылды. Келісім қалыпты дипломатиялық қатынастарды орнықтырып, сауда-экономикалық байланыстарды қалыптастыруды қарастырды. Советтік Ресей 1920 ж. 7 елмен сауда келісімін жасаса 1928 ж. 28 елмен келісім шарттар жасады.