ІСҚАҒАЗ АТАУЛАРЫ ҚОЛДАНЫСЫНЫҢ ЖАЙЫ
Ресми ісқағаздар тілінің тарихы, дамуының кезеңдік ерекшеліктері, терминдер жүйесі қазақ тіл білімінде біршама зерттелген мәселелердің бірі деуге болады. Дегенмен, уақыт орнында тұрған жоқ. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде қоғам өмірінің түрлі салаларында қолданыла бастауына байланысты ресми стиль де күн санап дамып, жаңа терминдермен, сөз орамдарымен толығып отырады. Ісқағаздарының терминдер жүйесі де әр дәуірдің, кезеңнің ерекшелігіне қарай дамып қалыптасып отырған. Әр кезеңдегі елдің қоғамдық-саяси, мәдени, экономикалық өмірінде болған өзгерістердің қазақ тіліндегі ісқағаз атаулары мен осы сала терминдерінің даму, қалыптасу тарихынан да айқын көрініс тапқанын көруге болады. Тіл тарихын, әдеби тілдің, функционалдық стильдердің қалыптасуы мен қазақ ісқазадары дамуын арнайы зерттеген ғалымдар еңбектерінде де басы ашылған, ғылыми електен өткен мәселелер аз емес. Соған қарамастан қазіргі уақытта еліміз ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге кезең-кезеңмен көшуді жүзеге асырып жатқандықтан, бұл салада жүйелеуді, нақтылауды қажет ететін әлі толық шешімін таппаған мәселелер де бар. Мәселен, ең алдымен, осы ісқағаз атауларының өзін тілдік нормаға сәйкес дұрыс жасап, бірізді қолдану, олардың жарыса жұмсалуынан арылып, бірізділікке қол жеткізу де атқарылуға тиісті маңызды жұмыстар қатарына кіреді. Біз төменде негізінен мәселенің осы қырына ден қойып, ісқағаз атауларының қазіргі тіліміздегі қолданысының жайына назар аудартуды мақсат етіп отырмыз.
Орта түркі жазба әдеби тіліндегі хан жарлықтарының тілін арнайы зерттеген тілші ғалым, филология ғылымының докторы Әрсен Ибатов «XIV ғасырдағы хандар жарлықтарының тілі» деп аталатын монографиясында түркі сөздері мен кірме атаулардың арақатынасын анықтайды. Ғалым «Жарлық текстерінде, біздің есебіміз бойынша 350-дей түбір және туынды сөздер қолданылған. Ол сөздердің, әрине, ұйтқысы түркі тілдерінің өзіне тән сөздер болған. Сондықтан да жарлық текстерінің қай-қайсысы болса да түркі туыстас тілдер өкілдері немесе сол тілдерді білетін адамдар көп қиындықсыз-ақ түсініп, мәселені не жайлы екенін толық аңғара алады» [1] – дей келіп, төл сөздер мен кірме атаулар үлесін көрсетеді. Мәтіндегі 300 сөзді 100 пайыз деп алғанда соның 44-і араб сөзі (15%-ы), 15-і моңғол сөзі (5%-ы), 1 ғана орыс сөзі («сала» – «село»), ал қалған 240-ы, яғни 80%-ы түркі сөзі болғанын анықтайды. Бүгінгі ісқағаз атауы «жарлық» сөзі де сол дәуірде «йарлық») түрінде қолданылған.
Көрсетіліп отырған деректерден орта ғасыр тілінде негізінен түркілік атаулар басымдық танытып, одан кейінгі кезекте біршама араб, моңғол атауларының қолданыс тапқанын байқаймыз. Бұл кезеңдегі жарлық тілінде жалғыз ғана орыс сөзі қолданылған болса, ал кешегі өткен ХХ ғасырда КСРО саясатына сәйкес ісқағаз тілінде орыс тілі басымдық танытып, орыс тіліндегі атаулар тілімізге сол қалпында қабылданды. Алаш оқығандары өткен ғасыр басында көптеген арнаулы салалардың негізгі терминднрін жасап, олардың мектеп оқулықтары мен баспасөз бетіндегі қолданысын қалыптастырып үлгерген еді. Мысалы, жарнама (объявление), баяндама (доклад), қаулы (постановление) және т.б.[2] Алаш зиялылары қуғын-сүргінге ұышағаннан кейін бұл үрдіс тоқтатылып, терминдер мен қоғамыдық-саяси лексиканы орыс тілінен өзгеріссіз қабылдау күшті қарқын ала бастады. Мәселен, кеңестік кезеңде тілімізге енген документ, протокол, заявка, рапорт, извещене, ведомость сияқты ондаған, жүздеген атаулар күні кешеге дейін актив қолданылды. Бұл атаулардың қазақша баламалары 90-жылдардан кейін ғана жасалып, қолданысқа ене бастады. ХХ ғасыр басындағы ісқағаздарын қазақша жүргізудің жай-күйі, сол кезеңнің қиындықтары мен кейбір ерекшеліктері жөнінде осы мәселені арнайы көтеріп, баспасөзде мақалалар жариялаған Сәкен Сейфуллиннің жазғандарынан да бірқатар мәліметтер алуға болады. Ол 1923 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде жариялаған «Кеңселерде қазақ тілін жүргізу» атты мақаласында былай деп жазады: «…Оқыған адамдарының аздығынан, кеңсе істерін жүргізе білетін адамдардың аздығынан біздің Қазақстанда қазақтары аз жер түгіл, қазақтары көп жерлердің өздерінде де кеңселерде көңілдегідей қазақ тілі жүріп кете алмай жатыр. …Одан соң Қазақстанның кеңселерінде қазақ тілін жүргізу ретінде үлкен бір бөгет мынау: біздің болыстық мекемелерімізде қызмет қылып жүрген қазақтардың, сол мекемелердің басында жүрген қазақтардың бірсыпырасы қазақша жазғаннан, қазақша оқығаннан, қазақша сөйлегеннен орысшаны жақсы көреді, орысшаны оңай көреді. Кейбіреулері тіпті қазақша жазуды һәм оқуды білмейді. Ал кейбір аз білгендері қазақша жазбай жүріп, аз білгенінен айырылып қалады. Мұндай хал, әсіресе, бұрынғы заманда патшаның ұлықтарынан өте қаймығып, сол ұлықтарға өте қатты жағынып қалған жерлерде көбірек сезіледі, һәм өздері сол патшаның әртүрлі «ұлығы» болудың жолына қаттырақ түскен жерлерде көбірек сезіледі. Міне, осындай ескі әдеттен біздің қазіргі Совет үкіметінде жүрген адамдарымыздың кейбіреулері әлі қайтқан жоқ. Бұлардың құлқынша: орысша сөйлесең «білгіш» көрінесің, қазақша сөйлеп, қазақша жазсаң, «білмейтін» болып көрінесің» [3] («Еңбекші қазақ», 12.04.1923 жыл).
Ескі әдетінен арылмаған, қазақша хат жаза алмайтын, ісқағазадарын жүрізуге қабілетсіз, орыс тілінен ажырағысы келмей отырғандар қазіргі Тәуелсіз Қазақстанда да аз болмай отыр. Мемлекеттік тілдегі ісқағаздарының үлесін орысша дайындалған құжаттарды қазақшаға аудару арқылы ұлғайтып көрсету сияқты көзбояушылықтан ширек ғасыр ішінде әлі арыла қойған жоқпыз. Сондықтан ХХ ғасыр басындағы оқығандары, хат танитындары аз қазақ қауымының басындағы өз тіліне қатысты жағдай бүгінгі жаппай сауатты, бірнеше мамандық иесі болып, бірнеше тілді меңгерген, енді тұтастай үштілді болуға ұмтылып жатқан қазақ қоғамында да көрініс беріп отырған құбылыс.
Ісқағаз терминдерімен қатар осы салада жиі қолданылатын оралымдарды да бірізге түсірген абзал. Көптеген сөздер белгілі бір стильге телінетіндіктен, олардың қолданылу аумағы мейлінше шектеулі болып келеді. Мысалы, бұйырамын, тағайындалсын, міндеттелсін, күн тәртібіне енгізілсін, осы анықтама берілді, қаулы етеді, түсініктеме берілді, есепке алынды сияқты сөздер мен сөз тіркестері ресми-іс қағаздар стиліне тән. Ісқағаз атауларымен қоса қазақ тілінде қолданылып жүрген мұндай қалыптасқан сөз орамдарының көпшілігі орыс тілінің ықпалымен жасалған. Елдегі сан алуан саладағы құжаттардың [құжатайналымның] алдымен орыс тілінде дайындалып содан кейін ғана мемлекеттік тілге аударылатындығы мұның ең басты себебі деуге болады. Мысалы, бірауыздан мақұлданды, қызу мақұлдау, мәселе көтеру, қызу қарқын, тұрмыстық қызмет, қызмет көрсету, жүзеге асыру, қамтамасыз ету, күшіне енді, өз күшінде қалдыру, күшін жою, кең жол ашу, іске қосу, баса назар аудару, алғыс жариялау, сөгіс жариялау және т.б. іспетті сөз оралымдары іс қағаздары мен ресми құжаттарда жиі жұмсалады. Бұл оралымдар тілдің ресми-іскери стильге тән ерекшелігін айқындап, ісқағаз үлгілеріне кеңселік сипат беріп тұрғанымен соның бәрі де орыс тілінің қалыбына салынып жасалғаны аңғарылып тұр. Қазақ тілінің ресми-іскери стилі осы бағытынан жаңылмай кете беруін жалғастыра бермей, оның өзіндік сипаты басым болуына қол жеткіземіз десек, құжаттардың барлық түрін, елдегі құжатайналымды тұтастай мемлекеттік тілге көшіріп, содан кейін ғана қажеттілігіне қарай өзге тілдерге аударуға бет бұрудан басқа жолды таңдау қиын.
Дегенмен бұл кезеңнің бір ерекшелігі көптеген ісқағаз атауларының қазақша баламалары жаңадан жасалды немесе бұрын тілдік қолданыстан шеттетілген бірқатар атаулар қайтадан сала терминдері ретінде терминжүйеге енгізілді. Олардың көпшілігі қазір бірізді қолданылып, тілде тұрақтай бастады. Мысалы, жарғы, жеделхат, құжат, құжаттама, қолдаухат, мәлімдеме, тапсырыс, хабарлама, хаттама, келісмшарт, ілеспехат, алғысхат, келісімшарт, кепілхат, ақпараттық хат, түпнұсқа терминдерін сол қатарға қосуға болады. Алайда бұл салада әлі де жарыса жұмсалып, бірізді қолданылу дәрежесіне жете алмай жүрген атаулар да бар. Біз төменде бұл салаға арналған еңбектердің ішінен кейінгі жылдары шыққан әрі көпшілік жиі пайдаланатын «Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздік. Іс жүргізу және мұрағат ісі» (– Алматы: «ҚАЗақпарат», 2014. – 512 б.) [4], Дүйсембекова Л. Ресми-іс қағазадары атауларының қазақша-орысша сөздігі//Қазақ тілі: ісқағаздарын жүргізу (– Алматы, 2010. – 400 б.) [5], Тілешов Е.Е., Тұрлыбекова Ж.А., Каюпова Ұ.К. Іскери қазақ тілі. Деловой казахский язык: Оқу құралы (–Астана: «Руханият», 2014. – 208 б.) [6] деп аталатын үш еңбекті ғана салыстырғанда бірқатар сәйкессіздіктер анықталды.
|
Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздік. Іс жүргізу және мұрағат ісі. – Алматы: «ҚАЗақпарат», 2014. – 512 б.
|
Дүйсембекова Л. Ресми-іс қағазадары атауларының қазақша-орысша сөздігі//Қазақ тілі: ісқағаздарын жүргізу.
– Алматы, 2010.
– 400 б.
|
Тілешов Е.Е., Тұрлыбекова Ж.А., Каюпова Ұ.К. Іскери қазақ тілі. Деловой казахский язык: Оқу құралы. – Астана: «Руханият», 2014. – 208 б.
|
1
|
аңдатпа
|
аннотация
|
–
|
2
|
баяндаухат
[докладная записка]
|
баянхат
[докладная записка]
|
–
|
3
|
үзінді көшірме
|
бұйрықтан үзінді
|
–
|
4
|
бұрыштама [виза]
|
бұрыштама [резолюция]
|
|
5
|
визит карточкасы, танысқы
|
визит карточкасы
|
–
|
6
|
кадрларды тіркеу жөніндегі жеке іс қағазы
|
жеке іс парағы
|
–
|
7
|
–
|
кету парағы
|
–
|
8
|
ратификация
|
–
|
бекіту
|
9
|
бекіту [санкционироват; утвреждение]
|
–
|
–
|
10
|
тізілім, тізімдеме [реестр]
|
тізімдеме [ведомость]
|
–
|
11
|
тізімдеме [опись]
|
тізбе [опись]
|
–
|
12
|
хабарлама хат
[письмо-сообщение]
|
хабарламахат
[письмо-извещение]
|
–
|
13
|
ұсыну хат [рекомендательное письмо]
|
ұсынысхат
[рекомендательное письмо]
|
ұсыным хат
[рекомендательное письмо]
|
14
|
паспорт, төлқұжат
|
төлқұжат
|
төлқұжат
|
15
|
іскерлік хат
|
–
|
іскерхат
|
16
|
баянхат [рапорт]
|
мәлімдеме
|
баянхат
|
Бұл еңбектердің жарық көрген мерзімдері де алшақ емес. Екеуі – 2014 жылы, біреуі – 2010 жылы баспа бетін көрген. Әр еңбектің авторларының өзіндік ұстанымдарын, жеке пікірлерін құрметтеген жөн. Алайда әр үш-төрт жыл сайын шыққан еңбектерде өзара ортақ келісімге тоқталмай терминдерімізді түрлі нұсқада, жарыстырып қолдана беретін болсақ, бірізділікке қол жеткізуіміз қиындап кетеді. Сонымен қатар осы басылымдарды пайдаланатын ісқағаз жүргізуші мамандар мен аудармашылар да қайсысын басшылыққа аларын білмей дал болады. Ісқағаздарын мамандығына, істейтін кәсібіне қарамасатан күнделікті өмірде жалпы жұртшылық пайдаланды. Сондықтан ісқағаз атауларының жалпыға қатыстылығын, көпшілікқолдылығын ескере отырып, бірізді қолданылуын кешіктірмей қамтамасыз етудің мәні айрықша зор.
Қазақ тіліндегі ісқағаздары атаулары мен бұл саладағы тірек терминдердің жарыса қолданылып жүргендері бұл көрсетілгендермен ғана шектелмейді. Егер өзге де әр жылдары шыққан сөздіктер мен түрлі құралдарды алып салыстырар болсақ немесе оған күнделікті ресми құжаттардағы қолданыстарын қамтитын, жарыспа нұсқалар қатары бұдан да арта түседі. Ресми құжаттар мен хат алмасуларда виза// фишка//бұрыштама//резолюция//қарар, телефонхат//телфонограмма, қолдаухат//қолдау хат//өтінім хат және өздерек карточкасы//деректеме карточка [визитная карточка] түрінде бірнеше нұсқада жұмсалып жүргенін жиі кездестіріп жатамыз. Бұл да қазақ тілінде ісқағаз жүргізуге арналған оқу құралдары мен сөздіктерге еніп, ресми органдар, мамандар тарапынан ұсынылып жүрген бірқатар атаулардың әлі тілде толық орнықпағанын, ұсынылған нұсқалардың бірінің іріктеуден өтіп, олардың іс жүзінде жаппай қолданысқа көшпегендігінің бір көрінісі. Сондықтан кеңсе қызметкерлеріне, ісжүргізушілерге, аудармашыларға арналған практикалық құралдар, терминологиялық сөздіктер жасаушылар, баспагерлер мен терминологиялық жұмыстарды жүргізушілер, осы істі үйлестіруші органдар сала терминдерін біріздендіру мәселесіне жете көңіл бөлу қажеттігін ерекше ескеруі қажет деп ойлаймыз.
Орыс тіліндегі «личный листок по учету кадров» деген шұбалаңқы атауды дәл сол қалпында «кадрларды тіркеу жөніндегі жеке іс қағазы» деп айнытпай сөзбе-сөз аудармай-ақ немесе «жеке іс парағы» деу орнына қысқа да ықшам түрде «іспарақ» десек те ешнәрсе бүлініп кетпеген болар еді. Керісінше, шұбалаңқылықтан арылып, термин ықшамдылығына қол жеткізер едік. Жалпы бізге барлық салада, соның ішінде, ісқағаз жүргізуде де орыс тіліне орынды-орынсыз байланудан, аудармаға тәуелділіктен арылу қажеттігі айқын аңғарылып отырған құбылыс.
Сөз соңында айтарымыз, қазіргі қолданыстағы ісқағаз атауларын, сала терминдерін жасау мен оларды ретке келтіруде кейінгі ширек ғасыр мерзімде едәуір іс тындырылды деуге болады. Қазақ тіліндегі ресми стильдің даму тарихы мен терминдер жүйесінің ерекшеліктері тіл мамандары тарынан тәуір зерделенді. Ендігі уақытта соларды бірізге түсіру мен сапалық тұрғыдан жетілдіре түсуге, осы саланың жаңа терминдерін жасауда ұлт тілінің өзіндік ерекшеліктерін, сөзжасам табиғатын және сөйлем құрылысын ескеруге көбірек мән беру қажеттігі ресми ісқағаздар тілін зерттеушілер мен сала мамандарының негізгі міндеттерінің біріне айналу керек екендігі айқын аңғарылып отыр.
Әдебиеттер:
1.Ибатов А. XIV ғасырдағы хандар жарлықтарының тілі. –Алматы: «Ғылым», 1990. 31-б.
2. Қазақша-орысша тілмаш. Басқарушы: Қошке Кемеңгерұлы. Казакско-русский словарь. Под редакцией Кеменгерова К. – Москва, 1925; Қазақша-орысша тілмаш. Екінші басылымы.– Aстана, 2005. – 288 б.
3. Сейфуллин С. Кеңселерде қазақ тілін жүргізу. «Еңбекші қазақ», 12.04.1923 жыл.
4. Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздік. Іс жүргізу және мұрағат ісі. (Жалпы редакциясын басқарған М.Қасымбеков). – Алматы: «ҚАЗақпарат», 2014. – 512 б.
5.Дүйсембекова Л. Қазақ тілі: ісқағаздарын жүргізу. – Алматы, 2010. – 400 б.
6. Тілешов Е.Е., Тұрлыбекова Ж.А., Каюпова Ұ.К. Іскери қазақ тілі. Деловой казахский язык. – Астана, 2014. – 208 б.
Достарыңызбен бөлісу: |